РУХЫ КҮШТІ ТҰЛҒА
2018 ж. 15 қараша
3933
0
«Интеллектуалды ұлт-2020» жобасында елбасының бүкіл халықтың алдына қойған негізгі идеясы экономиканы дамыту, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру, рухы жоғары білімді тұлғаны қалыптастыру арқылы қоғамды дамытуды көздейді. Бүгінгі қоғамның алдында рухы күшті тұлға, халық, қуатты мемлекетті қалыптастыру мәселесі тұр. Осы тұрғыда тұлғаны қалыптастыруда үздіксіз білім беру жүйесінің, бәсекеге қабілетті зияткер тұлға қалыптастыруда ұстаздың орны ерекше. Ұстаз ұлы тұлға! Бүгінгі егемен еліміздің елдігі мен бірлігі ұстаз тәрбиелеген жас ұрпақтың рухының биіктігінде, біліктілігі мен білімінде екені әлемдегі жаһандану үдерісі көрсетіп отыр. Осындай тұлғалардың бірі және бірегейі Әбдімәжит Қоңырбайұлы Өтеш еді. Кешегі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Лениндік степиандаты, бүгінгі «Құрмет» орденінің иегері. Жиырмадағы жас жігіт талай жастың арманы болған стипендияға өзінің
білімі, білігі, даналығы мен даралығымен лайық болса, ал бүгін ел ағасы атанған азамтаттың шыққан биік шыңын көруге болады.
Математика және Мәжит деген екі ұғым тумасынан егіз десек артық айтпаймыз. Кезінде Мәжит өз замандастарынан арасынан топтан озған студент атанса, бүгінде ұлттық математика ғылымының, білім беру жүйесінің әлемдік деңгейде дамуына іргелі үлес қосып отырғаны ел таныған азамат бола білді.
Республикадағы математикалық мектептер тарихы, математикалық мектепті ашу, оған басшы болу Әбдімәжит Қоңырбайұлы тағдырына жазылған бақ пен бақыт па деп ойлайсын. Адам дүниеге келгенде тағдырына жазылған бешенесімен жаратылады дегендей, менің курстасымның тағдырына математикалық мектептерді ашу жазылған ба деп ойлайсын? Ғылым жолына кетсе Әбдімәжиттен математика ғылымы саласы бойынша мықты ғалым шығатына ешкім күмән келтірмейді. Ол мықты философ, мықты математик, мықты әдіскер, дана да дара тұлға болды.
Әбдімәжит Қоңырбайұлы ХХ ғасырдың басында өмір сүрген ғұламалардың ұлттық идеясын жаһандану замануи идеясымен ұштастыра отырып негізін қалады. Кезінде Ж.Аймауытовтың педагогика ғылымы саласындағы жүйелі ой-пікірлері “Баланы оқытудың белгілі ереже заңдарын баяндайтын, оқытудың дұрыс жүйесін тауып, білімге тез жету шарттарын көрсететін педагогиканың негізгі бөлімі – дидактиканың негізі: мұғалімнің айналысатыны – үнемі қозғалып, өзгеріп, өсетін, өркендейтін тірі адам болғандықтан, біркелкі әдістен табан аумай шектеліп қалуға болмайды… Сабақ беру үйреншікті жай шеберлік емес, ол үнемі жаңадан жаңаны табатын өнер… Дидактика мұғалімге жалпы жол-жоба көрсетіп, жетекшілік етеді… сыннан өткен тиімді деген жолдарды ғана нұсқайды[1]” – деп оқыту, білім беру әдісінің қатып-семіп қалған догма емес, үнемі ізденуден туатын іс-әрекет екеніне баса назар аудара отырып, өзінің теориясын, әдістемесін ұсына білді. Ұлттық мектептің моделін тәжірибе жүзінде қалыптастырды. Қазіргі замани мектептің негізгі мақсаты - тұлғаға бағдарланған оқу - тәрбие технологиясын іске асырды. Мектептегі оқу-тәрбие үрдісіндегі жаңашылдық: білім берудің мазмұнында; оқу-тәрбие үдерісінде; әдістерінде; технологиясында; оқу-тәрбие үрдісін ұйымдастыруда; жаңа типті мектептің басқару жүйесінде, оқушыларды білімін және тәрбиелік деңгейлерін бағалауында көрініс таба білді.
Өмір өтер, заман ауысар, бүгінгі Әбдімәжит ашқан мектептер кешегі Ы.Алтынсарин, Бекет ата, Мамания, Жайлымыс болысында ашылған мектептер қатарына қосылып, ұлттық педагогика тарихынан өз орнынан алары сөзсіз.
Ұлы ұстаз әл-Фараби «Ұстаздың мінез –құлық нормасы мынадай болуға тиіс: ол тым қатал да болмауы тиіс, тым ырыққа да жығыла бермеу керек»,- деген тұжырымы Мәжиттің бойындағы негізгі қасиеттер деп бағалауға болады.
