ЖАН ШУАҒЫ
2019 ж. 18 мамыр
12302
0
Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын! Халық мәтелі
Өмірде небір адамдармен ұшырасасың. Олардың бірі жұғысқаннан-ақ көңіліңе күн орнатып жібереді... Ал, көзі жылмиып, өтірік күлгенсігенімен, сұрқай пиғылы сыртқа теуіп тұратын екіншісінің сықпытынан-ақ арқаң мұздайды. Әне, бос қауғадай қаңғырлаған қуыс кеудесі мен құрқылтайдың ұясындай бір уыс түсінігін жасыру үшін сәлеміңді саусақтың ұшымен ғана әрең алып, көк тірегендей ыңырана талтаңдап үшіншісі кетіп барады... Бәрі заңдылықтан. Бес саусақ бірдей емес, мың-миллион мінездің қайсысын ежіктей бересің. Өзіңде де біреуге жағып, біреуге жақпайтын әдет көп, кейдегі қуанғаныңды да, ренжігеніңді де елемей, күнделікті күйбең тірлік жетегінде аяңдап жүріп жатасың. Дегенмен, жақсылық-жамандығымен өз өміріңе тікелей ықпал еткен адамдар туралы толғанбай тұра аласың ба?! Осы ғұмырымда талай жанның шапағат-шуағына бөленіппін. Аракідік «енді сол кісілердің еңбегін қалай ақтасам болады?» деп қиялдайсың. Әрине, желкеңнен төніп «қарызыңды өте!» дейтін ешкім жоқ. Бәрібір ар алдында есеп бермей және жүре алмайсың. Сондайда, расымен, осынау адамдардың жақсылығын қалай ақтаймын деп қиналуың қисынды ғой. Иә, қайтіп өтемексің ел еңбегін?! – Осыны білмейді екем-ау. Кей ағайынның қорлығы да өтіп бағыпты. Ал солардан қарымта қайта ма, жоқ па?.. Бұ да бір жауабы жоқ, бұлдыр сауал. Е, жарайды. Қойшы оны! Қайтесің... дейсің де тынасың. Осылайша, сендей сапырылысып жөн-жөнімен ерсілі-қарсылы ағылған халықтың арасында теңіздегі бір тамшыдай мен де ано-оу тым алыста бұлыңғырлау бұлаңдаса да өзім межелеген бағытты бетке алып жүріп келемін. Діттеген мәре жеткізе ме, сапар қай жерде үзіледі?! – о да беймағлұм... Ойланып, өткен-кеткеніңе шолу жасап, қым-қуыт тірлік құбылыстарын сана сүзгісіне салып келе жатқаныңда көз алдында сонау бір кездердегі сыныптастар... қарулас достар... курстастар... ұстаздардың кескіндері көлбеңдейді. Қызық, солардың көбін бүгін әбден ұмытуға айналыппын-ау мен. Бәлкім, жүрегіңе жақын болмағандықтан, көкейінде жарқын іздері қалмағандықтан шығар. Мезетте көмескі елестеген сол бейнелердің арасынан жарқ етіп, жабырқасаң жұбатқан, жаурағанда жылытқан аса бір аяулы адамдардың тұлғалары мөлдірей айшықталып жаныңа нұр сепкендей болады. Осы бейнелердің қақ ортасынан Сайраш апайымның... қазақтың қайраткер қыздарының бірі Сайраш Әбішқызының болмысы тіптен жарқырай түсіп айқындала көрінеді. Өйткені, бұл кісінің орны көпшілігіміз үшін аса ерек... Шырқау биіктегі бұл бейнелердің бірі: «Бізді де естен шығардың-ау, ә? Бұл қалай?!» дейтіндей жүзіңе жазғыра қарап. Қысылыңқырап қаласың да, көбіне осындай жанашырларыңның да қадіріне жете алмай жүретініңді бәрібір мойындамай: «Жо-ға, неге ұмытайын! Ұмытқам жоқ. Күнде ойлаймын сіздерді!» деп дауыстайсың іштей. Тағдырдың сұрапыл толқындары мені де жоңқаша лақтырып, сергелдеңіне салып-ақ бағыпты. Қазір де, сол сәтсіздіктерің, қамыққан, торыққан тұстарың ойға оралса, көзің мұнартып, қоңырқая бастайсың. Қалайда, саралап байқасаң, әлгі тоқыраулардың көбіне ең алдымен өзің кінәлі болып шығады екенсің. Не айтатыны бар, ту төбеңнен шыр айнала келіп басыңа қонғалы тұрған бақты қос аяқтап тепкен кездер бізде де болыпты. Жастықтан, өзім болам деген өркеуде балаңдықтан, анығырақ айтқанда, ақымақтықтан бәрі. Ал өмір асты-үстіңе түсе, бар қатеңді кешіріп, өбектей беретін әжең емес, қай еркелігіңді көтергендей. ...