Қош, тұнық жырдың тұмасы...

1

Елбасы Көңіл айту жеделхатын жолдады

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның халық жазушысы, көрнекті ақын Тұманбай Молдағалиевтің қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасы мен туған-туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады. Мемлекет басшысының көңіл айтуын Алматыдағы ақынмен қоштасқан қаралы жиында Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев оқып берді. «Халқымыздың аса көрнекті ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұманбай Молдағалиев ағамыздың өмірден өтуіне байланысты ауыр қайғыларыңызға ортақтасып, көңіл айтамын. Қазақ елі «Тұмаш» деп еркелеткен ардақты азамат, ұлттық поэзиямыздың өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан жыр алыптарының үркердей тобына жататын санаулы қайраткерлердің бірі еді. Сезім мен нәзік лириканың теңдессіз шебері Тұмағаңның өлеңдері көптеген жүрекке өшпестей жол салғаны шүбәсіз. Жан-дүниеңді үйіріп, рухыңды асқақтата білетін шыншыл да тәкаппар поэзиясы бұл күнде ұлттық мәдениетіміздің алтын қорына, халқымыздың рухани байлығына айналды. Қаламгердің өнегелі өмірі, жарқын бейнесі, ғибраты мол өміршең өлеңдері өшпейді деп білемін. Марқұмның жатқан жері жарық болып, нұрлы да мөлдір жаны пейіште шалқысын демекпін», деп, Елбасы Алаштың ақиық ақынының қазасына көңіл білдірді.

 Алтай елі Алыбын қимайды

Қайран Тұмаш аға! Сізді дүниеден озды деген қаралы хабарды естігенде Алтай елі есеңгіреп қалғандай күйді бастан кешті. Өйткені сізді, сіздің мөлдіреген жырларыңызды сүймейтін бүгінде қазақ баласы жоқ. Иә, сіздің таңғажайып мөлдіреген өлеңдеріңізді ең алғаш мектеп қабырғасында жүргенде оқып таңғалған едім. Адамның қолынан осындай да жыр жазу келеді екен-ау деп ойлағанмын сонда. Дәл сол күннен бастап өмір бойы сіздің аяулы есіміңіз жүрегімнің терең түкпірінде сақталғаны, жақын достарыма, сонан соң өзіме ғана ақиқат. Одан бері де қаншама жылдар өтті. Соңғы жылдары Шығысқа қызметке барғалы жазба ақындардың республикалық жыр мүшәйрасын жыл сайын өткізуді шұғыл қолға алдық. Алғашқы жылы жан досыңыз Қадыр ағамызбен Шығысқа бірге келдіңіз. Сол жолы екеуіңіз қатар бірге жүрдіңіздер. Сіздердің бір-бірлеріңізге айтқан ұтымды әрбір сөздеріңіз, әдемі қалжыңдарыңыз жырсүйер Шығыс халқының жүрегінде мәңгі жатталып қалды. Сол жолы қазақтың қара өлеңдегі қос алыбын өз көздерімен көріп қазақы Алтай елі бір серпіліп қалған еді-ау. Иә, бәрі де күні кеше ғана сияқты еді. Осыдан бір айдай бұрын сіз біздің Шығысқа Қадыр досыңызсыз келдіңіз. Қасыңызда болған аяулы жарыңыз Күлтай апамызбен бірге сіздің соңыңыздан еріп жыр жазып жүрген ақын-іні қарындастарыңыз болды. Неге екенін қайдам бұл жолы сіз өткен жылғы Қадыр досыңызбен келгендегідей бізге жарқылдап қалжың айтпадыңыз. Көзімізге жабырқаулау көріндіңіз. Оңашада оның себебін сұрғанымда «Қадыр досымды қатты сағынып жүрмін» деп едіңіз, Алтай тауларына мұңая қарап тұрып. Осы сапарыңызда Өскеменнің қақ ортасындағы саябақта, ашық аспан астында, халық алдында серпіліп бір жыр оқығаныңыз есімізде. Өскемендіктер сізді тағы да жақыннан көргеніне дән риза болған сол сәт те өте шығыпты-ау. Сол жолы ұшақтың трапында тұрып: «Алла жазса келесі жылы да келем ғой» - деп едіңіз, қайран Тұмаш аға!! Бірақ тағдыр бізді сізбен қайта кездесуді жазбаған екен. Сол сәтте сізді соңғы рет көріп тұрғанымды сезбеппін-ау. Біз сізді ешқашан да ұмытпаймыз. Сіз өзіңіз жаныңызбен сүйген халқыңызбен бірге мәңгі жасай бересіз. Өйткені сіз сонау «Студент дәптері» атты тұңғыш жыр жинағыңызбен-ақ халықтық асқақ та, биік мағынасы терең мәнді сөзді айтқан болатынсыз. Мен бүгін қазақ поэзиясының классигі Тұманбай Молдағалиевпен қоштасуға арналған осынау қаралы жиында қазақ халқына, Алаш еліне Алтай өлкесінің атынан көңіл айтқым келеді. Тағдырға не шара бар. Жатқан жеріңіз жұмсақ, алдыңыз пейіш, артыңыз халқыңызға жайлы болсын, асыл аға, ақын аға!