Адамға мінез құлық ата - анадан берілді, ал рухани дамуы, азаматтық көзқарасы өзің қоршаған әлеуметтік ортада қалыптасатыны сөз
жоқ. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің математика факультетінің түлегі ретінде сабақ берген ұлттық математика ғылымының негізін салушы профессор - оқытушылар Т.А.Ахметқалиев, М.Ысқақов, Б.Жаңбырбаев, Қ.Құрманалин, Б.Нақысбеков т.б. бойындағы рұхани құндылықтарын, тәжірибелерін бойына сіңіре білді. Ұлы Абайдың есімін алған білім ордасында алған тағылымдары Әбдімәжиттің бойына Абайдың даралығымен, даналығын сіңіре білді.
Бүгінгі қоғамның алдында тұрған негізгі міндет ұлттық мәдениет пен әлемдік өркениетті өзара сабақтастыра отырып бүгінгі ХХІ ғасыр ағымына лайықты тұлғаны қалыптастыруға бар күш жігерін жұмсады. Оның басшылығымен қаншама мектеп басшыларын, жоғары санаттағы ұстаздарды дайындады, оның көмегі тиген, өмірдің даңғыл жолына салып, бүгінде республиканың барлық салаларында еңбек етіп жатқан талай қазақтың майталман азаматтарының тағдырына ықпал еткені белгілі. Расында да, ұлттық білім беру жүйесі бойынша өсіп келе жатқан жастарға, артынан ерген замандастарына олардың тұлға ретінде қалыптасуына Әбдімәжит Қоңырбайұлының орны ерекше.
Кезінде Әбдімәжиттің «Жай ғана досым ... » атты баспасөзде жарияланған мақаласында досына арнап «Балқаш өңірінен өтіп бара жатырмын, бұл өңірге «не сәлем айтайын»? - деген сәлемінен олардың жастық жақтарынан ұмытылмас армандары «еліктің лағындай сүйкімді кішкентай сары қыз, Балқаш өлкесі, досының жырындағы «менің Ілем іздеп құяр Балқашын»,- деген жүрек жарды сөздері сонау студенттік кезде курстастар арасында құпия айтылатын сыр еді. Мақалада еске алынған кішкентай сары қыз «қарт ҚазПИ-дің» математика факультетінің төменгі курсында оқитын еді... Сол балғын сезімнің алпыстың асқарына шығып отырған ел азаматтарының сағынышты сазы болып қалуы да жүректеріндегі жастық оттың алауының әлі өшпегенін түсінуге болады....
Оны Әбдімәжиттің телехабарға берген сұбхатында досының жырын бой тұмарындай жатқа айтуынан да еркін байқауға болады.
Балқаштың қайран еркесі жыры әнімнің,
Қалдың - ау мәңгі арқауы болып әнімнің.
Білектей нәзік ұстап тұр құмда жүгірсем,
Жүдеген жаным қалар ма жайнап қайта бір[4].
Әбдімәжит курстастар арасында ақынжанды, мейірімділігі, досқа адал, үлкенге құрметпен, кішіге ізетпен қарайтын дара қасиеті ата - анасынан берілген рухани құндылықтар еді. Курстастарымның арасында ол барлық жерде «бірінші» болды. Лениндік степиандант. Курстастардың ішінен алғашқы «Құрмет» орденінің, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері.
Н.Келімбетовтің
« ...Ең биік қасиетің Адамдығың,
Халқына, ел жұртыңа адалдығың.
Бейнебір жаралғандай мейірімнен,
Дос түгіл, жауыңа жоқ жамандығын», -
деп Әбдімәжиттің бойындағы асыл қасиеттер: арлылық, ақыл, рахым, парасат, әділеттілік пен қайрымдылық т.б. оның тұлғалық сапалары болып шексіздік әлеміне кете береді...
«Таулардың биіктігі байқалмайды» дегендей, Әбдімәжит Қоңырбайұлының атқарған азаматтық болмысы, қазақ елі алдындағы парызы - "Қазақстан-2050" стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыт-бағдары" атты жолдауында және «Интеллектуалды ұлт-2020» жобасында қарастырылған бағыттардың іске асырылуы - қоғамның әлеуметтік даму жағдайына әлеуметтенген, ұлттық және өркениеттік мәдениетті менгерген, бәсекеге қабілетті, интеллектуалды әлеуеті қалыптасқан, халық бірлігі, мемлекетіміздің тұтастығы мен дербестігін қорғай алатын патриот - азаматты қалыптастыру болып табылды.