ҚазМҰУ-дің журналистика факультетінің ІV курсында жүргенімде «Біздің Отан» (кейін «Шалқар») газетінің бас редакторы Мұса Дінішев ақсақал (әйгілі әнші Әлібек Дінішевтің әкесі) қызметке шақырды. Әңгімені созбұйдаламай салған беттен-ақ: ?! – Шырағым, сені кісі таппай шақырып отырғам жоқ. Босаған жалғыз орынға таласушылар көп. Көпшілігі елге белгілі ақын-жазушылар болса да ешбірін қабылдамай отырмын. Редакциядағы шығармашылық жұмыстың «қанын» жаңарту үшін бізге өзіңдей свежая струя керек. Табаны күректей 170 сом айлық белгілеймін, бір жылдың ішінде үй аласың. Кел, айналайын, жамандық көрмейсің! – деген. Оқу орнын бітірмей жатып астанада шығатын аты жарты әлемге аян газетке қызметке орналасу екінің бірі түсінде көрмейтін бақыт емес пе! Алайда, не сор түртеді десейші, халықаралық болғанымен көлемі қораштау газетті қоңылтақсимын ба, келгім келмей сипақтап: ?! – Аға, мен араб шрифтын танымаушы едім... Анау-мынау... – деген сылтауларды алға тартамын. – Е, оның жарасы жеңіл ғой, – дейді Мәкең, – бір аптада-ақ игеріп кетесің. Бұдан кейін үлкен кісімен сөз таластырудың реті болмайды. Мұсағаңа не келемін, не келмеймін деп кесімді жауап айта алмай, міңгірлеп тұрып, сырғақтап шығамын да, «Кірпіш зауыты» көшелеріндегі жалға тұрып жатқан пәтеріме тайып отырамын. «Үй» дегені көңілге қонып еді. Тұңғыш ұлым да аяқтанып қалған. О кез совет өкіметінің дәуірлеп тұрған шағы ғой, жас мамандардың баспана мәселесін жеңіл шешетін арнайы қаулы болатын. Соны ойлап, е, үй қайда қашар дейсің, бір жөні болар, «Отанды» қоя-ақ қояйын деп, көңіл жұбатамын. Әйтеуір, Мұсағаның екі-үш мәрте кісі жібергеніне де қарамай, қашқалақтап, о жаққа жоламай кеттім. Сондағымның адам түңілерлік күпірлік екенін бала-шағамен бірнеше жыл бойы кісі есігінде қаңғып, бармақ шайнап жүргенде бір-ақ білмеймін бе!.. Не керек, сөйтіп V курс та тәмәмдалған. «Сағат Әшімбаевтың сыншылық шеберлігі» деп аталған диплом жұмысын үздік қорғап, оқу орнын да бітірдім. Сағат аға ол кезде Қазақ ССР Мемлекеттік телерадио комитеті төрағасының орынбасары еді, тақырыпты зерттеу кезінде өзара жақсы тіл табысқан соң маған: «Ақыры журналистика мен әдебиетке ден қойған екенсің, Алматыдан кетпе, қалың шығармашылық ортасы жан-жақты өсуіңе, есеюіңе де жақсы, қалаған қызметіңе орналасып, үй алуыңа жәрдемдесемін» деген. Сыңарезулігім тағы сорлатады. Кейде бір жөн-жосықсыз «ел, ел» деп емешегіміз үзіліп, елпілдеп қалатынымыз бар ғой, мен де Қарағанды қашып кететіндей, бүйрек бұрып, со жаққа қарайладым да қалдым. Және іштей «Алматы тұра тұрсын. Астананың у-шуынан тынығайын. Маған таныс қайнаған өмір материалдарының бәрі елде. Бара салып шетінен кертіп жаза берейін» деймін