АҚЫНДЫҚҚА ЖОЛ
2018 ж. 15 қазан
5672
0
Кең дала, көресің ғой ана жатқан, Жібектей жасыл шөптер бетін жапқан. Асқар тау, балдан тәтті сулары бар, Әне, сол анам еді мені тапқан.
Мағжан. «Айға».
1893 жылы, қазақша жылан жылы, маусым кіріп, табиғат шіркін шырайына еніп, қыздай құлпырған бір күні Арғынның Атығай деген танабынан тарайтын Өтеміс руының әлеуетті кісісі Жұмабай қажы шекпенін желбегей жамылып, сыртқа шықты. Сонау Сібірден құлайтын ит тұмсығы өтпес қалың орман бұл өңірде жүре жайылған қотан-қотан, топ-топ, үйір-үйір малдай ыдырай береді. Сондай бір аққайыңды қотанға арқа тірей қоныстанған ауыл әлі шырт ұйқыда. Тек бір ғана үй ояу. Есігінен анда-санда жаулықтары ағараңдап, әйелдер абыр-сабыр кіріп-шығып жүр. Бұл – қажының ортаншы баласы Бекеннің үйі. Пайғамбар жасынан асып, алпыстың бесеуін еңсерген қарт жүзінде бірдеңеге алаңдау бар. Әлсін-әлі отау жаққа көз қиығын тастап қояды. Гүлсім келіні кеше кешқұрымнан толғақ үстінде-тін. Босанар мезгілі жеткен сияқты еді. Осы бір ой манадан түртпектеп, мазасыздандырып көмейге тақайды да, бері шықпайды. Қарт көмейіндегіні енді шығармаққа ниеттеніп, ыңырана беріп еді, сол сәтте жаңағы айтайын дегенін баса-көктеп «бәсе!» деген сөздің лезде лып етіп аузынан қалай шыққанын өзі де аңғармай қалды. Отаудан шар еткен дауыс естілді. Артынан іңгәға басты. Іңгәлаған дауыс қоюлау. «Ер бала! Шүкір, тәубе!». Бекеннен көрген бұл төртінші немересі. Қарт ернін жыбырлатып, бетін сипады. Жылан жылғы маусымның жиырма бесінші жұлдызын жадында сақтау үшін ішінен үш рет қайталады. Ауыл молдасы азан шақырып, жаңа туған нәрестеге Әбілмағжан деп ат қойды. Жұмабай әулеті ол кезде ата қонысы Сасықкөлде отырған. Ырымшыл қазақ кейде тіл-көзден аулақ болсын деп, қимас қымбатына калай болса солай ат қоя салады. Әйтпесе бұл көл – мап-майда мөлдір сулы, мал-жанға жәйлі, жаз шыға айналасына ақбоз үйлер қаздай тізіліп қонатын ырысты айдын. Мағжан туғанда бұл аймақ Ақмола губерниясы, Қызылжар уезі, Сарыайғыр болысы аталатын. Содан Бейнетқор ауданына айналды. Қазір – Солтүстік Қазақстан облысы, Булаев ауданы, Мағжан ауылы Қызылжардан жүз елу шақырым жерде. Мағжанның арғы аталары Шонай, Өтеген, Өтеміс болып келеді. Одан әрі Атығай, Арғын. Осы тектерінен азды-көпті мәлімет қалғаны Шонай. Шонай – жуастығымен, аңғалдығымен ел ішінде мәтелге айналып кеткен кісі. Қашан да Шоқат деген еті тірі ағасына иек сүйейді екен. Құрбы-құрдастары қағытпаға салатын әдетімен: – Ау, Шонай, сен қашан қатын алмақсың? – десе: – Ә! Шоқат ағам әкеп береді ғой... – деп ағынан жарылады екен жарықтық. Сондай әкеден Жұмабай (1827-1899) өзгеше туады. Ат жалын тартып міне саудаға араласып, байи бастайды. Жұмабайдың Бекеннен өзге Баймағамбет (Батай), Нұрмағамбет (Телпекбай) деген ұлдары болған. Баймағамбет ағып тұрған өлеңші екен. Өмірден ерте аттаныпты. Қалыңдығы Тайғұл дегеннің