Әкім ТАРАЗИ: ШЫН ТАЛАНТТЫҢ АЛДЫНДА ЗАМАН ДА ӘЛСІЗ
2019 ж. 18 сәуір
9847
0
1. Романтика
Тұрмыс-тіршілік қаншалықты ұсқынсыз болса, сол ұсқынсыз әлемді өз жанының көркем бояуларымен құлпыртып жіберетін жандар болады. Романтик дегеніміз – солар.
Тоғызыншы класты бітірген жылы радиодан «16 жасар чемпион» деген музыкамен әрленген ұзақ хабар тыңдадым. Есім кетіп тыңдадым. Бокстан! Әлем чемпионы! Қазақ! Бар болғаны он алты жаста! Отырған орныма байыздай алмай, қайта-қайта кезіп кетіп, бір ысынып, бір суынып тыңдадым. Ең соңынан «уһ» деп жаным жай тапқан сәтте диктор: «Бұл тыңдағандарыңыз жазушы Бердібек Соқпақбаевтың жаңа повесінен радиоинсценировка», – деп хабарлады.
Бердібек Соқпақбаев деген жазушыны сол сәтте, қас-қағым сәтте мойындадым, ынтықтым. Шіркін-ай, бір көрсем деген арманға жан төрімнен орын беріп үлгердім.
Алматыға келген соң Бердібек Соқпақбаевты іздей бастадым.
Алыстан бір көрсем жетеді. Одан артық маған ештеңе керегі жоқ. Сөйтіп жүргенде бір студент айтты. Бізге Қайнекей Жармағамбетов деген жазушы аға сабақ береді екен деп. Асыға күттім. Күндердің күнінде ол кісіні де көрдім. Бірінші сұрағым:
– Аға, Бердібек Соқпақбаевты білесіз бе?
– Білгенде қандай, – деді Қайнекей ұстазымыз. – Оны қайтейін деп едің?
– Кездесуге шақырсақ.
Кездесуге шақырдық. Келді. Екі сағат па, үш сағат па отырды. Әңгіме-дүкенге қандық. Ол кісі ерекше шабыттанып, көтеріңкі көңілде шалқыңқырап сөйледі.
Кездесу соңында, басқалардан гөрі көбірек сұрақ қойған болуым керек, мені қасына шақырды.
– Әй, қара бала, тағы да бірдеңе сұрайын деп тұрсың ба?
– Жоқ, – дедім. – Рұқсат болса мен сізді үйіңізге шығарып салсам.
Студенттер пір тұтып тұрған, шалқып сөйлеп тұрған атақты ағамыз, бет-келбеті кенет өзгеріп, түтігіп, абыржып, ештеңе дей алмай қалды.
Ол кісі менің ұсынысымды теріс түсінді ме екен деген күдік келді. Ашқұрсақ студент тұрмысы күйлі жазушының үйіне барып сұғанақ көңіліне оңай олжа іздеп тұр ма екен дегендей өзім де қипақтап қалдым.
Ұмытпасам, қараша айының кезі еді. Кумир жазушым жұқа қара плащын асықпай киді де, Қайнекеймен, басқа мұғалімдермен қол алысып қоштасып, есікке беттеді. Есікті аша беріп жалт бұрылды, көзбен іздеп мені тауып алды:
– Әй, қара бала, жүр, ссн мені шығарып сал, – деді.
Сол күні, сол сағатта сол кездегі қазақ жастарының арасында менен бақытты ешкім болған жоқ шығар деп ойлаймын. Сыртқа шықтық. Трамвайға отырдық.
Отырдық деген жәй сөз, түнгі сағат ондардың шамасы еді, екі вагон лық толы екен, түрегеп тұрдық. Сөйлесе алмадық. Қазіргі Төле би көшесінің басынан аяғына дейін жүретін «бірінші» деп аталатын трамваймен «он сегізінші линия» деген жерге дейін шоқырақтатып әрең жеттік. Сол арадан түскен соң әлде бір сасық өзеннің бойымен төмен жүрдік. Бір-біріне мінгескен сығырық көз, жатаған тамдар (кейін білдім ғой, ол жақта ылғи шешендер тұрады екен). Сол жатаған тамдардың бірінің касына кеп тоқтадық. Әлі есімде, сығырық көз терезесі менің кіндігімнен ғана келеді. Ұлы тұлға (сол сәттегі Әкім үшін, бірінші курс студенті үшін) әлденеге күбіжіктеп тұрды да:
– Ал, бала, мен үйге жеттім. Үйге кіріп шай ішесің бе, әлде...
