Нұрғали Ыбырайым: Көктеме мен көңіл шіркін үндесіп...
2019 ж. 11 наурыз
7309
0
Көктеме мен көңіл шіркін үндесіп...
Көктеме мен көңіл шіркін үндесіп,
Көктем тойы төрімізге түрді есік.
Құлпырады ару қыздар әдемі,
Туған жердің қырларында гүл кешіп!
Керемет қой қараңызшы күллі алап,
Көгімізден күлімдейді күн қарап.
Бақыт тапсын келіншектер аяулы,
Бесігінде бөбектері іңгәлап!
Қайтқан құстың әнмен жетіп хабары,
Ақ толқындар аңсап қарсы алады.
Ақ жаулығы сияқтанған пейілі,
Әжелердің ашық болсын қабағы!
Әйел деген – қымыз дүние, қанша аңыз,
Сарқылмайтын саз емес пе салсаңыз?!
Қаракөздер арқасында, жігіттер,
Жарқыл қағып жүрейікші баршамыз!
***
Күн жарықтық ұзады да сағаттап,
Наурыздың жарқырады таңы аппақ.
Ақ самалға ақ тамағын сипатқан,
Ару қыздар көз тартады тағатты ап!
Теңіз бүгін еркелейді жайдары,
Толқындардың сыңғырлайды майда әні.
Шағаланың қанатынан жыр есіп,
Қытықтайды қиялыңды қайдағы!
Көктем исі бұрқырайды жусаннан,
Таңғы шықпен жер маңдайы бусанған.
Аналардың жүрегіндей мейірімді,
Мейірімді таңдар күтіп тұрса алдан!
Жауқазыны, қызғалдағы, лаласы,
Нәзік гүлдер қаптайды ертең қарашы!
Жеңгейлердің сезіміндей бауырмал,
Адамдардың тату болса арасы!
Ақпан ұзап, барады ұзап әрі қыс,
Қарлығашым, ауылыма алып ұш!
Бойжеткендей алыстардан хат күткен,
Жүректерді баурап жүрсін сағыныш!
Ақ тамшыны жас шыбықта дір еткен,
Көрген кезде күй төгілді жүректен.
Мерекеңіз құтты болсын, арулар,
Құттықтаймыз сіздерді аппақ тілекпен!
***
Жаурағанды келді ме жылытқалы,
Кетті ғой айналаның күліп бәрі!
Құтты болсын аналар мерекесі,
Секілді арман таңы, үміт бағы!
Әтір исін шашады дала бүгін,
Мөлдір көктен шуақты қарады күн!
Аппақ гүлдер самалмен аймаласқан,
Алау ерін, қыздар ма қара бұрым?!
Қанатындай ақ ұлпа шағаланың,
Көтеріліп биікке барады әнім.
Көктеме – өмір тербетіп тұр әлемді,
Анамыздай жейтұғын бала қамын!
***
Бұрыннан ерекше ғой бұл айымыз,
Бұл ай кірсе, кіреді шырайымыз!
Аман болсын аналар,ару қыздар,
Ұлықтап жүретұғын ұдайы біз!
Жаратқан жар болсыншы жағдайына,
Таусылмайтын ән берсін таңдайына!
Етегіне сүйкімді перзент еріп,
Баянды бақыт жазсын маңдайына!
Көңілі қуанышқа толып тұрсын,
Төріне тосын қазына келіп кірсін!
Түсінде ғана емес бойжеткеннің,
Өңінде сүйіктісін жолықтырсын!
Туған жердің оралып тырналары,
Жүрегімді жылытып жыр барады,
Алдымыздан жарқылдап шықсын қыздар,
Ай нұрына сүрініп сырғалары!
Бауырын сәуле менен нұрға малып,
Бауыр басып тау мен қыр тұрғаны анық!
Арулар, мерекеңіз құтты болсын,
Қуантсын баршамызды жылда оралып!
***
Көңілімнің көк лағы,
Көрген емес семіріп.
Шақырса да тегі бәрі,
Төр қумадым ерігіп.
Өтіріктің малақайын,
Үсісем де кимедім.
Жегіп арман ала тайын,
Өз арбамды сүйредім.
Ащы ойымды басу үшін,
Тұщыны үрлеп ұрттадым.
Біреулерден асу үшін,
Жағасынан жыртпадым.
Туған жерге тартып туғам,
Сүйем қоңыр топырағын.
Ай астында балқып туған,
Өлең жазып отырамын.
Бұршағындай болмағанмен,
Жусанындай жұмсақпын.
Толқынындай толғанам мен,
Ұлымын кең құрсақтың.
Әйнегімді ұрып тұрады,
Пәк пейілді балалық.
Өмірге құштар үміт құрағы,
Құлайды күнге таранып.
Сағыныштың көк түтінін,
Сарғайғанша шектім көп.
Ойланумен өтті күнім,
Сезімімде секпіл жоқ.
Көктемді сағындым
Көктемді сағындым,
Найзағай күркіреген.
Шалғыны шағылдың,
Шалқитын бүркіп өлең!
Күндерді аңсадым,
Жауыны құйып тұратын.
Бозторғай салса әнін,
Толқитын ұйып қыратым!
Жаныңды жандыратын,
Гүлдерге ынтық ағаң.
Есіңнен тандыратын,
Исін айт бұрқыраған!