де. Солайша, Сәкеңе де құлақ аспай, кеншілер астанасына тартып кеттім. Бірақ онда мені асыға күтіп, бала-шағама үй-жай дайындап отырған ешкім жоқ екен. Облыстық газетке жақсы орналасқанмен, баспана қылып сағаламаған жер қалмай, ақыр аяғы қаланың 26-кварталында орналасқан кілең қағылған-соғылған, маскүнем, жезөкше, жүліктер жиналатын атақты «Дом 500 веселых» үйінде де тұруға тура келген. Қиналасың. Бірақ «бөрі арықтығын білдірмейді» – сыртқа сыр бермеген боласың. Бір жақсысы, жассың, қай іске де білек сыбана құлшынып барған су жаңа мамансың, көбіне күні-түн жұмыстың қызығымен жүріп-ақ күйзелуге уақыт та болмайды. Күндердің күнінде біздің тұрмысымызды сырттан бақылап жүрген үлкен қызметтегі жамағайын ағаларымның бірі мені ертіп барып, қаланың қақ ортасында бос тұрған алты бөлмелі үйді көрсетті. Кезінде кеңсе болса керек, ауласының өзі ат шаптырым, сыртынан-ақ кең сарайдай жақсы салынғаны көрініп тұр. «Таяуда мынау жекеменшікке сатылады. Алты мың сомды сен тап, қалған бірер мыңы менің мойнымда. Қазір үкіметте баяғыдай тәртіп бар ма, бір-екі жылда үй ала қоюың қиындау болар. Саған алаңсыз жұмыс істеу керек, үй жоқта не береке қалады, осыны ал қалайда. Қашанғы итшілеп жүресің!» дейді ағатайым. Ондай қаржы студент аудиториясынан кеше шыққан менде қайдан болсын, бас шайқап, ыржидым да қойдым. Әрине, жақын ағайындарыма жағдайым осылай боп тұр, үйдің кезегі көрінетін түрі жоқ деп алақан жайып барсам, елдік жасап әлгі ақшаны тауып та берер еді. Алайда, ондай қадамға әншейіндегі аршыл, намысшыл басың өлсең апарар ма. Жалақыңды екі айдың арасында әзер жеткізіп жүрсең де, келіп-кетіп жататын туған-туысқа қонақжайлық танытып, іш алдырмайсың. Олар да ахуалыңды байқап отырғанмен, қолындағысын ұстата салуға асықпайды. Оған ренжімейсің де – «Ағайын жоқ болсаң бере алмайды, бар болсаң көре алмайды». Солбырайып редакцияға оралып, кіре бере алдында ғана асханадан тамақтанып шығып келе жатқан әйеліме: «Қанша ақшаң қалды?» дегенімде жаутаңдап, «пятьдесят копеек» деп орысша жауап бергені есіме түсіп жылағым келді. Қазақша айтсам, тіптен жабырқатып жіберермін дегені шығар. Ағам да айтады-ау, сөйткен менде қайдағы алты мың сом?! О-о-ой!. Өстіп жүріп арада үш жыл өткенде «Лениншіл жас» жұмысқа шақырды. Ойыма Рембрандтың әйгілі «Адасқан ұлдың қайтып оралуы» картинасы түседі. Дәл сондағыдай бірталай сандалып, табан тоздырған соң, бетті астанаға қайта түзейміз... Өкінішке қарай, ол Совет Одағының іргесі сөгіліп, балапан басына, тұрымтай тұсына тарта бастаған берекесіздеу кез болатын. Бұрынғы заң, қағидалар да жайына қала бастаған. Жаңа бастығым да алдын ала мұндағы баспана зәрулігінің тіптен қиындау екенін ескерткен. «Жазған құлда шаршау жоқ», көрмей жүрген ділгірлік емес, келіскенбіз. Келсем, мұндағы жігіттердің де көбі тура мендей әйел-баласын көрінген жерге паналатып, шапқылап жүріп жатыр екен. Біз де жатақханадан жатақхана, пәтерден пәтер ауыстырып көше жөнелетін «ежелгі өмір салтымызды» жалғастыруға кірістік. Бір сүйініштісі – қиын да қызықты қызметің бар, қоғамда болып жатқан күрделі