Қалқаман САРИН: Күздің жырын жазады бір Құдірет…

147
137553

Беу, достарым!
Сағындым мен сендерді!
Тек сағыныш көтерер еңсемді енді.
Алып-ұшып кететін көңіл қайда,
Тарлық етіп осынау жер шеңберді.

Бал шақтарын көктем мен күздің аңсап,
Өмір күліп тұратын біз қуансақ…
Жастығымның оралмас белгісіндей,
Жанарынан жылдарым үзді моншақ.

Адал едік, ақ жүрек аңғал едік,
Таза, мөлдір жыр жаздық таңнан өріп.
Бір-бірінен аумайтын армандар-ай,
Жауһар сезім беретін жанға көрік.

Сарғайған гүл сияқты қолымдағы,
Сағынышқа айналды-ау соның бәрі.
Жалт-жұлт еткен жасындай жас ғұмырды,
Жүріп өткен кешегі жол ұрлады.

Жол ұрлады. Өзгерді өмір мәні,
Жалғыз айтқан әнімнің жоқ ырғағы.
Күзге айналып кетсе де күрең жалған,
Күйі ойнайды көктемнің көңілде әлі.

Көңіл-дөнен «басқа өрлеп, төске шауып»,
Өлімменен қауышпай өшпесі анық.
Қайдасыңдар, достарым, келіңдерші,
Ессіз, ерке шақтарды еске салып!!!

Күз

Күңіренген, күрсінген күздің ауыр,
Мінезіне үйренген біздің ауыл.
Бұйра шаңын көтеріп қырат-қырдың,
Берекесін бір сәтте бұзды дауыл.

Жанарымда жабырқап жаз жылады,
Жылағаны емес пе, қаздың әні?!
Қайран менің жүрегім, қайтқан құстың,
Қанатынан үзілген сазды ұғады.

Жаңа мезгіл желбіреп жалауы тік,
Жаулап алды жер бетін қалауы ұтып.
Жылы өлкенің жамалын жасқа шылап,
Қара аспанның көзі тұр қарауытып.

Жадыраған жаздың да күйі осал тым,
Мезгілі өтті. Құс жүдеу, ұя салқын.
…Күздің жырын жазады бір Құдірет,
Бір ғажайып қаламмен сиясы алтын.

Оқырман қыз…

Оқырман қыз,
Өмірде алыс,
Өлеңде жақын жанбыз.
Түнге сіңіп тағы да
Ай жүзінен
Мұң көшіріп ақының отыр жалғыз.

Сен ше, қарғам?
Мұңаймашы,
Түспесін еңселі арман.
Ықыласын бір саған аударар ем,
Ыңғайыма осы бір көнсе жалған.

Амал нешік?..
Сансыз арман сарылып санамда өшіп
Дәруіштей дәрменсіз күй кешемін,
Көңілімнің көгінде ғалам көшіп.

Аңғалым-ай!
Жағымды бір болар ма ең, жанға бұлай.
Қалам ұстап қолыма сәл мұңайсам,
Саған ұқсап кетеді жап-жарық Ай!

Мөп-мөлдір шық,
Жанарыңнан жас болып кеткенде ыршып,
Жұбанышың болар жыр жазсам, шіркін,
Жүрегіңнен жарғандай КӨКТЕМ бүршік.

Оқырман қыз…
Өмірде алыс,
Өлеңде жақын жанбыз.
Түнге сіңіп тағы да
Ай жүзінен,
Мұң көшіріп ақының отыр жалғыз…
Оқырман қыз…

Өзіме

Өмірді естен шығармай,
Өлімді еске жиі алдым.
Өткенді кері бұра алмай,
Өкпеге кімді қиярмын?

Өтер де кетер бұл дәурен,
Өлшеулі бәрі, өлшеулі,
Өкпек жел соғып іргемнен
Өкініш басар еңсемді.

