ӨТЕЖАННЫҢ ЖҰЛДЫЗЫ

2009 жылдың желтоқсан айының алғашқы күндерінің бірі. Сəлем сəті түсіп, ақын Өтежан Нұрғалиевтің үйіне бас сұқтым. Аты Алатаудай болғанмен, құжырасы күңгірт ақынның кітапханасы бірден қызықтырды. Сөрелер майысып тұр. Көзімді көп кітапқа сатып, ебін тауып бағасына қарай отырып, бірнешеуіне қол жеткіздім. – Сен білесің бе? Əдебиетте ұстаз да, шəкірт те жоқ. Ұстазың болса, өлдің. Абайдың тұл болғаны сол. Шəкəрім де оған ұқсаған жоқ. Кітабым шықпағалы 20 жылдай болды. Сыйлайтын бірлі-жарым адамдар өліп бітті. Қаратасқа айналып Абай тұр. Құлақ жоқ. Тыңдамайды. Жаулар қалғымайды. Олар менің өлгенімді күтіп отыр. Өлген күні тіріде қия алмайтын бірер ауыз сөзін сыйлап, қайтып тіріліп кетпесін деп таспен бастырып қояды, – бұл Өтежан ағаның алғашқы әңгімедегі менің сауалыма берген жауабы еді. Арадағы әңгіме ұзаққа созылған. Кейін де «Жас қазақ үні», «Үшқоңыр» газеттерінде сұхбат түрінде де берілген. Сөз арасында ол кісіден: – Өзіңіз ақиқаттың бəрін айтып отырсыз. Ал осы мəселелер жеке шығармашылығыңызда қалай? – дегенді сұрап қалдым. – Өзім осының бəрін айғайлап айтқым келсе де, əлсіз ғана жанмын. Қазақтығым қайнап тұрса да, болмысты жеңе алмаймын. Қоғамға керексізбін. Əркім əңгімелескісі келеді. Екінші рет қашады: «Қырт шал» деп қорқады. Сен де екі келмейсің. Қазіргілерге ащы сын емес, мақтасаң жағасың. Мен жақпаймын. Оны өзіңде аңғарып отырсың. Ұғатын құлақ болса, кезіндегі «Афинаның мектебінде» бəрін айтқанмын. Жауларым көп. Құртқысы келеді. Құртатыны – білмеу. Баяғыда жоңғарлардың қолына түскен бір бала аттың қу басын құшақтап: «Сені тұлпардың басы деп кім айтады, мені Толыбай сыншының баласы деп кім айтады» деп зар жылап отырыпты дейтін аңыз бар. Сол баланы жоңғарлар тауып алып ат сынатып, ат бақтырады. Жалғыз-ақ күнде ең жүйрік тұлпарды мініп, жұлдызша ағып еліне келеді. Менің «жоңғарым да», «қазағым да» жоқ, – деп мұңын шаққан ағамыз. Сөзінің соңында: – Бриллиант деген жылтырақ тас бар. Былай қарасаң, жай ғана тас. Қырласаң, қымбат бағалы асыл. Біздің əдебиетіміз бен тарихымызға да сондай қыр керек. Бірімізді біріміз көтерсек, қазақты көтереміз. Қазақты көтеріп, халқымыздың төрт құбыласын түгендесек ақ жұлдызымыз туады, – дейді. Сонан бері де талай жыл өтті. Ол кісіні аттанарда ауыз жаппай «мақтаған» қауымы «қара тастың астына бастырып» қойды. Пәни мен бақидың арасы шалғай, үні жетпейді. Алатау мен Арқаның аспанында сам жамыраған сайын, зеңгір көкке телміріп, қазақ ақыны Өтежан Нұрғалиевтің жұлдызын іздеймін. Аспанда сансыз моншақ жылтырайды. Ағамыз армандап кеткен ақ жұлдыз əлі тумапты. Мен көк аспанға телмірген сайын, шоғырлы жұлдыздар түкпірінен: «Əдебиетте ұстаз да, шəкірт те жоқ!» деген бір үн жаңғырығып, құлағымда күмбірлейді. Иесін таппай дал боламын. Өтежанның жұлдызы...?

Жәди Шәкенұлы,

Қазақ үні