«Жынды жел» немесе қазақ халқының басына түскен зұлмат

Жазушы Дидахмет Әшімханұлының осы әңгімесін бұрынырақта оқып таңғалып едік. «Алас тайпасы туралы аңызы» денемізді тітіркендіріп, емші шалдың айтқандары дөп түскені қатты толғандырып еді. Дүниенің төрт бұрышына түгел қылыш сермеген жаужүрек, өз тілі мен ділін ғасырлар бойы бұлжытпай сақтаған кемел Алаш жұрты қалай ғана ұлтсыздану үрдісіне бет бұрды? Замана озған сайын дәстүр кері кетіп барады, алғашқы белгілері баяғыда-ақ мағлұм болған, тіпті белгілі француз ғалымы Рене Генон жазғандай, «Әбілді Қабыл өлтіріп барады, яғни көшпенді өмір жойылып, отырықшылық белең алып барады», алдағы уақыттың сұрқиялығынан шошыған біздің жыраудың «алдағы келе жатқан заман қандай, заманға қарсы тұрар шамаң қандай?» деген сөзі ойға оралады екен.

Көлемі үш-ақ беттік шағын әңгімеде бүкіл қазақ халқының басына түскен зұлмат өте әсерлі бейнеленіпті. Жазар алдында жазушының ішкі толғаныс үстінде қатты қиналғанын байқаймыз. Тіпті талдайық деп отырған біз де қиналып отырмыз. Жеріне жеткізе талдай аламыз ба, әлде орта жолда тоқырап тоқтап қаламыз ба деп. Алайда бастаған соң аяғына дейін жету парыз. Әңгіменің бас кейіпкері он бір жасар бала көктемгі демалыста Алатаудың бір қойнауында қой бағатын әке-шешесіне барады. Түсінікті, «оқудан шаршап келді ғой» деп мейірбан әке-шешесі қой бағуға жұмсамай, үйде қалдырады. Зерек бала қаладан өзімен бірге ала келген қызықты кітаптарын оқуға кіріседі. Баланың оқып жүргені шынында да өте қызықты кітаптар. Жюль Верннің «Капитан Гранттың балалары» мен Марк Твеннің «Том Сойердің бастан кешкендері» және «Гекльберри Финнің бастан кешкендері» атты балаларға арналған, шытырман хикаяларға толы әлем әдебиетінің жауһар туындылары. Мектеп жасындағы әрбір бала осы кітаптарды білуі керек деп есептеймін. Бұған қоса Сервантестің «Дон Кихоты» мен Свифттің «Гулливердің саяхаты» бар. Ғажайып ертегілер еліне жол сілтейтін, балаға да, үлкенге де оқуға болатын тамаша кітаптар. Бала емес пе, бір сәттік қиялға елітіп, Том Сойер сияқты тығулы жатқан көмбенің көзін ашып, жұртты таңғалдырғысы келген бас кейіпкеріміздің есіне үй бақшасындағы бір-екі оба түседі. Қазса жалт-жұлт еткен алтын бұйымдар, небір асыл тастармен безендірілген әдемі әшекейлер шыға келетін сияқты көрінеді. Сөйтіп қиялдап жатқан бала ұйықтап кеткенде ашық қалған киіз үйдің есігінен азынап жел соғып, балаға жел тиеді. Ауырған бала сандырақтап, неше түрлі жаман түстер көріп, қиналған кезде Алланың жәрдемімен емші шал келіп, тамырын ұстап, себебін айтады, үшкіріп, ем жасайды. Біздің халықты даланың ерке өскен бұла перзенттері десек те, жазыда байқап

жүру керек екенін жақсы білген. Далада жазатайым ұйықтап қалғандарды жын-шайтан соғып, ғұмыр бойы есалаң болып қалған адамдар кездескен. Түнде қонатын жер табылмаса, молаға түнеп шыққан. Өйткені қазақ үшін аруақ – қастерлі, мола – қауіпсіз, ал батыс жұртшылығының пікірінше аруақ – қауіпті, ал зират – жын-шайтандар ордасы. Міне, біздің саяси элитамыз есі кете елбіреп толқитын батыстың (оның ішінде орыс та бар) марқұмдар жайлы түсінігі. Ол неге олай, бұл неге бұлай деп бас қатырмай-ақ қойсақ та болады. «Жел тиген» деген диагнозға таңғалған әке-шешесіне «желдің кесірінен тегіс бір тайпа құрып кеткен» деп емші шал одан сайын таңырқатады. Әкесінің өтінішімен, баланың тілегімен «Алас тайпасы туралы аңыз» шалдың бірқалыпты баяу әуезімен айтыла бастайды.

