БІРТУАР БЕЙІМБЕТ
2019 ж. 20 мамыр
13372
0
Бейімбет Майлиннің 125 жылдық мерейтойына орай
Қазақ әдебиетінің арғы-бергі тарихындағы ең көрнекті, таңдаулы сөз зергері – Бейімбет Жармағанбетұлы Майлин. Жазушының шығармашылығын бағалай келе, оның ұлттық әдебиетімізді биік деңгейге көтерген сөз шебері екеніне көз жеткіземіз. Бейімбет – ұлттық әдебиеттің түрлі жанрына қалам тербеген қаламгер. Бұл оның бірегей шығармашылық дарын екенін айғақтаса керек.
Бейімбет Майлин – алдымен ірі прозаик. Оның «Шұғаның белгісі» хикаятымен қатар түрлі тақырыпта жазған әңгімелері, повестері мен романы әдебиетіміздің тақырып пен идея, мазмұн мен түрін жан-жақты байытқан көркем туындылар. Бұл ретте әйел тағдырын шынайы суреттеген классикалық туындысы «Шұғаның белгісі» жайында ерекше әңгімелеген жөн. Шығарманы зерттеушілер француздың классикалық туындыларымен салыстырады. Идеясы жағынан болсын, тілінің құнарлылығы жағынан болсын Бейімбеттің жазушылық шеберлігі «Шұғаның белгісінде» көрініс тапқан. 1914 жылы Бейімбет Уфадағы «Ғалия» медресесінде оқып жүріп, қаладағы «Садақ» қолжазба журналында алғашқы көлемді шығармасы «Шұғаның белгісін» жариялайды. Әңгіме мазмұны тартымды, идеясы өзекті, әдебиеттегі тың дүние ретінде көпшілікке танылды. Себебі бұған дейін әйел тағдырына байланысты жазылған шығармалар жоқтың қасы еді. Шұға өмірі қасірет пен қайғыға толы болса да, ол қазақ қызының өнегелі үлгісі екені жасырын емес. Шұға мектеп, университет бітірмесе де, бойында ұлттық тәрбие мен білімді отбасыдан жиып-терген қазақтың көзі ашық аруы ретінде суреттеледі. Шұға өлең де, жыр да оқиды, кесте тігіп, ән де салатын жұрт қызықса қызыққандай, тамсанатын сұлу еді деп баяндалады шығармада. Оған шығармадағы мына жолдар дәлел: «...Осы күнгілердің бір тапқаны, қызды оқыту керек дейді. Сол Шұғалар хатты зорға танушы еді. Сонда да осы күнгінің оқыған он қызына бергісіз еді. Айнала айтқанда құдай сана берсін десейші..»[1;7]. Бұдан қазақ қызының идеалды образын айқын көре аламыз. Бейімбет өмірді, шындықты жазған жазушы болғандықтан, оның
кейіпкерлері өмірден алынған. Осы тұрғыдан алғанда, қазақ қоғамындағы қыздың үлгі боларлықтай образы Шұға екеніне толық көз жеткізе аламыз.