өзгерістердің басы-қасында жүресің. ТМД республикалары басшыларымен қатар әлемдік деңгейде азуларын айға білеген небір шетелдік саясат сайыпқырандарымен жүздесесің, тәуелсіздік жолына түскен халқыңның тағдырын жақсартуға зәредей болсын үлес қосуға ұмтылып, зыр жүгіресің. Ал ел тағдыры, сайып келгенде, өз тағдырың ғой... Мұндайда біздейлерді ұлы майданның алғы шебінде жүрген жанқияр жауынгерлерге ұқсатуға болар еді. Бірақ «тылың» осал, сәулетті сарай, заңғар ғимараттардағы жұмысыңнан соң шаршап-шалдығып келіп біреуден жалдап алған тауық күркесіндей «құжыраңа» енгеніңде, көңілің жел гулеген даладай құлазиды. Жарыңның сынық жүзі мен балаңның мұңды жанары арқаңды мұздай қариды. Сөйткенше бес жыл да зу етіп өте шығыпты. Бірде троллейбус ішінде белгілі журналист Қайыммұнар Тәбей ұшырасып қалды. Сыйлас, сыралғы ағам көпшілік журналист ағайындардың әріптес іні-қарындастарына сырттай қамқор болып жүретін әдетінше өзіне тән сырбаздықпен там-тұмдап қана хал-ахуалымды сұрады. Бірақ баспанаң не болды, ертеңгі күніңді қалай көрмексің деп қазбалаған жоқ. Оған бәрі де белгілі еді. Тек көліктен түсе бере: – Сен осы Сайраш апайға жолықшы. Жалпы, саған сол жер қолайлы болар. Сөйт! – деп қалды. «Қазақстан мектебі» журналының бас редакторы Сайраш Әбішқызын алғаш әлдебір жиналыста көргенмін. Мемлекеттік тіл мәртебесі туралы мәселе қозғалып жатты білем. Мінберге көтерілген Сәкеңнің көкейкесті ойын тайға таңба басқандай жеткізіп, жан-жүрегімен төгілте, жалындата сөйлейтіні есте қалыпты. Сонда келбеттілігінен бе, неге екенін, осы апайды дүйім ел «Биік келін» атаған Ақжолтай Ағыбай батырдың анасы Қойсана шешемізге ұқсатқанмын. Тұлғасы кесек пішілген сол анамыздың ақылының, тәкаппарлығының, ділмарлығының алдында кеуде керген талай ер мыстары басылып, тырп ете алмай қалатын деуші еді. Тілінің өткірлігінен шығар, сол сәт Сәкең де бетің-жүзің демей кесіп түсер айбындылау көрінген. Әлгі жиында шешеннің мір оғындай нақты мысалдарына жұртшылықтың айрандай ұйығанын да ұмытпаппын. Сайраш апайды жақынырақ білетін кей жолдастарым ол кісі туралы әңгіме қозғалса: «о-о-о, апай алтын ғой! Ел қамқоры... әділет жанашыры... Қаншыл, жүректі адам...! Өтірік пен көлгірлікті, мәймөңкені жек көреді. Өйтіп ол кісінің ашуына ілігуден сақтасын!» дейтін. Қайыммұнар ағамның ұсынысы ой салып, Сайраш апайыма жолықсам жолығайын, бірақ қалай қабылдар екен деп бір-екі күн тайсақтап жүрдім де, белді бекем буып, қой, нартәуекел, тонымды шешіп алмас, қызметін бермесе бермесін, ел аузында жүрген адаммен жүзбе-жүз тілдесіп қайтудың өзі неге тұрады деп, бардым. Бекер жүрексінгенімді соң білгем. Кең кабинетте шұқшиып қағаз қарап отырған апай ісін ысыра тұрып сонша жылы, мейірлене қабылдаған. Жүзіңе басын шайқалтыңқырап, жанарынан нұр шаша зерделей қарап, сөзіңді зор сабырмен, ыждаһаттана тыңдайды екен. Бес-он минуттың ішінде жағдайымды желдірте айтып шықтым. Үйсіз-күйсіздеу жүргенімді естігенде мұңайыңқырап қалғандай болды. Кім білсін, көзіне өз Отанынан өгейлік көріп, баспанасыз жүрген мен сияқты інілерінің тұтас армиясы