Сездім.Ұқтым. Алдын алып үлгердім.
– Жоқ-жоқ, аға мен үйге жетіп алайын, кеш боп қалды ғой!
Ол кезде трамвай сирек жүретін. Бір сағаттай аялдамада тұрдым. Қырық минуттай жолда жүрдім. Бірақ қиналған жоқпын. Аялдамада әндетіп тұрдым. Трамвай ішінде әндетіп отырдым. Жатақханаға әндетіп кірдім. Сол күні, сол сәтте Қазақстандағы жастардың арасында менен бақытты жан бола қойған жоқ шығар!
Ұлы тұлғаның (сол кездегі Әкім Тарази үшін) неге күмілжігенін, неге кібіртіктегенін, үйіне кірмей, «жоқ-жоқ» деп бұрыла берген бозбалаға, неге асығыс қол беріп үлгергенін кейін, жылдар өткен соң, өзім де сол Тастақта, сол шешен ауылында, әлдекімдердің тауық қорасын жалдап өмір кешкен кезде бір-ақ түсіндім.
Романтик болу, дегенмен, жақсы. Рас айтам.
2. «Шынтақпен жұмыс істеу»
Келе-келе «16 жасар чемпионға» тісқаққан студенттің көңілі толмайтын болды. Оның есесіне «Менің атым – Қожа», оның есесіне «Болашаққа жол» сияқты қарапайым, қарапайымдылығымен құнды дүниелер келді әдебиет әлеміне.
Ол екі шығарма жер көлемі жағынан Индиядан сәл-ақ кем түсетін қазақ топырағына сыймай, шет елдерді аралап кетті. Сол кездің өзінде сол екі туынды отыз-қырық тілге аударылып, киноға түсірілді. Киноға түскен соң бұл екі шығарманың бағы бұрынғыдан жана түсті. Енді ол дүниелер елу-алпыс тілге аударылды. Сол екеуін қанағат тұтып жүргенде оқырман Әкімнің қолына «Өлгендер қайтып келмейді» деген ғажап роман түсті.
Қолдан жасалған «әдебиеттен» әбден мезі болған көңілім қаны сорғалаған шындықты көргенде тынысым кеңіп сала берді. Отыра қалып мақала жазайын. Жазайын да «Жұлдызға» апарып берейін. Сондағы айтқан ойым: болашақ оқырмандар, келесі ғасыр оқырмандары екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі тыл деп аталатын тірлік-тұрмыстың шын бейнесін іздесе оны Шыңғыс Айтматовтың «Жәмиласынан» таппайды. Бердібек Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді» романынан табады деген ой еді. Махаббат деген сезім табаны қара жерге, қара топыраққа тиіп тұрса ғана құнды сезім. Табаны жерге тимеген бояма сезім болашақ оқырманның көкейінен тұрақты орын теппейді деген сияқты ойлар айттым.
Мақала басылды. Күзеліп басылды. Сол күзелген мақаланын өзі талайлардың көңілін күйзелтіп кетіпті. Әлдекімдер Қырғызстанға телефон шалыпты. Шыңғысқа шағым айтыпты. Сені мына бір қазақтың баласы сынапты дейді ғой, баяғы. Шыхаңмен ара-қатынасымыз жақсы еді. Қызметіміз деңгейлес еді. Барысып-келісіп жүрген едік. Содан кейін арамыздан әлдебір мысықтілеу, мысықтабан «жанашырлар» өтіп кеткенін сездім.
Кинода жүрген шындықты бетке айтып үйренген қайран басым әдебиетке араласа беріп алғашқы соққыны солай жедім.
«Өлгендер қайтып келмейді» деген роман жарық көргенше Бердібекті аса қатты күндеушілер аз еді. Ол туралы сөз болғанда: «Ол балалар жазушысы ғой» деп төмендетіңкіреп сөйлеп, өз жайына қалдыра беретін. Үзеңгілес жолдастары, бәйгеге бірге түскен «достары» одан аса қауіптенбейтін.
