АЛДАСПАННЫҢ ЖАРҚЫЛЫ
2018 ж. 15 желтоқсан
8766
0
Бауыржан Момышұлының достарына жазған хаты
Қымбатты оқушы, назарларыңызға қазақтың қаһарман ұлдарының бірі Бауыржан Момышұлының хаттар топтамасын ұсынып отырмыз. Бұлар көпшілікке беймәлімдігімен де құнды. Және Баукең аталған қолжазбасында қаламын еркін ғана тербей отырып, айрықша ағынан ақтарылады. Әрине, ажалмен бетпе-бет келгенде де ақ алмастай өткірлігі мен адалдығынан таймаған Бауыржан Момышұлының тазалығы ардың кіршіксіздігінен кем түспейтін ақ қағаз алдында жаңсақтыққа бармайтыны түсінікті. Мына жазбаларға да Баукеңнің үлкен толғаныспен келгені байқалады. І. Құдайға шүкір, мен кедей қазақ емеспін. Мені ел дәулетті қазақтың бірі санайды. Ол шынында да рас! Менен басқа да дәулетті қазақтар аз емес! Менен бай қазақтар көп екеніне көзім жетті! Сәбит, Ғабит, Ғабидендер Мұхаңды былай қойғанда ішіміздегі бай жазушылар. Олардың ақшаларының есебін мен білмеймін. Менің білетінім, олар рухани творчестволық жағынан менен дәулетті екеніне ешқандай күмәнім жоқ. Я, рухани деп айттым. Сөзім сөз. Мен екі сөзді адам емеспін. Дүние, ақша қолдың кіріндей, бір жусаң кетеді дейді қазақ. Ол рас. Дәулеттің келуі де, кетуі де бір адам өмірінде оңай емес: келуі маңдай тері, кетуінің себептері көп: ұшқалақтық, бейғамсыздық, маңдай терін қадірлемеу, жасырмай айтқанда, маскүнемдік, артына қарамай «мырзашылық», орынсыз бауырмалдық... тағы басқа ескіліктің – қоқым-соқымдарының салдарлары, орысша айтқанда кейбіреулеріміз феодально-купеческое самодурствоға дейін барамыз. Ол да қиналып мойынға алатын шындық. Әңгімені өз басымнан бастайын. Басқаны сынау әркімге де оңай екені ақиқат. Өзін-өзі сынау оңай емес екеніне тірі жанның бәрі де түсінеді. Әңгімені өз басымнан бастайын. ІІ. Менің әкем бай да болған жоқ, кедей де болған жоқ. Әкем тірі болса, биыл 104-ке келер еді. Әкемнің тірі кезінде мен талай рет ашықтым да, жалаңаяқ, жалаңбас жүрген кездерім де болды. Әкем сараң кісі емес еді. Мен оның 54 жасында көрген жалғыз ұл баласы едім. Әсіресе, біздің қазақ жалғызынан несін аяйды... Әкем мені еркелетіп өсірген жоқ. Әрине, қолынан келгенше шамасына қарап тарылтқан жоқ. Есептеп беріп, есептеп алып отырды ол кісі. Мен Жамбылда оқып жүрген кезім еді. Әкем базарға екі қой айдап келіп әрқайсысын алты сомнан сатты. Менің киімім тозған еді. Үбианның да, Әлиманның да (менің үлкен апаларым), жеңешемнің де (менің өгей шешем) киімдері тозып, жұпыланып отыр деді әкем. – Ал екеуміз ақылдасып, мына он екі сомды қарыштайықшы. Билік сенде болсын, – деп күлімсіреп маған қарады да, – Ал алдымен кім үшін қарыштаймыз? – деп сұрады менен. – Алдымен үйге қарышталық! – дедім мен. – Біз – үйдегі, сен түздегі адамсың ғой, қарағым! – деді әкем тағы да жылысырап, – алдымен сен керегіңді алғын, қарағым! – Маған... Маған... – дедім мен сасқалақтап не айтарымды білместен. – Маған еш нәрсенің керегі жоқ. – Саған еш нәрсенің керегі жоқ, – деп әкем мырс етіп күлді де, – біз үйдегілерміз, сен түздегісің, – деп қайталады. – Жоқ, шынында маған ештеңе керек емес! – Тұра тұр, балам, сабыр ет! Күз өтіп, қыс түсіп келеді. Саған жылы тужурка керек. Ол бір! Үстіңде бірақ ішкі киімің бар. Моншаға