Асқат Кәукер: Қазаққа жетер дала кең...
2018 ж. 11 қыркүйек
2790
0
Қытайдың қимай ақшасын,
Қытайда қалсын қақ басың,
- деп апам күйіп жүруші ед,
Туысы келмей жатқасын.
Апаның сөзі шын болды,
Туысқа ауыр сын болды.
Ақшасы түгіл қу басын,
Жеткізіу деген мұң болды.
Армысың, тауым Еренім,
Бармысың бауыр өз елім.
Ойласам қиын халіңді,
Жанады от боп өзегім.
Сезеді сұмдық қу ішім,
Ұстауға жетпей уысым.
Жат бауыр болып кете ме,
Жатыры бірге туысым.
Боялған қанмен туы бар,
Саяси сайқал у-ы бар.
Жұқарған ұлттық санасы,
Шәйіліп бір күн жуылар.
Жаралдың неден аңғырт боп,
Марғаудан бетер салғырт боп.
Не тілі, не діні жоқ,
Ұрпағың барады мәңгүрт боп.
Көшейік деуші ем ел барып,
Көшпеймін деуші ең жер қалып.
Боласың деуші ең сен ғарып,
Көшпедің сүйтіп кері бағып.
Туысты туыс көре алмай,
Өлісін тірі қөме алмай,
Табылсақ етті әйтеуір,
Тарпымыз құрып жоғалмай.
Ерлердің көбі айдауда,
Ездердің аузы майлауда,
Қасаптың малы секілді,
Қалдың-ау жіпсіз байлауда.
Өз елің сені шақырды,
Туысың кел деп аһ ұрды.
Ақылды болып жүргенде,
Тапқаның осы ақырғы.
Бабаның сөзі рас-ты,
Қаптаған қытай қыр асты.
Жатып бір алдың табандап,
Созсамда қанша құлашты.
Қазаққа жетер дала кең,
Сезбедің соны санамен.
Табалау емес айтпағым,
Жазамын окпе, наламен.
Бұл заман бір күн оңалар,
Көңілден қайғы жоғалар.
Сол күнге тағы тәубә қып,
Туысым көшпей "омалар".
Сонымен өтер бұл дәурен,
Көңілді алаң қинаумен.
Отаным аман болсыншы,
Қазақты жүрген жинаумен.
Асқат Кәукер