Өлара шақта бір мезет,
Өлексе жеуге құмартқан,
Өлместің күні кімде жоқ,
Өлекшін құсқа кінә артпан.

Өзегім от боп күйгенмен,
Өбектеп мені кім сүйсін?
Өгейлік көріп үйренген,
Өр көңіл, қашан тыншисың?

Өжет боп кейде көрінгем,
Өксіп те қалған бар кезім.
Өкініп талай егілгем,
Өкпешіл ме екем, әлде, өзім…

Өңездеп қалған көп қайғым,
«Өзеуреп кеттің» демеші.
Өзге бір жанды таппаймын,
Өзімнен жақсы неге осы?

Өтірік айтты демегін,
Өсекке баспас аяғым.
Өмірбаяным – өлеңім,
Өлеңім – өмірбаяным!

Өркеуде болман тым асқақ,
Өресіз ойдың түбі арсыз.
Өмірім бітер бір-ақ сәт.
Өлімім күтер, күмәнсіз!…

Өлең жазып жүрсің бе?
(ақын достың сұрағы)

Маңдайыма бұл жазылған,
Жазбағанда енді қайтемін.
Жазу да жазу, жазудан,
Жазылар едім, айт емін!
Сорыма ұқсаған бағым бұл –
Дертім бұл менің асқынған.
Жауатын бұлттай жаным – жыр,
Қарашығына жас тұнған.

Тәңірден тағдыр болды айқын,
Қолымда – қалам қауырсын.
Айналып өте алмайтын,
Ақындық жолым – ауыр сын:
Жарығын іздеп әлемнің
Білтелі шамның түбінен.
Өртіне күйіп өлеңнің,
Тұңғиық кешіп түнімен.

Жаза алмай жүрген күндерде,
Жазғырып іштей өзімді.
Ұйқасын таппай түндерде,
Қаншама арман көз ілді.

Ей, уақыт! Саған келемін,
Менікі, мынау – жол сапар.
Менің маңдайым – өлеңім,
Сенің маңдайың болса тар…

Өкінбен оған, өкінбен,
Арманға жеткен жан бар ма?
Жұлдыздарды еміп жетілген,
Жырларым жетер таңдарға!

Жан мұңын, достым, көтердім,
Тағдырын адам таңдай ма?
…Жазмышты жазып өтермін,
Жазылып қойған маңдайға.

Арқаттағы біздің үй

Ауыл. Түнді жамылып ап,
Түгел тылсым көшке еретін.
…Біздің үйдің шамы бірақ,
Бәрінен де кеш сөнетін.

Ай көңілге нұрын сеуіп,
Қиял құштық үйге сыймай.
Кеш батса да жүруші едік,
Кешіп бастан күйді осындай.

Тұла бойдан текті аңқытып,
– Болармысың мұнша қырсық,
Әкеңе айтам! – деп қорқытып,
Жүреді Анам жұмсақ ұрсып.

Анам – момын, әкем – қатал,
Бір біріне жақын, серік.
Кілең ұлдар қатар-қатар,
Кілем үсті жатушы едік.

Шілде күні. Өрт айнала,
Терезеден түскен арай.
Ойын қуған өңкей бала,
Оянушы ек түске қарай.

Жалаң аяқ жаз өтеді,
(Есейдік-ау біздер ептеп.)
Жаңа киім қажет еді,
Не киеміз? Күзде – мектеп.

Ақ көйлекті (ағамдікі),
Кетседағы сарғыш тартып,
Киім қылып маған бүтін,
Беруші еді сәл қысқартып.

Таңсәріден, тым тымырсық,
Мектеп бардық таласа ерте.
Қалтамызда – құрт, ірімшік,
Арқамызда – ала сөмке.

Ауылдағы үй! Бақ, ырысым,
Бақытым да өзіңде еді.
Саған деген сағынышым,
Содан бері көз ілмеді.

Бар байлығым сенде менің,
Өтсе дағы уақыт сырғып.
Жаратқанға тәубе дедім,
Жаратпаған бақытсыз қып.