«... Сонау ерте дүниеде, осы Алтайдан айшылық алыс жерде өріс толы малы бар, шаңырақ толы жаны бар, ағаш уықты, киіз туырлықты Алас деген тайпа тіршілік етеді» деп басталады аңыз. Сөз жоқ, бұл біздің ата-бабаларымыз, яғни Алаш жұрты. Мәрт болған, кең болған, жаудың өзін құрметтей білген, салт-дәстүріне шаң жұқтырмаған асыл бабаларымыз. «Жауды аяған жаралы» емес пе, көршілес Мұндар тайпасынан ұдайы жәбір-жапа көрген Алас тайпасының басынан сөз асырмаған жаужүрек жігіттері ел көсеміне талай мәрте келіп: «Алдияр, мына мұндарлар әбден басымызға шықты. Атой салып атқа қонайық, алдаспанды қыннан суырайық» деп аласұрса да, марғау көсем «шыдайық, елдегі тыныштықты бұзбайық» деп тартқыншақтап, батылдық таныта алмайды.

Есіме бірден 1552 жыл, Иван Төртінші патшаның 150 мыңдық қалың қолымен Қазанды алуға келгені түсті. Бұл – орыс басқыншылығының ең алғашқы соғысы еді. Кеше ғана көшпенді жұрттан тітіркене қорыққан, үш жүз жыл бойы алым-салық төлеп тұрған Орыс елі бұлардың алауыздығын пайдаланып, арыдағы Византия тәрізді ұлы мемлекет құру үшін бір-бірлеп түрік жұртын жеңіп, жерін алуды ойластыра бастаған. Бұл кезде Алтын Орда жеті бөлікке бөлініп кеткенімен, ынтымақ-бірлік жойылмаған. Барлығы Шыңғыс хан құрған алып мемлекеттің, кейіннен Жошы негіздеген Алтын Орданың құрамында болған еді. Барлығы тілі ортақ, діні бір түрік тайпалары еді. Ал сол кезде Қазан қамалында 30-ақ мың әскер бар болатын. Қайыспады, беріспеді. Қырық күндей аяусыз шайқасты. Қазан қамалын қорғау - үмітсіздің ісі емес еді. Кешегі Алтын Орда заманы көрген түске айналса да, Еділдің ұзына бойына, Жайықтың екі жағында, Сарыарқа мен Сыр бойында қалың ел жатқан, мың сан қол жатқан. Бірақ та дәл іргеде, екі апталық жолда Ноғай Ордасы, яғни Ұлы Ноғайлы елі тұрған. Ноғай әміршісі Ұлыби Жүсіп ары кетсе он күнде екі жүз мың әскер шығарар еді. Бірақ та олай істемеді. Атадан асып туған арыстан отыз ұлы бар еді, әрқайсысы 1-2 мыңнан 5 мыңға дейін әскер ұстайтын, барлығы жиналып, әкесінен рұқсат сұрайды, шұғыл аттанайық, Қазан құласа, бәріміз де құримыз депті. Алайда Жүсіп өзі де атқа қонбайды, ұлдарына да қатаң тыйым салады. Ұлдары әке әміріне қарсы шыға алмай аласұрады. Білмейміз, әлде ұлыби ақылынан алжасты, әлде Ноғайдың

жері кеңиді деп ойлады. Бүгін көршіңді құлатса, ертең өзіңе ауыз саларын қалай ғана білмеді екен. Жүсіптің Қазанда хан бәйбішесі болып тұрған ай десе аузы, күн десе көзі бар ғажайып сұлу қызы бар еді, Сүйінбике деген, жедел адам жіберіпті, қамал алынса құримыз, әскер жіберіңіз депті, оған да қайыспапты. Ақыры Қазан хандығы құлайды, қала өртеліп, еркек атаулы тегіс қылышқа шалынады, қалған көшпенді жұртты, әсіресе Ноғайлыны қорқыту үшін адам денелерінің басын кесіп, денесі мен аяқ-қолдарын бөлшектеп, Еділдің бойымен ағызып қоя беріпті, мұндай сұмдықты көрмесе де ұзынқұлақтан естіген Еуропа жұрты қатты шошыған екен, Рим папасы орыс патшасына хат жазып, мұндай істің ешбір адамшылыққа келмейтінін, христиан дінімен сыйыспайтынын мәлімдепті (М. Мағауин. «Қазақ тарихының әліппесі»). Қазір біз өкініп, қынжылғанмен пайда жоқ, «жау кеткен соң қылышыңды тасқа шап», алайда келесі кезекте Ноғайлының өзі, ар жағынан Хажы Тархан, Үлкен Орда, ең ақырында 300 жыл бойы беріспеген мына біз – қуатты Қазақ Ордасы тұрған болатын. Барлығы немен біткені тарихтан белгілі. Сол кезде егер де Ұлыби Жүсіп ұлдары мен әскерін қоя берсе, олар барып орыстарды тас-талқан қылса, дүние шіркін басқа тарапта құрылмас па еді? Өзіміздің жерімізде санымыз екі жүз миллионға толып, шалқып отырмас па едік деген ой қинайды. Тарих өткеннің де, бүгіннің де өкініші сияқты көрінеді.