елестеді ме?... Мән-жаймен мұқият танысып алғаннан кейін: – Баспана мәселесі қай жерде де қиын, – деді күрсініп. – Егер «Қазақстан мектебіне» орналаспақ ойың болса, бір орын бос, кел. Үш айдан соң журналдың шыға бастағанына 70 жыл толады. Соған орай арнайы мерекелік нөмір дайындау үстіндеміз. Іс қарбалас жүріп жатыр. Келсең, ертеңнен бастап жұмысқа кірісесің. Ал үй туралы ештеңені кесіп айта алмаймын... Кеңседен көңілді шықтым. Бастықтың кең пейілі, ал кеттімсіз ұстамы, уәдеге сараңдығы қуантқан. «Аралап талай жердің дәмін татып», маңдайды да тасқа талай соғып ысылып қалған кезіміз ғой, редакцияға бара салып үй ала қояйын деп өзімнің де иегім қышыған жоқ-ты. Келесі күні іске араласа-ақ аңғардым, журналдағы шығармашылық өмір газеттегі тірліктен мүлдем өзгеше екен. Мұнда ондағыдай далиған штат та, күнделікті от ала қашқандай қуғын-сүргін жүгіріс те жоқ, шағын отбасы мүшелеріндей ғана ұжым өзді-өзіара ақырын күбірлесіп қойып, шаруаларын өгізаяң қимылмен-ақ опыра тындырып жататын сияқты. Апай редакцияда қызмет ететін сайдың тасындай үш-төрт жігіт пен еліктің асығындай төрт-бес қызды таныстырды. Бірінен-бірі өте жұтынып тұрған бойжеткендерді «Дикабай, Микабай, Жакабай» деп шақырады. Сөйтсем, олары Динара, Мейрамгүл, Жанар деген қыздар көрінеді. Ғылыми-әдістемелік басылымға жетекшілік жасап отырған өзі педагог, психолог басшының қарауындағыларға деген мұндай қатынасы ұжым мүшелерімен арадағы өзара түсіністікті, сыйластықты нығайта түсетін таптырмас құрал-ау деп түйіп қойдым. Ұзамай-ақ қызметкерлердің де апайды туған әпкелеріндей қадірлеп, бүкпесіз сырласа беретіндігіне көз жеткен. Бірте-бірте мен де осындай бір атаның балаларындай тату да еңбекқор ұжымға кіріге бердім. Тағы бір таңдандырғаны – осы шағын ғана топ «Қазақстан мектебі» журналымен қатар оның әрқайсының көлемі бес баспа табақтан келетін «Қазақ тарихы», «Информатика-физика-математика», «Биология, география және химия» қосымшаларын да шығарады екен! (Кейін білдім, кезінде «Русский язык и литература в школе», «Бастауыш мектеп», «Отбасы және балабақша» журналдары да «Қазақстан мектебі» шаңырағынан қанаттаныпты). Маңызды-маңызды бұл идеялардың дені тікелей Сайраш Әбішқызының қайраткерлігі арқасында жүзеге асыпты. Республиканың ғылымы, білімі саласында зор мемлекеттік мәнге ие осынау күрделі қадамдар кішкене ғана штаб-пәтердей редакциядан бастау алып, іске еніп жатса таңырқамай қайтесіз. Ал бастаманы көтеріп, оны өмірге араластырудың арасында қаншама қажыр-қайрат қажеттігі өзі-өзінен белгілі ғой. Бас редактор бөлімдерде әзірленіп, ай сайын өндіріске кететін осы басылым материалдарының бәрін тапжылмай бастан-аяқ оқып, қайта редакциялап шығады. Бастық талабы бойынша орфографиялық, стилистикалық, логикалық төрт-бес қате болса, бет түзетіліп түгелдей қайта басылуы керек. Бұл – көбінесе хатшы-машинистка қыздарға «сор». Сондықтан олар да бөлім редакторларының материалды сапалы дайындауына талап қоюға мүдделі. Демек, қызметкерлер жұмысты екі істемей, қолға алғаннан-ақ неғұрлым тиянақты орындауға ұмтылады. Сөйтіп, әрбір