Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ жазуын алғаш реформалаған ұлы тұлға
2019 ж. 02 қыркүйек
6397
0
Өз кезеңінде «Қазақтың Ахаңы» деген мәртебелі атқа ие болған Ахмет Байтұрсынұлының ұлтына сіңірген ұланғайыр еңбегі әр саладан көрінеді. Мәселен, ол – ең бірінші, қазақ балаларының ана тілінде сауатын ашуына көп күш жұмсаған ағартушы, ең алғашқы «Әліппе» оқулығының авторы, екіншіден, қазақтың әлеуметтік өмірінің барлық саласына назар аударған ірі публицист, қоғам қайраткері, үшіншіден, өнер иесі – ақын, қазақтың тілін ғана емес, әдебиетін де зерттеген ғалым және халықтың тез сауаттанып хат тануы үшін араб жазуын реформалап, ұлттық деңгейге көтерген бірегей тұлға.
Ұзақ ғасырлар бойы қолданыста болған араб жазуының халықты тез әрі жаппай сауаттандыру жолында бірқатар кедергілері мен қиындықтары болды және араб әліпбиін пайдаланған күллі түркі халқы ортақ орфографиялық заңдылыққа бағынған болатын. Ал бұндай жазуды ұлттық деңгейге көтерудің ең басты тәсілі ретінде А.Байтұрсынұлы араб әліпбиін қазақ тілінің дыбыстық заңдылығына сәйкес реформалау деп білді, осылайша ұзақ ғасырлар бойы қолданылып келе жатқан араб графикасына өзгеріс енгізу идеясын алғаш көтеріп, оны іс жүзінде реформалады. Араб жазуын реформалауға түрткі болған ең басты себептер мыналар еді: бір дыбыс бірнеше әріптермен жазыла беретін, дауысты дыбыстар көп жағдайда таңбаланбай, араб тілінің заңдылығына сәйкес харакаттар арқылы берілетін, қазақ тіліндегі тоғыз дауыстыға үш таңба (а, у, и) ғана арналған болатын. Міне осымен байланысты жазылған сөздің мағынасын ажыратуда қиындықтар мен кедергілер көп еді және дауыстыларды таңбалайтын әріптер жеткіліксіз болатын. Араб әліпбиіндегі осындай кемшіліктер халықты сауаттандыру ісін тежеді. Бұл қиындықтарды шешудің жолын тауып, ұлттық әліпбиді құрастырған және ана тілінде сауат ашудың ең тиімді құралын жасап шыққан А.Байтұрсынұлы болды. Ахмет Байтұрсынұлы оқу жүйесіне де түбегейлі реформа жасады. Өйткені соған дейінгі оқыту жүйесі таза араб тілінің фонетикалық ерекшеліктеріне негізделіп, құран сүрелерін жаттауға бағытталатын және жазба тіл араб, парсы, түркі тілдерінің грамматикалық ерекшеліктеріне сүйенетін. Қарапайым халықтың ұғынуына қиын тиетін бұл оқыту жүйесін ұлттық, жалпыхалықтық деңгейге көтеріп, «жаңа (жәдид) бағытта» дамытқан А.Байтұрсынұлы болды.
А.Байтұрсынұлы әліпбиі, яғни төте жазу 1912 жылдардан бастап қолданысқа енгені белгілі. Төте жазудың ең басты ерекшелігі мыналар еді:
- қазақ тіліне сәйкес келмейтін басы артық әріптерді әліпби құрамынан алып тастады;
- араб жазу заңдылығына тән диакритикалық белгілер қолданылмады;
- дауыстылар жүйесі қазақ тілінің үндестік заңына сәйкес таңбаланды.
А.Байтұрсынұлы әліпбиінде 24 әріп, 1 дәйекше белгісі болды. Дәйекше қойылмаған сөз жуан, дәйекше қойылған сөз жіңішке болып оқылатын. Яғни үш ақ дауыстысы бар араб әліпбиін, қазақ тілінің үндестік заңына сүйене отырып, еш қиындықсыз қазақ жазуына ыңғайлады.
Ұзақ ғасырлар бойы қолданыста болған араб жазу жүйесі негізінен үш түрлі сатыда қызмет етті: қадим, жәдид, төте жазу. Осылардың ішінде төте жазу, яғни А.Байтұрсынұлының әліпбиі ана тілінде сауат ашудың ең тиімді құралы болды.
Гүлфар Мамырбек
Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына»
ұлттық ғылыми-практикалық орталығы
«Орфография» басқармасының басшысы,
филология ғылымдарының кандидаты