Шашқанда таң шуағын,
Кең жайлау керілетін.
Ақ маржан – тамшыларым,
Алдымда төгілетін!
Қайтқан құс кіріп тұрады,
Түсіме күнде менің.
Көңлімнің тұнып бұлағы,
Көктемде түрленемін!
Алтынкүрек
Алтынкүрек ауылға беттегелі,
Тентегіңнің болып тұр тек дегені.
Ақпан байғұс жия алмай етек-жеңін,
Ерте түскен қонаққа өкпеледі.
Бұлттар да табысып ала-қалың,
Тауласып жатқанын шамаладым.
Аңғардың ба, жаным-ау,
ақша қардың,
Ақырғы рет жалт етіп қарағанын!
Саспайын деп ақпанда мақтанып құр.
Салқынынан қарайды сақтанып қыр.
Жаңа түскен келіндей алабұртып,
Алма ағашы бүрлеуге шақ қалып тұр!
Желден қалған шар қылып үріндіні,
Құмда аңдар қуады бірін бірі.
Торғайлар да қағысып қанатымен,
Қызғаныштың желпінді шымылдығы.
Өлеңімнің жайқалып гүл-құрағы,
Өскен жерге басылмай тұр құмары.
Көктем келе жатыр! – деп сүйіншілеп,
Әйнегімді тамшылар ұрғылады.
Көктем
Сәуле шашқан көктемнің
әр сағатын,
Қаламына
сеп қылды қаншама ақын.
Кезең бұл – адам түгіл,
құс түгілі,
Даламның әр төбесі
ән салатын!
Жаңбыр мен найзағайдың дүбірінен,
Бүкіл дүние ашып тұр
бүгін рең.
Гүлдер қанат жаяды
жұпар шашып,
Араның қанатының дірілінен!
Қалай сізге айта алам,
әсте, бәрін,
Ақ самалдың еркелей бастағанын.
Кербез қыздың алқымым
айта ала ма,
Мың-сан мәрте құбылған
қас-қабағын?!
Кеудемдегі күйімді қалықтаған,
Жеткізгенше, жаным ау,
жанып барам!
Аспан мен жер құлындап
осы кеше,
Сүттеніп тұрған
сынды
анық маған!
Алдына алған малшыдай
ас-қатығын,
Күн сипаған жылытты
тас та түрін.
Тай жетектеп байсалды
бола қапты,
Кеше ғана
немерем
басқатұғын!
Сыбырласып, бір-бірін аймалап ап,
Бөртіп тұр, бөркін атып айнала бақ.
Сымбатына аулымның
көзі тоймай,
Аузын ашты Жұлдыз бен
Ай да қарап!
Мейірімі
түскенде
Ұлы ананың,
Қуандырды айдынға құлаған үн!
Көктемнің тыныштығын бұзбаңдаршы,
Түн жамылып, туғандар, сұранамын!
Теңіз мынау... арғы беті көк белең
Теңіз мынау.. арғы беті көк белең.
Көк белеңім ұштасады көкпенен.
Көктемімді сағынғанда, көкем-ау,
Көк белеңмен сырласуға көп келем.
Теңіз мынау...қызыл шағыл жиегі,
Топырақ бұл-білесің бе, киелі?!
Осы жерде жатыр қанша атамның,
Суға батып сүйегі.
Теңіз мынау... сүйіп көне сеңгірін,
Танытуда кереметін, кеңдігін.
Саламын деп судың сұлу сипатын,
Суреткер боп кетемін-ау,
Мен бүгін?!
Теңіз мынау... еркелетті жел тұрып,
Топ тораңғыл теңселді сәл желпініп.
Шағалалар шарқ ұрады айдында,
Қос қанатын мәнеріне келтіріп.
Теңіз мынау...күннің түскен жарығы.
Ойнап жатыр,тойлап жатыр балығы.
Түн ішінде шақырады байқасаң,
Толқындардың сәлем айтқан сарыны.
Теңіз мынау... ешбір асып-таспаған,
Жұмбағы көп жұртына әлі ашпаған.
Сырға әуес жүрегімді толқытып,
Сырғыған су салатындай асқақ ән?!
Теңіз мынау...
жаурағанға – іргесі ық.
Күлімсіреп тұрады ашып күнде есік.
Суды емес, жағасында теңіздің,
Судай тұнық тұрғандаймын жыр кешіп?!
Көктеме мен көңіл шіркін үндесіп,
Қөктем тойы төрімізге түрді есік.
Құлпырады ару қыздар әдемі,
Туған жердің қырларында гүл кешіп!
Керемет қой қараңызшы күллі алап,
Көгімізден күлімдейді күн қарап.
Бақыт тапсын келіншектер аяулы,
Бесігінде бөбектері іңгәлап!
Қайтқан құстың әнмен жетіп хабары,
Ақ толқындар аңсап қарсы алады.
Ақ жаулығы сияқтанған пейілі,
Әжелердің ашық болсын қабағы!
Әйел деген – қымыз дүние, қанша аңыз,
Сарқылмайтын саз емес пе салсаңыз?!
Қаракөздер арқасында, жігіттер,
Жарқыл қағып жүрейікші баршамыз!
Нұрғали ЫБЫРАЙЫМ
Шардара қаласы Түркістан облысы
qazaquni.kz