Бораннан шыққан баhадүр
2019 ж. 30 наурыз
8007
0
Жазушы Тахауи Ахтанов туралы сыр
Мезгіл қарашаның басы еді. Күзгі каникул уағы. Аккиізтоғай ауылындағы орта мектептің 6-шы класында оқимын. Каспийге иек артқан Айранкөлдің мігірсіз, айран-асыр шағы. Әкеме қолғабыс беріп, отарды байырқалатып, Атыраудың шығыс жағына қарай ауната жаймалап, жайбарақат тұрғанмын. Каспийдің мінезін адам түсініп болмайды. Насыбайы таусылып, шекесі құрыстап тұрған қырдың кіді мінез қырсық шалындай аяқ астынан бұлқан-талқан болып ашуланып, бұлтын сабалап, найзағайын тағалап, нөсерін жаңалып, шақ-шәлекейі шығады да қалады. Кенет қара нөсердің арты қарға айналды. Ұйпа-тұйпа ақ боран мамығын жұлдырған аспандай болып, айнала түтеп кетті. Қара нөсермен өзінше қасарысқан бала көңіл енді шындап қауіп еткендей еді. Дауыс жоқ, қарлығып қалған. Тыныс кем, барлығып қалған. Аяғы сараң тарта бастаған қарасүлікке қамшы енді шыбын шаққан құрлы көрінбейтін секілді. Сауырлатып жіберсем, мөңкіп-мөңкіп, мені айдалаға лақтырып тастап, ауыл қайдасың деп тартып тұрудан тайынбайтындай. Амал жоқ, аттың ығына жығылып, сараңның дастарханына шашылып түскен бір уыс бидайдай болып шашырап-пышырап бөлініп бара жатқан қойлардың қайсысына ұмтыларымды білмей, мен де діңкелеп қалдым. Осы кезде ақ боранмен астасып, үстіндегі ақ желең көйлегі жеңістің жалауындай болып желбіреп, бәйгеторымен құйғытып келе жатқан әкем де көрінді. – Құлыным, амансың ба, отар енді қайыртпайды, бір жөні болар, мен ізінен ере берейін, сен ауылға шап, құрғақ киім, тың ат әкелсін Дәкес ағаң, – деп әкем отардың жел бетіне қарай желе шапты. Менің қарасүліктің басын қоя беруім сол екен, оның сараң тартқан тұяқтары сатырлап ауылға қарай ала жөнелді. Кешке Атырау аспаны шәйдай ашылып, мал-жан аман, бәріміз манағы дүлейдің сұсы мен күші туралы таласа-тармаса әңгіме айтып, анамыздың жаңа ғана оттан алған иісі бұрқыраған таба нанын қызыл сиырдың қаймағына батырып жеп отырдық. Осы бір сәт менің өмірі есімнен кетпейді. Неге екенін қайдам, әкемді сағынып, оны еске алғанда, осы сурет көз алдыма келеді де тұрады. Бір ғажабы, осы сурет мен ең алғаш Тахауи аға Ахтановты көргенде тағы да көз алдыма келді. Мүмкін оным қазақ жұрты құнығып оқып, құмартып түйсінген «Боранын» окығандікі ме екен?! Оқырман ретінде, маман әдебиетші ретінде айтарым, Тахауи Ахтановтың «Боран» романы қазақ сахарасының ұлттық психологиясын терең де танымды, әрі нанымды бере білуімен құнды. Ол осы шығармасымен қазақ прозасының көзі тірі классигі атанған. Ұлы Әуезовтің көзіне түсіп, көңілін өсірген талантты топтың бірегей өкілі ретінде Тахауи Ахтанов қаламы қазақ әдебиетінің де мерейін өсіріп, мәртебесін көтерді. Оның «Бораны» да, одан бұрын шыққан «Қаһарлы күндері» де адам көңілін алай- дүлей боранға орап, өзің де сол ақкөз боранның ішінде жүргендей боласың. Даланың мінезін беруде, адамның көңіл ауанын бағамдауда Ахтанов прозасының оң иығы ылғи алға шығып тұрады. Тіпті, оның қаламының ұшынан кейде дауыл дуылдап шығып, шыңылдап келіп, шындықтың шекпенін сілкиді. Иығында көнетоз әскери гинастеркасы бар, бірақ жүрегінде жігер мен қайсарлық оты жанып, намысы кеудесін шарпып тұрған офицер Ахтанов – қан майданда төрт рет ауыр жараланып, сонда да