Шығармада Шұғаның рухани біліміне сай жігіттің образы ретінде Әбдірахман бейнесі таңдалған. Алайда жастардың рухани әлемі тең дәрежеде болғанымен, әлеуметтік жағынан екі түрлі таптың өкілі болып табылады. Бұл олардың қосылуына кедергі болды. Әбдірахман бойындағы асыл қасиеттер шығармада былайша көрінеді: «...Әбдірахманның әкесі өте кедей болған адам. Ауылнай школынан шыққан соң да, Әбдірахман малайлықтан құтыла алмады. Ақырында, он екі-он үштегі шамасы болса керек, тұрған байынан қашып дуанға барып, бір ноғайға жаз қызметке тұрып, қыс оқуға кірді. Бұл екі жылға шейін жаз жалданумен болды. Берірек келген соң жаз байларда орысша бала оқытты. Ақырында әйтеуір мектепті бітіріп шықты»[1;10]. Бұл үзіндіден Әбдірахманның қазақтың алғашқы оқыған азаматтарының бірі екені белгілі болады. Сол кездегі санаулы оқыған қазақ жігіттерінің арасында білімімен де, көркем мінезімен де жұрт арасында Әбдірахманның атағы кең жайылады. Алайда қолының қысқалығынан ол сүйіктісіне қосыла алмай мұратына жетпейді. Автор туындыда ХХ ғасыр басындағы әлеуметтік мәселе, тапқа жіктелу, әйел теңдігі, қазақ оқығандарының тағдыры сияқты бірнеше тақырыпты бір шығармада қамтыған. Жазушының заман ағымына сай өзекті мәселелерді алға тартқаны оның халыққа деген қамқорлығы мен ыстық ықыласын білдіретіні сөзсіз. Сонымен қатар, автордың бұл туындысы әлем әдебиетіндегі Густав Флобер, Ги де Мопассан сынды классиктердің үлгісімен әйелдің ішкі әлеміне үңілуге, сырын түсінуге арналған классикалық әдебиеттің бір парасы деп айтуға толық негіз бар. Асылы, «Шұғаның белгісі» – дәуір дидарын, қазақ қоғамын шынайы бейнелеген әрі қым-қиғаш, қарама-қайшы тартыс пен қақтығасқа толы кезеңнің полотносы сияқты диапозоны кең, сөз симфониясы естілген мөлдір һәм «өлең үлгісіндегі проза» (Стихотворение в прозе) тегіне жататын шоқтығы биік шығарма. Көркем шығарманы тану мәселесі тұрғысынан қарағанда, дәл осы шығарма ХХІ ғасырда да қазақ хикаятының озық үлгісі ретінде саналады.
Бейімбет қоғамдағы шындықты тура суреттеген қаламгердің бірі. Әсіресе халқымыздың басына қиын-қыстау замандар түскенде сөз шебері шындықты айтудан жасқанбаған. Ұлтымыздың тағдырына қауіп төңдірген ашаршылық, жоқшылық сияқты ұлы нәубеттердің қасіретін бүкпесіз жасырмай жазған. Өткен тарихымызды терең білгісі келетін әрбір оқырман Бейбіт шығармаларын оқуға міндетті. Автордың «Қара шелек», «Ұлбосын», «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры», «Арыстанбайдың Мүқышы», «Колхоз қорасында» , «Қызыл әскердің үйі» , «Әміржанның әңгімесі» , «Он бес үй», «Берен», «Қырманда» атты туындыларында суреткерлік шеберлігі ерекше байқалады.
Оның «Күлпаш» әңгімесі қазақ жеріндегі қасіретті ашық суреттеген шығарма. Әңгіменің негізгі арқауы аштықтан зардап шеккен бір отбасының тағдыры. Қазақ тарихында қаралы күндердің бірі ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарын бейнелеген әңгімеде тұтас ұлттың қайғысы көрініс табады. Шын мәнінде отаршылдықтың әсерінен халқымыз бар байлығынан айырылып өлместің күйін кешеді. Халықтың жартысы қырылып, ұлттың жойылып кету қаупі төнген қайғылы жылдардың азабын автор шағын әңгімеде баяндап береді. Ұлттың айнасы – ана, әйел екенін ескерген автор Күлпаштың аянышты халін суреттеуден бастайды: «Күлпаштың көңілсіздікке түсіп жүрген күндерінің бірі еді... Үстінде, өрім-өрім болған соң әр жерінен бір түйіп қойған ескі көйлек, оның сыртында тозығы жетіп тулаққа айналған қысқа ескі тон, басында селдіреген көне бөкебайдың жұрнағы. Бет-аузы көнектей ісік; тоңып бүрісіп, үйдің бұрышындағы пешке арқасын сүйеп мұңайып, терең ойға шомған адамша Күлпаш отыр. Жыртық күпіге оранып, бүк түсіп баласы Қали жатыр. Үй суық, жамаулы терезенің жыртығынан кірген ызғырық шекеден шыққандай... үйдің ішін жылытуға пешке жағатын отын жоқ. Отын табылар жер де жоқ... қара судан басқа дән татпағанына бүгін үшінші күн. Алты айғы қыс тартқаны – аштықтың зардабы. Бар сенетіні байы Мақтым ел қыдырып, тілек тілеп, ерте кетіп, кеш келеді. Бірақ, оның да табары жоқ...»[1;24].