Нағыз талантты жазушының қолына түссе, қаламына іліксе, көркемдік санасынан нәр алып, оқырманның қолына тисе өлгендердің де қайтып келетінін қызғаншақ қауым қапысыз түсінді-ау деймін. Бердібек туралы оқырмандар арасында қызу талас, бірі тәнті болып, бірі тәлкек қылып түрлі ойлар айтыла бастады. Орталық Комитеттің сыбыр сөзбен ғана шешілетін, ыммен ғана ұғысатын кабинеттерінде жасалатын бірінші дәрежелі, екінші дәрежелі, үшінші дәрежелі жазушылардың тізімін Бердібек ағамыз быт-шыт қылды. Ол тізімдер, ол дәрежелер жазушының талантын дәріптеп, бағалап жасалмайтын. Ол тізімдер, дәрежелер жазушының аппаратқа қаншалықты жақындығын, саясатқа қаншалықты сай келетіндігін көрсетіп тұратын. Құйысқан тістесіл келе жатқан достарын Бердібек тәтті түстен айырды. Өзіне деген сезім күштен айырды. Талайлардан маза кетті.
Сол тұста шынтақпен жұмыс істеу басталды. Шынтақпен жұмыс істеу – орыс тілінен тікелей аударылған «калька». Кең далада өмір сүрген қазаққа шынтақпен жұмыс істеу деген ұғым ене қоймаған. Енсе де сіңе қоймаған. Бірақ қазақ әдебиеті деген ұғым дарынсыздар үшін бес-алты адамның тізімімен шектелетін. Сол тізімге тосыннан біреу кірсе, төмендегі «соңғы фамилиялар» сызылып қалуға тиіс. Дарынымен ала алмаса, арсыздықпен алуға тырысатын әдет бар. Шынтақпен жұмыс істеу деген – сол.
Бекең аңқау адам еді. Ташкентте Азия, Африка жазушыларының конференциясына өтпек. Бір баратын адам сен едің. Тізімде сен неге жоқсың деп ақыл айтушылар ақыры ол кісіге үлкен жиынның төралқасына жеделхат жібер деп көндіреді. Саясаттан аулақ жүрген ағамыз, арамдықтан да аулақ жүрген ағамыз біреулер дайындап берген мәтінге қол қояды. Ол жеделхатқа астаналардың астанасында қандай пікір айтылғанын мен білмеймін, бірақ «өз ауылымызда» өсек-аяң гу ете қалды. Жас та болсақ естіп-біліп жүрдік.
– Бердібекті құдай ұрыпты, – деді бір ағамыз.
– Килікпейтін жерге килігіпті, – деді екінші ағамыз.
– Ойнақтаған тайлақ от басады деген осы, – деді үшінші ағамыз.
– Енді құриды ол! – деді төртінші ағамыз.
«Не бүлдіріпті?» дегенге алған жауабымыз.
«Ташкентке мені шақырыңдар. Бар шындықты мен айтып беремін!» – деген көрінеді.
Содан кейін Бердібек ағамыз қоқан-лоққыны, құқайды астаналардың астанасынан емес, өзіміздің «тас асқабақтардан» көре бастады. Бірақ астана Соқпақбаевтың шығармаларын қалыптасқан даңғыл жолынан шығарып тастаған жоқ. Қожа бала басқа тілдерде сөйлей берді. Өрісі кеңейе берді. Москвада да жыл сайын шығып жатты.
Бірақ алаң мен күдік билеген Алматы Бердібекті барлық тізімдерден шығарып тастады. Аты аталмайтын болды. Кітаптары басылмайтын болды.
Шынтақтары күштілері шындықты қайтсін. Кеше ғана бірге жүрген достарын таптап кетті де, көздері аларып, қызбалана қиқулап, «классиктер мекені» деп аталатын мәреге қарай екіленіп тарта берді.
Сол кезде Бердібек ағаның қатты күйзеліп жүргенін Сайын екеуіміз талай аңғарғанбыз. Ол кісінің бізге деген ниеті ерекше еді. Бірақ біздің қолда не тұр? Қырыққа келіп қалсақ та сарыауыз балапан деген атақ-дәрежеден әлі құтыла алмай жүрген кезіміз.