саптан шықпай, ұлы жеңіске өзінің тарихи үлесін қосқан қаһарман. Бабадан жеткен ерлік пен өрліктің болмысын өнерге түсіріп, қалам ұстағанда қара үзіп, топтың алдына шығып, маңдайы жарқырап, көптің көзіне, сұлудың сөзіне түсіп, досына мақтан, жауына батпан болып, ғұмыр кешкен жан. Бірақ менің көзіме ол бораннан шыққан баһадүр болып көрінеді. Буырыл шашы бұрқырап, дауысы күндей күркіреп, калың топты қақ жарып келе жататын оның кейпі әлі көз алдымда. Бұрқырап, күркіреп, кейде бұрқ-сарқ кайнап келе жататын Тахаңның көз киығында бір нәзік сәуле, жұмсақ нұр бірге келе жатады. Талай көрдім мен соны. Бірінші рет сол бір жұмсақ сәулені 1973 жылы көрдім. Алматының қара күзі. Онда мен ҚазГУ-дің филология факультетінің 4-ші курс студенті болатынмын. Университеттің Әуезов атындағы әдеби бірлестігі жазушы Тахауи Ахтановпен кездесу өткізді. Кездесуге бірер күн қалғанда мені кафедраға шақырып алған ұстазым Зекең – Зейнолла аға Қабдолов: «Тахаң туралы бір өлең жаз, мен алдын-ала көрейін, көңілден шықса, кездесуде оқып бересің» деп тапсырды. Күткен күн де келді. Үлкен аудитория лық толды. Тахаң өзімен бірге әйгілі қаламгер Асқар Сүлейменовті ерте келген екен. Төрде бурыл шашы енді бұрқырай бастаған Тахауи Ахтанов, оның оң жағында Зекең – Зейнолла ағам. Сол жағында қолында ұзын сирақ сигареті түтіндеген Асқар ағам. Қайда отырғанымен жұмысы жоқ, маңғаз, қолында бұрқыраған темекісі, аудиторияға ернін шүйіре, мазақтай, менсінбей қарайтын секілді. Кейін білдім, өзінің әдеті екен. Зекең жосылды. Бір сәт Тахаң тайбуырылды ерттеп мініп, алдаспанын өңгеріп, қорамсаққа қол салып, қозы жауырын оқ алып, Қазанға қарай аттанған қаһарлы Қобыландыға айналды да кетті. «Төрт рет қанын берсе де, жанын бермеген, жаудан қайтпаған, әдеби даудан қайтпаған Тахаң осы» деп төгілтеді Зекем. Зекең төгілткен сайын Тахаң бірте-бірте еңсесін тіктеп, қанатын қомдап, алшайып атқа мінгендей жалданып, аудиторияда балапандай шүпірлеп отырған көгенкөздерге «мен туралы айтып жатыр» дегендей мерейленіп, пейілденіп қарайды. «Қабырғада қырык жара, омыртқада отыз жара» деп өзіміз жаттап өскен жыр жолдары көңілге құйылып келіп, Тахаңның келбетіне үңіліп-үңіліп қараймыз. Мінберге темекесі түтіндеп Асқар ағам көтерілді. Ол Тахауи Ахтанов шығармашылығының қыры мен сыры, сыны мен сымбаты хақында, қаламгердің психологиялық иірімдерге барудағы тосын қадамы мен шеберлігі жайында, табиғат пен адам арасындағы мәңгілік байланыс пен өмірлік күрес жолындағы пәлсапаның көркемдігі мен кемелдігі туралы бір сағаттай лекция оқыды. Бір сөзін ұғып, екінші сөзін шырамытып, үшінші сөзін ұстай алмай, Асқар көкемнің алып қашқан пікірлеріне әдеби деңгейіміз жете алмай, бәйтерекке талпынған балапандай болып біз отырмыз. Арасында темекісінің түтінін бұрқ еткізіп бір тартып қойып, Асекең де көсілді. Ара-арасында орысша сөздер мен әдеби терминдерді бір тұздықтап қойып, Асқар сөзінің соңында: «Шал, мен осымен сөзімді тәмамдаймын» деп оң қолын Тахаңа қарай жоғары бір көтеріп, темекісін бір сорып төрге беттеді. Зейнолла ағам маған өлең оқуға кезек берді. Қысыла, жүрексіне шықтым. Өлең жазу сіз жайлы маған да сын, Алаңдасын бұл жүрек, алаңдасын. Тоңа алмайсыз ешқашан борандардан, Құрметтің тонына