Қазақ өлеңінің аспанынан тағы бір жұлдыз ағып түсті
2019 ж. 03 қаңтар
10047
0
Ажалға қарсы тұра алмайтын қандай әлжуаз едік десейші, біз, адамдар... Қазақ өлеңінің аспанынан тағы бір жұлдыз ағып түсіпті!
Мен Жанарды көрген жоқпын. Мүмкін көрген де шығармын-ау, бірақ арнайы таныспаппын. Алайда баспасөз бетінде жарияланған өлеңдерінің бәрін де соншалықты ризашылықпен оқушы едім. Ол табиғи дарынды АҚЫН болатын!
Фейсбуктен оның аурухананың жансақтау бөлімінде ес-түссіз жатқанын оқып, жас адам ғой, жазылып шығатын шығар деп үміттеніп едім. Ажалға, шынында да, шара жоқ екен!..
Қарындасымыздың туған-туыстарына, жора-жолдастарына, оны білетін барлық поэзия жанашырларына көңіл айтамын!
Жанар Нұрғалидың шынайы да көркем кестелі жырлары қазақ оқырмандарының көңілінде ұзақ сақталатын болады.
Міне, теңіздің дәмін тамшыдан білетін өлең оқырмандары, Жанардың жырлары...
Байбота Қошым-Ноғай,
Фейсбук парақшасынан
Жанар НҰРҒАЛИ
(1974-2019)
ЖАЛҒЫЗБЫН…
Жоқты аңсап, барды сезінбей,
Арманның құрып ындыны,
Іздейді екем өзімдей
Қиялы аппақ жындыны,
Мойнымда тынбай сыңғыры,
Жазмыштың темір шылбыры.
Дүние кезіп кетсем бе,
Ойдырып тасқа табанды —
Ұға алмай өзің кеткенде,
Күнім де — айсыз қараңғы.
Тірілте алам ба өлеңмен
Жарамды «сен, сен!..» деп өлген?..
Сарғайып сіңіп сағымға,
Жалғандық әнін салғыздың,
Мен үшін меңіреу жаныңда,
Қалмаса мейір — қар, мұзбын.
Көйлегін киген сан күздің,
Көлеңкесі жоқ жалғызбын…
«АЛАСАРМА!» ДЕП...
«Аласарма!» деп, Ай төсін
Кезетін мен деп жалғыз үн!..
Жоғалып кетсе, қайтесің,
Жер бетіндегі жалғызың?..
Ұққансып Сені сөзіңнен,
Тақылдағанда жүз көмей,
Ішінен мені көзіңмен
Тұра алармысың іздемей?..
Кеудеңе кенет енгенде,
Бір көктем менсіз «күз» дерсің,
Тірімде тұрмақ өлгенде
Еңіреп жүріп, іздерсің...
СЕНІ ІЗДЕП ЖҮРЕМ...
Қол алысайын арманмен,
Кеудемде менің жаншы үміт.
Ей, бала, кеттің, Алдар ма ең?
Жүрекке түйір тамшы іліп...
Бақыт дегенім, сенгенім –
Өңім түгілі, түс те емес.
Ақиқатым да, көргенім –
Балалық күнім – күшті елес.
Әлдилер әсем әнімен
Өң менен түстің арасы.
Сені іздеп жүрем бәрінен,
Ауылдың қара баласы...
***
Хабарсыз кетсем, кеш, күнім.
Атымды көкте айта ма Ай?
Есіме түстің кешкұрым,
Түспес деп едім қайталай.
Жүрегім бір сәт ұмтылып,
Сабырға кезек бермедім.
Жаныма арай жыр тұнып,
Көргім кеп, бірақ көрмедім.
Сезімнен баян таппаған,
Мазасыз өтті-ау шақ небір.
Кінә артып жүрер жат маған,
Сабыр да, сабыр, сап, көңіл!
Жұбанам моншақ тағып жыр,
Жазмыш тұр қарап сыздана.
Бұл жүрек суып, жанып бір,
Уақыт емші, мұздар-ә...