Іңірдегі үнсіздік

Керуеніне ілесіп Өмір-көштің,
Өтті бір күн. Қалмады көңілде ешкім.
Үнсіздікпен үйлесіп іңірдегі,
Сырласына айналам қоңыр кештің.

Қызыл іңір. Барады Күн қанталап.
Қыр астынан келеді Ай түнді арқалап.
Жалғыздықтан, жаным-ау, мені тағы,
Қалар дейсің құтқарып кім қалқалап?

Жалғыздықтың сүйгені сол – тыныштық,
Тыныштықта жоқ, жаным, қорқыныш түк.
Мұнарадай мұң шақсам түнгі аспанға,
Жұлдыз еріп кетер ме? –
Дертім ыстық…

Айлы түнге асыққан ақын көші,
Иә, жалғыздық – жанымның жақын досы,
Cен де мені сүйер ең, көрсең егер,
Өлең жазып отырған сәтімді осы.

…Керім

Сал көктемнің қоңыр кеші.
Кездесудің әсері әйбат.
Сен еркелеп өмірге осы
Келе жаттың көше бойлап.

Келе жаттың кердең басып,
Көрініп-ақ көзге әдемі.
Сол сәт бір ой кеудемді ашып,
Сабырымды қозғап еді…

Жүздесу бұл бірінші рет,
Қарайлайсың жылып бейнең.
Бір жағынан күлімсіреп,
Бір жағынан күдікті оймен…

Жаның балқып күн көзіне,
Жайлы қандай жымиғаның,
Жарасып-ақ тұрды өзіңе,
Жұпар шашып гүл-иманың!

Қиылған қас арасынан
Қос нүктедей көрдім меңді.
Көрімдік қып мен осыған
Көк аспанды бергім келді.

Саған қарап ой көшінен,
Кейпіне еніп бақытты ердің.
«Арманымның бейнесінен»
Арнап өлең оқып бердім.

Болмас, сірә, өмірде тең,
Сенім, сезім – ол екі ұғым.
…Сағынамын дедім бе екем,
«Сағынышты» неге оқыдым?

Жанарымнан тайғанап мұң
Бара жатты…
Кездескенде
…Тылсым, терең ойға баттым,
Түсіне алмас өзге еш пенде.
….Ал сен ше?

Кейде…

Сыр беріп, cәл танытсаң солғын мінез,
Сыйы жоқ, бағасы жоқ болдың бір ез.
Сүрінсең «сол керек» деп, сыбап-сілтеп,
Сыртыңнан соттап тұрар көп дүмбілез.

Өзгеден өзін санап, сірә да, асқақ,
Өңшең қырт құр өсекке құлақ аспақ.
Өзегін жарып тұрып шындықты айтсаң,
Өлексе жеген иттей тұра қашпақ.

Тобыр боп тоғышарға ерген көптің,
Түн келіп, тәтті ұйқысын бөлген жоқпын.
Таршылық көрген жандай таусылады-ау,
Тарсынып қақ ортасын жер мен көктің,

Қарғам-ау, мен ешкімге жау емес ем,
Жалған сөз жалықтырды… Ағаңа сен.
…Әңгіме айтып берші өмір жайлы,
Ән болса тіпті, жақсы әуені әсем.

147 ПІКІРЛЕР

  1. Қалқаман бауырымыздың өнері өрлей берсін!
    Бір қуантатыны,жастардың поэзияға бет бұрғаны,жастар мүлдем кітәп оқымай кетті ме деп қорқушы едік.Мұнда қаншама пікір айтылуда,бұл қуанарлық жағдай.Ана бір ініміздің өкпе айтуы ауыл-аралық,ағайын-аралық өкпе-назы шығар,бәрінің көңілін тауып,бәрін риза қылу шығармашылық адамына көңіл бөлмедің деуге болмас.
    Қалық аман бауырымыздың өнеріне табыс тілейік.