оранғасын, – деп бір қайырдым. Тахауи ағама көз тастап едім, еңсеріле бұрылып, назарын ынтамен салып отыр екен. Кішкене сенім пайда болды. Көкірегіңіз көріктей барабан сап, Оралдыңыз дала мен ананы аңсап. Қара шашты қиындық күмістепті, Есте қалып еркелеу, балапан-шақ, – деп бір қойдым. Тахауи ағамның көз қиығынан бір нәзік сәуле шашырап келіп, маңдайымды сипап өткендей болды. Манағы сенім енді одан әрі өн бойыма тарай бастады. Елу деген ер үшін көктемдесің, Сұлулар да өзіңді жек көрмесін. Жаныңызда даламның сәулесі бар, Шырақ сөнбей, шабыт та шектелмесін, – деп тоқтадым. Тахауи ағамның жүзі нұрланып, қолын шын пейілімен соғып отыр екен. Зекең де жүзі нұрланып: «Таха, бұл жастардың сізге берген аманаты» деп сол аманатты құжат түрінде тапсырып тұрғандай болып, өлең кейіпкеріне қарай еңсере бұрылып, қос қолын берді. Асекең: «ертең телевидениеге кел, сағат үште, мен теледидардан Тахаң туралы хабар жүргіземін, сен осы өлеңінді оқисың» деп қолымды алды. Ертеңіне айтылған уақытта хабарға қатысып, аталмыш өлеңімді оқып бердім. Бұл менің алғашқы ақындық қадамымдағы көгілдір экранға тұңғыш рет шығуым еді. Хабардың редакторы белгілі акын Қажытай Ілиясов екен. «Өзің тастай ақын екенсің» деп қолымды құшырлана қысып еді сол ағам. (Айналайын, оқырман, ағаларымыздың айтқанына малданып, кейде осылай мақтанып кететін жайымыз бар, айып ете көрмеңіз). Өзі де ағып тұрған ақын, әдебиеттегі алғашқы жолын өлеңнен бастаған, сын мақалаларының өзі шамырқанып, шамданып, жігерге толып, қамданып, жалын шашып, жалданып тұратын Тахауи Ахтанов қаламынан туатын туындылар «мен Ахтанов қаламымын» деп мінезін танытып тұрады. «Сөз жоқ, соның іздері» деп сөзгер Ғабең жазғандай, сөз жоқ, ақ қаптал жазушы Ахтанов қаламы анадайдан бой көрсетіп, келелі пікірлері «Керуен» тартып, көсіліп, тілін ашып, шешіліп жатады. Офицерлік былғары етіктің бірде қонышында, енді бірде мойнына асқан тері қоржынның қапталында жатып, «жүзі әжімденіп» кеткен дәптеріндегі әдеби пайымдарымен ұлт үлгісі Мұхтар Әуезовтің көзіне түсіп, оның кепілдігімен Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданған жас қаламгер кейін өзі де жастарды сол одаққа қабылдайтын төрде қазылық жасады. Ол кездегі жас ақындар мен жазушылардың бір асыл арманы – Жазушылар одағына мүшелікке өту болатын. Менің де сол жылдары екі жыр жинағымды шығарып, кеудемді көтеріп, ақындар санатына атым кірді деп жүрген кезім. Одаққа өту туралы өтініш бердім. Ол кезде одаққа мүшелікке алудың тоқ етерін Мәскеу шешеді. Бірақ артыңнан арыз бармаса, қазақ шешкен шешімге орыс көп қарсы бола қоймайды. Одақтың қан-қызыл билеті қолға тисе, жағдайың да жақсара бастайды, үй-жай алуға бір табан жақындайсың. Бұл жылдары қазақ жастарының жетім бұрышты жағалап, келімсектер мен алыпсатарларды ағалап, әр-әр жерде көрпе-жастығын алып, босып болмаса да, жосып жүретін кезі. Одаққа мүшелікке өтуге құжат жинайсың, бес жылдық стажы бар үш қаламгердің кепілдігі керек. Сол үш кепілдікті мүйізі қарағайдай үш тұлғадан – академик Мұқаметжан Қаратаевтан, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Қалижан Беккожиннен және академик Зейнолла Қабдоловтан алып, көңілім тоқ болып жүргенмін. Жастарды одаққа қабылдау жөніндегі комиссияның