Ақұштап Бақтыгереева: Желтоқсан жыры
2018 ж. 12 желтоқсан
6885
1
(Ақын Жұбан Молдағалиев рухына)
«Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген...»
Ж. Молдағалиев.
Желтоқсан – 86, ызғарлы күн,
Мұз бенен қар жылжығандай құздан бүгін.
Өттің де астан-кестен ойда-жоқта,
Артыңа ұмытылмас із қалдырдың.
Айтамыз ертегі етіп ол күндерді,
Батыр деп мадақтаймыз жөн білгенді.
Халыққа жаңа жылдық сәлем жолдап,
Жазушылар үйіне Колбин келді.
Біреулер бастық көрсе, қуанатын,
Біреулер жалпылдайды сұрап атын.
Бір кезде жазушылар мінбесіне
Барады көтеріліп Жұбан ақын.
Қазақша акцент, толқыған қатал үнмен:
– Замандаспыз, – деді оған – қатар жүрген,
Желтоқсанның көргенше он алтысын,
Бір күн бұрын батсамшы батар күнмен.
Қорғағанмын жаудан мен Совет елін,
Әлі күнге Отанды ән етемін.
«Мен қазақпын!» деуші едім біле тұра,
«Шовинизм» дегеннің бар екенін.
Ұрпағыма халім бар не дер енді,
Қорладыңдар бұл қазақ деген елді.
Қыздарымды сүйретіп бұрымынан,
Ит таласын деп пе едім немеремді?
Ақынша айтсам, «ұлы елдің» бұл мазағын,
Менің далам көтерді күллі азабын.
Тың жерімді игерген бауырларың
Тракторге таптатты қыр қазағын.
Оныңа да шыдады халқым менің,
Берді емес пе билігін, алтын кенін?
Тұңғыш тұрсың алғашқы дәмін татып,
Түсінбейсің, замандас, салтын елдің.
Бір еместей өзіңмен жолым бүгін,
Мен айтпасам, паш етер сорымды кім?
70 жылдай, құрбым-ау, келесіңдер
Пайдаланып қазақтың момындығын.
Деп үйреттің «мәңгүртсің, бәрің надан»,
Тіл мен діннен айрылды елім, бабам.
Кеше алаңда сабаған – сенің тегің,
Ал таяқты жегендер – менің балам.
Ақын жүрек тартуда содан қайғы,
Шыдамаспын айтпауға жарам жайлы.
Кешір мені, замандас, осы жолы
Жұбан саған пікірлес бола алмайды.
Намыс пен кек түнеріп қабағында,
Мұң аралас жас тұнып жанарында,
Ел алдында арқадан жүгі түсіп,
Ақын тұрды тазарып ар алдында.
Тынып қалды, зал тегіс күбірлемей,
Бір адамның жанары күлімдемей.
Біз отырдық төбеден жай түскендей,
Арқамыздан құмырсқа жүгіргендей.
Кетті залды ақынның өртеп демі,
Әлі есімде, біреулер селт етпеді.
37 қуғынын көрген сорлы
Қол соғудан сескеніп, жер тепкені.
Жұбан – бөрі, өзгелер қояндардай,
Колбин жүзі сәл қанға боялғандай.
Зал гуілдеп, бір кезде жер солқ етіп,
Ұйқысынан бар қазақ оянғандай.
Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА,
Қазақ үні