қызы екен. Сол қалыңдығын төркінінен әкеле жатқан жолда қатты сырқаттанып, үйіне жете төсек тартады. Содан тұрмай, екі ай шамасында жан тапсырады. Өлерін сезіп, әйеліне жоқтауын өзі жазып қалдырыпты. Бекен де қара жаяу емес, жастығын серілікпен өткізген. Бозбала шағында шаруаға мойын бұрмай, ойын-сауық қызықты көп қуды. Жанынан өлең шығарды. Тостағандай көзінен от шашыраған қапсағай денелі, қошқар тұмсық Бекенмен кей той-томалақта жүрегі дауалап айтысқа түсуге жан табылмай қалып жүрген. Жұмабайдай әкесі еті тірілігінің арқасында иелікке тиген шағын шаруасын шалқытып жіберсе, бай атанса, сол дәулеттің арқасында қажыға барып қайтса, Бекен де өжет, өте пысық еді. Ол әке ізімен сауда жасайтын. Қоянды базарына жиі қатынайтын. Сол ұзын жолда ыңылдап өлең шығарады екен. Қалыбек алабөтен үш қамыс көл, Жолында Қояндының көп көрдім шөл. Ат айдап, арба майлап жатқанымда, Елдегі ойлай ма екен қыз бұраң бел? Бекен ата дәулетін асырды. Отыздың бел ортасында елге билік айтуға қолы жетті, болыстыққа сайланды. Бақыт құсы ғайыптан қона қалған жоқ. Бекеннің күш алғандығы сондай, болыстықты Қызылжар миллионері Қуанышевпен тайталаста жеңіп шықты. Мағжан анасы Гүлсім – Қызылжарда тұратын керей Әшірбек (Әшірбектің ағасы Құрманбайдан Мағжанның болашақ әйелі Зылиха туады) деген саудагердің қызы. Мағжан бойындағы серілік, ақындық қасиеттер әкеден болса, жүрегінің жұмсақтығы, нәзіктігі, жолдас, достыққа қалтқысыздығы, жұртқа қайырымдылығы осы шешесінен деседі. Бекен бертінде Гүлсімнің үстіне Қалима деген тоқал алған. Қалимаға қыз кезінде Бекен ғашық болған екен. Басқа біреуге айттырылып, қосыла алмаған. Осыған қатты қайғырған Бекен алғашқы махаббатын ұмыта алмаса керек. Күндердің күні Қалиманың (Есімі Бәтіш те болуы мүмкін. Анықтай түсу керек. Ш.Е.) күйеуі өледі. Мұны естіген Бекен ғашығының жасамыстығына қарамай, үйіне алып келеді. Онысымен қоймай: «Бұл менің қымбатты адамым!» деп отырады екен. Оған келіндері кейде күліп, кейде атасын сөгіп ренжісе, Гүлсім кәдуілгідей ара түсетін. «Қарияға ұнаса қайтесіңдер, тиіспеңдер!» деп өтінетін. Бекен Гүлсімнен жеті ұл, екі қыз көрген. Олар – Аба-мүсілім (Әпшаға), Күләндәм, Қаһарман, Мағжан (Әбілмағжан, Жәжекем), Мұхаметжан (Әтәтә), Сәлімжан (Сәлтәй), Күлбәрәм, Қалижан және кенжелері Сабыржан. Балаларының бәріне хат танытқан, оқытқан. Сәлтәй, Мұхаметжандар өлең сөзге таласы болмаса да, реті келгенде кәдуілгі ақындарша тіл безеуге шебер болған. 