Н.А.Назарбаевтың «Бізге ұлттық интеллектінің діңін құру қажет, бізге халықаралық деңгейде бәсекеге түсе алатын эрудициялы адамдар керек», – деген тұжырымына толықтай жауапты Әбдімәжит негізін салған математиканы тереңдетіп оқытатын мектептерді ерекше атауға болады. Аталған мектептердің барлық шәкірттері жоғары оқу орындарына еркін түсе алды, әлемдік деңгейдегі алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында оқуы да ұлттық біліміміздің шарықтау шегін көреміз. Аталған мектептің түлегі қоғам қайраткері Маргерет Тэтчер оқыған жоғары оқу орнында оқуы Әбдімәжит негізін салған мектептің білім деңгейінің сапасын көрсетеді.
Адамның табиғат берген ой, сана, тану, ақыл, парасат секілді қасиет-қабілеттерін оқу, білім алу, тәжірибе жинақтау арқылы жетілдіруі, оны өзін және қоғамды дамыту үшін және жаңа жағдайларға сай бейімдеп қолдана алу қабілеті. Өмірдің кез келген ағымында пікірлесе алатын, жаңашыл-шығармашылық тұрғыда өзіндік білім алуға дайын, интеллектуалды қабілеті дамыған тұлға бола білді. Интеллектуалды әлеуетті тұлға – адамгершілік және ұлттық құндылықтарға негізделген жаңа және арнайы мамандандырылған білім көздерін жоғары дәрежеде игеру арқылы пайда болған білім, білік, құзыреттерді өзінің, ұлты мен Отанының мүддесіне жарата алатын дара тұлғаны қалыптастыра алды.
Жоғары оқу орындарында студенттерге арналған «Педагогика» атты оқулықта Мәжит Өтештің өзіндік тұжырымдамасы болашақ мұғалімдерді дайындауда негізгі ұстаным болып ұсынылды.
“Әбдімәжит Өтештің тұжырымдамасы. М.Өтештің басқарған мектептері негізінен физика - математикалық мектептер жүйесі болып табылады. ХХІ ғасыр, әлемдік жаһандану үрдісі кезінде қоғамның белсенді және ұлттық, жалпыадазаттық мәдениетті дамытушы, білім және тәрбиемен қаруланған, бүгінгі қоғамға еркін араласа алатын тұлғаны қалыптастыруға аса мән берілген. Тұлғаның бойында қалыптасатын негізгі құндылықтар жүйесі: әлеуметтік белсенділік, жоғары адамгершілік, ізгілік қасиеттер, функционалдық және құқықтық сауаттылық, зиялы ұрпақты қалыптастыру көзделеді. Аталған жүйенің негізі ұлттық тұлғаны қалыптастыруға бағытталады. М.Өтеш басқарған, негізін салған мектептердің түлектерінің жартысы алтын белгі иегерлері” [2, 174 б.].
«Биік мансап биік жартас! Ерінбей еңбектеп жылан да шығады, екпіндей ұшып қыранда шығады»,- деп дана Абай айтқандай Әбдімәжит Қоңырбайұлы ұлттық білім беру жүйесінің дамуына, қалыптасуына қайталанбас қолтанбасын қалдырды. Ұлттық білім беру жүйесінің шыңына қыран болып қона білді. Қыран болып самғады.
Ұлы тұлға Әбдімәжит Қоңырбайұлы қайтыс болғанда ұлттық телехабарларда, баспасөз беттерінде «даңқты ұстаз, қазақтың математигі, білім саласының майталманы» хабарламалардан оның азаматтық тұлғасын, өзіндік даралығы мен даналығын, қазақ рухының жоғары шыңын көруге болады.
Иманбаева Сәуле
Пайдаланған әдебиеттер:
1. Аймауытов Ж. Психология. – Алматы: Рауан, 1995.
2. Таубаева Ш.Т., Иманбаева С.Т., Берікханова А.Е. Педагогика. Оқулық. ОНОН. – Алматы: 2017. -340 б. Оқулықты Абай атындағы ҚазҰПУ-і жанындағы Республикалық оқу - әдістемелік Кеңесінің «Білім» тобындағы мамандықтары бойынша Оқу - әдістемелік бірлестігі ұсынған.
3. Иманбаева С.Т., Майғаранова Ш. Тәрбие жұмысының теориясы мен әдістемесі. Оқулық. ОНОН. – Алматы: 2017. 34з б. (44-45 беттерде Ә.Өтештің тұжырымдамасы берілген). Оқулықты Абай атындағы ҚазҰПУ-і жанындағы Республикалық оқу - әдістемелік Кеңесінің «Білім» тобындағы мамандықтары бойынша Оқу - әдістемелік бірлестігі ұсынған.
4. Туған жердің тарландары. № 178 лицейдің директоры Әбдімәжит Қоңырбайұлы Өтеш туралы телехабар.
5. Замануи басшы - табыс формуласы. Әбдімәжит Қоңырбайұлы Өтеш туралы телехабар.
Мақала Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «Ұлағат» баспасынан шыққан «Қалдырған ізің мәңгілік» атты марқұм Әбдімәжит Қоңырбайұлы Өтешке арналған естеліктер мен арнаулар жинағынан алынды.
Алматы. – 2018. -22-27 б.б.