«Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен жиын өтті. Онда Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында көрсетілген міндеттердің маңызы кеңінен талқыланып, халыққа түсіндіру жұмыстарын бірлесіп атқару жайы сөз болды. Сондай-ақ партия мен Жазушылар одағы арасындағы ынтымақтастықты нығайту туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
«Нұр Отан» партиясы мен Жазушылар Одағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
2018 ж. 10 қазан
3034
1
Отырысты ашқан Мәулен Әшімбаев биылғы Жолдауда қоғамда қызу талқыланып жүрген ең өзекті әлеуметтік мәселелер қамтылғанын, оларды шешу үшін Елбасының нақты шаралар ұсынғанын айтты.
«Елбасының Жолдаудағы әр ұсынысының стратегиялық маңызы зор. Мәселен, ең төменгі жалақыны 1,5 есеге көбейту – миллиондаған қазақстандықтың тұрмыс деңгейіне оң әсерін тигізетін шара. Сол сияқты, денсаулық сақтау мен білім беру саласына бөлінетін қаражат та көбейетін болады. Бұл шаралардың бәрі жүйелі түрде Қазақстандағы әлеуметтік жағдайды одан әрі дамытуға тың серпін береді», – деді Мәулен Әшімбаев.
Одан бөлек, жиында Жолдаудағы басымдықтарды жүзеге асыру – елімізді әлемнің ең дамыған елдерімен теңестіретін аса маңызды қадам екені айтылды. Сол себепті де «Нұр Отан» партиясы Мемлекет басшысының сенімді саяси тірегі ретінде Жолдаудың мәні мен маңызын халыққа кеңінен түсіндіріп, Елбасы ұсыныстарын жүзеге асыруға үлес қосып, осы бағыттағы жұмыстарға жүйелі түрде қоғамдық бақылау жүргізетін болады.«Нұр Отан» бұл жұмыстарды еліміздегі жетекші саяси партиялармен, қоғамдық бірлестіктермен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп жүзеге асырмақ. Өйткені мұндай ауқымды жұмысқа бүкіл қоғам болып жұмылудың берері мол екені сөзсіз.
«Елдің игілігіне бағытталған бұл істен Жазушылар Одағы да тыс қалмайды деп сенеміз. Өйткені халыққа ең жақын топтың бірі, сіздер, яғни ақын-жазушылар екені белгілі. Бүгінгі кездесуіміздің де басты себебі – осы Жолдаудың басымдықтарын талқылап, халыққа түсіндіру бойынша бірлескен жұмыстарымыздың бағыттарын айқындап алу», – деді Мәулен Әшімбаев.
Елбасы Жолдауда «Рухани жаңғыру» бағдарламасын әрі қарай жалғастырып, оның аясын жаңа мазмұнмен және бағыттармен толықтыру қажет екенін айтқаны белгілі. Сол себепті бұл басқосуда партия мен Жазушылар Одағы арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, алдағы жұмыстың басым бағыттары айқындалды. Бұл ретте партия ақын-жазушыларды қолдау мақсатында төрт бірдей жоба ұсынып отырғанын айтты.
Бірінші жоба – партия жас ақын-жазушыларды қолдау, оларды ынталандыру мақсатында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында арнайы байқау өткізуді ұсынып отыр. Сол арқылы аталған бағдарламаның мәні мен маңызын және оның құндылықтарын кеңінен дәріптеу және жас ақын-жазушыларға жүйелі түрде қолдау көрсету көзделген.
Екінші жоба – «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында Жазушылар Одағымен бірлесіп «Астана» телеарнасынан көрсетілетін арнайы телебағдарлама дайындау.
Үшінші жоба – қазіргі заманғы технологиялардың көмегімен YouTube-те арнайы канал ашып, рухани жаңғырудың құндылықтарын насихаттайтын, идеологиялық, тәрбиелік, ағартушылық маңызға ие, ұлттық кодты сақтап, білімге деген құштарлықты арттыруға үлес қосатын бастамаларды жүзеге асыру.
Төртінші жоба – партиялық бастамалар аясында жаңғыртылған еліміздегі кітапханаларда ақын-жазушылармен кездесулер, түрлі шығармашылық кештер өткізетін арнайы клубтар құру.
«Бұл жобалардың барлығын жас ақын-жазушыларымызға беріліп отырған мол мүмкіндік деп есептейміз. Сондықтан осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, алға қойған мақсаттарымызға жету үшін бірлесіп жұмыс істейік», – деді Мәулен Әшімбаев.