Екіжүзділік – елдіктің ең қауіпті кеселі

1999 жылы Алматыда жарық көрген «Қазақ тілінің сөздігінде» «Зиялы» деген ұғымға төмендегідей түсініктеме беріпті: 1. Ізетті, әдепті, білімдар. 2. Оқыған, сауатты азамат. Осы сөздікті басшылыққа алар болсақ, әлеуметтік жағдайына, қоғамдағы орнына қарамай-ақ әрбір ізетті, білімді, сауатты адамдарды зиялылар қатарына қоса берсек болады екен. Құдайға мың да бір құлдық, қалтасында табақтай дипломы, дардай атағы бар азаматтар қазіргі таңда жыртылып айрылады. Солардың бәрін зиялы деуге келе ме? Менің түсінігімше, зиялы адам – халықтық тұрғыдан ойлай білетін, рушылдық, тайпалық аурудан ада, жершілдікке жиіркене қарайтын, мансапты мансұқ еткен, қоғамның мұңы мен зарына үн қоса білетін адам. Осы тұрғыдан алар болсақ, өткен ғасырда Алаш үшін аттандаған Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов сынды бірнеше арысымызды және бүгінгі М.Шаханов сияқты азаматтарды ұлттың нағыз зиялылары деуге әбден болады. Қанша жерден білімдар, академик, министр болсын, қара басының мансабына байланған жершіл, рушыл, жағымпаз міскіндердің зиялыларға үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Әншейінде биік мінберлер мен баспасөз беттерінде «халқым» деп еміренетін «жайсаңдардың» әңгіме тілдік, елдік мәселелерге келгенде індеріне тығыла қалатынына қайран қалмасқа лажымыз жоқ. Әйтсе де, Қазақстан халықтары Ассамблеясы ұсынған доктринаға қарсы бас көтергендер мен жуырда ғана баспасөз беттерінде жарық көрген «Конституцияға қарсы әрекеттер тоқтатылсын!» деген ұранмен қазақ халқына және республикамызды мекендейтін өзге ұлт өкілдеріне арналған Үндеуді қолдап қол қойғандар арасынан көрінбеген «масқараларды» қалай ғана зиялы дей аламыз? Ана тіліміздің арасында Мемлекеттік сыйлық иегерлері атанып, орынтақтарға қонжиған ақын-жазушылар мен мәдениет қайраткерлері, ең болмаса бір сәтке: «Тілім болмаса мен кімге керекпін, шытырлатып ақша әкеліп жатқан шығармаларымды кім оқиды, айтқан әндерімді кім тыңдайды, түскен фильмдерімді кім көреді?» деп ойлана ма екен? Енді осындай тайғақ табандарды зиялы деп көрші, кәне? Осындай доктринаға байланысты алаңға жиналғандарға қарап тұрып: «Жазушылар Одағында мүшелікке 700 қаламгердің 7-еуінің де қарасы көрінбейді ғой» деген ақын Қазыбек Исаның сөзі еріксіз есіңе оралады. М.Мақатаев «Ей, қалам ұстаған, қаламдас бауыр-қарындастарым, халықты ұмытпаңдар. Халықсыз күндерің қараң. Оны сүйемін деп байбалам салмаңдар, оған тек ғашық бола біліңдер!» деп жазып қалдырыпты бір естелігінде. Олай болса, халықты, тілді жырлардағы жадағай сөздермен емес, жүрекпен сүйе білу керек. Жүрекпен сүйген адам, қандай тәуекел болса да тайынбайды. Ондай сәтте мансабың мен байлығың да, атағың мен шайлығың да адыра қалады. Тағы да М.Мақатаевтың «Өмірге, өзі өмір сүріп отырған қоғамға белгілі бір көзқарасы жоқ адам ақын емес. Ондай адамның өзін ақын ғана емес, қоғамның ойлай білетін азаматымын деуге де хақысы жоқ» деген сөздері көп нәрсені аңғартып тұрғандай. Олай болса, тіл үшін күрес те – азаматтықтың аласармас бір шыңы. «Жазушы, ақын деген сөз – ойлаған ойын әдемілеп жарыққа шығара алатын адам деген сөз. Тілі кем болса, адамның қор болғаны. Ойың толып тұрып, айтуға тілің жетпесе, іш қазандай қайнайды да. Қысқасы, адамның толық мағынасы мен адам аталуы тіл арқасында» дейді Мағжан Жұмабаев. Биыл ел тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өткелі отырмыз. Тәуелсіздік – үлкен бақыт. Ол күрескер аталарымыз бен арыстай азаматтарымыздың тынымсыз тірліктері арқасында жақындай түсті. Оған қосқан әркімнің әртүрлі үлесі бар. Дегенмен, 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы кезінде жастарды кінәлап: «Жайларына қарап жүрсе қайтеді?» деген кейбіреулер тәуелсіздіктің нанын өзгелерден гөрі көбірек асап, сорпасын ұрттап жүр. Олар бүгін «қайран желтоқсаншыл арыстарым-ай?» деп еңірегенде, қарап тұрып қан қысымың көтеріліп кетеді. Екіжүзділік – елдіктің ең қауіпті кеселі. Тәуелсіздігіміздің бір тірегі – тіл. Қазақ тілінің мүмкіндігінше төрге оза алмай жатқаны өздерін зиялы санайтын кейбір азаматтарымыздың жалтақтығы мен солқылдақтығының кесірі демеске лажымыз жоқ. Неге Парламенттегі депуттар­дың бар болғаны төртеуі ғана Мемлекеттік тілді қолдап, қалғаны қарсы болады? Біздің ел сеніп жүрген Қ.Сұлтанов, А.Смайыл, У.Қалижанов және т.б. қайда? Тіл тағдырына толғанып, үн қосқан зиялы азаматтарға халықтың айтары тек қана алғыс, жасары – қолдау. Өйткені, тар жерде ұйыса алмасақ, кең жерде сыйыса алмаймыз. Зікіра ҚОЖАЕВ ОҚО, Жетісай қаласы