Есжан Айнабеков
2011 ж. 28 қазан
3731
1
Есжан Айнабеков – әдебиет өлкесiне ат басын ерте бұрған тума таланттардың бiрi еді. 80-жылдардың басында республикалық баспа-сөзде жарық көрген тырнақалды туындыларының өзiмен-ақ аға буын қаламгерлердiң назарына iлiктi. Қалихан Ысқақов, Дулат Исабеков, Ақселеу Сейдiмбеков сияқты iрi тұлғалар Есжанның шығармалары туралы тамсана пiкiр айтты. «Қазақ прозасына жан-жақты дайындықпен, жарқыраған талант иесi келдi» деп жазды басылымдар. Есжан аз жазды, аз болса да саз жазды. Өкiнiшке қарай, асқан талант иесiнiң ғұмыры қысқа болды. Солай бола тұра, Есжан Айнабековтың соңында, жоғарыда айтып өткеніміздей, аз да болса, саз мұра қалды. Өзіндік қолтаңбасын танытып үлгерген жас таланттың қаламынан өлең-жырлар, әңгімелер мен пьесалар, мақалалар мен ертегілер туды. Сол тұнық туындылардың ішіндегі бір әңгімені сіздерге ұсынып отырмыз.
СҰЛУЛЫҚ ТУРАЛЫ аңыз
Адам мен Һауа жұмақтан қуылып шыққалы да бiраз мерзiм өткен-дi. Адамның тiзесi әлi сыр бермеген. Һауа ананың да белi бүгiле қоймаған кез едi... Көктем болатын. Күн-батыр сансыз күмiс найзасымен Жердiң қойнау-қойнауын түрткiлеп қытықтай бастаған сәт-тi. Күмiс нұрдан сомдалған сансыз найза ақыры өз дегенiн iстеп тынды. Кeлдегi мұздар сатырлай сeгiлiп, бiрiне-бiрi соқтығысып уатыла жоқ болып жатса, жылға-жылғаны асыға өпкен қар суы еңiске қарап жөңкiлiп жатты. Бұл қым-қуыт тiршiлiкке араласпай ешнәрсе шет қала алмады. Ақбас шыңдар айбарлы бөрiктерiнен айырылатын болған соң алып күндi қолтығынан демеп, жарамсақтана жылпыңдады. Күн-батыр сансыз найзасын шошаңдатып, ашына келгенмен, ақбас шыңның таз төбесiн жасырып тұрған аз аққа тиген жоқ, әйтеуiр. Тегiнде iшке бүккен бiр есебi болған да шығар... Күн-батырдың ақ найзасы бiрер түрткiштеген төбе мен сай атаулының бәрiнiң бауырлары бүлк-бүлiк етiп жарылып жатты. Сол бүлкiлдеген көп тiршiлiктiң өз әнiне өзi мас болып жатқан күндердiң бiрiнде Һауа ананың да бүйiрi бүлк ете қалсын... Тәңiрi жаңылысып кеттi ме, жоқ әлде, құдiретi күштi тәңiрiнiң көп шабарманының бiрi аңдаусыз iс еттi ме, әйтеуiр, бiр оқыс жай болды сол көктемде... Қос-қостан бала көтерiп жүрген қасиеттi Һауа анамыз сол көктемде айға бергiсiз аузы, күнге қимас көзi бар, көрсе, Құдайыңыздың да тiл-аузы байланып, тiзелерi дiрiлдеп кетер сұлу бiр қызды дүниеге әкелсiн... * * * ...