Абыройлы азамат

Алаш баласын ерекше шаттандырған Тәуелсіздігіміздің арайлы таңы атқалы 20 жыл зырылдап өте шығыпты. Осы жылдар ішінде ұлттық мемлекетіміздің іргесін қатайтып, шаңырағы шайқалмауы жолында уақытпен санаспай, бар күш-жігерін сарқа жұмсаған жандардың алдыңғы шебінде қазақ тілді журналистердің жүргенін айтуымыз керек. Жаңадан қаз тұра бастаған еліміздің ресми идеологиясының қатталып, мөрленіп, ресми түрде қабылдануын күтпестен, осы саладағы кем-кетікті өз ошағының кем-кетігіндей көріп, жанын жалдап қызмет атқарған қазақ журналистеріне ресми билік расында да осы мереке қарсаңында шынайы алғысын айтса, тіптен жарасар еді. Себебі, басқаны айтпағанда, қазақтың аста-төк дәулетінің есепсіз қыр асып жатқанына ең бірінші болып дабыл қаққан да осы қаламгерлер қауымы. Мұны айтасыз, қалаға келген қазақ жастарының басым көпшілігінің қылмыстық топқа тартылып, көп сәттерде қосақ арасында босқа күйіп жатқанына да ең бірінші болып көмек қолын созған кім? Тағы да сол қаламгерлер. Сенбесеңіз, 90-жылдардың ортасындағы сарғая бастаған газет тігінділерін парақтаңыз... Тәуелсіздігіміздің туы тігілген тоқсаныншы жылдардан бастап, бірнеше республикалық басылымда редакторлық қызметті атқарып, қазақтың сөзін сөйлеп, жоғын жоқтаған азаматтардың қатарында қарымды қаламгер Мереке Әбдешұлы Құлкен де бар. Осыдан алты жыл бұрын «Ана тілі» газетінің бірнеше санында М.Құлкеннің «Біздің қоғам» атты сараптама мақалалары жарық көрді. Кейіннен бұл мақалалары «Біздің қоғам» деген атпен жеке жинақ болып шықты. Осынау жинаққа енген мақалаларды оқып отырып, расында да қазақтың жаңа ғана уығы шаншылған мемлекетіндегі былайғы жұрт көп байқай бермейтін қаптаған проблемалардың барлығын аңғарасың. Қаламгер көрген-білгенін, көңілге түйгенін жіпке тізгендей етіп жаза бермейді. Олардың шешілу жолдарын өзінше ұсынады. Бүгіндері қоғамымызды жемқорлық індеті жайлап тұр. Бұрындары шабақтар ұсталып, шортандар сол баяғыша тайраңдап жүруші еді. Соңғы кезде олар да қармаққа іліге бастағандай. Бір өкініштісі, қылмыспен күреседі деген прокуратура, сот саласының мамандары да көп жағдайларда қылмысқа көз жұма қарайтындай әсер қалдырады. Аталған кітаптағы «Прокуратура, сот, адвокат» атты мақаласында қоғамымыздағы осынау мамандықтардың ықпалын, олардың тап бүгіндері не себепті қылмыспен дендеп күресудің орнына қылмыстың көп бола түсуіне мүдделі екендіктерін барынша талдайды. Заң саласындағы былықтарды жіліктей келе, автор әділетсіздікпен күреседі деген сала қызметкерлерінің жұмысынан қайткен күнде нәтиже күтуге болады деген сауалға былайша жауап береді. «Тағайындалып жатқан судья немесе прокурор өзі атқаратын жауапты салаға байланысты үкімет тарапынан қойылатын арнайы талаппен танысып, қол қоюын тәртіпке айналдырған жөн. Сонымен бірге, осы жаңа қызметке дейін айналысқан жұмысынан толық мағлұмат беріп, жеке табыс көздеріне декларация тапсыруға заң жолымен жауапты болған абзал» деп өзіндік пікірін ұсынады. Аталған еңбектегі әр мақаламен танысқан оқырман Мереке Құлкеннің қаламынан туған дүниелердің өміршеңдігін, әр тасада жасырынып жатқан сан алуан мәселелердің ішек-қарнын ақтарып көрсетумен қатар, оның келешек үшін қаншалықты зиянды екендігін бағамдар еді. «Біз қайтсек түтіні түзу ел боламыз?» деген күн тәртібіндегі сауалға жауап іздеген жан «Біздің қоғам» кітабын оқыса, оған лайықты жауап табады деп ойлаймыз. Нарықтың қысылтаяң кездерінде қарындастарымыздың көше кезіп, сүйегімізге таңба түсірердей айтуға ауыз бармайтын әрекеттерге барғанын, мұның өзі тұтас ұлт үшін алапат қасірет екенін де алғашқы болып көтеріп, дабыл қаққан «Ана тілі» газеті еді. Атам заманнан қазақтың малы – бары болса, қызы – ары еді. Мереке Құлкеннің тікелей бастамасымен өмірге жолдама алған «Ана тілі аруы» байқауы – бұрымы төгілген қарындастарымыздың жан сұлулығын, қазақи болмысын өзгелерге паш еткен сәтті жоба болды. Мәкеңнің ұлт басылымы «Ана тілі» газетіндегі қаламгерлік, қайраткерлік болмысы жайлы көп айтуға болады. 