НАУРЫЗ ЖЫРЛАРЫ
2019 ж. 04 сәуір
6447
0
Календарлық поэзия деген атпен белгілі жыл мезгіліне байланысты өлеңдер басқа халықтардың көпшілігінде бар. Бұл, әсіресе, орыс ауыз әдебиетінде айқын. Қазақ халқында ескі есеп бойынша, жыл басы болып есептелінген 22 наурыз күнін тойлап өткізуге байланысты туған «Наурыз жырлары» кеңінен тараған.
Қазақ халқының ертедегі тұрмыс-тіршілігінде наурыз күні зор құрметпен мейрамдалып өтетін. Бұл күн «Ұлыстың ұлы күні» аталынған; жұрт жұмыс істемеген. Наурыз күнін үлкен қуанышпен қарсы алған адамдар бір-бірімен ұшырасқанда, жақсы тілектер айтысқан. Бұл күні айтылатын амандасу да, тілек те арнаулы өлеңдермен айтылған.
– Амансыз ба? Ұлыс оң болсын!
Ақ мол болсын!
Қайда барса, жол болсын!
Ұлыс бақытты болсын!
Төрт түлік ақты болсын!
Ұлыс береке берсін!
Бәле-жала жерге енсін! (С.Сейфуллин. Шығармалары,6 том, 156-бет)
Ертеде мал бағып күн көрген халықтың барлық тіршілігі ауа райына байланысты болған. Алты ай бойы қыс қыспағында қысылып шыққан еңбекші халық көктемнің шығып, күннің жылынуына мейлінше қуанған. Әсіресе малының аман шыққанына қуанысқан. «Бұл күнді қазақтардың айрықша құрметтеп қарсы алу себебі сол кездегі көшпелі жағдайда болған тұрмысына байланысты еді» (М.Ғабдуллин. Қазақ халқының ауыз әдебиеті.1964, 40-бет).
Наурыз айында мал төлдеп, ақ шығып жұрт бір жасап қалатын. Көктем лебі өзімен бірге тағы да жаңа міндеттерді ала келеді. Егін егетін жерлерде көктемгі егіске дайындық жұмыстары жүріп жататын. Жұрт жаңа іске құлшына кірісіп кететін. Осының бәрі бұл күннің ерекше күн – еңбек мейрамы ретінде өткізілуіне негіз болған.
Наурыз өлеңдері салт өлеңдерінің ең көне түрлерінің біріне жатады. Ғалымдардың зерттеулеріне қарағанда, Наурыз күнін мейрамдау ислам діні қабылданбастан бұрын шыққан.
Наурыз күні тек қазақтарда ғана емес, жыл санауы ретінде ескі календарды пайдаланатын Азияның бірсыпыра елдерінде күні бүгінге дейін жаңа жыл мейрамы ретінде аталынып өтеді. Орта Азия халықтары (өзбектер, тәжіктер, т.б.) бұл күнді көктем мерекесі, еңбек мерекесі ретінде жыл сайын өткізіп жүр. Наурыз күнін Орта Азия мен Қазақстанда жыл сайын өткізіп тұру туралы 1964 жылы көкек айында Ташкент қаласында өткен философтардың кеңесінде арнаулы қаулы қабылдаған болатын.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, наурыз мейрамы шығу төркіні жағынан халықтық сипатта болғандықтан да, біздің қоғамымызға жат нәрсе емес. Рас,
кезінде наурызды үстем таптың, діннің мейрамы, халыққа жат деп ұзақ жылдар бойы өткізбей келді. Шындығында да, шығыстық, халықтық жыл санау бойынша, жаңа жыл наурыздан, жаңа еңбек жылы көктемде мал төлдетуден, егін себуден басталады емес пе?! Қазір 22-ші наурыз күнін халықтық мейрам ретінде атап өтіп, салтанатты жиындар өткізіліп, онда еңбек озаттары марапатталып түрлі ұлттық ойын-сауықтар ұйымдастырылып, ақындар айтысы өткізіліп жүр. Мұның өзінің халқымызға берері мол. Әсіресе, ұлттық рухта, еңбекшілдікке тәрбиелеу жұмыстарын жүргізуде – таптырмайтын құрал. Әрі халқымыздың ғасырлардан ғасырларға жалғасып келе жатқан сүйікті дәстүрін бүгінгі қоғамымызда жаңашылдықпен ілгері дамытқандық болып отыр.
Дандай Ыскақ,
профессор, фиологогия ғылымының докторы
qazaquni.kz