барғанда... – Я, моншаға барғанда ауыстыратын ішкі нәрсем жоқ. Басқа балалардікі бар, – деп даусым дірілдеп, – Менің шұлғауым да жоқ... Мұрнымды сүртетін орамал да жоқ, – деп жылап жібердім. – Ай, балам! Сені бұндай босаң деп ойламаушы едім. Бұның не, қарағым?.. Бұрын неге айтпадың? Мен ұялып төмен қарадым. – Ал екеуміз де бір үйдің еркектеріміз. Алдымен шайханаға барып шай ішіп алалық та, одан кейін ақылдасып барымызды қарыштайық, – деп әкем қолымнан жетектеп шайханаға ертіп барды. Одан кейін магазиндерді араладық. Керек-жарақтарымызды алдық. – «Бай болып көргенім жоқ, кедей болып өлгенім жоқ» дейді қазақ біз сияқтыны, қарағым! – деді әкем қоштасып тұрып. – Барына шүкір етелік... Ақшада тіл жоқ – қайда жұмсасаң сонда кете береді... Біз сияқты адамдарға бір тиын – маңдай тері. Мә, саған тағы да 25 тиын. Керегіңе орынды жаратып жұмсауға тырыс, шырағым... Әкем кетті. Мен қалдым. ІІІ. Мен ержеттім. Қызмет-жұмыс істеу жағынан адам қатарына қосылдым. Еңбек! Еңбекті мен қара жұмыстан бастадым: қора сыпырдым, қой бақтым, қос айдадым, пішен шаптым... Мұғалім болдым, ауком болдым, райком болдым... Екі жыл жер тепкілеп, ефрейтордан таяқ жеген солдаттың бірі болдым... Мерген болдым, шабандоздықтан бірінші қатардағылардың біреуі болдым. Кейде аш, кейде жалаңаш та болу жағдайларын басынан өткіздім... Он жыл бойы оқыдым, оқыттым. Офицер болдым. Қатарымнан қалғаным жоқ. Қатардан қалмау маған оңайға түсті деп айтуға аузым бармайды. Еш нәрсе маған оңайға түскен жоқ. «Жігіттер, араз арзан, достық қымбат» деп қазақ бекер айтқан емес. Араздастым да, достастым да. Қателестім де, адастым да. Қаталарымды түзеуге өзімнен бұрын достарым көмектесті. Адасқанымда ақ жолға – ұстаздарым салып отырды. Дос жылатып, дұшпан күлдіріп айтады дегендейін таяқты алдымен әкемнен, ұстаздарымнан, достарымнан жедім. Олар мені жаман болсын деп ұрыспағандарына жаңа ғана түсініп келе жатқаныма қарағанда – енді ғана ақылым кіріп келе жатқанына көзім жетіп келеді. Жалғыз ой түбінде отырғанда – өзімді қиналап, ұстаздарыма рахмет айту күн асқан сайын әдетке айналып барады. Кейбір жолдастарыма, достарыма, ұстаздарыма олардың көзі тірі кезінде уақытылы рахмет айта алмағандығыма өкінемін де, қиналамын да, бармағымды тістеймін. Жалғыз өмір, жалғыз жан. Қап, шіркін, қайта келетін өмір болса – есерсоқтығымды қайталамас едім деп ішімнен тынамын. ІV. Мен офицер болдым. Ұлы байтақ Отанымыздың мен болмаған түкпірлері аз. Мен Отанымыздың көп дұшпандарымен көзбе-көз, бетпе-бет кездескендердің бірі болдым. Мен ержеттім. Әкем қартайды. Мен әкем қартайғанда тарықпасын деген оймен тапқан-таянғанымды алдымен үйге жіберіп отырдым. Әсемпаз болғаным жоқ. Оған қаражатым да жетпес еді. Әкем өлді. Мен жалғыз қалдым. V. Ұлы Отан соғысы басталды. Ел азаматтары майданға аттанды. Мен батальон командирі болып отыз соғысқа қатыстым. Бес рет қоршауда қалдым.... Отыз жасымда полк командирі болып тағайындалдым.... Отыз үштен отыз төртке шыққанда дивизия командирі болып тағайындалдым... Аз жылдарда көпті көрдік. Солардың бірі мен болдым. VІ. Мен де адаммын. 