Азат Перуашев Қырғызстанның Ел ақыны Марқабай Ааматовты мерейтойымен құттықтады

Қырғыз Республикасының Ел ақыны

Марқабай ААМАТОВ мырзаға

Қадірлі Марқабай Ааматұлы!

Сізді асқаралы алпыс бес жасқа толуыңызбен құттықтаймыз! Шығармашылық мол табыс пен зор денсаулық тілейміз!

Қазақ пен қырғыз халқы о бастан төскейде малы, төсекте басы қосылған ағайын ел. Бүкіл түркінің қазынасы Манас батыр жырын қазақтың ұлылары Шоқан Уәлиханов зерттеп, әлемге танытып, елуінші жылдары кеңес империясының идеологиялық қылышынан қорғап қалған қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов екені екі елге де белгілі. Ал қазақтар Адамзаттың Айтматовы атаған заманымыздың заңғар жазушысы Шыңғыс ағамыз өзіне көп қамқорлық жасаған Мұхтар Әуезовты ұстаз санап өткені мәлім.

Осындай игі дәстүрді жалғастырып келе жатқан Сізді, Қырғыз Республикасының Ел ақыны, Қырғызстанның мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер, дарынды ақын Марқабай Ааматұлы, қазақ халқы да жақсы құрметтейді. Сіздің жырларыңыз қазақ оқырмандарына да кең таралған. Сіздің қазақтың белгілі жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәбит Досановқа інілігіңіз, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулетпен достығыңыз, біздің «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты, Халықаралық Сергей Есенин атындағы сыйлық – «Алтын Күз» орденінің Қазақстандағы тұңғыш иегері, ақын Қазыбек Исаға ағалығыңыз сол алыптар салған Ақ жолды жақсы жалғастырып келе жатқаныңыздың жарқын белгісі.

Қырғызстандағы  өткен  президент сайлауында кейбір саясаткерлер екі ел арасына жік салғысы келгенде, Сіз екі елдің ынтымағы жайлы жыр жазып,  достық жолды жалғап жібергеніңіз атап өтуге тұрарлық азаматтық деп білеміз.

Сіздің қырғыз әдебиеті мен мәдениетіне қосқан зор үлесіңіз елдің игілігіне рухани қазына болып қосылып келеді.

Ал Қазақстандағы парламентте депутаттары табысты еңбек етіп жатқан, бір қанаты ұлт зиялылары болып табылатын «Ақ жол» партиясының алға қойған мақсаттарының бірі де халықтар достығы мен ынтымағы болып табылады.

Мерейтойыңызбен тағы да құттықтап, мерейіңіз үстем болсын, жүзіңіз жарқын күйде Жүзге жетіңіз деп, Ақ жол тілейміз.

Құрметпен,

Азат ПЕРУАШЕВ,

Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы,

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

16 наурыз 2019 жыл