мақала баспаға ине-жіптен жаңа шыққандай жарқырап, «су жаңа» күйде жіберіліп тұрады. Бұдан кәсіби мәдениет биіктігі де байқалмақ... Әр қызметкердің мінез-құлқы да, жұмыс әдісі де әр қилы. Біреуінің алдында шашау жатқан парақ жоқ, жылан жалағандай жым-жылас. Екіншісі жүз жол хабар жазу үшін алды-артынан газет-журнал тігінділерінен «баррикада» жасап алады... Өзімнің ең жаман әдеттерімнің бірі – үстелімнің үсті үнемі ыбырсиды да жатады. Жұмыс үстінде қағаздарым, тіптен, жайылған малдай еденге дейін шашырап кетеді. «Бұл – шығармашылық мінездің белгісі» деп, өз-өзімді іштей қанша ақтағанмен, осы үшін бастықтарымнан талай сөгіс естідім. Ұқыпты-ақ болайын деп қазір-ақ жинастырып қоямын, мезетте-ақ төгіліп-шашылып, қайта жайрайды. Бір қызығы, тазалыққа қатал Сайраш апайым еңбек сапасы мен өнімділікті бәрінен жоғары қоятын қасиетінен болса керек, «мынауың не?» деп ескерту жасаған емес. Кіре қалса, салақтығыма жымия қарап үндемей шығып кетеді. Ондайда, әрине, өз-өзіңнен қысылып, жалма-жан қайта жинақтала бастайсың. Және бір ерекшелік – журналистердің басым көпшілігі жұмысты таң азаннан өндіреді, бірі бап тілеп, түс ауғанша толғанып жүріп алады. Өзім салмақты дейтін мақалаларды түнгі сағат екі-үш мөлшеріне дейін отырып жазғанды қалаймын. Бұл әдет те қалыптасқан кеңсе тәртібіне әбден қайшы. Тапсырманы ойдағыдай даяр қылғаныңмен ертеңгісін тұра алмай, қызметтен кешігесің де жүресің. Бастық мұны да байқап қалып: «Жұмыс кестеңді өзің белгіле. Ерте келсең – ерте, кеш келсең – кеш қайт» деп кеңшілік жасайды. Бұл жақсылықты сөз жоқ, сен де лайықты ақтауға тырысасың. Бас редактордың шығармашылық күштің қабілет-қарымын тамыршыдай тап басып, оларға белгілі іс саласын жеке икемдеріне қарай таңдап беруі қызметкерлерге де ыңғайлы. Редакцияда атқарылатын міндеттер сырын жетік білетін журналистер қашанда өзіне жүктелер тапсырмаларды орындауға саптағы солдаттардай сай тұрады. Солдат демекші, кейдегі әпкелік риясыз пейілмен: «Қарындарың ашып жүрген жоқ па?.. Ақшаларыңды ұқыптап ұстаңдар... Аяқтарың жылы жүрсін!..» дейтін Сәкеңді бір сәт қамқор командирге де ұқсатуға болады. (Жағдайы келіспеген жауынгер ел қорғай ала ма?!). Анда-санда: «Келіннің халі қалай? Балалар ауырған жоқ па?» деп үй-ішіңнің ахуалын тәптіштеп сұрайтыны бар. Бұл кезектегі әшейін қатынас болып көрінгенімен, «отбасы – шағын мемлекет» – бүкіл жарқын істің сәулесі бір нүктеден шуақ шашып, нұрлы әлемге ұласпай ма. Осы құбылыс сырын тереңнен байқайтын басшы маңызды мәні бар «ұсақ-түйекке» жіті көңіл аударып, назардан тыс қалдырмайды. Бас редактордың бір басына журналдардың заман талабына сай тақырыптық, мазмұндық, формалық сапасын арттыру, оларды бастыратын қағаз табу, өзге де түрлі қаржылық шығындар үшін демеуші іздеу сияқты толып жатқан күрделі міндеттер жетіп артылар еді. Қайран қалдыратыны – Сайраш апай бұл істерді игеруімен қатар, басқа да салмақты қоғамдық жұмыстарға белсене араласуға уақыт табады. Оған мысал ретінде басқасын қойып Алматы қалалық «Қазақ тілі» қоғамының құрылуының басы-қасында жүріп, өзі