103 жастағы әже Мұқағали өлеңдерін жатқа айтады
2019 ж. 09 қаңтар
3331
0
Райымбек ауданының қарт тұрғыны Бәти апаны сырттай сұрастырып таптық. Қарияны білетін жұрттың барлығы бірауыздан «Мұқағалидың өлеңдерін жатқа айтатын апа ғой...» деп жөн сілтеген еді.
– Бәти апа биыл жүздің үшеуін жасап отыр. Ширақ, санасы тың. Бала күнінде естіген әңгімелерінің майын тамызып айтқанда, қария жадының мықтылығына таңғаласың, – деді жол үстінде облыстық «Жетісу» газетінің меншікті тілшісі Қанат Біржансал.
...Қайран біздің шешелер, арды ойлаған,
Шілік шауып, ши орып, бау байлаған.
Жігіттерден айырылып, қалмай қараң,
Қырман басып, егін сап, арба айдаған...
Бәти апа өзі жатқа айтатын Мұқағали ақынның осы өлеңінің кейіпкері сияқты. Сонау соғыс жылдарында елдегі ауыр еңбектің салмағын иығымен көтерген 103 жастағы қария қазіргі тіршілікке салауат айтады.
– Зұлматты көзімізбен көрдік қой, енді еліміздің басына ондай күн бермесін, – дейді апа. Сөзінің астарынан кәрі жүрекке соғыстың сызы ғана емес, оның алдындағы қуғын-сүргіннің сойылы батқаны аңғарылады. Өйткені Бәти апаның құдай қосқан қосағы Екінші дүниежүзілік соғыстың алдында «халық жауы» деген жаламен ұсталып кетіпті. Ақмола маңындағы тұтқындар лагеріне айдалған екен. Сол жақта қайтыс болғаны жайлы тілдей қағаз келген. Кейін, 1956 жылы ғана ақталыпты. Ерінен қалған 4 ұлды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірген Бәти апа қазір ұлы Молдыраманның қолында. «Анасы бар адамдар, ешқашан қартаймайды» дегендей, Молдыраман ақсақалдың өзі жетпіс бес жасты алқымдады. Қарияның батасын алып тұрып ғасыр жасаған «Егемен Қазақстан» газетінен екенімізді айттық.
– Е, біз «кәзит-жорнал» оқып өстік қой, қазір де шөберелеріме оқытып аламын. Соғыс уақытында бригадир газетті қырман басына әкеліп, дауыстап оқып беретін. Біздің әскердің жеңісі жайлы оқып, жылап алатынбыз. Жақсы хабарды көп жазыңдар, айналайындар, – деді 103 жастағы Бәти апа.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ, Дереккөз: egemen.kz