Шығарманың басты кейіпкері Мақтым Күлпаштың күйеуі. Отбасыма қалай нан табамын деп кешке дейін ауылды аралап жүреді. Бірде бос дорбасымен келсе, бірде бір үзім нанмен келетін күндері болады. Бірақ көбіне кедей ауылдан жарытып ас таба алмай қайтатын еді. Күлпаш баласының қамын ойлап қайғыға салынады. Сол себептен сіңілісінің азғыруымен, отбасын тастап Жұмағазы деген байға тұрмысқа шығады. Асқа жарыған Күлпаш күндердің бір күні баласын ойлап, үйдегі тамақты дорбасына салып ұлы мен күйеуіне келеді. Бірақ барлығы кеш болды. Екеуі де бұл дүниемен қош айтысқан еді. Күлпаштың әрекеті дәрменсіздіктен жасалаған амал болатын. Аштықтың кесіренен адамдар ақыл-есінен ауысып тіпті бір-бірін жеуге дейін барғаны тарихтан белгілі. Ал бұл шығармада Күлпаш та отбасының қамы үшін, мұқтаждықтан бай адамға тұрмысқа шығуға мәжбүр болды. «Дүниедегі ең жақсы көретіні байы мен баласын ренжітіп, өзінің бас сауға қылып кеткенін Күлпаш енді ар көре бастады. «Өлсем солармен бірге өлсем болмайтын ба еді?!» деген ой кірді. Бір жағынан Мақтым жайын ойлайды. Ала дорбаны мойнына іліп алып таңмен тамақ іздеп кетсе, тапсын-таппасын кешке бір оралып соқпай қоймайды. Сондағы азаптанып жүргені қатын-баланың қамы, соларды аштан өлтірмеудің жабдығы, сөйтіп жүрген адамның қадірін білмей тастап кететін не жөні бар еді?!»[1;29] - деген үзіндіде автор Күлпаштың ішкі дүниесіндегі
аласапыран күйді суреттейді. Қашанда отбасы мен бала-шағаны бірінші орынға қойған ұлттың ардақты аналарының болмысы осында көрінсе керек. Қазақ әйелінің аянышты да ауыр халі, ұлттың қасіреті шағын әңгімеде шынайы әрі көркем тілмен жазылған.
Жазушының жаңа заман (Совет үкіметі орнаған кезең) әйелін суреттеген шығармасы – «Раушан-коммунист». Бұл повестегі Раушан – оқыған қазақ қызының бейнесі. Заман лебімен қазан-ошақтан алыстап, билікке араласқан әйелдің образы. Автор жаңашылдықты екі жақты бағалайтыны аңғарылады. Раушан көзі ашық, білім алған өнегелі әйел болса, екінші жағынан отбасы құндылықтарын ұмытып, билікке бет бұрған әйел образы. Демек, бұл тағы да жаңа үкіметтің қазақ қоғамына әкелген өзгерісі. (Совет үкіметі орнағанға дейін қазақ әйелі, қазақ қызық билік ісіне араласқан емес ті. Яғни, әсіребелсенділік, жаппай ұран көтеру сияқты т.с.с. түйткілді мәселелер Совет идеологиясымен қанға сіңген жаман қасиет). Ұлт түп тамырынан ажырап, құндылықтарын жоғалта бастағанын көрсетеді. Ауыл адамдарының образдары да нақышына келген. Қайғы-қасіретті тартқан халық жаңа үкіметке сенім артады, әділет мен адалдық іздейді. Бірақ, сол жаңа үкімет – қазақ ұлтының тегіне, діліне, тіліне, ұлттық мұратына зор зарарын тигізіп, ұлттық трагедияға ұластырып жіберді. Автордың совет кезеңінде жазылған қай шығармасын қарасаңызда, жаңа үкіметке, қызыл идеологияға деген ішкі қарсылығы анық байқалады.