тұңғыш төрайымы, онан Еларалық қазақ-қырғыз қауымдастығының төрайымы болғанын атасақ та жеткілікті болар. Сол сияқты кезінде Сайраш апай басқарған тұста «Қазақ тілі» қоғамы бүгінгі қазақ мектептері мен балабақшалардың ашылуына тікелей мұрындық болды. Осындай бағыттағы немесе білім жүйесіне байланысты түрлі деңгейде өтіп жататын жиындар мен іссапарлар қымбат уақытты ұрлаудай-ақ ұрлайды ғой. Ал Сайраш апайда істі сырттан бақылап, тек отырып қайтатын әдет жоқ, көкейде қайнаған пікірін биік мінберден бір-ақ айтпай, тыншымайды. Мұндай мінез қоғамдық құбылыстардың басы-қасында шыр-пыр болып жүретін нағыз ел жанашырларына ғана тән шығар. Жиі болатын осындай шаралардан соң СайрашӘбішқызын редакция кеңсесіне іздеп келушілер қаптап кетеді. Әсіресе, сұхбат алуға ниеттенген телерадио тілшілерінің аяғы көпке дейін басылмайды. Бірқатар публицистикалық кітап жазған қаламы жүрдек Сәкең журналистік төл кәсібінен де бір елі ажырамайды. Толғантқан жайларды жедел қағазға түсіріп, республикалық газеттерге жөнелтіп отырады. Қаламгердің бертінде жарияланған проблемалық мақалаларының дені, негізінен, іссапарларда туған ой жемістері сияқты. Сондай жазбалардың бір-екеуінде апайдың кейбір облыс әкімдерін де батыл сынға алғаны жадымызда қалыпты. 1997 жылы тартымды мақалалар сериялары байқауында апайдың еңбектері Қазақстан Республикасы Журналистер одағы басқармасы тарапынан лайықты бағаланып, шығармашылық одақтың Мұхамеджан Сералин атындағы сыйлығының лауреаты атанды. Сәкең не айтса да, не жазса да ұдайы халқын сүйген үлкен жүрегінің үкімін білдіретіндей. Сондықтан, апайдың бүкіл адамгершілік, қайраткерлік бітім-болмысын, ең алдымен, оның елжандылығымен байланыстырған жөн секілді. Кейде, тіптен, кейіндегі баспасөз беттерінде жиі көріне бастаған «ұлттық эгоизм» мінезінің нағыз иелері осы Сайраш Әбішқызындай адамдар ма деп ойлаймын. Әлдебір саяси шолушылардың «тұрақты лексиконына» ене бастаған бұл тіркес, әдетте, жағымсыз мағынада, жекелеген ұлттардың «көрпені өзіне тарту» қимылдарын «әшкерелеу» бағытында айтылып жүр. Мұндай «насихаттың» қай жақтан тарайтыны белгілі емес пе. Бас-басына, дербестік алып кеткен бұрынғы кеңестік республикалардың ризығын жеп үйреніп қалған ауыздарға ай-күн аманда тегін «май-шелпектен» ажырау оңай боп па! Әлгі «болжаушылар» «кей елдердің» ұпай түгендейміз деп әлемдік өркениеттен оқшауланып, шектелуге, тоқырауға түскенін тілге тиек етеді. Қараңызшы, «тарихыңды тәрк ет, мәдениетіңді мансұқ қыл, дәстүріңді құрт, байлығыңды бізге бер. Сөйтіп барып қатарға қосыл. Босбелбеулікпен ғана ел боласың» деген уәж қисынға келе ме! Дана Сократтың «өзіңді таны!» дейтініндей, алдымен өз қадіріне жете алмаған адам да өзгені сыйлап оңдыра ма? Керісінше, сол «жағымсыз» ұлттық эгоизм қасиеті дәл қазіргі көбіміздің бойымызда болмай өкіндіріп тұр-ау. Іргені ашық тастап, баяғыша келген-кеткеннің бәріне «ақкөңілділік», «жомарттық» таныта берер болсақ, ел дәулетінің бұрынғыдай ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кете беруімен бірге төрткүл дүние алдында тек өзімізге