Жүйрiк «Зим» кең даламен зулап келедi. Машина соңынан шұбалаңдай көтерiлген шаң жол жиегiндегi тұтаса өскен шөптердiң сарғыш жапырақтарына қонақтап жатыр. Қос бұрымдай шұбатыла қырқаға асылып ағараңдап жатқан дала жолы алыс көкжиекке жетелейтiндей. Машина қырқаға көтерiлген сайын көз ұшындағы тау сiлемдерi қылт етiп көзге ұрады. Ал қара «Зим» еңiске қарай зуылдай жөнелгенде, тау сiлемдерi көрiнбей қалып, алдан келесi марқау қырдың жотасы көрiнедi. Жалтылдаған сауырын даланың қою шаңы қапқан қара «Зимдегi» жолаушылар төртеу едi. Қызыл-ала пластмассамен қаптап тастаған кiшiгiрiм қазанның аумағындай рульдi жеңiл бұрып, ыңылдап отырған қатқан қара шопырдан өзгелерi мызғып келе жатыр. Артқы жұмсақ орындыққа жайғасқан сымбатты сары келiншек бiр қолымен жанына көлденең жатқызған баласының аяғынан ұстап ұйықтап келедi. Шопырмен қатарласа алда отырған ашаң жүздi, қоңқақ мұрын 35-тердегi мұртты кiсi осы қара «Зим» мен қатқан қара шопырдың иесiне ұқсайды. Осы отырысында да жан-жағындағыларға айтқанын iстетiп үйренген кiсiге тән бiр маңғаздылық сезiледi. Жұмулы көздерiмен машина әр секектеген сайын басын кегжең еткiзiп, айналасына самарқау көз салғаны оның ояу мен ұйқының арасындағы бейжай күйiнен хабар берiп-ақ тұр. Көр-жер, ұсақ-түйек атаулыны тiлге тиек етiсiп, мана әйелiмен бiраз отырған соң, екеуi де жалығып қоя қойған. Әлден уақыт далаға қызыға қарап, қыр тiршiлiгiне жетiк кiсiдей ананы-мынаны сұраған баласына жауап берiп отырды. Бiр қауым шопырмен оны-мұны айтысып уақыт eлтiргенсiдi. Бұл сапар алыс ауданда тұратын қайын жұртына қайыншылап шыққан бетi едi. Бұған, Берiк Серiкбаевичке салсаңыз, сонау ит өлген жердегi ұмыт болған қайын жұртын iздемек түгiлi, ойлағысы да жоқ. Сары келiншектiң сан айтқан әңгiмесi құлағын сарсытып бiткен соң, амалсыз қара «Зимге» ер салуға тура келдi. Әйелiнiң күндегi әңгiмесiне құлақ аспақ түгiлi пысқырмас та едi. Бiрақ сол әңгiмелердiң ұзын-ырғасы ызалы жылаумен, бұртиған тоң-торыс өкпеге әкелiп соғатын-ды. Ақыры, мiне, ұзақ дайындықтан соң сапарға шығатын күн де келiп жеттi. Бес жасар ұлы Қанатты алып, артынып-тартынып, өзiнiң қызметтегi қара «Зимiне» жайғасып, жолға шыққан бетi едi бұл. Әзiрге бәрi жақсы. Өз iсiне мығым шопыры Жарылғап аман болса, Құдай қара «Зимге» қуат берсе, қайын жұртқа барып, бiраз құрмет көрмек ойы бар. Әзiрге әйелiнiң де «ауа райы» жаймашуақ. Құдайым кездейсоқ кесiрден сақтаса, түн ауа дiттеген жерiне жетiп жығылмақ. * * * ...Қос перзент таппағанына Һауа ана онша қайғыра қоймапты. Артық туған қызының жағдайын жасап, жайын күйттеумен күн eткiзiптi. Сол күнi мына домалақ жердiң үстiнде ойы сансаққа бeлiнiп, дал болған жалғыз жан қасиеттi Адам ата ғана екен. Адам ата перзентiнiң күллi дүниенi таң еткен көркiне iштей қуана тұрып, жалғыз жебеушiсi жаратқан иесiнiң өсиетi бұзылатынына жаны қатты қиналыпты. Әу баста, жұмақтан жер аударарда, құдiретi күштi жаратқан өзге тiршiлiк атаулыдан ақылы мол, айласы көп перзенттерi Адам атаға мынандай өсиет айтса керек. — Адам, мен саған өткiр азу, алапат күш бергем