Ислам ӘБІШЕВ, Өскемен қаласының әкімі

Тұмадай мөлдір Тұмағам... 

«Өтті!» – дейді Тұмағам! Сене алмаймын, Осы болды-ау тосыннан келер қайғым. Енді Сізге сәлем де бере алмаймын, Енді Сізді Одақтан көре алмаймын. Қаралы бұл хабардан дала жанып, Түнгі оттарын, іздейді, қала жағып, Ақ жаңбырға ұқсайтын мінезің де Алматыда басылған жаңа жауып. Келген жастар өлеңге алып ұшып, Табысатын Сізбенен сағынысып. Жапырақ едік жайқалдық жағаңызда, Тұмаңыздан Тұмаға, қанып ішіп. Сөзі - нәзік, көңілі-ақ, кең жүрегі, Тұмағамның тұмасын ел біледі. Қылау түспес жаныңның терезесі, Өз көзәйнегіңдей мөлдір еді. Қара өлеңнің шекпенін бүтіндерміз, Тұмағаңды көргенбіз, «Шүкір» -дерміз. Кітаптарын жастанып, сырттай оқып, Тұманбайдың мектебін бітіргенбіз. Жәуһар сөзге қырандай таңдап түсіп, Өлеңіңді халқыңа арнап, құшып. Жүрегіңмен жазушы ең жырларыңды, Жүрегіңе кетті ме салмақ түсіп. Бұл жалғанның, Тұмаға, құны жоқ па?! Қалай ғана аттандың тым ұзаққа. Қайтқан құстың ілесіп қанатына Қайтып сен де кеттің бе жылы жаққа. Аттандың ба өлеңнің жәннатына, Ақын сөзі қосылды мәңгі атыңа. Өлең болып, ән болып самғап ұшып, Көктем сайын жетерсің Алматыңа. Мініп шаптың көсіліп, сырбаз атқа, Тамсадырып халқыңды жыр ғажапқа. Сезім қылын тербетіп самал болып, Сұлу әлем сыйладың бұл қазаққа. Өксігіміз жыласақ, басыла ма, Өлең болып көз жасы шашыла ма? Құралайың озған соң дүниеден, Тез қартайып кеттің-ау асыл аға. Көрінгенмен біздерге өмір - жаздай, Күз тез келіп қалады көңіл саздай. Қадыр ағам қайтқанда, қайғырып ең, Сыңарынан айырылған Қоңырқаздай. Желіп жүріп уақыттың жетегінде, Қоштаса алмай біз қалдық өтеріңде. Адам болып өмірді күліп бастап, Жылай да алмай қалдың-ау кетеріңде. Біз жылаймыз Сіз үшін жоқтап Аға, Жағып кеттің жырыңмен от далаңа. «Балдырғаны» қазақтың жетім қалды, Бәрі сізді жоқтап тұр, топқа қара. Інілерді ертіп ең соңыңа көп, Батаңды да беріп ең жолыма көп. Түсімде өзің ұшыпсың құсқа айналып, Қауырсының қоныпты қолыма кеп. Бабам қазақ қашан да түс жорыған. Түс жорыса, жақсы бір іс жорыған. Сізден қалған қауырсын қаламды алып, Түсірмейміз Ағатай, Құс жолынан. Жадымызда Сіз салған із жатталып, Жүрегіміз тұр біздің мұздап қалып. Көктемеде күлімдеп келіп едің, Құс сияқты барасың күзде аттанып.

Бауыржан Жақып

ӨЛЕҢІ ДЕ ӨЗІНДЕЙ ЕДІ

Өмірдің тәттілігін, тағдырдың қаттылығын тағы бір еске салып, қайғылы хабар жетті: «Тұманбай Молдағалиев кенеттен қайтыс болды» дегенде өзі жаралы сырқат жүрекке тағы бір сызат түсті. Қазаның жеңілі жоқ. Тұмағаңның қазасы аса ауыр болып тұр. Елу жылдан бері сыйлас қана емес, сырлас болған, тумай туысқан ағам еді. Асқазан жарасын емдетіп, ауруханадан кеше ғана шығып, жүрегіме ота жасатқалы отыр едім, есеңгіреп қалдым... Әлі есімде, ҚазМУ-дің студенті едім. «Жұлдызда» сүйікті ақыным Тұмағаңды сынаған мақаланы оқи салып, қарсы мақала жаздым да, қояр да қоймай жүріп, оны сол журналдың өзінде жариялаттым. Бір күні Тұмағаң университетке келіп, мені Күлтай жеңешемнің ауылына алып барды. Күлекеңнің анасы да, әкесі де Еңбек ері екен. Содан бері жарты ғасыр өтіпті. Студент кезімде Тұмағаңды туған күніме шақырып ем, ол Сағи Жиенбаевты ертіп келіп еді. Төбем көкке жетердей қуанған мен сонда достарыма мақтанып ем. Тұмағаңмен үйде де, түзде де бірге болып, бір дастархан басында сыр шертіскен қайран да, жайраң күндер-ай! Сірәда естен кетер ме?.. Тұмағамның өлеңі де өзіндей нұрлы еді. Жұмақта нұрың шалқысын, қош бол, жан Аға!

