ҰЛЫ АҒАМЕН БОЛҒАН ҰМЫТЫЛМАС КЕЗДЕСУ
2018 ж. 13 шілде
8520
2
«Қарапайымдылық, мейірім мен шындық жоқ жерде ұлылық жоқ» Л.Толстой.
«Бір ауыз сөзін бетпе-бет отырып, бір рет тыңдасам, көкейде жүрген кейбір сұрақтарымды қойып, құмардан шықсам» деп жүрген адамдармен Алла сәтін салып кей-кейде кездесіп те қаламын. «Жақсыдан – шарапат» дегендей, талайға арман болатын осындай кездесулерге кезінде аудан әкімі қызметін атқарған С.Ибадуллаев ағаның көп септігі тиген еді. Серікбай ағаның тұсында бір мен емес, әдебиетке жақындау талай шардаралықтар қазақ өнерінің алыптарымен, ақындарымен жүзбе-жүз кездесті, бірқатарымен дастарқандас болуды да нәсіп етті Жаратқан. Өмірімде есіме түскен сайын сағындырып кететін екі кездесу болды. Екеуі де қара өлеңнің қасқа нары, ғұлама ақын Қадыр Мырза Әли ағамызбен кездескен сәттерім. Жыл сайын дәстүрлі түрде Түлкібас ауданында белгіленген облыстық «Саба» қымыз байқауы 2007 жылы Шымкент қаласында өтетін болды. Біздің Шардара өңірінде бие ұстау, қымыз сауу кеңінен үрдіс болмағандықтан, тек термешілер мен дәстүрлі ән орындаушылар ғана жіберілсін деген нұсқау келіпті. Сонымен Жақсыбай екеуміз аудан атынан Шымкентке бардық. Барлық ауданның өнерпаздары жиналғанбыз. Абай саябағында концерт жүргізушілер кезегімізбен сахнаға жариялап жіберіп жатыр. Біздің де өнер көрсетуімізге бір сағаттай уақыт қалғанда ұялы телефоным шыр ете қалды. Қолыма алсам, сол кездегі аудан әкімінің орынбасары Қамытбек Нұржанұлы: «Әбеке, қай жердесіз? Менің сізге жолығуым керек», – деді. Шамалы уақыттан кейін келіскен жерде кездесіп, мен сол жерден Қызылордаға, Хорасан бабаның 1100 жылдығына орай өтетін республикалық термешілер байқауына жүретін болдым. Аяқ астынан қабылданған шешім болған соң, Қамекеңнің қызмет көлігімен темір жол вокзалына жетіп алуға тура келді. Алланың шеберлігіне не айтасың, тура біз жеткенде Көкшетау-Қызылорда пойызы жиырма минуттық аялдамамен вокзалда тұр екен. Алашапқынмен жүріп билет те тауып алдық, әйтеуір. №12 вагонның қасына жақындап келсек, жолсерік қыз менің қолымдағы домбырамды, сөмкемді көріп: «Байқауға бара жатырсыз ба?» – деп жымиды. «Иә»,– деп жауап бердік Қамекең екеуміз жарыса. Билетімді көрген қыз: «Қазылар алқасымен бірге баратын болдыңыз ғой», – деп тағы да күлімсіреді. Сенерімді де, сенбесімді де білмей вагонға көтеріліп, белгіленген үшінші купеге өтіп бара жатып, бірінші купеде отырған Қадыр Мырза Әли мен Көпен Әмірбек ағаларды көзім шалып қалды. Ал, енді мұндай сәйкестікті кім көрген?! Орныма жайғасып жеңіл-желпі киімдерімді ауыстырып киіп алған соң, қолыма азын-аулақ базарлығымды алып, ағалардың купесіне «Ассалаумағалейкум» деп сәлем бере кірдім. Қадыр аға: – Уағалайкүмассалам, иә, бұл қай бала? – деп жымиып қана бетіме қарады. – Иә, бұл осындай «күлшелі бала». Сіздерді көрген соң, ізетпен сәлемдескен түрім, ағалар, – дедім. Көпен аға да: – Бәрекелді, сәлемші болсаң, төрге шық, – деді. Шамалы амандық-саулық сұрасқаннан кейін екі азаматтың бірі – Шәміл Әбілтаев және екіншісі – Доғдырхан Тұрлыбек екенін білдім. Әлден уақыттан соң, керемет сыр-сұхбат басталды. Былай қарасаң, Шәміл, Көпен, Доғдырхан ағалардың да ешқайсысы осал азаматтар емес. Әрқайсысының өнер жолында өзіндік еңбегі, өзіндік сара жолы бар ағалар. Бірақ менің бір байқағаным, аты аталған азаматтардың барлығы Қадыр ағаның әңгімесін тыңдағысы келіп отыр. Кезек-кезек ойларында жүрген көкейкесті сұрақтарын қойып қалады. Бір мезет әлдеқандай бір әңгіменің шетін шығарып қойып, суыртпақтап сыр тартпақ болады. Қадыр аға барлық сұрақтарға асықпай жауап беріп отыр. Жауап болғанда да жәй әншейін, сүйейсалды емес, аса бір ыждағаттылықпен, саралап түсіндіреді. Арагідік өзі де сапарлас інілеріне ортақ сауал тастап қояды. Ғұлама бір жөткірініп қойды да: – Біздің елде, – деп бастады әңгімесін: «Ендеше Торы ат басы-ай, Торы ат басы-ай, Жаратқанша жаманды жаратпашы-ай, Қалқамен құшақтасып жатқан кезде, Елімді жау шапса да оятпашы-ай», – деген өлең бар. – Ойпырмай, ал, сол ауылда қалқаңмен құшақтасып жата қойдың! Еліңнің бір шетін жау шауып жатыр. Сонда сен қалай жауға қарсы шықпай жата бересің? Қадыр аға, бұл қалай? Осы дұрыс па, енді? – дейді Шәміл аға. Ол сөзге бәріміз күлдік. Десек те, әркім өз ойымен әуре. Менде де уайым. Уайым болғанда мына ағалардың біреуі: «Әй, бала, сенің ойың қалай?» – деп қалса, не деп жауап беремін деген уайым. Шынында да, еліңді таң ата бере тұтқиылдан келіп жау басып қалды. Қаннен-қаперсіз жатқан ел ерсілі-қарсылы шапқылап, қайда барарын білмей жанұшырып жүгіріп жүр. Ал сен он екі қанат ақбоз үйдің ішінде сұлуыңды құшып жатырсың... Біраздан соң Көпен аға, Доғдырхан, Шәміл ағалар бәрі-бәрі жабылып, ғұламаға қарсы ашық шабуылға шықты. Үзілді-кесілді қарсылық. Болмайды! Қалай болады? Ей, мына жақта халық қырылып жатыр, ал сен үйдің ішінде... «Ә» дегенде өлеңді тыңдап ой қорытып алғанша, ақ боз үй мен айдай сұлуды көз алдына елестетіп, есеңгіреп отырған ағалар естерін жинап алды-ау деймін, бірден «Жоқ, ол дұрыс емеске» шықты. Ғұлама «Білмеймін. Біздің ауылда осындай өлең бар, әйтеуір», – деп ептеп езу тартып қоя салды. «Өлеңді қайтадан оқыңызшы» – деуге батылым бармады да, әңгіме басқа арнаға бұрылып бара жатқан соң, үндемей қоя салдым. Аға төсегіне жантайып жататындай ишарат білдірді. Мен шай құйып отырғанмын. Дереу Көпен ағаға ым қағып, манағы әкелген базарлықты нұсқадым. – Ай, Қадеке, мына ініңіздің алып келген шамалы сәлем-сауқаты бар екен... – Ей, енді, осындайларың бар ғой, сендердің. Құйыңдар, ендеше. Мен де жалма-жан бөтелкені аша салып, шай ішетін пиаламен ғұламаға ұсына қойдым. Аға бір-екі ауыз тілегін айтып, шамалы ұрттады да, маған ұсынып «Іш!» деп әмір етті. – Ой, аға, мен ішпеуші едім... – Әй, мен білемін сенің ішпейтініңді, бірақ мен саған сарқыт қалдырып отырмын. Мынадай уәжден кейін, ондай кісіге қандай да бір себеп айтып ақталудың өзі артық еді. Осындай азамат «Сарқыт қалдырдым деп отырғанда...» деген оймен тартып жібердім. Ары қарай ағалардың әңгімелері қайта жалғасын тапты. Өзімше ойланып отырмын. Шәміл ағаның бойында өзіне тән сырбаздығы, ілгері өткен сал-серілерде ғана кездесетін паңдық, күйшілік өнері, сазгерлік қасиеті, ән орындау шеберлігі бар азамат. Көпен ағаның елге мәшһүр «Сатираның сардары» деген атағы бар. Соңғы кездерде халқымыздың төл өнері – айтыстың белді жанашыры, жыр-терме секілді жауһар дүниенің қайнаған ортасынан табылып жүрген белгілі өнер жанашыры, Доғдырхан аға да қазақтың кино өнері саласында өзіндік қолтаңбасы бар, халықаралық «Түркі әлемі» киностудиясының басшылық қызметінде жүрген белді киногер. Қарап отырсам, әрқайсысы өз саласында ойып алар орны бар, тұғыры мықты-ақ тұлғалар. Бірақ осы бір азғантай уақытта өте шыққан алқалы отырыста үшеуі де тек қана Қадыр ағаның сөйлегенін қалады. Сол кісіні сөйлеткісі келді, сол кісінің әңгімесін тыңдағысы келді. Нақ бір дамолланың алдында дәріс алып отырған шәкірттердей. Менің қаншалықты адамдықты бағалайтындай, азаматтықты саралайтындай ахуалым барлығы бір Алланың еншісінде, бірақ арнайы шақырсақ бұлай басқосу бола қояр ма екен? Әй, қайдам? Осы жерде менің байқағаным, ағалардың барлығының тек Қадыр ағаның айтқандарын тыңдағысы келгендігі. Сол кісіні нағыз данышпан деп мойындап отырғандай қуанышты сәтті айтып жеткізу мүмкін емес еді. Лебізіне шөлдеген інілерінің ізгі тілегіне алып тұлғасына ажар беріп тұрған осынау қарапайым мінезімен майдалап сан әңгімені тарту еткен оның ойлы жүзіне қарап отырып «Ойпырым-ай, ұлылықтың осындай да кішіпейіл қыры болады екен-ау!» деп тебірендім. Жаныма жақын өзекжарды өлеңім «Төрт қақпа – төрткүл дүниені» оқып бергенде ұлы ақынның берген бағасы да мені қанаттандырып жіберді. Қарапайым ауыл ақынының өнерін осылай асқақтатып жіберген абзал пікірі мен ақпейіл қолдауы – оның әрбір жырын жатқа оқитын мен үшін зор құрмет болды. Туған жерімнің тарихына арнап жазылған «Төрт қақпа – төрткүл дүние» қазына-ақынның осындай жоғары пікіріне ие болған болатын. Кішкентай дүниеден үлкен түйін таба білетін қасиет даналардың ғана бойында бар қасиет. Қадыр ағамыздың осы бір мінезін еске алғанда әлі күнге дейін оның ұлылығынан өзіме ұлағат аламын. Қайда да болса барымды бөлісіп, жоғымызды түгендесіп жүретін досым Нұрмаханға «қалтафонды» ала салып, хабарласып жатырмын, түн ішінде: – Ау, Нұреке, сен білесің бе мен дәл қазір кімнің қасында отырғанымды? – Кімнің? Кімнің қасындасың? – Мен дәл қазір Қадыр Мырзалиев ағамен поезда, бір купеде кетіп бара жатырмын. – Қой-е-е, қой-е-ей, шынымен бе? – Сенбейсің бе маған? – Жоқ, сенерімді де, сенбесімді де білмей тұрмын ғой. Онда сен Қадыр ағаға менің өлеңін оқығанымды тыңдатшы, – деді. Мен де дереу сымтетіктің дыбысын күшейттім. «Әрі патшаң, әрі сенің құлыңмын, Сендей болсын деймін досы ұлымның. Әлі күнге дәмі аузымнан кетпейді, Өзіңменен бөліп шеккен шылымның», – Нұрмахан досым ақынның өлеңін оқып, ол кісі ерекше тебіреніспен тыңдап, әп-сәтте мәз-майрам болып қалдық. Түн ортасынан ауа жай-жайымызға жайғасып, ұйқыға кеттік. Поезд деген жарықтыққа күнің, түнің бәрібір екен, дүкілдеп ұрып келе жатыр... Сонымен Қызылордадағы республикалық термешілер сайысына қатысып, бұйырған бәйгемізді қанжығамызға байлап, аптаның аяғында елге қайттық. Арада жылдан астам уақыт өткенде: «Ойбай, не дейсің, Шардараға бір топ ығай мен сығай ақындар келе жатыр екен. Құрамында кәдімгі Қадыр Мырза Әли, Темірхан Медетбек, Рафаэль Ниязбеков, Исрайыл Сапарбай, Қайрат Жұмағалиев, әнші Роза Әлқожа, өзіміздің жерлесіміз Қазыбек Иса бар екен. Түркістандықтар Арыс арқылы Шардараның шекарасына дейін жеткізіп салады. Сол жерден күтіп алуымыз керек. Топтың құрамына Әбдіғаппар мен Жақсыбай кіретін болсын деген нұсқау келді әкімдіктен. Айтылған уақытта Достық ауылының шекарасынан ақындарды жыр шашумен күтіп алдық. Ыстық ықыласпен амандық-саулық сұрасқан соң, Қадыр ағаға қарап: – Қадыр аға, мен былтырғы өлеңді ұмытыңқырап қалдым, – дедім. Аға жымиып тұрып: – А-а... «Торы ат басы-ай, ма?» – демесі бар ма?! Міне, керемет! Қалай риза болмайсың? Былтырдан бері ғұлама қай жерде жүрмеді, кімдермен кездеспеді? Кімдермен әңгіме-дүкен құрмады? Мен сияқты талай Әбдіғаппар сан сұрақтар қойып мазалаған да шығар, әйтсе де менің бір ауыз өтінішіммен қалай ойымның үстінен дөп түсті? Бұған қалай таң қалмайсың?! Еліміздің қанша бөлігінде жүріп, дәл сол бізбен болған кездесуде айтылған естелік жырды еш ойланбай еске түсіргеніне қарағанда, ақын үшін де бұл кездесудің мәнсіз болмағаны-ау деп шамаладым. Асыл ағамен екінші кездесуім осылай басталған. Қазақстан ауылындағы жол бойындағы кафеде жайылған арнайы дастарқан басында ақын Тұрғанбек Қанаев бастаған ауыл ағалары күтіп алды. Қазақтың қара домбырасына қара сырнайды қосып, Жақсыбай екеуіміз бірді-екілі әнімізді шырқап, дастарқанды ажарландырып жібердік. Әндерімізді беріле тыңдаған Исрайыл аға «Таланттың бәрі Шардарада екен ғой»,– деді. Ағалардың әрбір жылы сөзіне бөркіміз қазандай болып, масайрап Шардарамызға да келіп қалдық. Сол жылдары аудан әкімі Марайым Марғұлан Зұлқарнайұлы еді. Марғұлан да керемет өнерге құмар азамат болатын. Иә, бұл кез Шардара қаласына 40 жыл, Шардара су электр станциясы құрылысының басталғанына 50 жыл толуына орай республикалық деңгейде жазба ақындардың жыр мүшайрасы өтетін кез еді. Қадыр аға бастаған ақын ағалар сол доданың төрешілері ретінде келген. Байқауға түсіп, бағымызды сынап, бірімізге ұнап, біріміз құлап жүріп бұл аламан бәйге де өз мәресіне жетті-ау. Жүлдегерлер кешке «Алты Алаш» алаңында марапатталатын болып шешіліпті де, оған дейін «Ақ шағала» мейрамханасында ақындарға аудан әкімі Марғұлан Марайым арнайы дастарқан жайыпты. Төрге жайғасқан Қадыр ағаның қасында бір орын бос тұр. Ол орын аудан әкімінің орыны-ау деп шамаладым да, ары қарай керемет отырысты басқарып кеттім. Отырыстың кереметі сол – кейбір іс-шаралардағыдай қатып қалған сценарий жоқ. Демек, «репрессияға» ұшырап кетемін-ау дейтіндей қауіп-қатер жоқ. Бір рахат, мамыражай дарқандық! Үйден Қадыр аға мен Исрайыл ағаның бір-бір кітабын ала барғанмын. Ойым – ағалардан қолтаңба алып қалу. Сонымен ақындарға кезегімен сөз беріп, арагідік әнімізді де айтып қоямыз, әлгі. Бір кезде басыма «Ай, неге Қадыр ағаның сөзіне жазылған әндерді айтпаймыз» – деген ой сарт ете қалды. Түн ішінде Нұрмахан да өлең оқып беріп жатыр ғой... Анау-мынау деп жарияламастан Жақсыбай екеуміз ағаның сөзіне жазылған Шәмшінің «Тамды аруы» әнін қойып кеп жібердік. Уай, шіркін... Қадыр ағаның сол кездегі рахаттанғанын көрсең... Ол кісі әннің ырғағымен теңселген сайын біз де тебірене, тербелте барып аяқтадық-ау... Тым-тырыс. Үнсіздік. Жұрттың бәрі ағаның аузына қарап отыр. Ағаның көзіне жас үйірілді. Шамалыдан соң езу тартып отырып әңгімесін бастады. – Қайран, Шәкең де қызық-ай. Бір күні телефонда «Ай, Қадыр, сен білесің бе, менің қай жақтарға барып қайтқанымды?- Қайдан білейін, Шәке-ау? Хабарым жоқ қой, – десем: – Білмесең біліп ал, мен Қызылқұмды аралап қайттым. Үштөбе, Тамды деген жерлер бар екен. Қазір Өзбекстанға қарайды, бірақ түгелге жуық өзіміздің қазақтар тұрады. Бір таң қалғаным, қыздарының барлығы ажарлы, көрікті келеді...
Әбдіғаппар Айдаров Түркістан облысы, Шардара қаласы.
qazaquni.kz