1930 жылы Сәлтәй Бутырка түрмесінде жатқан Мағжаннан хат алып, Мәскеуге аттанады. Қасына Зылиха жеңгесін ертеді. Бұлар алдымен осы қалада тұратын Әлихан Бөкейхановтың үйін тауып алады. Қуғын-сүргінді көп көріп, сақтыққа үйренген Әлекең гүрілдеген жуан дауысымен Сәлтайға: – Сен шынайы Қызылжардан келсең, бір бәйіт айтып бер, – дейді. Сонда Сәлтәй мүдірмей табанда мына өлеңді айтыпты: Айдалада өскен сіз бір бәйтерек, Қоныпты бұтағыңа бір көбелек. Қонғанда бұтағыңа сынып кетсең, Бәйтерек болғандығың кімге керек?!. Көзінен жас ыршып кеткен Әлекең құшағын жая беріпті. Мұхаметжан айтыпты дейтін шумақтар да ұрпақтарының есінде. Сәуле, Зәуреш деген қыздар жақын ағайын саналатын Мұхаметжанның үйінде тұрып, оқу оқып жүреді. Жастың аты – жас. Қыздар қыдырмаға салына бастайды. Осыған тосқауыл жасағысы келді ме, қыздар үйде жоқта дәптерлерінің сыртына мынадай жазу қалдырыпты: Зәуреш пенен Сәуле, Емес өмір бос әуре. Байқасандар, балалар, Бәрінен оқу – әулие. Оқуды бәрінен әулие санайтын қандай әдемі, өнегелі ұя еді осы әулет. Не керек, ұйтқыған дауыл астан-кестеңін шығарды. Бір Мағжан ғана емес, Аба-Мүсілім, Мұхаметжан, Қаһарман, Сәлтәй тозақ отына түсті. Момын, балажан, ер балалардың насыбайын жиі сұрап, жиі «әтпішу!» деп түшкіретіні үшін «Әпшаға» атанған Аба-мүсілім Ежов зынданынан қайтып шықпады. Хабар-ошарсыз кетті. Бойы екі метр бес сантиметр алып, Қаһарман десе Қаһарман, қашып жүрген жерінен қапыда ұсталып, атылды. Бұл – 1937 жылдың тамыз айында болған сұмдық оқиға. Осы айдың ішінде ұсталып, сотталып та үлгірген. Атылар алдында баласы Ғадылшамен жолығуға бес минөт рұқсат алады. Сонда жылап тұрған баласына айтқаны: «Жәжекемнің туысысың» дейді. «Басқа айыбым жоқ» деген. Аз уақыт өткен соң қайыра барған Ғадылшаға түрме жендеттері: «Әкең жер аударылды» дейді. Адресін сұраған балаға: «Адресін бере алмаймыз. Өйткені, сот үкімі бойынша хат жазу, хат алу құқынан он жылға айырылған» дейді. Он жыл да өтеді. «Әкем тірі» деп көңіліне медет тұтып жүретін Ғадылша кешегі Ұлы Отан соғысынан қан кешіп оралады. Сонда да әкеден еш белгі жоқ. Кейін КГБ архивіне рұқсат алғанда білді: Қаһарман, бейшара әкесі, сол 1937 жылдың тамыз айында атып өлтіріліпті. Балаларға «тәй-тәйді» көп айтуды жақсы көретіні үшін «Әтәтә» атанған Мұхаметжан және циркте ойнап, балуандық өнер көрсеткен күш иесі Сәлтәй сталиндік лагерьден еліне құр сүлделері қалғанда, Хрущевтің «жылымық» заманында әрең оралады. Басынан бағы тайған Бекен «алашорданың әкесі» деп кәмпескеленеді. Малын түгел сыпырып алады. Басқа мүлкінен жұрдай етіледі. Енді не істеуге керек? Бекен қашуға ұйғарады. Жан-жаққа бас сауғалайды. Мұхаметжан іргедегі Омбыға қашады. Орыс ішіне сіңіп кетуді ойлайды. Сәлтәй әкесін алып Қырғызстанға тартады. «Тартады» деу оңай. Бір түн ішінде қашқан оларда қандай жан болды дейсің. Әйтеуір өлместің қаразы. Көк жағалы ұзын етек милиционер көрсе, мүңкір-нәңкірден жаман қорқады. Өлдім-талдым дегенде, ол кезде Фрунзе аталатын Пішпекке жетеді. Құдай оңғарғанда, Бекеннің екі бірдей баласы – Қалижан мен Сабыржан сол Фрунзе қаласында оқуда болатын. Кейін Калижан ревизорлық қызметте істейді. Мансап жағынан өз мамандығы бойынша әжептәуір көтерілгені – Сабыржан. Ол Қырғыз республикасының жылқы шаруашылығы жөніндегі бас зоотехнигі қызметіне дейін жоғарылады. Оқудағы балаларын көріп, мауқын басқан Бекен ақсақал біраздан соң бөтен елді жерсінбеді. Әрі ауырып қалады. 