Әңгімеге қайта оралайық, күндердің күнінде Мұндар тайпасы тап-тал түсте көсем ордасының алдына былғарыға оралған, қақ басына алтын сақина кигізген қара көсеу мен өрімі тарқатылған бұзаутіс қамшыны әкеліп тастап кетеді. Бұл – мұндардың «бұрымдыңды күң етем, тұлымдыңды құл етем» деген сөзі болатын. «Шыдамның да шегі бар», қатты түнерген көсем алмас қылышты қынабын суырып алғанда, әлгінде бастары салбырап, бет-жүзін дәрменсіздік басқан аламандар «Алас! Алас!» деп ақыра көтеріліп, қылыштарына қол салады. Ел тегіс атқа қонады. Алтайды бетке алып көшкен Алас тайпасы бірде жаумен соғыстан, бірде қыстың суығынан, тағы бірде аштық пен індеттен сирей келе, Алтайдың бергі бетіне жетеді. Еркек кіндікті аз қалған, балалар да сирек, қара көбейтіп жүрген – қыз-қырқын, қатын-қалаш қана. Бұны көрген көсем Тәңірге шүкіршілік қылады. Осы жерде жазушы көсемнің аузымен бүкіл қазақ қыздарының ұранына айналуы тиіс тәмсілді айтады: «Тәңірім ендігі жерде қатынның көзін бесіктен, құлағын еркектен айырмасын!» дейді. Біле білген қызға бұл жарлық тәрізді сөз болуы тиіс. Өйткені әрбір әйел адамның бұл өмірге келетін басты мақсаты – ана болу, еркектің ұрпақ жалғастыруына себесін болу. Көсемнің айтқанын тайпа ақсақалы құптап: «Бұл сөз тайпаның ұраны ғана емес, темірдей берік заңы да болсын!» дегені соны білдіреді.

Жаңа жерге орныққан тайпа өсіп-өне бастаған кезде басына терістіктен қара бұлт орнай бастайды. Сол заманда қалың орманды, үйлерін ағаштан, қорғанын тастан салдырған Орман деп аталатын ел болған екен. Бұл, әрине, Орыс патшалығы. Дүние кезген саудагерлері арқылы Алас тайпасының жағдайына қанығып, салт-дәстүріне қайран қалыпты. Әуелі бұл тайпаның үлкендер мен ата-ананы қатты сыйлайтынына таңырқайды.