Сәбит ДОСАНОВ

Құстай нәзік жырлары мәңгі қалықтай береді...

            Қалың елге қадыры артқан Қадыр кеткенде, ең алдымен Тұмағаңа көңіл айтқанымыз кеше ғана секілді еді... Енді міне, қазақтың тағы бір ұлысы Тұманбай Молдағалиев өтті өмірден... Дүние – жалған деген осы шығар. Тұмағаңмен осыдан бір айдай бұрын Шығысқа бірге сапар шегіп едік. Бір тәуліктей жүретін пойыз жолында емін-еркін ағамыздың қасында болып, шәйін тасып, қызмет жасап едік. Қанша қызмет жасасақ та, ол кісі секілді карта ойнай алмай, «айыпты» болған да жайымыз бар еді. Сонда жол үстінде Тұмағаң өткен өмірінен біраз сыр шерткен болатын. Оның көбісін таяуда ғана «Жас қазақ үні» газетіне берген сұхбатында да баяндағандықтан мен әдемі де әсерлі әңгімеге дем беріп, қосылып отырдым. Мүмкін, ол сұхбаты Тұмағаңның баспасөз бетіндегі соңғы сыр ағытуы болар... Сол жолда бара жатып-ақ, Шығысқа арнаған шырайлы жырын оқып берген еді. Сол сұқбатында Тұмағаңның « Қадыр досым қайтыс боларынан екі апта бұрын маған хабарласып, ауырып қалғанын айтып, «Тұманбай, осы екеуміз бір адамбыз ғой» деді. «Иә, бір адамбыз» дедім мен. Сонда таң қаламын, оны неге айтты екен деп. Қадыр қазақтың әбедиет тарихындағы ұлы ақын еді...» деген сөздері бар еді. Енді қарап отырсақ, бір жылда дүние есігін ашып, бірге жүрген, жыр бәйгесінде қатар шапқан қос дүлдүл бір жылда мәңгілікке сапар шегіп барады екен... Кеше Әуезов театрының алдындағы Тұмағаңмен қоштасуға келген қалың ел жи­налған қаралы жиында Өскемен қаласының әкімі Ислам Әбішев толқып тұрып, әсерлі етіп айтып бергендей, Тұмағаң сол кезде Шығыстың ордасындағы әсем саябақта, ашық аспан астында ерекше сезіммен жыр оқып еді-ау... Жетпіс жетінің желкенін керген жүйрік ақын махаббат туралы мәйін мақаммен жыр оқығанда, еліткен елмен бірге, еріген еркесылқымдармен бірге жарты ғасырдан астам жансерігі болып, қасында қылау түсірмей баптап келе жатқан зайыбы Күлтай апамыз ақырын жымиып қана тыңдап отырған еді... Қайран дүние-ай, қайран ақын жүрегі-ай десеңші... «Арнайы жазып келген өлеңіңіз де жақсы еді, махаббатқа көшіп кеттіңіз ғой, әдемі екен»-деп едім, «Мына Қасымхан деген дәу «осыны оқы» деді ғой»-, деп жылы жымиды. «Ақындардың бәрі жақсы жыр оқыды. Әй, сенің «Жапандағы жалғыз үйің» мықты екен...» деді Тұмағаң. Мен де қарап қалмай, «Сіздің мектебіңіз ғой...» деп едім, «Енді ше?» деп жадырай күлген еді бала көңіл Тұмағам... Көгорай көктемде жыл құсымен бірге өмірге келген ақын, күрең күзде жыл құсымен бірге жылы жаққа, алыс сапарға аттанып кетті. Құстар қайтып барады... Құстар қайтып келеді... Құс пен бірге қазақ жырының аспанында Тұмағаңның құстай нәзік жырлары мәңгі қалықтай береді... Тұнық жырдың тұмасы – Тұмағамыз! Тұнықтықтан тұндырып жыр аламыз. Тұмағаңдар тұнығын жүзіп ішіп, Тұма жырды біз-дағы құрағамыз… Қатар шауып Қадырдай құрдасымен, Қатар кетті бір жылда ұлы ағамыз. Қадірін де біле алмай Ұлылардың, Өкінішпен өтерміз сірә да біз… Шалқи берсін пейіште нұрыңыз да, Шарықтасын өмірде жырыңыз да, Тек осыны, Алладан сұрағамыз… Кеніш болсын артыңыз, Тұмағамыз!

Қазыбек ИСА