  2. Мен озине билерермисин гашыкпын. Тек озинди коруге мен асыктым Сагынумен талай кунди откизип,жан дуниемди аралайды ау басып мун. Кеттин менен жыракка сен алыс тым. Уйкысыз мен талай тунмен алыстым. Жынды адамдай кейде жылап кулемин. Жетер емес мен сорлынын будан артык тозимим. Неге айтшы бир озинди ойлаймын? Мына жалган омирде сени гана тандаймын. Бирак аттен жоксын гой сен касымда. Содыктанда ошип калган шамдаймын. Кузде тусер жапырактай саргайдым. Мумкин болар жазганыда мандайдын.Киялменен келем али жер басып елесинмен Жас балаша озимди мен алдаймын!!! 7770401902

  3. Калкман ага! Мен сиздин олендеринизди ардайым суйсине окимын. Сиздин олендеринизден мен шабыт алып озимде олендер жазамын. Калкаман ага менде озиниз сиякты Акын Жазушы болгым келеди. Сизге Аллахымнын нуры жаусын. Олендериниз бейикке орлей берсин. Жулдызыныз ардайым жаркырай берсин!!! 7770401902

  4. Ақын! Өлеңінен жанының адалдығы, жүрегінің нәзіктігі төгіліп тұр.Мен ризамын! Осы біз өзге ұлттың адамына келгенде астымыздағы соңғы атымызды түсіп беруге дайын тұрамыз да, өзімізге келгенде ішіміз тар болып қалады осы, бауырларым, жоғарыдағы бірқатар теріс айтылған пікірлерге қатысты айтып отырмын. Осы өзіміздің іштарлығымыздан қаншама талантты бауырларымыз кетті ғой маңдайымызға сыймай. Бауырларым, өзімізді өзіміз жақсы көрейік, мұндай өлең жазған ақынның жаман адам болуы мүмкін емес деп есептеймін.

  5. Поэзия әлемі,өлен жазу әр ақынға өмірлік күш береді жане өмірдін қиыншылығын жеңуге,жан-дүниенді жалғыздықтан құтқаратын жұмақтай әлем.Қалқаман аға, мен сіздің талантынызғада,мәртебенизгеде,өлеңдерінізгеде еш ойланбастан басымды ием!!!Өмірлік мақсатым сіздей ойлы ақын болу.

  6. Калкаман Сарин агамызды баримиз билемиз ол киси оте керемет акын ол кисинин онерине тантиминол кисиге айтарым тек алга онериниз орге жузсин.
    Ал Арман Бимбет деген агама ризамын сизгеде алга димин оте керемет онер

  7. Ал,Қалқаман ағаға айтарым;
    Қазақтың қасиетті дарынысыз,
    Өлеңнің сарқылмайтын ағынысыз.
    Елімнің поэзисын жарқыратқан
    Жыр сүйген Мұқағали қарымысыз!

  8. Тойдан кейінгі Кенжегүлдің әңгімесі не болды екен? Өжет, қайсар,үлкен тәуекелге баратын,Нағыз ананың Нағыз қызы екен.
    Жолы ақ болғай!

  9. Қалқаман өте керемет!Ауылымыздан сен сияқты азаматтардың шыққанына өте қуаныштымын.Еңбегің жана берсін құрдасым.

  10. Қалқаманның қарымды жырлары жарқырай берсін. Қазақ поэзиясының биік шыңынан көріне беруіңе тілектес жыр сүйер оқырманың.

  11. ассаламуалеикум калкаман ага мен сыздын онерынызды оте жаксы корып окыимын онерынызге алланын нуры жаусын деи отыр сыздын быр оленызды еш таппай койдым мын жулдыздар арасынан быр жулдыз агып тусты деп айтылатын олендерыныздын такырыбын айтакетсеныз жане оны калай табуа болады сол жонынде толыгырак айтып кетсеныз.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз