Жүсіпбек Қорғасбек. Аңыз Мұхтар МАҒАУИН
2019 ж. 09 сәуір
6975
0
Суретші Мұхтар Мағауиннің портретін салуға тапсырма алды. Өмірде талай көрген адамы болған соң келісе салды. Алайда қылқалам қалай қолға тиді, солай дағдарып қалды. Иә, ол шынында да қандай адам еді?
Барып жолығайын десе, аяқ жетер жерде емес. Бірақ ол туралы әңгімелерді әр-әр жерден құлағы шалып жүрген. Өткенде ғана шетелден оралған біреу: «Саябақта төбесі қазаққа ұқсап қарайған бір шал отыр, қарасам Мұхтар Мағауин екен», – деп келді.
Мағауинді шал дегенге қимай, жақтырмай қалып еді. Сол әңгімені Серік Үмбетов деген сыйлас ағасына айтқан. «Е, мен үйіне арнайы барып сәлем беріп шықтым», – деді ол кісі жайбарақат қана. «Бірін бірі іздеген бұлар қандай жақсы адамдар», – деп бұл таң-тамаша болды.
Сөйтсе Серік Үмбетов чех елінде Қазақстанға қатысты бір шаруалармен жүріпті. Күтіп жатқан жақтан көк дөненін көлденең тартып бір жігіт тұр дейді. Қараса өңі де, жөні де қазақ екен. Сөз арасында: «Осы елде Мұхтар Мағауин деген жазушымыз тұратынын сен білесің бе?» – деген ғой. Сонда: «Мен сол кісінің баласымын», – депті әлгі жігіт. «Әй, онда мен жолықпай кетпеймін», – депті бұл кісі.
Мұқаң баяғы Еуропаның бір пұшпағын билеген хан тұқымы құсап алшайып отырған көрінеді. Жақындап қалған мерейтойын сол жақта өткізбек сыңайы бар. Елден біраз кісілерді шақырмақ. Абай айтпақшы, «Мұңдасарға кісі жоқ сөзді ұғарлық». Іші толып қалған адамның түрін байқап: «Мерейтойыңызды елге келіп өткізсеңізші», – депті Серік Үмбетов.
Одан бері де біраз уақыт өтті. Мұхтар Мағауин мұхиттың ар жағына көшеді екен деген әңгіме шықты. Праганы алыс көрген адамға ол жақ жердің түбіндей көрінгені айтпаса да түсінікті. Суретші мені танитын еді. Көмек сұрап келгендегі уәжі мынау: «Сіз Мұхтар Мағауинді Мұхтар Әуезовтен кейінгі үлкен жазушымыз депсіз». Мен: «Түрі-басы барыстікі секілді жұмыр кісі», – дедім. Ол қолындағы фотосуретке бір қарап, маған бір қарап мырс етіп күлді.
Сасқаным шығар: «Сен романист Төлек Тілеуханға барып әңгімелес, бала күндерінен бірге өскен», – деп жөн сілтедім. «Бүгінде пікір сұраған қайыр сұрағанмен бірдей», – деп барғысы келмеді. Өкпелегендей болып шығып бара жатқан кезінде: «Сен ол кісінің портретін салмай-ақ қой», – дедім. «Неге?» – деді жанды жеріне тиіп кеткендей быж ете қалып. «Қалай салсаң да, салған портретің ол кісіге бәрібір ұнамайды».
Мұхтар Мағауиннің біздің құлағымыздан кіріп, санамызда бекіп қалған бір бейнесі осы. Алдынан келсең тістейді, артынан келсең тебеді. Сонда да суретшіге ана сөзді бекер айттым. Іші құдықтай терең адамның сырын кім біліпті. Ол маған ен далада емін-еркін шайнаса кететін асау жылқы сияқты елестеді. Шынында да бұл кісінің бойында біз түсініп болмайтын тектілік пен тағылық астасқан бір асаулық бар-ау.
Суретшінің орнына Мұхтар Мағауиннің кісілік келбетін енді өзім сомдағым келді. Ең әуелі көз алдыма келгені шаштарын тықырлап алып, бастарын көн терімен қаптап, мәңгүрт қылып жіберген міскіндер болды. Бұлар – Мұхтар Мағауиннің атышулы «Мен» атты кітабының кейіпкерлері. Олардың көбі өмірде білімді, талантты адамдар. Бірақ соцреализм шекпенінен шыққан, социалистік жүйеде тәрбиеленген, бойларында ұлтшылдықтың тамшыдай да қаны жоқ-мыс.
Ал Мұхтар Мағауин басқа кептің адамы. Соцреализм шындығын мойындамаған, социалистік жүйенің тәрбиесі санасына сіңбеген, ұлтын жақсы көретіні айтқан сөздері мен жазған еңбектерінде сайрап тұр. Сонда бұл кісі қандай мектепте оқыған, қандай адамдардың тәрбиесін көрген, оны ұлтын сүюге алып келген не нәрсе? Телефонды ала салып, жазушының бала күнгі досы Төлек Тілеуханға қоңырау шалдым.
Мұхтар Мағауин қандай бала болды? – дедім аз-кем амандықтан соң. – Адам жібересің бе? – деді романист ауызба-ауыз сөйлес-кісі келіп. Тілші қыз Қарлыға Ибрагимоваға идеямды айттым. Біздің бәріміздің Мұхтар Мағауинге қатысты ұстанған позициямыз бар. Бәлкім сөзге ерген болармыз, мүмкін көңіліміз кірлеген шығар, тіпті жаман ойымыз да жоқ дей алмаспыз. «Мен» деген кітабын оқығаннан кейін осылай ойламасқа шараң жоқ. «Ал сенің сезімің ешқандай жазу жазылмаған ақ парақтай» дедім. Тілші қызымыз Мағауин десе елеңдеп тұратын албырт жастарымыз секілді, қуанғаннан көзі жанып кетті.
Тілші қызға берген бағытым сұрақ боп туыпты. «Мағауин – тәкаппар, діні қатты, басынан сөз асырмайтын кіді адам, кірпияздығы да бар»; «Мұхтардың тілінің уыты бар, жақтырмаған жайды запырандай ащы сөзімен жайпап салады»; «Мұхтар Мағауин өткеннен Мұхтар Әуезов болмаса, тіріде ешкімді кісі демейді»; «Елдің бәрін жау көргенде, айнымас досты қайдан табады?»; «Кісілігімен бірге кісәпірлігі де бар». Бақсам, бала күнгі дос, кейінгі өмірдегі әдебиет майданында бірге жүрген қаламдас мұның бірде-бірін мойындамапты.
Қызық, мектепте бірге оқыған, ептеген туыстығы да бар бұл екеуі кейін «Жұлдыз» журналында да бірге қызмет істеген. Екеуі де жарысып роман жазған, таңды таңға ұрып білім жарыстырған. Міне, сол кісінің сөзіне сенсек, 5-сыныпта арттарынан іздеп келген туыстарына бала Мұхтардың: «Мен бұлардың бәрінен жақсы оқимын», – деп ешкімді шен көрмей айтқан сөзі рас екен.
Сондағы естелікте балалық шақтан бір үзік сыр былайша өріліпті: «Бақанас Шыңғыстаудан басталып, Баршатасқа дейін толысып ағады. Мұхтардың балалық шағы сол өзеннің бойында өтті. Мұхтар Бақанасқа емін-еркін малтып, шортандай тулап өсті. Бақанас өзенінің Айдынкөл деген жері бар. Айдынкөл Баршатастың биік жартасына барып тіреледі. Мен суға малти алмаймын. Басымды қылтың-қылтың етіп шығара беретініме Мұхтар қарадай күйетін. Өзі жартастан Айдынкөлге секіріп түсіп, өзеннің арғы жағасынан бір-ақ шығатын. Арғы бетке жеткен соң: «Әй, Тілеуханов, бері қарай жүзсеңші», – деп айғайлайды. «Қойшы, қорқамын, малти алмаймын», – деймін. «Қорықпа, суға кетіп бара жатсаң алып шығамын», – деп Мұхтар да қоймайды. Мен көнбеймін… Сөйтіп мен Бақанастың жартасқа тірелер арғы тұсына өмірі жеткен емеспін».
Осы бір балалық шақтың бейкүнә естелігінде көп сыр жатыр. Көз алдыңа өзі үшін ғана емес, біреу үшін де күйіп-пісіп жүретін мазасыз, намысшыл бала келеді. Ол жеткен жағалауға басқалар да жетуі керек. Кейін: «Мен Шыңғыс ханды жазғанда, ешкім қатарыма тұрмады», – деп шамырқанатыны бар. «Аласапыранды» үсті-үстіне қоюлап қара шәй ішіп отырып жазғанын да бір естелігінде айтып қалады. Оның шығармалары өмірге қандай күш-қайратпен келетінін арасынан ине өтпейтіндей тығыз сөйлемдері мен қорғасындай құйылған нығыз ойларынан да болжап білуге болады.
Мағауиннің тілі артық бояусыз, бірақ әрі анық, әрі қанық тіл. Бейне ауызша жеткен көне қазақ тілі мен тасқа басылып сақталған архивтің тілі бірігіп, бүгінгі зиялы адамның тілін құрағандай әсер береді. Құдай біледі, Ұлттық аударма бюросы өздері қолға алған адамзатқа ортақ жүз кітапты осы тілдің қалыбына салып аударса, барша қазаққа түсінікті болар еді. Намыс үшін ғана айтпаймыз, бірақ кириллицадан гөрі, латын қарпіне көбірек үйлесетін бұл тіл қазақ тілінің нағыз ғылым тілі екенін айғақтай түсетін секілді. Тілімізге әртүрлі мін тағылып жатқанда кітап бетінен сөйлеген бұл тілді намысшыл қазақтың тілі деп бейнелеп айтуға толық негіз бар.
Расында да мұндай тіл жазушының бала күнінде әке орнына тәрбие берген атадан дарыды деп қана қойсақ аздық етеді. Осының бәрі ішкі бәсеке мен үлкен еңбектің жемісі екенін түйсігіміз сезеді. Әдеби ортада Мағауинді анаумен де бәсеке, мынаумен де бәсеке деген сөз көп айтылады. Бірақ ол бәсекенің мақсаты не дегенді ешкім айтпайды. Ұлттың кеткен есесін қайтару жолында туындаған бәсеке деуге құлдық психология жібермейді-ақ.
Бәсеке демекші, мұндай ортада бірін бірі күстаналағанда түгін қоймай жерге тығып жіберетін жаман әдет бар. Жоғарыдағы үйіп-төккен кінәлардан басқа ол кісіні «жершіл» деген сөзді де естідік. Осы сөзден құтылмасақ, ортамыздан Абай атамыздың «Жеп жүр ғой біреуінің біреу етін» немесе Нұрлан Мәукенұлының «Өлінің қамын тірі жер, Тірілер бірін бірі жер» деген өлең жолдарына талай мысал табылары хақ. Жақыннан білетіндердің сөзіне сенсек, Мұхтар Мағауин жершілдіктен биік тұр. Оның биігі – ұлтшылдық, ал басқасының бәрі бәкін-шүкін әңгіме.
Жазушының өміріне шолу жасасаңыз, осының қайсысына көбірек мысал табар едіңіз. Сөз жоқ, оның жыраулар поэзиясын бес ғасыр әріге жылжытқаны бірден еске түседі. Кейін басқалар оны жеті ғасырға жылжытты. Тіпті есте жоқ ескі дәуірге апарып тақағандар да бар. Бірақ кеңестік қатал идеологияның заманында шепті бұзған – Мұхтар Мағауин.
Шетелде тұрып жазған «Шыңғыс хан» атты шығармасының алғысөзіне назар салыңыз: «Негізгі тұрғымыз – қазақтың қасиетін әйгілеу болатын»; «Сол сарынмен жер ортасы елуге жетіппіз. Осы кезде шын ғажайып болды. Коммунистік қапас шеңбер шытынап, сөгіле бастаған»; «1990, 1 сентябрьде полицейлік сөз кісені – цензура жойылды»; «Сөйтсек… советтік, великоростық соқыр сенім, топас түйсік сол қалпында тұр екен»; «Мен ғұмыр бойы қазақ мүддесі тұрғысынан, қазақ үшін жазып келемін».
Көз алдыма шынында да Мұстафа Шоқай тұрпаттас жұмыр пішінді қазақ келді. Жоқ, Мағауинді сол бір әйгілі қазақ сияқты шерменде болып жүр деуден аулақпыз. Ендеше бұлардың бір-біріне не қатысы бар деген сұрақ туады. Мұстафа Шоқай соғыста жау қолына түсіп қалғандарға қамқорлық жасаған. Мұхтар Мағауиннің әкесі Мұқан да соғыста тұтқын болған. Соғыстан кейін Түркістан легионындағылар жиырма-жиырма бес жылға, ал оған қатыспаса да тұтқында болғандар он-он бес жылға сотталып кете барған. Әкесі жазықсыздан-жазықсыз он жылға сотталған баланың көңілінде дық қалмауы мүмкін бе?
Мағауинді кекшіл дейді. Кеңес өкіметін ұнатпағаннан туған мінез болар. Кеңес өкіметінің саясаты өтіп кеткендер жүйкесіне тиеді. Ана біреулер кешегі кеңес заманындағыдай қызыл сөзді сапырып отыр. Мына біреулер космополиттік идеяны тықпалап қоймайды. Тағы біреулердің бойынан да, сойынан да кеңестік тәрбиенің иісі аңқып тұр. «Көзіне не қара көрінді?» дейін десең, осының бәрін өзің де көріп жүрсің.
Осы сарында жазылған «Меннің» әр жолы күрделі қайшылықтарға толы. Кей тұстары психологиялық талдауды қажет етеді. Ол адамның қайшылығы ма, қоғамның қайшылығы ма? Абайдан кейін қазақ қоғамын осыншалықты жіліктеп талдаған ешкім жоқ тәрізді. Айырмасы Абайдікі жалпы, Мағауиндікі жалқы. Содан да кейінгісінің әр-әркімде жеке кегі бар сияқты сезіледі.
«Мен» Мағауиннің беделін түсіріп кетті, өйткені ол көпке топырақ шашты. «Мен» Мағауиннің беделін өсіріп кетті, өйткені ол көптің өз кемшілігін өзінің бетіне басты. Бәзбіреулерге бұл шығарма ұлттың кеудесін басып қалған ауыр тас секілді көрінді. Енді біреулерге естен тандырып ем жасағандай әсер етті. Қайткенде де «Менге» дейінгі және «Меннен» кейінгі әдеби орта екеуі екі басқа.
Бір қызығы «Меннен» кейін жазушының өзі де өзгерді. Әр жерде берген сұхбаттары «Меннің» өшіп бара жатқан жаңғырығына ұқсады. Ал тіл мен ділге қатысты мақалалары журналистиканың күнделікті күйбеңінің ішінде кетті. «Шыңғыс хан» болса оқырман күткен ұлы еңбек дәрежесіне бір жетіп, бір жетпей тұр. Жазушының өзі де: «Шыңғыс хан тарабына қалам тартып отырған біз де ешқандай жаңалық ашпаймыз, бұрыннан белгілі мағлұмат, куәліктерді басқаша байыптап, өзгеше жазуымыз ғана мүмкін», – депті.
Міне, осы аралықта жазушының қаламдастар туралы ұнасымды естеліктері дүниеге келді. Бұл естеліктерден Ілияс Есенберлин, Әбіш Кекілбайұлы, Әди Шәріпов, Сайын Мұратбеков, Мұқағали Мақатаев сынды ақын-жазушылармен бірге, қаламгердің өзінің де дулы дидары жаңаша сипатымен ашылды. Оның әрбір жазған естелігінен шексіз сағыныш лебі есіп тұратын болды. Әсіресе Мұқағали Мақатаев туралы жазған естелігінде бала-шағасымен шұрқырап ортамызда жүргендей елестеді. Мұндағы: «Мұқағали алғашқы кітаптарынан бастап-ақ өресі биік ақын ретінде кеңінен таңылған болатын», – дегендей сөйлемдер жүрегіңді жылытады.
Осы естеліктен бір білгеніміз, Дантенің «Божественная комедиясын» Мұқағали Мақатаев «Тәңір тәлкегі» деп аударған екен. Үзінділері газеттерде де сондай атпен жарияланыпты. Алайда кітап болып шығарда Мұхтар Мағауин «Құдіретті комедия» деп өзгерттірген екен. Мұқағалидың уәжі: «Тәңірі күнәһар пенделерін тәлкек етіп, тоғыз қабат тозаққа салып отыр ғой…» – дегенге саяды.
Ал Мағауиннің дәлелі: «Данте әуел баста өзінің атақты шығармасын «Комедия» деп қана атаған. Бүгінгіден мүлде басқаша мағынада. Ол кездегі комедия – күлдіргі емес, трагедияға қарама-қайшы, ауыр басталып, жеңіл, сәтімен шешілетін, тартысты шырғалаң деген ұғым берген, кейінгі табынушылар бұл – құдайдай, яғни құдіретті деген анықтама қосқан, сейтіп «La Divina Comedia» – «Божественная комедия» болып шықты, соған орай біз де «Құдіретті комедия» деп атамасақ болмайдымен» тұжырымдалады.
Мұхтар Мағауиннің жазуынша, мұны естіген Мұқағали өкініп қалғандай болыпты. «Тәлкегіміз жақсы еді-ау», – деген. Шынында қарасаңыз, бізге «Құдіретті комедиядан» «Тәңір тәлкегі» жақын сияқты. Бірақ түп-нұсқадан кету қиын. Ақын-драматург Иран-Ғайып маған берген сұхбатында: «Құдіретті комедия» деп қате аударып жүрміз. Дантенің кезінде әдебиет құдайлық деңгейде болды. «Құдайлық комедия» деп аударған дұрыс», – деген еді. Сәтті аудармасын таппаған атау өстіп құбыла береді. Бірақ, айтайын дегеніміз ол емес. Мағауиннің Мұқағали туралы естелігі былайша жалғасады:
«Мұхтар, саған арнайы ас қойдық», – деген Мұқаң. Туырылып, оралып жатқан білектей қазы. «Телше, – деді Мұқаң, – Тайдың телшесі. Базардан алып, өз қолыммен айналдырдым сен үшін. Енді өзің ғана же. Осыны тауысқан соң табаққа кірісесің». Дәп осы кезде жалп етіп жарық сөнді. «Мұхтар, аузыңды таба аласың ғой… кірісе бер…». Мен табақты қолыммен сипалап бір шетіндегі дайын кездікті алып, қазының шамасын байқадым да, молынан кесіп, аузыма салдым. «Таптым», – дедім күліп. «Тоқтамай кете бер», – деген Мұқаң да көңілді дауыспен».
Көңілде қылаудай да кір жоқ, тап-таза, мөп-мөлдір, тұп-тұнық. Бәлкім жазушы елден алыстаған сайын сағынышы да ұлғайған шығар. Оның бет-бейнесі біздің де көз алдымыздан жырақтап, көмескі тарта бастапты. Шетелде тұрып жатқанына он екі жыл болған екен. 2007 жылы Прагада тұратын баласы Едігенің қолына көшкен, елге арасын ұзатып-ұзатып келіп-кетіп жүрген. Үлкен саясатпен айналыспайды. Бұл тарапта Мұхтар Шахановтың алдына түсу қиын, бәлкім. Мүмкін ондай мақсат та жоқ шығар. Ал үлкен әдебиетте оның алдына түсетін жазушы жоқ. Себебі, көзі тірі әдебиет алыптары бүгінде тап Мұхтар Мағауин сияқты белсенді емес.
Бірақ Мұхтар Мағауиннің қандай жолды таңдағаны өз басым үшін әлі де түсініксіз. Біреулер «өкпелеп кетті» дейді, енді біреулер «бала-шағасын сағалап кетті» дейді. Не керек, Шұбартаудан Алматыға, Алматыдан Прагаға, Прагадан мұхиттың арғы жағына қоныс аударған қазақ жазушысының соңында неше түрлі әңгіме жүр.
Соңғы жазған эссесінің астына «Күміс бұлақ, Мэриленд, АҚШ» деп қол қойыпты. Мен деген қазақ жазушысының Еуропаның төріне ту тіккені, одан қалды мұхиттың арғы жағына қада қаққаны, бәрі де бізге мақтаныш емес, қорлық сияқты.
Шын мәнінде олай емес екенін бәріміздің ішіміз біліп отыр. Басқаларға шетелде тұру мәртебе болса, жазушыға неліктен басы артық бақ немесе сор болуға тиіс? Хемингуэйден қалған әдет, Буниндер салған жол қазақ жазушысының маңдайына неге тарлық етуі керек? Енді оның шығармалары шетелдік баспалардан аударылып шығып жатса тіпті жақсы емес пе? Бір күндік тіршілігімізді емес, мың күндік мұратымызды ойласақ, ұлт атынан атышулы бір сыйлыққа ие бола қалса одан да ғажап болмай ма?
Алайда біз Мағауинді түсінгіміз келмей, Мағауин бізді түсінгісі келмей өмір тоқтаусыз өтіп бара жатқан секілді. Басы бірікпейтін екі ашадай арада кімдердің тарапынан екені бимағлұм, қайқайып иліккісі келмейтін бір менмендік тұрған тәрізді. «Алты Алашқа аты мағлұм жазушымыздың ендігі тағдыры не болар екен?» дегеннен гөрі, «ол саясатқа байланысты не айтар екен?» дегендей бір ойларға көбірек алаңдайтын сияқтымыз.
Есіме екі мыңыншы жылдардың басында Германияға барған бір сапарым түсіп отыр. Аудармашы Майндағы Франкфурт қаласында көп қабатты бір үйді сыртынан көрсетті. «Осы үйде сіздердің атақты жазушыларыңыз Василь Быков тұрған», – деді. Оның мені әлі де Кеңес одағының адамы деп келе жатқанына таңырқап қалдым. Бірақ сүйіп оқыған шығармаларымыздың арасында осы жазушының да кітаптары болғаны рас еді.
Сонда «Антифашист Василь Быков Германияға қоныс аударды» деген ақпарат шықты. Өзі неміс фашистерімен соғысқа қатысып, шығармашылық ғұмырында соғыс туралы атақты кітаптарын жазып, өмірінің соңында Германияға көшіп барған жазушыны мұқағандары шығар. Оның шетелде жүріп жазған «Долгая дорога домой» деген кітабының тақырыбы да еріксіз ойлантады. Қайтыс боларынан бір ай ғана бұрын бар тәкаппарлықты жиып тастап, еліне қайтуына тура келген. Қазір денесі туған топырағында жатыр.
Кеңес Одағының кезіндегідей емес, қазір батыс та өзімен өзі алысып кеткен заман болды. Финляндия, Германия, Чехия елдерінің бірінен біріне көшіп мазасы кеткен Василь Быковқа ешқайсысы да жайлы орын сайлап бере алған жоқ. Әркім өз Отанынан басқа ешкімге керек емес екеніне соңғы уақытта бұдан басқа да мысал жеткілікті. Ендеше Мұхтар Мағауиннің батысқа жасаған ұлы жорығынан әлдеқандай бір астар іздеу құр ақымақшылық па деймін. Одан да гөрі бұл қазақ жазушысының ел қатарлы жаңа өріс іздеп, құлашын кеңге сілтеген қарулы да қарымды кезеңі деп бағалаған дұрыс сияқты.
Құр долбарды малданбай, әркім «Мағауин мен үшін кім?» деген сұраққа жауап іздесе, сол әлдеқайда пайдалы болар еді. Қайбір жылы Мұхтар Мағауин бар, Баққожа Мұқаи бар, тағы біраз жазушы, оның ішінде біз секілді жастар да бар, бәріміз бір дастарқан басында бас қосып, бәтуа жасасқандай болғанбыз. Біздің мақсатымыз үлкен саясат емес, бірақ жаңадан тәуелсіздік алып жатқан ұлттың ендігі қам-қаракеті болуға тиіс деген тоқтамға келгенбіз. Соның артынша мен депутаттыққа сайлауға түсіп, екінші турда аудан әкімі екеуміз бетпе-бет қалып, облыс әкімі бір округке қараған үш ауданның бас көтерерлерін жан-жақтан шала шабылып жинап, маған қарсы сөйлетіп әлек-шәлегі шыққан. Олардың ішінде Жазушылар одағының сол кездегі төрағасы да бар екенін естіп, білгенде ішім удай ашыды.
Қарапайым халық түсінетін де, түсінбейтін де нәрселер бар. Қалам ұстаған адам көрсе, Құдайдай көретін бір аңқау да ақ-адал кісі: «Сайлауға түскендердің біреуі әкім, екіншісі сіздің қарамағыңыздағы жазушы, қайсысын қолда дейсіз?» – деп төтесінен сұрақ қоймай ма. Сонда Төраға еш саспастан: «Жігіттер, айтқан адамға дауыс берсеңдерші», – деп залдан шімірікпей шығып кете барыпты. Сол жолы саясаттың қорасына басымды тығып жібермей, өзімнің жаным сүйген кәсібіммен қалуыма ықпал етуге атсалысқан ұйым басшысына алғыстан басқа айтарым жоқ. Алайда ұлттың сөзін сөйлейді деген ұйым төрағасының «ұлттың сөзін сөйлеймін» деп белсеніп шыққан қаламдасын дүйім елдің алдында бұлайша тұқыртқаны жаныма қатты батқанын несіне жасырайын. Міне, Мұхтар Мағауин де сондай, ары кеткенде ұлттың жоғын жоқтайды, басқа міндетті Құдай Тағала да оның мойнына артқан емес.
Қазақ әдебиетінде әр шығармасы аңызға айналған мұндай қаламгер сирек. Жазушының «Тазының өлімі», «Архив хикаясы» атты бастапқы әңгімелері оқырман арасында әлі күнге дейін айтылады. Бұл әңгімелері десі басым «Қобыз сарыны» атты монографиясының да көлеңкесінде қалып қойған жоқ. Дақпырты басым «Мен» ғұмырбаяндық хамсасы монументальді «Аласапыранды», атышулы «Жармақ» көркемдік қуаты ерен «Шақан-Шеріні» ұмыттырмағаны да көп жайдан хабар береді. Көп томдық «Шыңғыс хан» атты тарихи еңбегінің қасында да мойнына су кетіп тұрмаған «Көкмұнардан» «Сары қазаққа» дейін қаншама роман, повесть, әңгімелер жазылды. Осының бәрі оның өзгемен емес, өзімен өзі тайталасқан күрделі тұлға екенін дәлелдей түседі. Сөз жоқ, ол ең алдымен дәстүрлі әдебиетіміздің дамуына үлкен үлес қосқан классик жазушы.
Алты Алашқа аян «Мен» атты ғұмырнамалық шығармасында бала демей, шаға демей, автор біздің тарапымызға да бір ауыз сөз арнапты. Сол сөз алдымыздан шыға берген соң, уақыт өте келе осылай бір жауап қатып қойғанды жөн көрдік. Осы эссені жазғанға дейін де оның қолда бар кітаптары алдымда үйіліп жатты, жазып болғаннан кейін де ешкім жинап алған жоқ. Бұл кітаптардың кейбірінде түрі-басы барыс пішіндес бір қазақ «Енді не істейсіңдер?» дегендей, бәрімізге миығынан күліп қарап отыр. Мен болсам жазуымды аяқтадым да, «Уһ!» деп бір демалып қалдым. Осы сәтте әлгі суретші досыма айтқан сөзім жарқ етіп өзімнің алдымнан шыға келді: «Сен Мұхтар Мағауиннің портретін салмай-ақ қой. Себебі, қалай салсаң да, салған портретің ол кісіге бәрібір ұнамайды»…
Менің қолымның босағанын сезгендей, ұялы телефоным да зың ете қалды. Жаңа бір әзірде Ғалым Доскенге: «Мұхтар Мағауиннің АҚШ-та тұрып жатқаны анық па?» деп пысықтап хат жазып жібергенім есіме түсті. Қалта телефоныма Ғалекеңнен: «Иә, Мұқаң бір жыл болды, сонда. Едіге деген баласының қолында. Вашингтоннан 20-25 шақырым жерде аман-есен тұрып жатыр», – деген хат келіпті. «Алла алдынан жарылқасын, ұзақ ғұмыр берсін!» деп тіледім.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК,Суретті салған: Е. МОМБАЕВ
«Ақ желкен» журналы, №3
Наурыз, 2019