төрағасы – Тахаң – Тахауи Ахтанов. Өлең арнап едім, ағамыз ұмыта қоймаған болар деген тоқмейіл көңілім де жоқ емес. Оның үстіне 80-ші жылдардың басында Алматыдағы Балалар мен жастар театрының сахнасында (ТЮЗ) Тахауи Ахтановтың «Әке мен бала» спектаклі табыспен жүріп, жастар газетінің сардары Сейдахмет Бердіқұловтың тапсырмасы бойынша сол сахналық туындыға «Әке де балаға сыншы» деген көлемді пікір-мақала жазғанмын. Психологиялық тылсымды иірім мен қисындык қуатка толы, өмірлік ұстаным мен заманауи болмысқа уақыт бояуын түсіре бастаған шақта дүниеге келген бұл туынды көпшілік арасында көп әңгімеге арқау болды. Жазушының шеберлігі де сол ғой, жұрт жым-жырт қалмай, алуан пікірлер ағысы толас таппай, бір-бірін үстемелеп жатса, қаламгерлік мұраттың да өз биігіне шыққаны. Әттең, осындай шығармалар қазір керек-ақ, азаматтық енжарлық белең алған қазіргі заманда Мұқағалидың мақамына салып: «Тахаңдар жоқ, Тахаңдардың сарқыты да азайды» деп айтқың келеді де тұрады. «Лениншіл жас» газетіне келіп, Сейдағаңмен сұхбат құрған бір сәтінде Тахаң қолымды алып, құшағына басқан-ды. Сонда мен оның көз қиығынан өзіме қарай жүгірген жылы сәулені және бір байқағанмын. Осы екі сәуле көкірегіме нұрын түсіріп, арқамды Алатауға тірегендей болып жүрмін. Мүшелікке өту – үлкен конкурс, сөзі сүзеген Оспанхан көкемнің тілімен айтқанда, бұл конкурсың да «күңгір-сүңгір» екенін кейіндеу білдік. Сөйтіп жүргенде, ол кезде мен «Лениншіл жас» газетінің әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі болатынмын, күтпеген оқиға болды. Бір әуесқой ақынның (әйел адам еді) ортақол өлеңдерін өзі айтқандай газеттің толық бір бетіне бермей, ықшамдап жариялап, содан дау шығып, ақыр соңында бұл жағдай менің одаққа өте алмай, екі рет құжатымды құшақтап, есік алдында қалуыма алып келді. 1985 жылдың наурызы болатын. Әуелі мүшелікке өтуге он төрт адам іріктелдік. Одақтың бірінші басшысының қабылдау бөлмесінің алдына қаздай тізіліп, бәріміз бірге келдік. Біртіндеп ішке шақырып жатыр. Шыққандар қуаныштан жүздері бал-бұл жанып, қалыптасқан дәстүр бойынша атап өту үшін төмендегі «Қаламгер» кафесіне қарай құстай ұшып кетіп жатыр. Атым аталмады. Бір кезде іштен шыққан Тұмағам маған бір қарап, жылы жымия күлімсіреп, жанымнан майпаңдап өте берді. Ешқандай белгі байқатпады. Шалғы мұрты шиыршық атып, алдыңғы шепке қарай адымдап бара жатқан қолбасшыдай болып Шерағам өтті жанымнан. Еш белгі байқамадым. «Ашулы Грозный патшадайын» Әбділда ағам өтті жанымнан сылтып басып. Ешқандай белгі жоқ. Бұйра шашы марқа қаракүлдің бұйрасындай болып ширатылып, Сайын ағам шықты іштен. Емен есікті серпе ашып, Тахаң шықты бір кезде. Маған бұрылып та қарамады. Жон арқасын беріп, жалы күдірейген жолбарыстай болып өте шықты. Белгі, сірә жоқ. Сол «жоқ» жоқ болды. Сол жылдың желтоқсаны да келді. Жаңа жылдың алды. Жаңа жылдан жақсылық пен жаңалық күтіп, елеңдеп, емен есіктің алдына тағы жиналдық. Бір өзі бүкіл одақтың ауыртпалығын арқалағандай болып қабағын түйіп, көген-көздердің үкілеген кұжаттарын құшақтап комиссияның жауапты хатшысы Ахат көкем келді. «Тәртіп – бұрынғы, мен кімдерді шақырам, сол ішке кіреді де, отырмай түрегеп тұрады, сұрақтарға жауап береді де, сосын сыртқа шығады» деп сұсты жүзбен біздерге бір қарап өтті. Біз ләппаймыз. Наурыздағы жағдай сол күйі тағы да қайталанды. Қапа болдым. Сол күні кешке Әбу ағама барып, мұңымды шерттім. Жаны баладай нәзік Әбу ағам қатты қиналып қалды. – Япыр-ай, ә, бұл қалай болғаны, сенің өтуің керек еді ғой, мұнда бір гәп бар шығар, мен Тахауимен сөйлесейін, сен қамықпа, – деп бәйек болды жайсаң аға. Ертеңіне телефон шалды. «Ұлым, сен ағаңды ренжітіп алыпсың. Батырдың ұрпағы ғой, әзір ашуы қайтар түрі көрінбейді. Енді амал жоқ, ақырын күтуге тура келеді» деп Әбу ағам мән-жайды түсіндірді. Әрине, енді не істеймін, өз қолымды өзім кесе алмаймын. Әйел затының алдынан байқамай өтіп кетіп, оның ашуы ағама барып байланғанын ұғындым. Мұнымды естіген Сейдахмет ағам сақылдап күлсін келіп: «Өй, сен өзің көп нәрсені білмейді екенсің, ағаңның «аңшылық» қасиетін қалай білмей жүрсің» деп өзімді біраз тұқыртып та тастады. Жаңа жыл да өтті. Алда өмір бар, жаңа таң, жаңа арман, жаңа мұрат жылы басталды. Ақпан айы да орталай бастады. Содан бір күні көшеде кетіп бара жатқан Тахауи ағамды көрдім. Ақпанның да борандатып, қарлатып тұрған күні еді. Менің де көңілімде бір кішкентай боран бас көтеріп, алай-дүлей сезімге шақырып, редакцияға асыға жеттім. Жұмысқа келдім де «Боран» деген атпен мына жыр жолдарын қағазға түсірдім: Шалғайы шапан – шағылдар, Шаршаған жандай дамылдар. Шашасын қарыс қар көмген, Шуылдап жатыр шағырлар. Артында мұның қауіп бар, Адаспай жолды тауып қал. Жапанды жұтып барады, Жапалақ-жапалақ жауып қар. Батыстан бұрқап соғады, Шығыстан шырқап соғады. Терістен төпеп соғады, Даланың тентек бораны. Соғады демі қалтырап, Сақалы мұз боп жалтырап. Алдына ашу өңгеріп, Аязын артқа артып ап. Көп болды мұны көрмедім, Жел тимес жылы жердемін. Жігіттің бағын сынайтын, Ей, боран, саған шөлдедім. Ұмытттық қалай соғады, Аязы қандай болады. Адал ғой бірақ әрқашан, Даланың дархан бораны. Қалғыған бей-жай сәтте бір, Қарлатып алса, тәтті өмір. Айбыны сол бір борандай, Адамды көрдім ақ көңіл. Басында – қардың өлеңі, Иықта – жылдың желеңі. Бораннан шыққан сол адам, Бұрылмай тартып келеді. Қарадым оған шаттанып, Қарадым және мақтанып. Буырыл шашы бұрқырап, Барады Тахаң – Ахтанов. Көңілім қалды бір өсіп, Ашылар алдан мың есік. Соңынан оның мөлдіреп, Келеді көктем ілесіп. Дәл осы өлеңімді шекесіне «Тахауи Ахтановқа» деп сілтеме қойып, соңына аты-жөнімді ғана жазып, конвертке салдым да, Кітап палатасының мекен-жайына салып жібердім. Тахаң онда республикалык Кітап палатасының директоры қызметінде болатын. Хатқа басқа бір ауыз сөз қоспадым. Қолына тиді ме, тимеді ме, одан да хабарым жоқ. Сөйтіп жүргенде 1986 жылдың наурызы да келді. Наурыз мерекесінің қарсаңында қаздай тізіліп, тағы да одақ басшысының қабылдау бөлмесінің алдына жиналдық. Бұл жолы да он бес қаралы адамбыз. Құжаттарымызды құшақтап Ахат Жақсыбаев ағамыз келді. Біздерге сұстана бір қарап алып, «тәртіп бұрынғы» деп ішке еніп кетті. Бір қолында кұжаттар болғандықтан икемі келмей қалды ма, есік толық жабылмай, сәл ашық қалды. Төрде – Тахаң, оң жағында одақтың бірінші хатшысы Қалдарбек Найманбаев, одан кейін Тұмағаң, тағы басқалар. – Бұл жолы мүшелікке ең бірінші болып Өтеген Оралбаев қабылданады, – деген Тахауи ағамның