3. Құлазыған көңіл қызық іздейді
Сол кезде ғой Бердібек ағамыздың машина сатып алғаны. Оның өзі «Москвич». Оның өзі «Москвичтің» ескі түрі. Сегізінші деп аталатын ба, қалай. Сайынды алдына отырғызады. «Сен көк свет пен қызыл светті айтып отыр», – дейді. Мені артына отырғызады. «Сен... берік бол, – дейді. – Мен сияқты шеберлердің бірі келіп сауырымыздан сүзіп кетіп жүрмесін!», – дейді. Кейде ол машинаға Өтебай Қанахин ағамыз да мінеді. Бекеңнің ол кісіге беретін тапсырмасы: «Газ бен тормозды шатастыра беремін, сен соған ие бол!» – дейтін.
Бекең ашық терезеден басын сырқа шығарып алатын. Алда кетіп бара жатқан машиналарға немесе көшеден қиғаштай өтіп келе жатқан жүргіндерге айқайлап ұрысып келе жататын.
– Әй, тез жүрсеңші. Әй, тез өтіп кетсеңші!.. Ойпыр-ай, мына біреуді қайтсем екен, басып өтсем бе екен, баспай-ақ қойсам ба екен?! – деп күйіп-пісетін.
Бекеңнің машинасына міну қауіпті. Оны білеміз. Білсек те көңілін қимаймыз. Өзі қағажау көріп жүргенде қабағын баққанымыз жөн.
Ағамыздың қасынан көп табылатын болдық. Бізге еті әбден үйренді. Күндердің күнінде ағамыз көңіл түкпіріндегі күпті тілегін бізге батылдана айтып салды.
– Әй, қу балалар, – деді. – Осындайда бір ағаларыңның алдына ән салатын, би билейтін кәнизактарды шақырмайсындар ма!
Бекеңнің таудағы саяжайына дастарқан жайылды. Би билейтін, ән айтатын кәнизактар келді. Консерваторияның студенттері еді.
Келесі күні ағамыз Сайын екеуімізді кезек-кезек құшақтап, бетімізден сүйді.
– Өй, сендерге рақмет, бір жасап қалдым ғой. Адам болып қалдым ғой, – деді. Мәселе ол кісінің құшақтағанында, сүйгенінде емес еді. Мәселе ол кісінің сол сәтте айтқан келесі сөздерінде еді.
– «Ой» деген иттің соңына еріп, өзім де әбден ит болып кетіп едім. Ой деген жаман ғой. Ойдың түбіне ешкім жеткен емес! – деді Бекең.
Дәл сол сәтте түсіне қойдым десем өтірік болар. «Ой» деген тажалдың үрейінен шын жазушы неге қорқатынын осы күнде ғана жобалаймын. Қасқырдай талап жатса, таланып жатсаң, дос дегендерің қас боп шықса, ой деген тереңдік емес, құрдымға айналатын тәрізді.
4. Сервантестің қатысы қанша?
Бердібек ағамыз туралы эссені басқаша түйіндегім келеді. Дәстүрді бұзғым келеді.
Үлкен баспалардың бірінде орыс жазушысы істейді. Құлағын шулатпай-ақ қояйын, атын атамайын. Қутындап жүретін көңілді адам еді. Бір күні кездессем күрт түсіп кетіпті. Көзінде от қалмапты. Шашы ағарып кеткен.
– Өй, саған не болған?
Сонда соның айтқан сыры еді. Әлгі байқұс сегіз жыл кезекте тұрады. Үй алудың кезегі. Жергілікті комитеттегі ұзын тізімнің алдына шығады. Ендігі кезек – бұныкі. Баспаға үй де бөлінеді. Қүжаттарын әзірлей бастайды. Үй алатын болады. Әне-міне... Ертең үйдің кілті қолға тиеді деп тұрғанда сол баспаның бір қызметкері, ол да жазушы, ішіңкіреп келіп әлгі байғұсқа тиіседі. Қатты сөздер айтады. Дәлізде бұл екеуіне қарап және екі жігіт тұрады. Бірақ олар екеуіне араша түспейді.