90-жылдардың басында «біздің қоғамда» жекешелендіру дәуренінің хан талапайы басталған шақта қолымызға «Жәңгір хан» атты жұп-жұқа кітапша тиді. Авторлары М.Құлкен мен Р.Отарбай. Аталған қаламгерлер зерттеу нысанасына Жәңгір ханды таңдап алыпты. Жаңағы еңбекте осы күнге дейінгі Жәңгір хан туралы айтылып келген біржақты солқылдақ пікірлерге авторлар тың зерттеулері арқылы толымды жауап қайтарды. Жәңгір ханның басқа еңбегін айтпағанда, сусыған қалың құмның ішіндегі Ордадан өз қаражатына мектеп салдырып, қазақтың келешегі деп үміт еткен ұл-қыздарын білім нәрімен сусындатуға талпынған реформаторлығын дәлелдейтін көптеген мысалдарды біз әңгіме өзегіне айналдырып отырған кітаптан оқығанбыз. Қайбір жылдары Бөкей Ордасына жолымыздың түскені бар. Амандаспай жатып төріне сүйрейтін кіл ақкөңіл жандар қарсы алды. Студент кезде оқылған кітаптың әсері болар, Жәңгір ханның қолтаңбасы қалған жерлерді аралатуды сұрағанмын. Алдымен, Хан зиратындағы Жәңгір хан мәңгілікке тыныстап жатқан мазарға соғып, құран оқыдық. Аудандық мұражайды араладық. Ең соңында Жәңгір ханның пәрменімен егілген самырсындардың көлеңкесіне аялдап отырып, құмды өлкенің өткен шағына ойша құлаш ұрғанбыз. Қанша күн араласаң да, қызығына тоймайтын, тарихи құндылықтарға мейірлене тамсансаң да, шөлің қанбайтын, несін айтасың, тамаша бір құйқалы жер екен. Мұны айтып отырған себебіміз, бұрын топырағын басып көрмеген бейтаныс жерге бара жатқанда, студент кездегі оқыған титімдей зерттеу еңбектің көп пайдасы тиді. Тарихи құндылықтардың барлығын «социалистік қалып» пен «реалистік әдіске» салып өлшеуді сәнге айналдырған кезде, біржақты бағаланып келген Жәңгір хан сынды болмысы бөлек тұлғалардың ащы тағдырын алғаш зерттеу мәселесінің басында жаңаша ойлауға бейім Мереке Құлкен сынды азаматтар тұрып еді. Кітап – жан азығы. Кітап оқып, армандап өскен ауыл баласына күнделікті өмірімізге мықтап кірген интернеттен гөрі, мұқабасы мүжілген ескі кітап қымбат. Сонау тоқсаныншы жылдардың басында Мәкеңнің өзі ұйымдастырған «Өлке» баспасы осы уақыт аралығында руханиятымызды түгендеу жолында қаншама игілікті істерді атқарды десеңізші! Түбі опа тапқызбайтын дүние жинап, бай-бағлан болуды тіптен мақсат етпеген кешегі ұлт ардақтыларының көз майын тауысып отырып жазған қыруар дүниелері «Өлке» баспасы арқылы еліміздің түкпір-түкпіріне тарады. Мереке Әбдешұлының қаламгерліктен бөлек, баспагерлік ерекшелігінің өзі үйренуге тұрарлық. Халел Досмұхамед, Салық Зиман сынды зиялылар дүниеге келген Атыраудың қиян шетіндегі Қызылқоға ауданында азамат болып ер жеткен Мереке Құлкен бүгіндері 60 жастың асқарына шығып отыр. Мәкеңнің әкесі марқұм Әбдеш ақсақал мен аяулы анасы Талшын апай ел сыйлаған қадірменді адамдар болыпты. Өмір бойы туған жердің төсінде еңбек етті. Айқайлап атақ сұрамады, даңқ пен дақпыртты да қажетсінбеді. Осындай өнегелі отбасында тәрбиеленген Мәкеңнің бірнеше кітаптың авторы атанып, танымал қаламгер ретінде елдің сөзін сөйлеуі – қай жағынан болса да заңдылық. Ол алпысқа абырой биігінде келді. Бұқаралық ақпарат құралдарындағы талай жылғы мігірсіз қызметі лайықты түрде бағаланды. Президент сыйлығының лауреаттығын Елбасының өз қолынан алды. «Құрмет» орденін кеудесіне тақты. Кіндік қаны тамған Қызылқоға ауданының құрметті азаматы атанды. Ең бастысы – жан-жары Гүлсім жеңгей екеуі алтын асықтай ұл мен қыз өсірді. Олар да еліміздің бір пайдасына жарасақ деп шапқылап жүр. Кенжебек ТҰМАНБАЙҰЛЫ