200-ден аса мен қатынасқан ұрыстар жалыны шарпы, мені құрдастарымнан бұрын қартайтты, бетіме әжім таңбасын аямай басты, шашымды бурылдатты... Туған-туыстарым да мені аяған жоқ. Аяр да емес... Мен қазақпын. Ол рас. Мен халқымды сүйетіндердің бірімін. Ол рас. Мен халқымның намысы үшін жанымды аямағандардың бірімін. Ол рас. Халқым мен үшін еш нәрсесін аямағандығын мен де түсінетіндердің біреуімін. Ол рас! Бірақ!.. Тағы да «бірақ»! Ашық сөйлесейік: Қазақ даңқыңмен жаманатыңды қатар шығарады десек онша қателеспеспіз... Мақтаймын деп жамандап алғанын түсінетін қазақтар осы уақытқа дейін аз екенін екеудің бірі айтады... Легенда – аңыз, жүгенсіз ұзын-құлақ біздің заманда саяздап барады. «Жаман достан жақсы дұшпан артық» деген аталарымыздың сөзін қайта-қайта қиналып еске алушылардың бірі менмін. VІІ. Соғыстан кейін мен жоғарғы әскери білім медресесін бітірдім. Бес жыл соғыс жоғарғы білімнен сабақ берушілердің бірі болдым. Менің шәкірттерімнің арасында көптеген генералдар, көптеген полковниктер, тағы басқа дәрежедегі офицерлер болды. Олардың көбі қазір жоғары дәрежелі орындарда қызмет етеді. Мен ауырдым. Саптан босадым. Әскер қатарында істеу оңай емес. Одан босау болса одан да ауыр. VІІІ. Мен әскер сабынан босадым. Пенсиям 300 сом. Атағым бар. Әшекей киім үстімде – я полковник при мундире. «Жатып ішер» болуға заң бойынша маған толық право берілді. Мен әскери адаммын. Полковник запаса болуға менің толық правом бар. Ол даусыз дейді елдің көбі. Үкімет те солай дейді. Мен олай демеймін. Олай деуге ешқандай қақым жоқ. Мен азаматпын – гражданинмін. Мен жігіт ағасы жасына жаңада ғана жеткендердің біреуімін. Нет! Я не старик! Я профессиональный военный! Если случиться война (не дай бог) – я еще не способен воевать до тех пор пока меня не убьют! Простите! Признаюсь честно – предпочтиаю свой гибель на поле брани, чем смерть на руках своей жены. Ердің басы қайда қалмаған. Менің басым ешкімнен артық емес! *** Міне, қымбатты оқырман, Бауыржан хатының шағын ғана бөлімінде осындай сыр қозғалады. Жалпы, Баукеңнің керемет шыншылдығына бас иесіз. Себебі, өздерін зиялылар тобына жатқызатын қазіргі ағайындарымыздың да көпшілігі мұндай кішіпейілдікке әдеттене алмай-ақ келе жатқаны жасырын емес. Олай болса халқының алдындағы адалдығынан айнымаған батыр Бауыржанның мұнша қарапайымдылығы нағыз бекзаттық үлгісіндей көрінеді. Немесе, мәселен, жер ортасы жасқа келгенде ертеректегі ұстаздары мен ағаларын еске алып, «Олар мені жаман болсын деп ұрыспағандарына жаңа ғана түсініп келе жатқаныма қарағанда – енді ғана ақылым кіріп келе жатқанына көзім жетіп келеді» деп баяғы балғын шақтағы көп қателігін балаша мойындадауы, одан соң қан майданның қақ ортасынан талай мәрте қалың әскерімен аман шығып, атағы жер жаһанға жайылған хас батырдың «Қап, шіркін, қайта келетін өмір болса – есерсоқтығымды қайталамас едім деп ішімнен тынамын» деуі қандай ғажап! Ойы шолақ, өресі тар біреулер болса, мұндайда риясыз ағынан жарылу былай тұрсын, өз сәтсіздіктері үшін өзгені кінәлап, әлдекімдерге қарадай кектенетіні де анық қой! Иә, Бауыржан батырлығының белгісі осынау мінезінен-ақ айқын көрінеді. Хаттар Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатынан алынды. (Қор 1432. Іс -135).Дайындаған – Құлтөлеу Мұқаш
qazaquni.kz