Дулат Исабеков туған жерінде шығармашылық үйі – өз кітапханасын ашты
2018 ж. 19 тамыз
4626
0
Ұлы дала перзенті, есімі Қазақ Еліне һәм Орта Азия мен Еуропаға мәшһүр жерлесіміз – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты және халықаралық ПЕН клуб пен Платиналы «Тарлан» сыйлықтарының лауреаты, белгілі қоғам қайраткері, драматург-жазушы Дулат Исабековтің туған жерінде кітапханасы ашылды.
Руханияттың бастауында тұратын кітапхана үйінің ашылу салтанатында Түркістан облысының зиялы қауымы, сондай-ақ Астана, Алматы төрінен арнайы ат терлетіп келген елімізге танымал ақын-жазушылар, атап айтсақ Еркінбек Тұрысов, Бексұлтан Нұржекеев, Мархабат Байғұт, Құлбек Ергөбек, Қасымхан Бегманов, Қазыбек Иса сөз сөйлеп, қаламгерді қуанышымен құттықтады.
– Дулат ағамыз бақытты жазушы. Пьесалары былтыр Лондонда қойылып, Лордтар палатасы мінбе ұсынғаны өз алдына, өз елінде қаншама буын ұрпақты өз шығармаларымен тәрбиелей алған қаламгер. Дулат Исабековтің «Қарашаңырақ», «Бекет», «Ащы бала» әңгімелерін оқып өскен біздер үшін классик жазушының құрметіне осындай кітапхананың ашылуы зор мәртебе. Бұл кітапхананың туған жерде ашылуының өзі заңдылық. Себебі, қаламгердің шығармаларындағы кейіпкерлердің бәрі де осы ауылдың тұрғындары, өз ауылдастары. Бұл кітапханадан төңіректегі ауыл тұрғындары рухани азық алып қана қоймай, жазушының өмірімен, шығармашылығымен етене жақын таныса түседі деп ойлаймын, - деген облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков өңір басшысы Жансейіт Түймебаевтың сыйлығын тапсырып, құттықтау хатын оқып берді. «Сіздің шығармаларыңыз өмірдің өзінен алынған. Айналадағы күнде көріп жүрген құбылыстар өзіндік құнарлы да қарапайым тілі мен әлеуметтік деңгейге дейін көтерілген шыншыл туындылар. Ұлтының көкейіндегі ойын айтып, жоғын іздеуден танбайтын, терең ойлары мен қалам қазынасын қатар ұстап, үнемі сергек жүретін әйгілі жазушы әдеби орта мен жалпы оқырман ықыласына бөленген бақытты жазушы деп сеніммен айта аламыз. Алдағы уақытта да еліміздің өсіп-өркендеуіне қосатын үлесіңіз еселене түседі деп білемін» - деп жазылған құттықтау хатта.
– Біраз шығармаларымды бастап қойып едім. Соны жалғастыратын жайлы орын осы жер болғалы тұр. Шығармашылық үйіме айналады. Ауылға жылына кем дегенде екі рет келуге тырысатынмын. Бала-шағамды ертіп туған жерді жиі таныстырып жүрміз ғой. Дегенмен, мына кітапхананың, шығармашылық үйімнің орны бөлек. Түркістан облысының басшылығына үлкен алғысымды айтамын. Көптен бері ойда жүрген, біраз жыл бұрын қолға алынған жоба еді. Игілікті іс сәтімен бітіп, бүгін, міне, ашылып отыр, - дейді іс-шарада толқу үстінде жүрген Дулат аға қуанышын жасырмай.
Игі шарада сөз алған белгілі жазушы Бексұлтан Нұржекеев «Игі істердің бәрі де Оңтүстік өңірінен басталатынына тағы бір көз жеткізіп отырмын. Жазушысын құрметтеу деген осындай-ақ болсын. Рухани жаңғыру деген осы. Ұлттың ұстыны бола білген азаматтарды өлген соң «арысымыз еді, батырымыз еді...» деп жатамыз. Құрметті осылай көзі тірісінде көрсетіп, өзі барда батасын алып жасаған дұрыс» деген тілегін білдірсе, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұт «Мені әдебиет әлеміне енгізген Дулат Исабеков» деп, ағынан жарылды. Ал, филолог ғалым, әдебиет сыншысы Құлбек Ергөбек қаламгерді үлкен құрметпен туған ауылынан осындай кітапхана ашып беріп отырған облыс әкімі мен нысанның құрылысын жүргізуге үлесін қосқан Арыс қаласының әкіміне алғысын білдірді. Өз кезегінде белгілі ақындар Қасымхан Бегманұлы, Қазыбек Иса және тағы басқа өнер адамдары арнау өлеңдерін, жырларын оқып, жиналған дүйім жұрттың құлақ құрышын қандырды.
Кітапхана әрі мұражай ретінде салынған үйде Дулат Исабековтің кітаптары мен түрлі марапаттары, өмірі мен шығармашылығы һәм түрлі кездесулер мен салтанатты шаралардан сыр шертетін құнды дүниелер қойылған. Жазушының жұмыс істейтін және демалатын бөлмелері де талапқа сай жабдықталған. Алдағы уақытта бұл рухани орын әлемнің әдеби жауҺарларымен толыға түсетін болады. Мұнда қазірдің өзінде қазақ және әлем жазушылары мен ақындарының кітаптары аз емес. Оның үстіне 2500 кітапты жазушының өзі тарту етіп отыр. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде қолға алынған маңызды іс-шараға ауылдағы ел ағалары мен оқырман қауым шексіз ризашылығын білдірді. Біртуар тұлға – Дулат аға да өзіне құрмет көрсеткен жерлестері мен оқырман қауымға, облыс басшылығына алғысын айтып, шығармашылық үйінде түрлі тақырыптағы еңбектерін жалғастыратынын жеткізді.
Күй тартып, би билеп, салтанатты шараны әнмен әдіптеген Арыс қаласының өнерпаздары дария дарын, тума талант, сарқылмас қазына, тұмса шежірелігімен Лондонды, қала берді әлемді мойындатқан жерлес жазушыға лайықты құрмет көрсетті.
"Арыс ақиқаты"