даусы саңқ ете қалды. Жанарым жарқ ете қалды. Өлеңім ағамның қолына тиген екен деп, көңілім өсіп, жырымды түйсініп оқып, сүйсініп шешім қабылдаған ағаның ақ жайлау көңілін қалтқысыз ұғындым. Батыр мінезді адам осылай болса керек, жақсы адамның ашуы шәйі орамал кепкенше деп осындай кезде айтылса керек-ті. Тәйірі, жұрт білген нәрсені мен білмей, ағаның көңіліне кірбің салғаныма ұялып та кеттім. Ішке бірінші болып кірдім. Төрде отырған Тахауи ағаның көз қиығындағы бір нәзік сәуле күлімсіреп келіп, менің кеудеме қонды. Кейін, арада біршама жылдар өткенде Тахауи ағамен көшеде кездестім. Сақал-мұрт жіберіпті, қолында таяқ. Аппақ сақалы ағамызды тым қартайтып, жүдетіп жібергендей. Көріктей кең кеудесі еңкіш тартып, дем алысы ентігіп, үйіне қарай ақырын жүріп келе жатыр екен. Алдынан ұмсына шығып сәлем беріп, қолын алдым. «Ә, Өтегенбісің? Біз міне, осындай күйге түсіп қалдық, інім» деп бетіме тоқтай көз салды. Кешегі арыстандай арқыраған, жолбарыстай жонданған қайран аға. Тек көз қиығындағы баяғы жұмсақ сәуле ғана «мен әлі сол күйдемін» дегендей жалт ете қалды.Тахаңмен қимай қоштасып тұрып, «аға, кезінде менен бір білместік кетті» деп айтуға оқталдым да, оның онсыз да пәс тартқан көңілін одан әрі аласартып жібермейін деп, өзімді ұстап қалдым. Жалпы, табиғаты ерекше жаратылған адамдарға сөз еретіні бар. Біреу біліп айтады, біреу білмей айтады, енді біреу долбармен соғады. Қалай болғанда да Тахаң бей-жай, бұйығы ғұмыр кешпеген адам. Соғыста алдыңғы шепте жүріп, төрт рет ауыр жараланған. Бірақ қайтпаған. Бабасы Қалдыбай батыр кезінде Сырым батырдың ең сенімді серіктерінің бірі болған. Ең қатерлі, ең ауыр сапарларда Сырымның оң тізесін басып, жанында жүрген. Ат үстінен еңкейіп, толықсып тұрған тобылғыны түбірімен жұлып алып, бұрап сыққанда, кызыл суы құйылып аққан көрінеді. Сырым батыр Хиуа сапарына барып, қапияда ажал құшып, қарақалпақ жерінде қалғанда батырдың соңғы рет басын сүйеп, бақұлдасып, жерлеген адам. Тахауи Ахтановтың өмірі өзінің ең сүбелі шығармаларының бірі – «Боран» романының күрделі сюжеті секілді. Бұл кісі ылғи бораннан шығып, боранға ұрынып отырған. Отызыншы жылдардағы аштық зұлматы боран ба? Боран. Жеңген. Аман қалған. Сұрапыл соғыс боран ба? Боран. Жеңген. Аман қалған... *** Ғұмырлары хикаяға толы қайран қарттар. ...«Келместің кемесіне мініп кеткен» айшуақ ағаларымыздың соңынан күн салып қарап күрсініп, есімдерін елінің есіне салып отыратын азаматтық мінезіміз әрқашан ақмылтық болса екен. Қазақтың көрнекті қаламгері Зейін Шашкиннің 100 жылдык мерейтой кешінде Мырзатай аға Жолдасбеков талайға кетіп толғанып, тереңнен қозғап тебіреніп, өмірден өтіп кеткен ағаларын еске алып: «Қайран ағалар, біздің жүрісіміз мынау. Сендерден бір хабар жоқ. Ол жақта не болып жатқанын бір келіп айтпадындар ғой, сағынып жүрміз сендерді» дегенде залда отырған жамағат сәл-пәл абыржып, жан-жағына қарағыштап, елеңдеп қалды. Жайсаң аға жанары боталап, әлдекімді іздегендей болып, үңіле қарағанда, жоғын таба алмай, таппағанына нана алмай тұрды. Сол жоқтардың ішінде бораннан шыққан баһадүр, қазақ сөзінің қара нары Тахауи Ахтанов та бар болатын. Өтеген Оралбайұлы, ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты qazaquni.kz