ғана тән бет-бейнеміз бен мінез-құлқымыздан айрылу қаупі тумай ма?! Төл тарихи мәдениет мұраларынан мақұрым қалған әрбір халық көлденең көк аттының арбауына түсіп, жетекке ере кететін жетім балаға ұқсайды деседі. Біз де тұтас дәуір бойы осы тағдырды бастан кешпедік пе. Сүйініштісі, бүгінгідей шешуші сәттерде жаңаша дәуірге бағыт бұрған ел қамын жеп көш басында жүрміз дейтін ер азаматтардың өзінде бола бермейтін беттілікті, шешімділікті, жақсы мағынасындағы эгоизмді халықтың Сайраш апайдай қыздарының бойынан көріп қуанасың. Сонау бір жылдары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Сайраш Әбішқызының кеудесіне өз қолымен «Құрмет» орденін қадағанда оның халықтың сәулетті болашағы жолындағы осындай нар жүгін көтерер ерлігін, жанкешті еңбегін жоғары бағалағаны анық. «Мен қазақ әйеліне қайран қалам» деп Жұбан ақын айтатындай, қарап отырсаңыз, қай заманда да ел іргесіне сүйеу болған аналарымыз, апаларымыз екендігіне көз жетеді. Ойлап көрсем, менің де тағдыр жолым басымды тауға да, тасқа да соқтыра жүріп Сайраштай асқар тау әпкеме әкеле жатыпты. Апай жұмыста кәсіп сырларын игеруге баулыған тәжірибелі ұстаз ғана емес, қасындағы бауырларына өмірдегі кішіліктің, кісіліктің де жөнін үйреткен абзал аға болды десем артық емес. Ол бүгін де біздей көптеген қыз-жігітті кең қанатының астына алып пана да болып келеді. ...Бір күні үй алдым. Қас қарая күнделікті шаруаны аяқтап қайтқалы жатыр едік, хатшы қыз: «қазір бастықта жиналыс болады, орындарыңызда болыңыздар!» деп кетті. Ойда ештеңе жоқ, барсақ, күн тәртібіндегі мәселе пәтер бөлу екен. Редакциядағы менен басқа шығармашылық қызметкерлердің бәрінің үйлері бар-тын. Бас редактор қала әкімшілігінің «Қазақстан мектебі» журналының айтулы мерейтойына орай үш бөлмелі пәтер бөлгенін, оны маған берудің ұйғарылғанын мәлімдеп, шешімді қолыма ұстатты. Бұл – жетекшінің күні бұрын төккен маңдай терінің жемісті мәресін, зор еңбектің ғажап нәтижесін паш еткен салтанатты сәт көрінісі ғана болатын. Әйтпесе, судың өзі сатулы кейінгі кезеңде әкімшілік жайдан-жай қай мекемеге үй таратып жатқандай. Ал, қарауындағы қызметкерлерінің киімінің бүтіндігіне дейін уайым жейтін қамқор апайдың осы пәтер жолында қаншама есікті ашып, жүйке тоздырғанын тек өзі біледі. Мұндай жақсылықты әкеңнің де жасай қоюы екіталай емес пе?! Қазір сондағы толқынысымды айтып жеткізуім қиын шығар. Жылдар бойына жер-жерде жүдеп-жадап босыдық қой... Түнделетіп Әбділдабек досым екеуіміз менің қамсыз отырған бала-шағамды қуантуға келе жаттық. Көзіме «Берсең бер, бермесең қой баспанаңды» деп жүріп талай жылдар өткенде ақыры үйдің шешімін алып шығып, дәлізде «не болды, не болды?!» деп, тағатсыздана күтіп отырған Сақыпжамал шешемізге үнсіз егіліп: «қазір айтам, қазір айтам!» дей беретін Қасым ақынды елестетіп, көңілді мұң тербейді... Бүгін де көшеде келе жатып зеңгір көктен «бізді де ұмыттың-ау, ә?!» деп күлімдей қарап тұрған Сайраш апайдың кескінін көргендей болдым. – Жоқ, апай, ұмытқам жоқ! – деп дауыстағым келеді тағы да. – Қалай ұмытайын! Құлтөлеу МҰҚАШ qazaquni.kz