Фариза Оңғарсынованың құрметіне ескерткіш тақта ашылды
2018 ж. 20 желтоқсан
3220
0
Алматыда ақын, «Құрмет белгісі», «Парасат» ордендерінің иегері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Фариза Оңғарсынованың тұрған үйінде ескерткіш тақта ашылды, - деп хабарлайды 24.kz.
Көзі тірісінде-ақ «Поэзия падишасы» атанған ақын қазақ поэзиясын дамытуға елеулі үлес қосты. Оның қаламынан туған махаббат, адам тағдыры туралы шығармалары қазақ әдебиетінің жауһарына айналды. Ескерткіш тақта ашылған Зенков көшесіндегі үйде ақын 1981 және 1996 жылдар аралығында тұрған.
Айта кетейік, Фариза Оңғарсынованың өмірден өткеніне 5 жылға таяды.
Шәмшә Беркімбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері:
- Фаризаның жоқтаушылары өте көп, халқы әлі іздейді. Қазақ деген халық аман тұрса, біздің ұрпақ Фаризаның артында қалдырған аманаты, үлкен мұрасы – өлеңдері арқылы ақын апасымен сырласады ғой деп ойлаймын.
Татяна Фроловская, Ф.Оңғарсынованың аудармашысы:
- Фариза мені қазақ әдебиетінің әлеміне енуіме себепші болды. Екеуіміз 40 жылға таяу бірге жұмыс істедік. Ол маған Махамбеттің өлеңдерін жинақтап берді. Оны орыс тілінде сөйлеттік. Фаризадай адам енді туа ма, білмедім. Білетінім, маған қазір екеуміздің шығармашылық байланысымыз, ортақ әңгімеміз жетіспейді.