Қазыбек Иса. Қайда кеттің, қайран менің жастығым?
2018 ж. 11 қыркүйек
5577
2
Өмір - өлең
ЕЛУДЕН АСЫП БАРАМЫЗ…
Елу деген жастан асып барамыз,
Өткен күндер – енді бүгін бәрі аңыз…
Қарауменен қабағына уақыттың,
Жазылуда жүректегі жарамыз…
Елу деген жастан асып барамыз.
Әлі бізге елік қыздар жабысып,
Кеудемізден қалықтайды ән ұшып.
Сезім деген сезбейді екен жасыңды,
Елу мен Ес келе жатыр алысып…
Асулардан қиындықсыз асты кім,
Балдәуренді аңсап талай басты мұң.
Аттан түспей шауып келе жатырмыз,
Қайда кеттің, қайран менің жастығым?
Кетті жылдар –
Жүрегімнің бар мұңы.
Келер жылдар толтыра ма ал мұны,
Тартады әлі баяғыдай таң нұры.
Есею де Ерге әдемі екен ғой,
Қырға шықсаң көрінбей ме барлығы?!.
Елу деген жастан асып барамын,
Естілуде елге мынау бар әнім.
Жүрегімнің бар екенін білдіріп,
Қарамашы бұлай маған қарағым.
Елу деген жастан асып барамын.
Елу деген Ердің жасы екен ғой,
Өмір осы –
Өткен күнге жетер ме ой?
Шашыма аппақ шаштың арай, ал енді,
Көз алдымнан көркем әлем көтер бой.
Кеткен өтіп керемет бір шағымды әр,
Сағынғанмен жеткізбейді сағымдар…
Бақытты етер бал қыздар мен нар ұлдар,
Азабыма көну үшін менің бар,
Ғажабымды көру үшін менің бар,
Бар сұлуды жеңіп шыққан жарым бар.
Жанымызды сыздатса да жақын күз…
Ару көрсе ақыл қашқан ақынбыз.
Тереңдікте тұнып аққан өзендей,
Кемелдікке кетіп бара жатырмыз…
Қазыбек ИСА
09.09.2018.
Qazaquni.kz