жоқ. Бiрақ оның есесiне көк әлемдей түпсiз ақыл-айлаға, перiштелерден де ұшқыр қиял-ойға ие еттiм. Сенiң бойыңдағы бар күштi бiлекке емес, жүрекке, бар қуатты азуға емес, белiңе құйдым. Құдiретi күштi Жаратқан осылай сөзiн үзбестен ендi Һауаға бұрылып сөйлеп кетiптi: – Әдемi қуыршағым, Адам жалғыздықтан жалығып, құса боп өлерге келгенде жасап едiм. Сүйiктi, жалғыз құлым Адамға жан серiк болсын, тұла бойын кернеген асау күштi, тiршiлiк күшiн саған құйып жаны қалсын деп едiм. Сен жерге барған соң да адамның айнымас серiгi боларсың. Жаның мен жаның бiр болар, тәнiң мен тәнiң бiр болар. Бiрақ, есiңде болсын, сенiң бойыңа бiтер жақсы қасиет-қадiрiңнiң бәрiн мен сенiң басыңа емес, жатырыңа құйдым. Мұны ұмытқан күнi, сен менi де ұмытасың. Бұл сенiң өлер күнiң. Сен Адамның ұрпағын көбейтiп, ошағына иелiк етесiң, егiзден перзент табатын боласың. Бiрi ұл, бiрi қыз. Екеуiң де мұны өмiр бойы естен шығармаңдар. Алғашқы егiздiң бiр сыңарын екiншi егiзге, екiншi егiздiң келесi сыңарын бiрiншiсiне қосасыңдар. Бұл бұлжымас заң деп ойлаңдар. Мұны бұзған күн сендердiң ұрпақтарыңа үлкен зауал күтiп тұр деп түсiнiңдер. Мен бiттiм, ал менен соңғы рет не тiлектерiң бар? Тiлек айтпақ түгiлi, Тәңiрiнiң жүзiне тiкелеп қарай алмай қалған Адам мен Һауа көп ұзамай мұз қарыған суық әлемде естерiн жиыпты деседi. Қатты қиналып Адам ата түн ортасында тас үңгiрден абайлап сыртқа шығыпты. Жалқы туған, сұлулықтың тәңiрiсiндей көрiктi қызының тағдырын ойлап, басы қатқан ол Тәңiрiмен тiлдесiп, кеңеспек ниетпен оқшау шыңның ұшар басына көтерiлiптi дейдi. * * * Қара «Зим» сызып келiп жай тоқтағанда барып машинадағылар оянып кеттi. Жарылғап машинадан түсiп, анадай жердегi шеген құдықтан су тартып жатты. Сонадайдан қырқаның етегiне жыпырлай орналасқан ауыл көрiнедi. Бұлардың тоқтаған жерi үлкен жолдан бұрыстау шопанның қыстауы екен. Есiк-тесiгi үңiрейiп, терезе шынылары быт-шыт болған шопанның иесiз үйiнiң көлеңкесiне жайғасқан жолаушылар жолазықтарын алып, түстенiп алу қамына кiрiстi. Тек тынышсыз кiшкентай Қанат қана бiр орында байыз тауып отыра алмады. Шешесiнiң қадағалауымен апыл-ғұпыл ас iшкен болды да, иесiз қыстауды аралап көру үшiн жүгiрiп кеттi. —Қанат, алысқа ұзама!.. Жылан ба, бiрдеңе шағып алып жүрер. Әй, әй-й, Қанат, қораға кiрме дедiм ғой мен саған... өзi құлағалы тұрған бәле опырылып, басып қалып жүрер... Әй-й-й, Қана-ат! — деп айқайлап жатқан анасының сөзiн жүре тыңдаған ол, үйдi айналып көрiнбей кеттi. — Әй, баламысың деген! Бәрiн бiлуге, көруге асығады да тұрады. Мейлi, барсын. Көрсiн, қыр қазағының квартирасы қандай болатынын. — Бұл әкесiнiң айтқаны. Сары келiншек күйеуiне жақтырмай, аларып бiр қарады. Бұл әңгiмеге тек Жарылғап қана араласқан жоқ. Сап-сары болып буға пiскен тауықтың майлы санын жәукемдеген соң салқын сыраның бiр шөлмегiн сiмiрiп алды да, қол-басын сүрткiштеп орнынан тұрды. Қара «сайгүлiгiнiң» жанына келiп, темекi тұтатты. Машинаны бiр айналып шыққан ол, бәрi дұрыс екенiне көз жеткiзгендей артқы доңғалақты бiрер рет теуiп қойды. Қойшының иесiз қыстауы да артта қалды. Одан берi де бiраз жолды еңсерiп тастады. Қырдың етегiне жыпырлай орналасқан ауылдан да алыстады. Жарылғаптан өзгелерi мызғып кеткен-дi. Кенет олар кiлт тоқтаған машина екпiнiнен селк етiсiп, бастарын көтерiсiп алысты. Жол бойында көктен түскендей бiр сұлу қыз тұр екен. Жас шамасы он алты-он жетiлердегi, қыр қызғалдағындай үлбiреп тұрған қыздың әдемi жүзiнен, қып-қызыл жұқа ерiндерiнен, иығына бос тастай салған жуан бiлектей бұрымынан, отты сиқыр ойнаған көздерiнен бiр тазалық сезiледi. Бойжеткен өзiн аудан орталығына дейiн ала кетудi өтiнгенде, есi шыққан еркектер көктен түскен мына сұлулық тәңiрiсiне жауап қата алмай абдырап қалды. Алғаш есiн жинаған Берiк болды. — Көктен түстiң бе, ботам-ау?! Қайдан пайда болдың. Перiсiң бе, жынсың ба өзiң!? — Бiр жағы әзiлге сүйеп айтқандай болғанымен, бұл Берiктiң шыны едi. Қыз қос еркектiң жүректерiн тағы бiр дiр еткiзе көзiн төңкере тастап, аздап жымиды да машинаға отырды. Сосын машинадағылардың өзiне сұраулы жүзбен қарап қалғанын, әсiресе екi еркектiң жауап күтiп, бiр ауыз тiл қатса екен деп ынтығып тұрғанын сездi. — Жоқ, аға. Көктен де түскен жоқпын, жердi де жарып шыққам жоқ. Перiге де, жынға да қатысым жоқ, өздерiңiздей адаммын! Әлгiнде өздерiңiз жанынан eткен ауылданмын, — дедi даусы сыңғырлап. Аңырып қалған екi еркек айтарға сөз таппай үндемей қалды. — Жүрмеймiз бе?.. Ерте күндi кеш қылмай! — дедi сары келiншек ашуын жасыруға тырысып, қоңыр үнмен. Бiрақ ол қанша жасырғанымен, көгiс тартқан бетiнен, шытынап шыға келген көздерi оның ыза-ашуын бәрiбiр сездiрiп қойды. Жүру керектiгiн түсiнген Жарылғап машинаны оталдыра бас-тады. Әйелi бары ендi есiне түскен Берiк те оңдалып, алдына қарап, түзелiп отырды. Манағы бейжайлық, қалғып-мүлгу ендi жайына қалды. Тiп-тiке оқтау жұтқандай қайқайып қалған Берiк алдындағы айнадан көз алмады. Сары келiншек күйеуiн қызғанды ма, жиналыңқырай сергек отырды. Есi шыққан Жарылғап сұлулық тәңiрiсiндей жас аруды көргiсi келiп, айнаға ол да жалтақтаумен келедi. Тiптi, бiр-екi рет машинаның жолдан шығып кеткенiн де байқамай қалды. Есi кеткен еркектер машина жолдан шығып кетiп селкiлдей жөнелгенде ғана қайда келе жатқаны естерiне түсiп, түк бiлмегендей түр танытып, тiктеле отырысты. Жас қыз өзiнiң мына соқталдай екi еркекке көктен түскендей әсер еткенiн сездi. Ол жас та болса өз бағасын бiлетiн-дi. Сондықтан да, өзiне үздiгiп отырған екi еркектiң осынау күйiне онша таң қалған да жоқ. Машина жүргiзiп келе жатқан Жарылғап өз eмiрiнде тұңғыш рет «машинам бұзылып қалса екен» деп тiледi. Дiттеген жерге тезiрек жетсек екен деген ойынан Берiк те айнып қалған секiлдi. Ал артқы орындыққа жайғасқан сары келiншек пен жас қыздың қаперiнде еш нәрсе жоқ едi. Бес жасар тынымсыз Қанат бұл кезде пысылдап ұйықтап жатқан-ды. Өз ойларымен өздерi әлек болып, Жарылғап пен Берiк екеуi де бұл қызды тәңiрiнiң өзi тек бiр мен үшiн жiберген сұлулық пен махаббаттың елшiсi деп ұқты. Осынау бейкүнә перiштенiң елеусiз ықыласына бөлену үшiн олар не нәрсеге де бейiл едi. Ақыры, қара «Зим» де бұзылып тынды. Қас қарайып, төңiректi мылқау түн қою қараңғылығымен әбден қаусырып алғанша машинаның моторын түрткiлеген Жарылғап өтiрiк күйiп-пiсумен болды. Күн бата жолаушылар екi бет газет дастарқанды ортаға алып, кешкi ас iшуге кiрiстi. Ас iшу рәсiмi әдеттегiден ұзаққа созылды. Дастарқан басында екi еркек қалайда ебiн тауып, жас қызға қызмет көрсетiп қалуға тырысты. Әдетте үлкен жиын-тойларда айтылатын «ас алмадыңыздар ғой», «iшпедiңiз ғой» деген сыпайы iзет жиi айтылып жатты. Бұл сөздер екi әйелге арнайы айтылғандай болғанымен, жас аруға бағытталған болатын. Жарылғап та қара сәйгүлiгiне асыққан жоқ. Өмiрде дәл осылай асықпай тамақтанбаған шығар. Әйтеуiр екi еркектiң екеуi де тәңiрден осы бiр кешкi ас iшу мерзiмiн ұзарта түсудi iштей қатты тiледi. Сары келiншек бәрiн сездi. Бұдан әрi шыдай алмаған. Әдеп пен ұятты былай жиып қойып, ашық, турасынан кеттi: — Жиналыңдар, жүремiз! Осында қыстамаққа ниет еткенсiңдер ғой, тегi! — Ол ашудан булығып әзер сeйледi. — Әй, Қанат, берi кел, кетемiз! Неге омалып қалдың... Тұр! — деген күйеуiне жекiре қарап. Берiк: — Ендi, бәйбiше-ау!.. Машинаның жарығы да жоқ... Бiр жерде аударылып... — дей берiп едi, сары келiншек шарт кеттi: — Қалыңдар онда осында! Мен өзiм жаяу кетем. Әй, Қанат, жүр берi, — деп айқайлады, ашуға булығып. Бұдан әрi отыра берудiң жөнi жоқ екенiн сезген Жарылғап орнынан тұрып, машинаға беттедi. Берiк үнсiз қалған қыздың қызарып, қан ойнап шыға келген әдептi жүзiне өкiнiштi түрде көз салды да, дастарқанды жинастыра бастады. Қыз да оған көмектескен болды. Газет үстiнде шашылып жатқан оны-мұныны жинап жүрiп, екеуiнiң бастары түйiсiп қалды. Берiк қыздың ұшы сүйiрлене бiткен әдемi құлағына көз салды. Жүрегi аттай тулап ала жөнелдi. Қыздың жұп-жұмыр сұңғақ мойны мен сиқырлы жұпар иiс аңқыған қолаң шашы есiнен тандырды. Ол бұдан әрi шыдай алмай, қыздың ыстық самайына жүзiн тақап, құлағының түбiнен сүйiп алды. Сүйiп жатып әлдене деп үздiге, тұншыға сыбырлады. Бiрақ не деп