Бұл да қоғамның қасіреті мен мұңын тура бейнелеген туынды. Автор әйелдің басына түскен қайғы ұлттың басына түскен қасірет деген ұстанымды тағы да дәлелдей түседі.
Бейімбет Майлин шығармашылығының маңызды саласының бірі оның өлеңдері. Онда автор кедейдің аянышты халін жырлайды. Көп қырлы таланттың драмалық шығармаларында сауатсыздық, әйел теңдігі, өкілдердің надандығы, жаңа үкімет, асырасілтеушілік сыналады.
Академик жазушы Зейнолла Қабдолов жазушының әңгімелері мен новеллары хақында: «Б. Майлиннің прозасы да (поэзиясы мен драматургиясы тәрізді) негізінен ауыл өміріне, оны түбірімен өзгертіп, қайта жасамақ боп өңін айналдырып бара жатқан беймаза мезгіл мінезін бейнелеуге арналған. Мұнда да бас кейіпкер, басым тақырып кедей тағдыры. Жазушы өзі таныған адам кескінін де, заман келбетін де өзгелерге тек осылар арқылы көркем жинақтап танытты» деген екен[2;84]. Әдебиет теоретигінің пікірін ескерер болсақ, Бейімбет тудырған кейіпкер, автор танытқан мінез, характер, сомдаған образ, штрих пен деталь бәрі-бәрі – ауыл табиғатына, кедей шаруасының сипаты мен тұрпатына, совет үкіметі қолдан жасаған таптық тартысқа, әлеуметтік теңсіздікке негізделген. Психолог жазушының
шығармашылық әлемі, поэтикасы – мінезге аса бай, палитралы әм бояу реңі мың құбылған.
Ұлы қаламгер қай шығармасында да адам бойындағы сан қырлы мінездерді, қоғамдағы шындықты, ұлт қасіретін, замана келбетін шынайы әрі тартымды тілмен баяндайды. Бүгінгі қоғам үшін Бейімбет шығармалары әлі де өзекті құнды әдеби мұралар. Қысқасын айтқанда, Бейімбет Майлиннің қазақ прозасындағы рөлі ерен. Олай болатын себебі: оның сөз өрнегі, мінез рефлекциясы мен психологиясын беру әдісі, кейіпкер образын сомдаудағы шеберлігі, диалог пен монолог секілді көркем шығарманың элементтерін келістіре «сөйлетудегі» тәсілі, қазақы қарапайым әрі қысқа-нұсқа формадағы әжуа мен мысқылды берудегі машығы – тек дара болмысты суреткерге тән қасиет. Бүгінгі әдебиеттану ғылымында «ауыл прозасы» деген түсінік қалыптасса, соның бастауында тұрған ізашар қаламгер осы – Бейімбет Майлин!
Тағы бір айрықша айтар мәселе: Бейімбет Майлин – жеке әдеби мектебін қалыптастырған аса көрнекті прозашы әрі драматург. Б. Майлиннің ұлттық әдебиетке қосқан мол үлесі, әдебиетіміздің көкжиегін кеңейткен қолтаңбасы қайталанбас құбылыс.
Елдос ТОҚТАРБАЙ,
Жазушы, зерттеуші
ҚР «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Майлин Б. Шұғаның белгісі. Әңгімелер. – Алматы: Атамұра, 2003. – 264 б.
2. Қабдолов З. Шығармалы. Том 4 . – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2013. – 320 б.