1932 ашаршылық жылы үлкен бейнетпен еліне келеді. Алып қайтқан – Тоқабай деген жамағайыны. Қарт аш елдің ішімен жүрем деп әбден титықтайды. Қызылжарда Аба-Мүсілімнің баласы Махмұт темір жолда жұмыс істейтін. Әйелі Фәридә – ет комбинатында жұмысшы. Осы кісілердің қолында Бекен ақсақал. Сол 1932 жылы азғантай ауырып, бұл дүниемен коштасады. Үрім-жұрағатының тоз-тозы шыққан Гүлсім соғыс жылдары дүние салады (1944). Туған шешесі Гүлсімді Мағжан «Анама», «Ана» деген өлеңдерінде сипаттайды. Ренжу, кеюді білмейтін, бар сөзі «Жан балам!» дейтін сөзден ғана тұратын нұрлы жан. Сол үшін ақын перзентінің «Жаным анам – жібек тілді ақ көңіл» деген жыр айнасына түскен. Мағжан бала кезінде ұшып-қонып бір жерде отыра алмайтын тас қайнаттың нағыз өзі болған. Қасында отыратын кісі табылмай қалса, шешесі кереуеттің аяғына байлап кетеді екен. Естияр шағында күрт өзгереді. Ойға батып, тұнжырап жүретінді шығарады. Шелек әкел деп үлкендердің бірі жұмсаса, елек әкеледі екен. Айтылған сөзге көңіл бөлмейді. Балалармен ойнап кетуді ерте қойған. Жеке тұрып қалады. Сол үшін апасы Күләндәм Мағжанды «Марғау» атандырып жіберіпті. Ал Сасықкөлде Мағжан өзгеріп сала берді. Мөлдіріне ұзақ қарап, көл жағасындағы ақ маржан тастарды уыстап алып, иіскеп, көзін жұмып, рақаттанып тұрғаны. (Бұл әдетін үлкейген шағында да қоймаған). Табиғаттың өз тілі бар дегенге сенетін. Соны білуді, үйренуді армандады. Қаршадайынан әдетте үлкендерге тән мінез ерте бітті, білімге, оқуға құмарлығы оянды. Оның молда алдын көруі Лев Толстой әңгімесіндегі жасы жетпесе де, оқуға ынталылығы, зеректігі арқасында мектепте ағаларымен оқуды бірге оқыған кішкентай Филипппокты еске түсіреді. Алтыға қарай бастаған Мағжан ауылдың дүмше молдасы Кәрімнің сабағына бас сұғып жүреді екен. Кәрім қағазға үлкен етіп араб әрпін түсіріп, оны айырық жасаған таяқ басына қыстырып, балаларды содан оқытып үйретеді екен. Бір күні қызық оқиға болады. Молда бір араб әрпінің сөз аяғында қалай жазылатынын көрсет десе, шәкірт бала мадқапыда жауабын шатастырып алыпты. Сонда кішкентай Мағжан «Мен айтайын ба? – деп молдадан рұқсат сұрайды. Осы мұрынбоқ не біледі дейсің дегендей, селқос: «айтып көр!» – дейді. Жауабын мүдірмей дұрыс берген Мағжанға қайран қалған молда бұл оқиғаны атасы Жұмабайға жеткізеді. Сонда Жұмекең: «Осы немерем менің атымды дүниеге әйгілі ете ме деп дәметем. Оқыт. Оқысын» деп батасын беріпті. Сөйткен кішкентай Мағжанға оқу оңайға түскен жоқ. Сабақтың өзі емес, сабақты жүргізу тәртібі. Шамадан тыс қаталдығымен құртақандай баланы шошытып жіберсе керек: Мағжан тіпті есейген шағында да «сабақ», «молда» деген сөздерді естігенде денемізге суық су құйып жібергендей тітіркенетін едік деп, қоймайды