сыбырлағанын өзi де бiлген жоқ. Қысылып кеткен жас қыз орнынан тұрып кеттi де, алаулаған бетiн бұрып, бiр шетке ығысты. * * * Жарықсыз, қарауытып әзер көрiнiп жатқан жолмен жай жылжып келедi. Жарылғап ендi қулық жасай алмасын сездi. Манағы айласын сары келiншек түсiнiп қойса керек. Осылай ұзақ жүрдi. Әркiм өз ойымен әуре. Сұрақтарына толық жауап берiп, өзiмен терезесi тең ересек кiсiлерше әңгiмелесiп отырған жас қызға разы кiшкентай Қанат қана алаңсыз сөйлеп келедi. Қара жол келесi бiр қырқадан ылдиға түсе берiп, қалың нудың iшiне кiрiп, көрiнбей кеттi. — Аға, байқаңыз... мына жерде өзен бар, көпiрi өте тар, — деген қыз машина қалыңға кiре бергенде. Оның бұл сөзiне әлденеге ызалы Жарылғап та, тәттi қиялға шомған Берiк те, күйеуiнiң әр қимылын бағып, сақ отырған сары келiншек те ешнәрсе деп тiл қатпады. Қыз сөзiн айтып бiте берiсiмен-ақ машина теңселiп кеттi. Ол бiр бүйiрiне қарай, өте жай аударылып бара жатты. — Ой-й-й... Құрыдық!.. Өлдiк!.. — дедi жандаусы шыққан сары келiншек. Қанаттың үнi әлгi дауыспен қатар шықты. Қыз сол жақ шекесiмен қатты бiр нәрсеге оңбай соғылғанын сездi. Көз алды жарқ етiп, сансыз ұшқындар шашырап кеткенде, Қанаттың шар ете қалған үнiн естiп қалды. Басын көтерiп қарамақ болып едi, денесiн сығымдап басып қалған зiлдей салмақтан қозғала алмады. Суға көмiлiп бара жатып, дiрiлдеген қолдарымен Қанатты iздей бастады... Машина көпiрден аударылған сәтте әркiм өзi туралы ойлады. Ажалымыздың келгенi осы шығар деген ойдан бәрi қалтырап, не болғанын аңдай алмай қалған едi. Бәрiн билеген жалғыз нәрсе – өлiм алдындағы үрей болатын. Сондықтан да әрқайсысы ажалмен әрқилы алысып бақты. Әйтеуiр, құдай сәтiн салғанда, су онша терең емес екен. Сыртқа бiрiншi Берiк шықты. Сосын әйелiне көмектестi. Үрейден есi шығып кеткен сары келiншек дiн аман секiлдi. Тiсi-тiсiне тимей қалш-қалш етедi. Жынданып кеткен жандай басын бұлғаңдатып, шырылдап жылай бередi. Көздерi алақ-жұлақ етiп, баласының атын атап, суға ұмтылды. Қыздың судан тек қолы шығып тұр екен. Оның сүйрiктей әдемi саусақтары Қанатты желкесiнен бүре ұстаған күйi қарысып қалыпты. Қанат жүргiзушiнiң орындығына асылып тұр екен. Сыртқа алып шыққан соң да қимылсыз, сұлқ түсiп бiраз жатты. Тек сәлден соң ғана шешесiнiң құшағында жатқан күйi ыңырсып, көзiн ашты. Суға тек басы ғана батпай ыңырсып жатқан Жарылғап әлденеге қысылып қалса керек. Берiк ұзақ әуреленiп, зорға шығарды. Суықтан қалшылдап әзер тұрған Берiк суға тeртiншi рет ұмтылғанда әбден қалжыраған едi. Сүйектен өткен суық судан тiстерi сақылдап кеттi... Балғын денесi былқ-сылқ еткен сұлу қызды жағаға алып шыққанда бiраз уақыт болған едi. Ол әлгiнде ғана бiр құшуға iңкәр болған сұлулық тәңiрiсiн жағаға еппен жатқызды. Еңкейiп, кеудесiне құлағын төсеп, жүрек соғысын тыңдады. Жас қыздың сұп-суық жұмыр анарына бетiн төсеп ұзақ жатты. Сосын басын көтерiп, қыздың көгiс тартқан ерiнiне аузын тақап, демiмен жылыта бастады. Бiрақ оның бұнысының бәрi бос тiрлiк едi. Бейкүнә ару әлдеқашан жан тапсырған едi. Өлi сұлудың балғын денесiн құшып, суық ерiндерiн үздiге сүйген Берiк өзiнiң не iстеп жатқанын ұға қоярдай күйде емес-тiн... * * * ...Тәңiрiнiң Адам атаға не дегенiн, ал оның көкейдегi ойын құдiретi күштi Жаратқанға қалай жеткiзгенi бiзге беймәлiм. Әйтеуiр, сол түнгi кездесуден соң Адам атаның қабағы ашылып, көңiлi жай тауып, ұйқысы түзелiптi. Бұл жайдан артық туған сұлу қызын тербетiп, ыңылдап ән салып, алаңсыз таң атырған Һауа ана мен Адамның көп перзенттерi бейхабар едi. Күн мен түн, жаз бен қыс талай алмасып, жылдар зырлап өтiп жатыпты. Тiршiлiк нышаны жоқ, мұз құрсанған суық әлемде бiрiн-бiрi әзер тауып, бiр-бiрiнiң суықтан көгiс тартқан саусақтарын демдерiмен жылытып, қалшылдап тұрған Адам ата мен Һауа анадан бұл кезде бiр тайпа тiршiлiк тарап, еңселi елге айналған сәт едi... Аңыз айтады, бұл көктемнiң соңғы күндерiнiң бiрiнде Алып Күн жатар ұясына ендi-ендi енiп бара жатқан шақта болған едi деп... Бұл оқиға жалаңаш денесiн қызыл шапаққа шомылтып, шоқтана бастаған күн көкжиекке құлай бастаған сәтте болған едi деп. Асқар таудың кең үңгiрлерiн мекендеген адамдар қызыл Күннен от тұтатып, кешкi ас қамдап жатқан шақта болды деп. Бәлкiм, бұл оқиға адамдар от басына жиналып, кешкi астарын алдына ала берген сәтiнде болған шығар. Әйтеуiр, көркiне кeз тоймайтын, сұлулықтың тәңiрiсiндей жалқы қызын Адам ата мен Һауа ана сол кеште iздемегенi анық. Тайпаның күллi еркегiн сұлулығына таң, көркiне мас етiп есiнен тандырған аруды бұл кешкi ас iшу мерзiмiнде ешкiм де iздемегенi ақиқат. Қауым арасында елде жоқ көркiмен iрiткi салып, еркектердiң есiн ала берген соң Адам ата жалқы туған қызына ел көзiне түсуге тыйым салып едi... Бұл жолы да оны iздеген жан болмады... Осы бiр қайғылы қазаға бетi бүлк етiп, иегi дiрiлдемеген жалғыз жан Адам ата ғана екен. Ол сұлу қызының өлiмiн аза тұтпақ түгiлi, ауыр қайғыдан қаусап қалған перзенттерiне қатқыл үнмен былай дептi: — Тәйт, түге! Соншама таусылатындай не болды?! Сабырға келiңдер!.. Кiмде-кiм бармақ жайға аттанды ол. Қайта мына өмiрге қайталанбас көркiмен келiп, мөлдiреген күйi о дүниелiк болғанына шүкiршiлiк етiңдер. Жалқы туып, таза келiп, таза кеткен ол бiздiң қай-қайсымыздан да бақытты. Жас кеткен адамды азалай отырып, оны eмiрдiң былық-шылығын көрмей, кiр шалмай, кiршiксiз кеттi деп адамдардың бiрiн-бiрi жұбататыны да осыдан бастап пайда болыпты деседi аңыз...