Аластықтар әйел затын қатты құрметтеп, төбеге көтергенімен, олардың жан тазалығына, ар тазалығына қоса, Құдай берген несібені рәсуа қылса қатты жазалайтынын, қазанның аузын ашық қалтырған қатынның ұзын тоқпақтай қара бұрымын кестіргенін естіген ормандықтар одан әрі аузын ашып қалса керек. Алайда қазан – ел қазынасы. Оның іші елдің ырыс несібесіне толы. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді», яғни қазан ашық қалса, оған әркім қолын салады, оны әр жақтан келген ит те, құс та өз құлқынына пайдаланады. Алысқа бармай-ақ айқын мысал- Қазақстан Республикасы сөз жүзіндегі Тәуелсіздігін алған кезде қазанның қақпағы айқара ашылып еді. Біздің елдің қорқаулары қазақтың жер үсті байлығына қоса, жер асты байлықтарын жат жұрт өкілдеріне өте арзан бағаларға сатып жатты, елден береке кетті, ата-бабаларымыз сан ғасыр бойы ат үстінде жүріп қорғаған қайран байлық ұстағанның қолында, тістегеннің аузында, жалмағанның қарнында кетті. Ғасырдан астам уақытқа созылғандай көрінген жиырма жылдық талапайдың нәтижесін қазір біз көріп отырмыз. Қазақтың қоғам қайраткерлері алай да айтты, былай да айтты, бірақ та ақшаның буына елітіп алған біздің көкбет билік құлақ асқан жоқ, аса белсенділік көрсеткендерді атып тастады, жауып тастады, күш атасын тани ма, ешкімді де аяған жоқ. Ақыры біздің ел шартарапқа қарыз, экономикасы әлсіз, ғылым-білім төмен, құрдымның аз-ақ алдында тұрмыз. «Іш қазандай қайнайды, күресерге дәрмен жоқтың» кері. Қазанның аузын мықтап жапқанда ғана ел жағдайы қалыпқа түспек. Ақыры таңырқай шаршаған тайпа көсеміне саудагерлер Алас тайпасының еркектері ұзақ жасайтынын айтады. Себебін сұраса аластықтар: «біздің қатындар аз сөйлейді» дейді екен. Көсем сылқ етіп отыра кетіпті. Жанындағы тайпа ақсақалы: «біздің қатындардың аузын бассаң арты сөйлейді. Мұндай жерде еркекте өмір бар ма» деп қамығуы қыз баланың көп сөйлемеу керектігін көрсетеді. «Әйел ашуланса жеңіледі, еркелесе жеңеді» деген Ғабит ақсақалдың сөзі бар. Қыз балдай қылығымен көрікті, көп сөйлемейтіндігімен сүйкімді болады, бір еркектің ыстық-суығына төзе білмеген, артық-ауыс мінезін кешіруге кеңдігі жетпеген, жоғын бар етіп, ашылғанын жаба алмаған қатын ақ жаулықтан садаға кетсін. Адамдық негізі әйел, еркек – үйдің иесі болса да, әйел – үйдің киесі, бүгін ана болып – үй билейді, ақылы асса – ел билейді. Тек әйел атымен аталатын ру-тайпалар қаншама, нұрға малғандай сұлу болған, еркекке бергісіз ақылды болған қыздар қаншама, қазақты қазақ қылған осы әйел болатын, біздің мәңгі мақтанышымызға айналған, жүрегімізге әсем-сазды, ерке-мұңлы күй сыйлаған арулар әрқашан да ел болашағына үлкен әсер тигізуші еді. Бізге дейін солай болған, бізден кейін де солай болады. Алтын көрсе періште жолдан таймақ емес, ал адам таймақ, оның үстіне жылтыраққа әуес әйел заты.

Осы әңгімеде әйелдердердің мінез-құлықтарындағы елеулі өзгерістері нанымды әрі шынайы суреттеледі. Еркектері саят құрып, аң аулауға кеткен кезде қайтыс болған көсемнің шешесін жерлеу үшін қатындар күрек алып қабір қазып жатқанда жерден алтын шығады, барлығы ұятты ұмытып, алтын теруге кіріседі. Кемпірге қарайтын шама жоқ,

иістеніп жата береді, біраз уақыттан соң қайтып келген еркектер шуылдап жүрген қатындарды көреді, бәрінің аузында «Алтын! Алтын!» , мән-жайды түсінген тайпа ақсақалы : «Бітті! Құрыдық! Алас тайпасының басына ақыр заман келді!» деп аттан құлап түседі.

