Астанада британ жазушысымен кездесу өтті

Бүгін ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Британ жазушысы, белгілі журналист, Оксфорд университетінің профессоры Ник Филдингпен кездесу өтті, - деп хабарлайды qazaquni.kz.

Кездесуге Тұрсын Жұртбай, Кажығали Мұхамбетқали секілді белгілі қазақ жазушылары, қоғам қайраткерлері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Шетел жазушысымен өткен кездесуді Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы Үмітхан Мұңалбаева жүргізіп, жазушының Қазақстан туралы жазылған еңбектерін оқырман қауымға таныстырды.

- Ник Филдинг қазақты жан-тәнімен жақсы көретін жазушы. Қазақ мәдениетіне деген құштарлығы ерекше. Киелі жеріміздің тарихы мен салтын зерттеп, зерделеп жүрген шетелдік әдебиетшімен қарым-қатынасымыз одан ары да дами береді деп сенеміз, - деді өз сөзінде Үмітхан Дәуренбекқызы.

Кездесу аясында оқырмандар шетелдік жазушыға көкейдегі сауалдарын қойды. Сұлтан Сүйік, Шоқан Уәлиханов секілді қазақтың ұлы тұлғалары туралы сөз қозғаған британ жазушысы еліміздің тарихын терең танығанын айқын көрсетті.

Еске сала кетейік, Ник Филдинг Шығыс Қазақстанға саяхат жасаған әйгілі жиһангез Томас Аткинсон туралы келелі еңбек жазған британ жазушысы.