екен. Осы сезімі енді өзі педагог болғанда мынадай сөздерге құйылыпты: «Таң атқаннан күн батқанша, көк шыбық сынғанша сабайды. Баланың көзі кітаптан кішкене бұрылып кетсе, салып жібереді. Жап-жас ойын баласы бір нәрсеге езу тартып күлсе, салып жібереді. Қарғыс тигір көк шыбықтың сорлы баланың арқасына шып-шып тимейтін шағы бар ма еді?! Көк шыбық тиген сайын қайқаңдап, жас жүрегіміз елжіреп, көзіміз ыстық жасқа толып, зәреміз кетіп, әлбісін-ә, әлбісін-ай деп талайымыз отырмап па едік?! Молда атын көтерген хайуан бар күшімен құлағымыздан тартқанда, тістеніп тұрып тілімізді тартқанда, талайымыздың құлындаған даусымыз құраққа шықпайтын ба еді?» (Мағжан Жұмабаев. «Педагогика. «Баланы тәрбие қылу жолдары». Екінші басылуы. Ташкент. 1923 жыл. Түркістан баспасөз махкамасы. 87-бет). Сонда да шәкірт Мағжан оқуын үзбеді. Білімге құмарлық үрейден үстем түсті. Қалайда Мағжан ауыл молдасынан қара танып шығады. Бекен ауылында әжептәуір мектеп салынған-тын. Соған білімдірек молда іздестіре жүріп, Данияр деген қажының ауылында мұғалімдік етіп жүрген Ахия Аханов деген кісіге жолығып, ауылына шақырып алып келеді. Бекен Ахияның шығыс тілдеріне жүйріктігіне қызықса, Ахияны тәуір жалақы мен Бекен салдырған мектеп үйі қызықтырады. Ол кезде мұсылман мектептерінде оқу мерзімі екі жылдан бес жылға дейін созылатын. Мағжан алты жастан бастап оқыды дегеннің өзінде (кейбір жерлестері төрт жастан оқыды дейді), оның ауыл мектебінде оқуы 1905-1906 жылдары тәмәмдалған. *** Мұсылман мектептерінің жайы белгілі. Бала әріпті білгенімен, араб сөздерін айтуға тілі жаттыққанымен, яғни «тілін сындырғанымен», оқып отырғанының мәнісіне түсініп жетпейді. Қазақтардың «қара таниды» деген сөзі де, сірә, содан қалған болуға керек. Ауыл мектептерін бітіргендердің көбі артынан жаттағандарын тез ұмытып кететіні содан. Өйткен соң сауатсыздар көбеймегенде қайтеді. Әйтпесе, XIX ғасырдың екінші жартысында қазақтың әр ауылында молда болған. Шоқан Уәлихановтың солай деп жазғанын білеміз. Намысқой Бекен бір жағы ауқатты адамдардың балаларын медресеге беруді жиілеткенін ескеріп, бір жағы баласының талабын қимай, Қызылжарға бет түзеді. Онда жадид молда Қасен Панамарұлының медресесіне оқуға түсірді. Мағжан Стамбул университетін бітірген имам Мұхаметжан Бегішовтің медресесінде де оқыған. Медресенің біздің ұғымымызбен шартты түрде бастауыш (Ибтидия), орталау (Рошдия), орта (Икдадия) түрлерінің әрқайсысында үш-төрт жылдан оқуға міндетті екен. Сонда Мағжан мұсылмандық жоғары мектеп – Ғалияға түскенге дейін он жыл уақытын сарп етуге тиісті болған. Бірақ зерек шәкірт бұл қашықтықты әрі кеткенде 6 жыл көлемінде етіп шыққанға ұқсайды. Олай деуге дәлел – медресе Ғалияда Мағжан 1911-1912 жылдары оқыған. (Бұл мәліметті біз Мағжанның абақтыда жатып тергеушіге берген түсініктемесінен алдық). Ескі медреседе араб тілі мен мұсылман құқы (шариат) оқытылатын. Парсы, түрік тілдері үйретілетін. Сонсоңғысы – арифметиканың төрт амалы... Оқу программасында тарих, жаратылыстану пәндері атымен жоқ-ты. Шығыс елдерінің соңғы үш ғасыр бойы Еуропадан әлдеқайда артта қалуының бір себебі оқу жүйесінен ғылымның аласталуында еді. Мұсылман оқу жүйесінен өңшең көк езу қарилер шығатын. Ғылым артта қалған соң, экономикаң да, мәдениетің де артта қалып сорламағанда қайтушы еді?! Мағжанның бақытына қарай, ол медресеге түскенде мұсылман әлемінде игі өзгерістер жасала бастады. Медресе «усули жадид» – төте оқу үлгісі бойынша химия, физика, математика, география т.б. жаратылыстану пәндерінен жүйелі білім беруге көшті. Ал медресе Ғалияда орыс тілі мен әдебиетінің оқытылуы жастардың болашағына жаңа өріс ашқанын дәлелдеп жатудың қажеті аз шығар. Медресе Ғалияның қабырғасында оқи жүре Мағжан Жұмабаев тапқан үлкен олжа – ол әдеби ортаға енді. Әдеби процестің бүге-шігесіне қаныға бастады. Мұнда ол тамаша дос-пікірлестер тапты. Бір Ғалымжан Ибрагимовпен танысудың өзі неге тұрады. «Зәки шәкірттің медреседен кетуі» деген әңгімесімен жұрт көзіне түскен Ғалымжан Ибрагимов өзінен алты жас кіші Мағжан Жұмабаевтың ақындық зор болашағына татар әдебиетінде алғаш қол қойғандардың бірі. Ол Мағжанның тұңғыш өлеңдер жинағы «Шолпанның» (1912) жарық көруіне қолғабыс етті. Өзінің «Қазақ қызы» (1924) романына эпиграф етіп Мағжанның «Айға» өлеңінен шумақ алуы бір жағынан жас ақынға көрсетілген ізет ишарасы еді. Оқуға зерек адамның білсем, молықсам дейтін талабы үдемесе, кемімейді. Ыстық күні шөлдеген адам сусынға қанбайтыны сияқты, оқуға деген құмарын Мағжан өмір бойы баса алған жоқ. Бір ғажабы, қаланың оқуына ынтық болғанымен, өзіне қырғи қабақ еді. Шикізат өңдейтін зауыттары көп Қызылжар сол кезде-ақ түтінін бұрқыратып, иіс-қоңысымен қолқаны аттырып, жүрек айнытуы аз кезікпейтін. Жарты мыңнан аса сауда орындары да далаға әлдебір оғаш мінез әкеле бастаған. У-шуы, ың-жыңы бас айналдыратын қалаға сахара перзенті бойын үйрете алмай-ақ қойды. Қаланың тас бауыр мінезі, сатқындығы, әйел екеш әйелдерінің бетінен мөрі кетуі тіптен жирендіретін. Бүгін біздер экология дейтін проблема сол кезде-ақ ақын басын ауырта бастаған. Ақыры жүрек сарынына айналып, «Айда атыңды, Сәрсембай» атты өлең туғызды. Сәрсембай – Мағжанның әкесі Бекеннің атқосшысы. 1910 жылғы мамыр айында Мағжан жоғарыда айтылған Мұхаметжан Бегімов медресесін тәмамдады. Содан алдын ала хабарланған Бекен Мағжанды алып қайтуға көлік жіберген. Қасында Бекмұхамет Серкебаев (болашақ халық артисі Ермек Серкебаевтың әкесі), медресе бітірген екі жас ауылға асыға аттанады. Сол Бекең ақсақалдың айтуында, Қызылжардан шыға жол бойы үндемей тұнжырап келе жатқан Мағжан, ауылдағы үйіне түсе салысымен қой сойылып, табақ тартылғанша осы өлеңді жазып, жиналған жамағайынға оқып берген екен. Қала, дала тақырыбы содан бері Мағжан қаламына талай рет ілікті. Ақын адамзат ертеңіне елден бұрын жүреді. Болашақ қауіпті жұрттан бұрын сезінеді. Бірақ көптің құлағы ауырлау ма, жүре тыңдайды... Сонымен, ауыл мен Қызылжар оқуын Мағжан тауысты. Алдында жол сайрап жатты. Оң мен солға қарауға үйренді. Үлкен олжасының бірі – тіл. Жаңа тіл үйренгенің – жаңа дүние ашқаның. Ауылда үш жыл бойы Ахия Аханов Мағжанға арабшаны білдірсе, Қызылжар медресесінде бұл тілге зерек шәкірт жетіге түсті. Татар тіліне төселу арқылы не қилы мәдениетке қол созды. Өзі ер түрік дейтін халық тарихымен танысты. Бұл кезең жөнінде анықтай түсетін нәрселер әлі көп екендігін құлаққағыс етуді жөн деп білем. Мағжан 1929 жылы 14-шілдеде берген жауабында 1909 жылға дейін ауылда әкемнің төңірегінен ұзағаным жоқ, ауыл молдасынан сабақ оқыдым дейді. Ал 1938 жылы бұл мәлімет басқаша беріледі. 1908 жылға дейін ауылда және Петропавловскіде оқыдым дейді. Өңге құжат әзірше қолға ілікпей тұр. Оның керектігі – даталар бір-бірімен үйлеспейді. Мағжан 1929 жылғы 14-шілдеде «1910 жылы Петропавловскіде, 1911-1912 жылдары Уфада оқыдым, әрі семинарияға оқуға түсу үшін орыс тілінен даярландым» дейді. Сонда Қызылжарда бір ғана жыл оқыған болып шығады. Осыны ескере отырып, жоғарыда біз Мағжанды бір кісідей білетін шәкірті Сәбит Мұқановтың деректеріне сүйенуді жөн деп таптық. *** Медресе Ғалияға мол даярлықпен келген Мағжан ендігі білімді орыстан іздеу керек екенін түсінді. Әрі «абыз», «халфе», «мүдәріс» атануға зауқы соқпады. Есіл-дертін өлең баурап алды. 1909 жылы Абай Құнанбаевтың өлеңдер жинағы жарық көрді. Бұрын да үзіп-жұлып оқып жүрген ақын өлеңдері көктемгі далаға төгілген күн нұрындай әсер етті. Дәп сол жылы Ахмет Байтұрсыновтың «Қырық мысалы», Міржақып Дулатовтың «Оян, қазағы!» жарық көріп, қазақ ұлттық санасын және бір саты көтеріп тастады. Бұлардың Абайдан бастап қай-қайсысы да орыс мектебін басқыш етпесең, көркемдік биікке көтеріле алмайтының айдан айқын деседі. 1910 жылы судьяға аудармашы қызметін істеу үшін Қызылжарға қайтып оралғанда «Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан» дегендей, Мағжанның алдынан Міржақып шықпасы бар ма. Патша әкімдерінің тепкісінен болса да, әйтеуір осы кісіні жолықтырғаны болашақ зор ақын тағдырына айтарлықтай әсер етті. Жиырманың бесеуіне енді көтерілген Жақаң қазақ қауымына сол кезде-ақ белгілі беделді болатын. Ресми түрде қарағанда судьяға тілмаш қызметінде істеп жүрсе де, шын қызметі – ел қамы екенін жұрт мойындай бастаған. Міржақып пен Мағжан араларындағы сегіз жас пен есептеспей-ақ, тонның ішкі бауындай жарасты. Ол аға, бұл іні бола кетті. Бас кезде Міржақып орыс тіліне үйрететін мұғалімі болса, бара-бара жас қыранды баулитын құсбегіге айналды. Ел тарихы мен нақты өмір барысын іштей байланыста қарап қорытуға төселтті. Содан исі Алаш алдындағы міндеттерді миына сіңірді. Мағжанның әдебиет табалдырығын тұңғыш аттағаны осы кез шамасы. Сұлулық әлеміне әркім әр түрлі жолмен келеді. Ромен Ролланның жазушылық жолы Лев Толстойға хат жазып, жауап алуынан басталған деседі. Пушкиннің дуэльде қаза табуы Лермонтовтың қайғы-ызадан жаралған поэзиясының көзін ашады. Мағжан өлеңінің тиегі қалай ағытылғанын Сәбит Мұқанов қызғылықты әңгімелейді. Сәбеңнің айтуында, Мағжан ақындығын қозғауға екі түрлі себеп болған. Біріншісі – елдегі бір ғашықтық хикаясы. Оны Сәбең былайша баяндайды. Жұмабай қарт алпыс сегіз жасында жас иістеніп дегендей тоқал алса керек. Сол тоқалдан Ғазиза деген қыз туады. Өте бауырмал, мінезге бай және үріп ауызға салғандай сұлу апайы болашақ ақынның жүрегіне хор қызы бейнесін орнатады. «Қыз – өмір гүлі» деген нақылды сол апайының айрықша көркемдігінен ұғады. Ғазизаның ғашықтары көп еді. Солардың бірі болып, Ғали деген саудагер жігіт қырындайды екен. Ғали – бұл әулетке етене жақын жігіт. Жұмабай ақсақалдың өзінің туған балдызы. Бәйбішесінің інісі болып келеді. Сондығынан ба, әлде басқа себептен бе, Ғалидың Ғазизаға қырындауын Жұмабай әулеті жақтырмайды. Жұмабай 1899 жылы, жаңа ғасырға бір жыл жетпей дүниеден өткен. Ендігі билік мал-жанды Бекеннің қолында-тын. Ғазизаның тағдырын сол шешті. Қалың малының көптігіне қызығып, қарындасын Қызылжардың Есентай деген байына тоқалдыққа беріп жібереді. Ғашығынан айрылған Ғали, шын қиналса, соқыр көзден жас шығадының керін келтіріп, өлең шығарады. Өлеңі татар тіліндегі «Уақыт» деген газеттің «Әдебиет қапшығы» бөлімінен жарық көреді. Міне, осы атышулы оқиға – апасының көзінің жасын көл қылып, шалға тоқалдықка кете баруы, Ғалидың төбе-құйқаны шымырлататын зарлы өлеңі сезімтал, әсершіл Мағжанды қатты тебірентсе керек. Ішіне сыймай бұрқаған сезімі қағазға өзінен-өзі жыр болып төгіледі. Екінші себеп, ол – ақынның ақынға әсері. Сәбең: «Мағжанның ақындығын қозғауға екінші себеп – Міржақып болуы керек» деген жорамал айтады. (Мұқанұлы Сәбит. «XX ғасырдағы қазақ әдебиеті», I бөлім. Ұлтшылдық, байшылдық дәуірі. «Қазақстан» баспасы, 1932 жыл, 209-бет). Муза қонса, табиғат сыйы. Абай, Ахметтердің ықпалы өз алдына әңгіме. Осының бәрін ескергенде, бұл, әрине, дұрыс жорамал. Міржақып – жазушы, ойшыл, қоғамдық қайраткер, жан-жақты адам. Оның Мағжанға ықпалы да жан-жақты. 1911 жылы Міржақып Семейде ұсталып абақтыға қамалғанда «Жауға түскен жанға», «М.Д.-ға хат», «Тұтқын», ал Жақаң Семей түрмесінде бір жарым жыл сарғайып жатып, ақыры тордан босанды деген хабар алғанда зор қуанышқа бөленіп, «М.Д. абақтыдан шыққанда» деген өлеңдер жазуы жас ақынның ағаға махаббатын паш етуімен бірге, оның насихатын да қанына сіңіргенін көрсетеді. Сондағы «Көбейсін елде қайратты ер» деген тілекті жас автор өзіне де арнап айтқан.Шериаздан Елеукенов, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты
qazaquni.kz