Бұдан ары қарай тайпаның басына қара түнек заман орнайды. Өсек ескен желдей жан-жаққа тарап, Алас жерінен алтын табылғаны туралы алыстағы Орман тайпасына, жақындағы Обыр тайпасына, жер түбіндегі Жебір тайпасына жетеді. Бәрінің шешімі бір, мақсат айқын. Аласты құртып, алтынды алу керек. Бірақ қайтіп? Әрине айламен. Орман өзінің кеспек-кеспек «қызылсуын», жәшік-жәшік «мөлдірсуын» аттандыра бастайды. Бұл, әрине, орыстың арақ-шарабы. Қаншама жайсаң адамды жолдан тайдырған, қаншама отбасының шаңырағын шайқаған, сондықтан қазақтар оны «жынды су» дейді. Оң жақтағы обыр тайпасы тышқан көздері жылтылдаған, апандай аузы ырсиған зәндемі кемпірді жібереді, қолында дүниенің бәрін көрсететін сиқырлы айнасы бар екен. Бұл енді ұялы телефон. Қазір бәріміз әлеуметтік желілерде шұқшиып отырамыз. Зияны бесенеден белгілі. Өрмекшінің торына шырмалдық. Және осы күні елімізде неше түрлі телеарналар ашып, батыстың атысқан-шабысқан, ұят пен әдептен жұрдай кинолары мен бағдарламаларын көрсетуге әрекет қылған терісниеттілердің әрекеті. Айтып-айтпай не керек, екі елдің сұмдығы аз болғандай, жер түбіндегі Жебір тайпасы да қарап жатпайды, шашы алтындай, беті әппақ, сұлулығына көз тоймас, сыңғырлаған үнінің өзі адам жанын баурап алатын әйелді жібереді. Мақсаты – Алас тайпасының қыз-келіншектерін азғындық жолға салу. Бұл әлгі екі тайпадан да асып түскен. Өйткені әр халықтың әйелдерін бұзса, көп ұзамай халықтың өзі де жойылатынын білген, соған орай қам жасаған. Әлгі сайқал Алас елінің қыздарына: «Біздің еліміз – қатындар патшалығының елі. Біз жер бетіндегі әрбір қатынды Құдайдай көреміз...» деген азғырудан бастап, ақыры бәрінің басшысы болып алады. Еркектер бірдеме десе, әйелдердің өздері шап етіп беттен алады, өйткені олар ақ қатын айтқандай, Құдай болудан қалған. Орманның жіберген жынды суына тойып алып, бір бұрышта жатады. Мал – бағусыз, қатын – қараусыз қалған. Ондай жағдайда не болатыны бесенеден белгілі. Екеуі де кетеді. Бала-шаға Обыр тайпасынан келген кемпірдің айнасына қарайды да отырады. Не көрсетпейді десеңізші. Бұқа бұзауға артылады, қыз жігітке артылады. Біресе қолдарында жалаңдаған пышақ, құшақтасып тұрған тыр жалаңаштар, жын қаққандай тұлабойы селкілдеп билеген түрі үрейлі жандар, құтырған қара дауылдай даңғұр-дұңғұр күй! Бұл Батыстан жеткен музыканың неше атасы. «Қазақтың ән-күйін естімеген ұрпақ – керең ұрпақ» деп Баукең айтпақшы, қазақ халық әншілерінің тыңдармандары азайды, төл музыкамыз Батыстың ықпалымен былғанып бітті. Отандық әншілердің бірен-сараны ғана болмаса, қалғандары түгел Батыстың ықпалында. Ал жаңадан бастаған қыздарға қарасам, зәрлі күлкім келеді, мақсат – ән айту емес, жартылай жалаңаштанып шолтаң-шолтаң етіп билеу сияқты. «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман, Шошимын кейінгі жас балалардан,» деп Абай жарықтық

дәл айтқан ғой. Ақыры ақ қатынның айтуымен Алас қатындары өздері тұрған үйдің киізін тұс-тұстан тесіп тастайды, әуелі самал соғады, арты желге, қара дауылға айналады. Зәрі еттен, ызғары сүйектен өтеді. Бұл қазақ шекарасының жат елге ашылуы. Қазақтың қасиетті жері сатылымға шығарылуы. Адамдар көнбей ереуілге шыққанымен, қазіргі кезде жасырын сатылып жатқаны ешкімге құпия емес. Жыландай ысылдап іргеден кірген қытай елі осылай жалғаса берсе, айдаһардай ысқырып есіктен шығар күн алыста емес.Сонымен ыңырсып жылап бала бесікте жатады. Күрк-күрк етіп еркектер жөтеледі. Көп қатын алақ-жұлақ етіп Құдай қылам деген ақ қатынды іздейді, ал ол баяғыда-ақ ізін суытқан. Көп ұзамай елде жаңа індет шығады. Барлығы бірінен-бірі өткен сорақы. Осының бәрін көріп отырған тайпа ақсақалы: «Бұлар енді тірі өлік. Тайпаның күні батты,» дейді күңіреніп. Бұл оның соңғы, керез сөзі болған. Ал Алас тайпасының күні бітеді. Әңгіменің соңында тағы да жел тиіп ауырған бас кейіпкерге әкесінің көз жасын сүртіп отырып: «Балам, емделсеңші» дегені бәрімізге айтылған сөз. Жазушы осы өмір шындығын бізге астарлап береді. Оқыңдар, ой түйіңдер дейді. Мұндағы аты аталған тайпалардың психологиясы – қазіргі қоғамның психологиясы. Бүкіл қазаққа ой салар шағын дүние жазып шыққан Дидахмет Әшімханұлының діттеген мақсаты ойдағыдай орнына келсе екен деп тілейміз. Әуел баста бүкіл ғаламға билік жүргізген ұлы түрік дүниесі ақыр түбінде үстемдікке шығады.

Әділ Әуезханов,

qazaquni.kz