Бұл айтады:
– Әй, жігіттер, көрдіңдер ме, мынау мені жазықсыз балағаттап тұр ғой, – дейді. – Мен ештеңе дегем жоқпын ғой, – дейді. – Аузымды ашқан жоқпын ғой, – дейді.
Анау екі жігіт үндемей бұрылып кетеді.
Келесі күні пәтердің кілті үндемей бұрылып кеткен екі жігіттің бірінің қолына тиеді. Орға жығып кету, шынтақпен жұмыс істеу деген сұрқия саясаттың бір ғана көрінісі еді бұл.
Бекеңді еске алғанда және үш жазушының бейнесі көз аддыма келе береді. Олардың бірі – Ғабдол Сланов ағамыз. Екіншісі – Хамза Есенжанов. Үшіншісі – Сервантес.
Бұл арада Сервантестің қандай қатысы бар деп оқырман шіркін маған одырая қарауы мүмкін. Сервантес қатардағы көп жазушының бірі еді. Өлең де жазған, роман да жазған, драма да жазған. 1605 жылы ол кісі атақты «Дон Кихот» романының бірінші кітабын бітірді. Дон Кихот тарихи ұйқыда мүлгіп жатқан Испанияны дүр сілкіндірді. Қатар жүрген достары шошып оянды. Бір-бірімен айтысып жүрген, бірінің кеңірдегін бірі жұлып жеп жүрген өзі құралпы, орта қолды жазушысымақтар келіспей-ақ бірігіп Сервантесті бас салды. Сервантесті түрмеге жаптырды. Қан жоса қылды. Жанын. Арын. 1615 жылы түрмеде жатып жазған романының екінші кітабын бастырды. Қысқада кеткен кегі, ұзында кеткен өші жоқ еді Сервантестің. Ешкімде шаруасы жоқ еді. Бірақ, қайта таланды. Қан-жоса болды. Жаны. Ары. Бір жылға жетер-жетпесте дүниеден өтті. Ішқұсадан. Сервантес өлді деп ойлады тоғышарлар. Бірақ өлген Сервантес қайтып келе берді. Бірақ өлген Дон Кихот қайтып келе берді. Содан бері, міне, төрт ғасырдай уақыт өтті, тоғышарлар мен ергежейлілерде маза жоқ.
Кейініректе Өтежан Нұрғалиевтің поэмасы жарық көрді. «Қазақ әдебиетінде». Толғау-жыр аса үлкен шабытпен жазылған екен. Маған қатты әсер етті. Бердібек ағамыз дүниеден өткен шақта қасында болған жоқпын. Анығын білмеймін. Біреулер:
–Жала! – деді. Біреулер: – Өтірік! – деді. – Әруаққа неге тиіседі! – деушілер де табылды.
Бердібек ағамыз дүниеден өткен шақта қасында болған жоқпын. Анығын білмеймін. Бірақ Өтежан поэмасындағы көркемдік шындыққа сендім. Сенгім келеді. Бердібек ағамыз сондай адам еді.
Шын таланттың алдында заман да әлсіз.
Өмірдерек
БЕРДІБЕК СОҚПАҚБАЕВ
1924 жылы Алматы облысының Нарынқол ауылында туған. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын, кейіннен Мәскеуде Жоғары әдеби курсты бітірген. Біраз жыл ауыл мектебінде бала оқытқан. «Қазақ Әдебиеті» газетінде, «Балдырған» журналында, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында істеген. Қазақстан Жазушылар одағында балалар әдебиеті жөніндегі әдеби кеңесші болған.
Шығармашылық жолын өлеңмен бастап, 1950 жылы «Бұлақ» атты жыр жинағын шығарған. Кейін балалар мен жасөспірімдерге арналған жиырмадан астам әңгіме, повесть, роман кітаптарын ұсынды. «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Бозтөбеде бір қыз бар», «Өлгендер қайтып келмейді» және «Қайдасың, Гауһар?» секілді туындылары СССР халықтарының және шетелдердің көптеген тілдеріне аударылып, сахналық, экрандық нұсқаға айналған. 1967 жылы Балалар мен жасөспірімдерге арналған фильмдердің Канн қаласында (Франция) өткен халықаралық фестивальінде «Менің атым Қожа» фильмі (Б.Соқпақбаевтың сценарийі) арнаулы жүлдеге ие болды.
Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталған.