"Келер күннің ұрпағы, саған сырды ақтарам" - Ақын Еркеш Ибраһим туралы мөлтек сыр
2019 ж. 12 сәуір
6972
1
Оның өлеңдерінде өмір - терең дариядай, дала - керілген киіктей, махаббат – мөлдіреген тұп- тұнық, Көкшетауы - сол Сәкендей кербез, Алатауы - ақ қардай, биік көкке құмар келеді, ал өзі туралы:
Тұрамын кейде ақ қайыңдай солқылдап,
Сыбдыр да сыбдыр жанымның сыры толқындап, – деген Еркеш (Ебікенов) Ибраһим - ХХ – ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдебиетінің талантты өкілдерінің бірі болатын, ақындық стилімен ерекшеленіп, өлеңді көркем шынайылықпен, әсем ырғақпен, ұшқыр теңеулермен жазған ақын еді.
Туған жерін аялаған бұл қазақ,
Айдар тағып, ат қойыпты тым ғажап.
Жарты аспандай шалқып жатқан даласын,
Қорғау үшін шексе - дағы қилы азап.
Айнакөл деп, Ақ Баян деп көлдерін,
Сарыарқа деп, Саржайлау деп белдерін.
Көкшетау деп, Алатау деп тауларын,
«Алтын күрек», «ақ самал» деп желдерін.
Құм Нарын деп, гүл нәрім деп құмдарын,
Оқ жетпес деп, сөз жетпес деп шыңдарын.
Есілім деп, Ертісім деп өзенін,
Мақтан еткен атам қазақ өз елін, - деп «Махаббат теңізі» балладасында туған елін, жерін сипаттаған шумақтардан тебірініс те, көрініс те, ізденіс те табылады.
Ақын Еркеш Ибраһим шығармашылығы туралы академик Серік Қирабаев: «Осы кезеңде қалам ұстаған (Сталинге табынушылықтан кейінгі кезең - автор) қазақ әдебиетінің жарқын жұлдыздарының бірі – Еркеш Ибраһим қазақ поэзиясының өрістеуіне, биік дәрежеге көтерілуіне мүмкіндігінше қомақты үлесін қосты» деп анықтайды.
Еркеш Ибраһимнің шығармашылығы туралы оның «Қол шанасы» өлеңіне Ілияс Омаровтың пікірінен басталады. Ақын шығармашылығын өнер мен өлең тұрғысынан ғылыми қараған Есмағамбет Ысмайлов, Зәки Ахметов, Зейнолла Қабдолов, Серік Қирабаев, Тұрсынбек Кәкішев, Серік Негимовтердің ой пікірлерінде, ақын замандастары Сырбай Мәуленов, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев және басқа да ақын –жазушы жазбаларында ақынның поэтикалық толғаныстарының сұлулығы, идеялық - көркемдік ерекшеліктері, шеберлік қырлары туралы сыр шертеді.
Биіктердің биігіне –өркешке,
Жүріктердің жүйрігіне – Еркешке,
Қадырынан бір сыймайтұғын бір таңға –
Өлең жырдан сыймайтұғын бір кешке,
Жүйріктердің жүйрігіне – Еркешке! – деп, Қадыр Мырза әлі қадыр тұтқан Еркеш Ибраһим 1986 жылдың 18 қазан айында өмірден озды, 21 қазанда қара жерге берілді.
Мұны білетін себебім, 1986 жылғы қазан айының 20-21 күндері Қарағанды мемлекеттік университеті филология факультетінің 2-інші курс студенттері: Дәулет Сәтібеков, Жеңіс Сармурзин, Мейрамбек Ысқақов пен осы жолдардың авторы ақын қазасында екі күн тапжылмастан, аяқтай жүрдік: ақынның соңғы тұрағы - қабырын қаздық, қазасына сойылатын малды ауылдан әкеліп сойдық, ақын денесінің шығарылуы мен қара жерге түсірілуін атқарыстық. Менің есімде қалғаны қабыр басындағы митингі де, сол кезде «Социалистік Қазақстан» газетінің бас редакторының орынбасары, жазушы, публицист Сарбас Ақтаев еңіреп тұрып, жылап сөйледі. Еркеш денесі қабырға қызыл гробта түсірілді, әбден топырақ тастар кезде, үлкендердің біреуі қызыл гробты алып тастап, мұсылманша жерлеуді, бас топырағын салуды талап етіп, тұрып алды. Ұйымдастырушылар не істерін білмей, үнсіз, кідірісте қалғанда, факультет деканы Болат Әбішұлы Байтанаев қасында тұрған маған және әріптесім Мейрамбекке қабірге түсіп, денесін гробтан айырып, шығарып тастауды тапсырды. Біз қабірге түсіп Еркеш ақынның аққа оранған алып денесін жерге жатқыздық, мен ақынның бас топырағын салдым.
Осыдан он алты жыл бұрын банкир, меценат Андрей Беляевтің (азан шақырып қойған есімі Айтбақы Біләлов) қаржысына Қарағанды қаласында бір кезде шығып тұрған «Азия Транзит» республикалық әдеби танымдық альманағында Еркеш ақынға құдаша болып келетін «Азия Транзит» ақпарат үйінің атқарушы директоры Қанат Жұмықованың басшылығымен 2002 жылы сәуір айының номерін Еркеш Ибраһимнің өмірі мен шығармашылығына арнадық, ақынмен сыйлас болған, белгілі жазушы, әңгіме шебері Қанат Жойқынбектегінің «Ақын өмірінің беттері» естелік –эссесі мен журналист – публицист Ермағамбет Лұқпанның «Ерен ақын Еркеш – есімі ұмытылып барады» мақаласын, өлеңдер топтамасын, отбасы суреттерін, ақынның досы, экономика ғылымдарының докторы, профессор Болат Қажыркәрімов салған графикалық полотномен қоса бердік.
«Біздің ата қонысымыз – Арықбалық ауданындағы Ақан көлінің батыс беткейі»
«Ақмола облысының Балқаш ауданында 1930 жылдың 7 қарашасында дүниеге келген Еркешті тағдыр маңдайынан сипай қоймады. Әке – шешеден сәби кезінде айырылған Еркеш Атбасардағы панасыз балалар үйінде оқып, ер жетті. Негізі тағдыр толайымымен Ақмола жағына қоныс аударғаны болмаса, ақынның кейін өзі қимастықпен еске алғандай: «Біздің ата қонысымыз – Арықбалық ауданындағы Ақан көлінің батыс беткейі» екен, сондықтанда болар бала Еркеш, журналист Еркеш, ақын Еркеш жер шоқтығының биігі Көкше өңірін жанындай сүйді.
Жырларын бала шақтан оқып өскен біз Еркеш ақынмен «Орталық Қазақстан» газетінің редакциясында жүріп таныстық. Бір қарағанда адамға қатал болып көрінетін Ерекеңмен шүйіркелесе келе оның жомарттығына тәнті болатынбыз» - деп жазады Ермағамбет Лұқпан.
Алматыдағы С.М. Киров атындаға Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика бөлімін бітірген Еркеш әсем Алатау баурайында қалмады, ақын –жазушы аузына ілігіп, өлең –жырлары баспасөз бетінде жарияланып жүрсе де сұлу Көкшесіне қайтып оралды. Әуелі Көкшетаудың облыстық газетінде, кейін «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») Көкшетау облысындағы, содан соң Қарағанды облысындағы меншікті тілшісі болып істеді. Еркеш Ибраһим кәсіби журналистік қызметін әдеби шығармашылығымен
қоса ұстады, ол КСРО Жазушылар Одағына өтті, КСРО Журналистер сыйлығының лауреаты атанды, бірнеше орден, медальдармен марапатталды. Лауазым қумады, атақты құмартпады, табиғат берген таланты күндердің бір күнінде жарып шығатынына сенді.
Еркеш Ибраһимнің тұңғыш өлең жинағы 1959 жылы басылды, одан кейін «Өмір өлмейді», «Жұлдызды жылдар», «Көктем күлкісі», «Махаббат теңізі», «Таңдамалы. 2 томдық жинағы», «Алау» поэмалар жинағы мен тағы басқа өлең жинақтары жарық көрді. 1969 жылы Ирина Озерованың аудармасында «Звездные годы» орыс тіліндегі жыр жинағы шықты.
«Бұл тіршілігімде басты шаруам ақындығым».
Еркеш ақын туралы «Ақын өмірінің беттері» естелік –эссесінің авторы Қанат Жойқынбектегі: «Өмір ауыртпалығын мол көргендіктен бе, балалық шағы соғыспен тайталасып қоса өскен Еркеш тәрізді ақындардың жырларына уақыт айырықша леп, тазалық бергендей. Еркештің ақындық өмірі дұрыс, жақсы басталды. Еркеш сөз туа қалғанда айтатын, «менің бұл тіршілігімдегі басты шаруам ақындығым» дейтін. Алматыдан шалғайда жүрсе де ақындық күшімен, олардың ортасынан өзінің орнын жеңіп алды. Ешбір адам бұл өмірге іштен біліп тумайды, әрбір кісінің өзінде құдай берген ерекшелігі болады, Жаратушы да Еркешті осындай қасиеттен кенде қалдырмады. Еркеш ақындық талантын жүзеге асыра білді. Еркеш газеттің қиын жұмысында өлең жазуды бірінші орынға қойып жүрді», - деп еске алады. Өлең Еркештің өміріне айналды, өлең оның іші де, сырты да еді, өлеңдері сол күйінде бүгінге жетті.
Қара тастың арасында бұлақ бар,
Қара тастың қырларында сұрақ бар,
Сол сырларға, сол мұңдарға елеңдеп,
Елегізіп тербеле ме құрақ, тал? (Ата –баба мекені )
Көркіңе, айхай дала, жалтақ қағам,
Мен қалай жолаушылап дәл тоқтағам!?
Жазғы шық мөлдірейді гүл үстінде,
Жасындай сағынштың моншақтаған. (Далада)
Әрі бір нәзік, әрі бір асқақ тұлғасың,
Самал желмен, ақша бұлт қана сырласың.
Тәкаппар кеудең босқа неге иілсін,
Сұлулық, пәктік өзіңде бәрі тұрғасын. (Оқжетпес)
Көкше десем Баян егіз тұратын,
Баян десем Қызбел мойнын бұратын.
Ақан әні Айыртауда асқақтап,
Есіл бойлап, Ертіс құйып тынатын. (Менің өлкем)
Көлдің беті күміс күндей күледі,
Неге бұлай, тәңірі өзі біледі.
Әлде бәлки адамдармен бірге ме,
Зер толқынды Зерендінің жүрегі ! (Зеренді көлі)
Еркеш табиғаттың, даланың, қайыңдардың, көлдердің ақыны, сұлу табиғатты бойына сіңіріп, сұлулықты өлеңге жатсындырған ақын Сарыарқаның бел ортасындағы кең өлке, нар өлке Қарағанды даласын да, қаласын да жырға қосты: «Қарағандыға», «Қарағанды», «Қарқаралы», «Шайтанкөл», «Ағады Нұра, ағады», «Теміртау аспаны» және тағы басқа өлеңдері осының куәсі.
Еркеш ақынның «Нүркен ескерткіші алдында» өлеңі ақындық шеберліктің үлгісі деуге болады, өлең сүйетін, өлеңге құмар адамның дене мүшесі шымырламай, жүрегі елжіремей оқымауы мүмкін емес:
Адам жанып келеді, адам жанып тәңірім,
Кетер ме екен жарылып шекеңдегі тамырым.
Арманынан от шашып, кетті ме екен тұтанып,
Орындаған осы ма жүрегінің әмірін.
Нүркен жанып келеді, ақ жалын боп лапылдап,
Жанардағы жас ғұмыр ақ семсердей сапылдап,
Нүркен жанып келеді отты құсқа айналып,
Бомбовоздың өзін де тайбурылдай тақымдап.
Нүркен жанып келеді,
Қара бұлттың шашындай,
Нүркен ағып келеді,
Қара көздің жасындай.
Нүркен еді көк терек,
Нүркен еді ақ қайың,
Нүркен еді көктемек,
Гүл –гүл жанып шоқтайын.
Нүркен дала гүлі еді,
Нүркен дала ұлы еді.
Нүркен өрт боп келеді,
Сол даланың түлегі. (Нүркен ескерткіші алдында)
Шәмшімен білектес, одақтас болған Еркеш
Ән құдыретін де, ән әуеніне, сазына қажет сөздің жанын білетін қазақ музыкасының жарқын тарихы, ұлы композитор Шәмші Қалдаяқов қазақ көмейінде, жүрегінде мәңгі қалған әндеріне сөз жазғандардың ішінде Еркеш Ибраһимде бар, жас жағынан құрдас Шәмші Еркеш ақын сөздеріне «Ақ бидай маржан», «Биші қайың», «Кел Бурабайға», «Шынарым» әндерін жазды. Ұлы композитор мен Еркеш ақын арасындағы шығармашылық одақ туралы Қанат Жойқынбектегі естелігінде: «Шәмші Алматыдан Еркешке хат жазып Көкшетау, Бурабай жайында бірнеше өлең жазатынын айтыпты. Әрине, Көкшетау жайында сан ақындардың ішінен Еркешті таңдап алуына бір сыр бар. Оның поэзиясының әнге лайық, басқалардан көп жоғары жатқанын ұғынған болуы керек. Келісіп алып екеуі Көкшетауда кездеседі»- дейді.
Ұлы Шәмші композитор әндеріне көп сөз жазған Мұхтар Шаханов, Жұмекен Нәжімеденов, Төлеген Айбергенов, Хамит Ерғалиев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиевтер болғанын ескерсек, Шәмшінің Еркешті таңдау сыры, оның да ақындық таланты екені даусыз.
Тағы бір дерек, он жеті жасында КСРО Композиторлар одағынының мүшесі болған, Шәмшімен бір кезде бірге оқыған, кезінде танымал композитор, қарағандылық Қазбек Бексұлтановтың Еркештің сөзіне жазған «Ұрпақ үні» әнін де айтуға болады, ән советтік патриотизмге шақыратын үлкен хормен айтуға арналған болса керек, ал Еркеш сөздері ұлттық рухтың жебесіндей, қазір де елдің бүгінімен, ертеңімен мәңгі сабақтастықта:
Келер күннің ұрпағы, саған сырды ақтарам,
Болашағың – ертеңгі, мен өзіңнен бақ табам,
Баба жолын ақтаған әкелерге мақтанам,
Дәуір жүгін артып ап, келешекке аттанам....
Қайырмасы:
Уа, бабам! Ұрпақтарға, уақытқа сенгең ең,
Ұлы жердің үстінде: болашағың – Мен келем!
Жұлдызың боп сөнбеген, жолдарың боп өлмеген,
Бақытындай өңінде, ешқашан да көрмеген.
«Бір айналдырса шыр айналдырады екен» немесе ақын трагедиясы
Еркеш пен асыл жары Ақыл екеуі үлкен бақытты отбасы еді. Өмірге екі ұл, бір қыз келді. Балалары өсе бастады, Еркеш олардың оқу жағдайын ойлап Көкшетау қаласынан Қарағандыға қызмет орнын
ауыстырады. «Социалистік Қазақстан» газетінің Қарағандыдағы меншікті тілшісі жаңа ортада жаңа таныстар, жаңа туыстар тапты. Қарағанды да Жайық Бектұров, Евней Бөкетов, Құлмағамбет Еспаев және тағы басқа азаматтармен араласады. Жергілікті «Орталық Қазақстан» газетіне күн құрғатпай келіп жүреді, шығармашылық үзеңгілестер табады. Еркеш 1980 жылы елу жылдығын тойлайды, екі томдық таңдамалы шығармалар жинағы «Жазушы» баспасынан жарық көреді, өмірінің жаңа асуына бет алады, бірақ кенеттен Ақылдың қазасы ұйып тұрған оның тіршілігін шайқалтып жіберді.
Жазушы Қанат Жойқынбектегі ақынның бұл кезеңі туралы: «Сонау балалық күнінен белгі беріп жүретін бүйрегінің ауруы қозып, ауруханаға жатып қалатынды шығарды. Бір күні ауруханаға барсам, төсегінен аяғын салбыратып жіберген, мұңайып отыр екен. Аузыма сөз түспей қасындағы орындыққа үнсіз отыра қалдым. Ойыма әдеттегі жаттанды сөз, «Халыңыз қалай» да түспеді. Терең бір күрсініп қойып, сөзді Еркештің өзі бастады:
- Менің бұрын өліп, Ақылдың қалғаны балаларға дұрыс болатын еді.... Осы арада есіме өзі жазған «Жалғыз қайық» өлеңі түсті. Қазіргі сәтте маған ақын сол жағадағы қайықтай болып көрініп кетті.
Қараңғы түнде мұңайып,
Толқынға малып тұмсығын,
Жағада жалғыз тұр қайық,
Маңайда меңіреу тылсым түн.
Менің де жарым сағынып,
Ойлардан не бір айықпай,
Отыр ма екен жабығып,
Осынау жалғыз қайықтай, - Осы сәтте ақынға ешқандай сөздің қажет еместігін сезіндім, көп отырмай кетіп қалдым.
Бір айналдырса шыр айналдырады екен, Еркеш өлгеннен кейін қос қанатындай екі баласы Болат пен Оралда қайтыс болды. Бізге айналдырған жеті – сегіз жыл ішінде Еркеш үйінің оты өшіп қалғандай әсер етті. Артында қызы Марал мен немересі Марат қалды» -деп еске алады.
Ақын Еркеш Ибраһим жаны нәзік, сыршыл ақын еді, ол бар қуат жалынымен елін, даласын, туған жерін, еңбекті жырлады, ол өлеңдерімен қазақ поэзиясының дәстүрін нығайтты, қазақ өлеңін көркем күшейтуге, әсем жаңғыртуға ұмтылды, өмір бар жерде, өлең бар, олай болса ақындар ұмытылмайды, тағы бір көп жылдан кейін оны көрмеген тағы бір басқа ұрпақ ақын Еркешін, ерен Еркешін еске алады деген сөз еді.
Салауат Кәрім,
qazaquni.kz