АЙШЫҚТЫ ҚҰБЫЛЫС
2018 ж. 05 шілде
5085
0
Фариза Оңғарсынова туралы сыр
...Өткен ғасырдың сексенінші жылдары. Бір күні өзім қызмет істеп жүрген Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің редакторы Тілеухан Жүсіпов шақырып алып: «Екі сағаттан кейін ақын Фариза Оңғарсынова ұшақпен ұшып келеді екен, соны аэропорттан күтіп алып, қонақ үйіне жеткізіп салсаңыз...» – деді. Мен қуана келістім. Бұрын сырттай білетін адаммен енді кездесіп, танысу мүмкіндігінің туғанына, шынымды айтсам, қатты қуандым. Мектепте жоғары сыныпта оқып жүрген кезімде «Лениншіл жас» газетінен Фариза Оңғарсынованың жастар өмірінен жазған мақаласын оқыдым да, ұнағандықтан болар, отыра қалып хат жазып, мақалаға үн қосқанмын. Хатымды мақаланың астына жазылған Ақтөбе облысы, Жымпиты ауданына жібердім. Жауапты ұзақ күттім. Бір күні жауап хаттың орнына өз хатым өзіме оралып келіп тұр. Жөн-жосықты білмейтін ауылдың аңқау баласымыз ғой, қайдан білейін, журналистің іссапардан жазғанын, одан да бірден «Лениншіл жастың» адресіне жіберсем, Оңғарсынованың қолына барып тиетінін. Айтпағым, Оңғарсынованы алғаш рет ақын емес, журналист ретінде танығанмын. Кейіннен байқастап қарасам, оның журналистік қарымы өте мықты, проблеманы көре, көтере білуі, дәйегі нық, бос сөз жоқ, жұп-жұмыр дүниелер. Болашақта ғылыми еңбек жазамын деген адамға Оңғарсынованың журналистикасының өзі жеке бір тақырып... Содан редактордың «Волгасымен» аэропортқа келдім. Кешікпей ұшақ та қонды. Орта бойлы, шашының маңдай алды әдейі бояп қойғандай бурыл тартқан, кәдімгі теледидардан көріп жүрген ақын апамыз көптің арасынан айрықшаланып келеді. «Фариза апай сізді күтіп тұрмын, редакциядан келдім» дедім. Сөмкесін бір жас жігіт көтеріп келеді екен, оған қарап: «мынаған бер... рахмет» деді. Тесіле бір қарады да: «өлең жазасың ба?» деді. Жоқ, журналиспін дедім. Үндемеді. Содан апайды қонақ үйіне жайғастырып кетіп бара жатқанымда «Гүлсім, хабарлас... Бұл жерді жақсы білмеуші едім» деді. Сөйтсем, баласы Айвар Қарағандының Ішкі істер басқармасы Жоғары мектебіне оқуға түсіп, артынан келіп тұрған беті екен. Айвар оқу бітіргенше апай Қарағандыға жиі келіп тұрды, келген сайын баласы осында аш жүргендей аста-төк тамақ арқалап келеді, бір-екі күнге Жоғары мектеп басшыларынан сұрап алып, қонақ үйінде бірер күн бірге болады. Біз де үйімізден дәм татқызып жіберуге ұмтыламыз. Бір жолы газеттің мәдениет бөлімінің бастығы Зарқын Тайшыбаев ағамыз Фариза апайды үйіне қонаққа шақырды. Ол кісінің зайыбы Әлиман дастарқан басында Фариза апайдың өлеңдерін бірінен соң бірін айта жөнелгенде, бұрын мұндай өнерін байқамаған біз таң қалып қалдық. Әсіресе, қаптаған орыс ұлтынан тұратын Қарағандыда мұндай «поклоннигім» бар деп ойламаған ақын апамыз қатты риза болды. Қонақ үйіне қайтар кезде мәшиненің реті болмай, Зарқын ағамыздың «тар-тар» етіп зорға жүріп жүрген «Запорожецін» алдына тостық. «Мінбеймін мыналарыңа!» деп айта ма деп қобалжып тұрмыз. Түк демеді. Шынашақтай апамыз кішкентай мәшинеге лып етіп міне қойды, қонақ үйіне жеткізіп салдық. Бір жолы қаладағы №2-ші шопандардың балаларына арналған, мектеп-интернатқа кездесуге шақырдық. Шақыруын біз шақырғанмен кездесуді ұйымдастырған осы мектептің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі, облысқа белгілі, беделді ұстаз Ләззат Байешева болды. Бұл – қаладағы жалғыз қазақ тілінде оқытылатын мектеп. Мектеп алдына қызыл кілем жайылып, оқушылар ал қызыл гүлдерімен Фариза апайды қарсы алды. Ақынның өлеңдері оқылып, сұрақтар қойыла бастады. Елде «перестройка» жүріп жатқан кезең еді. «Фариза апай, қайта құрылыңдар деп күнде-күнде газет, теледидардан айтады да жатады. Мен сабағымды жақсы оқимын, тәртібім де жақсы, сонда мен қалай қайта құрылуым керек? Соны түсіндіріңізші». Жазылған сұрақты оқыды да, біраз үндемей тұрды, сосын: «фамилиясын жазбапты... егер мынаны оқушы жазып отырса ол қоғамда болып жатқан құбылысқа жай қарамай, дұрыс-бұрысына баға бере білетін үлкен азамат болғалы тұр. Бұлай ойлау, ақылдылықтың белгісі. Айналайын, сен қайта құрылмай-ақ қой, осы бағытыңнан тайма. Өзіме де осы ұран ұнамайды, қайта құрыламыз деп жүріп, мүлдем құрып кетпесек екен деп ойлап қоямын. Жоғарғы мінберден айтылған сөздің бәрін шындық, дұрыс деп қабылдай бермеу керек. Өз ойың, өз ұстанымың болғаны дұрыс...» деді. Ақырында өткен ғасырдың сексенінші жылдары Горбачев жүргізген «қайта құру» саясатының соңы Желтоқсан оқиғасына әкеп соқпады ма?! Ақынды әулие дейтініміз де сондықтан шығар да. Атақты ақын Фариза Оңғарсынованы көргендеріне, әңгімесін тыңдағандарына оқушылар да, ұстаздар да қуанышты еді. Ләззат апайымыз бізге рахмет айтып, қолымызды қысып қояды. Оңайгүл екеуміз Фариза апайға үлкен бір жақсылық жасағандай өзімізше мәзбіз. Тіптен, апайдан мақтау-марапат, рахмет дәмететіндейміз. Кездесу аяқталысымен күтіп тұрған мәшинеге отырып, қонақ үйге беттегеніміз сол еді, апай бізге қарап: «сен екеуің мені неменеге шақырдыңдар... пионерлер неге рапорт бермеді... жөн-жосықты білмесеңдер отырмайсыңдар ма тыныш...» деп дүрсе қоя берсін. Түкке түсінбеген екеумізде үн жоқ. Сөйтсек ол кісі республикадағы Пионерлер ұйымының аға вожатыйы екен, барған жердегі осы ұйымының басшысы рапорт беріп, мойнына қызыл галстук тағуы керек екен. «Жайнамаз көрмеген тасмаңдайлар», біз оны қайдан білейік. Алғыс күтіп жүргенімізде, сөгіс естіп, елпілдеген көңіліміз су сепкендей басылды. Кешке Алматыға самолетке шығарып салдық. 1988 жыл. Алматыдағы Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөпірімдер театрының режиссері Райымбек Сейтметов ақын Фариза Оңғарсынованың өлеңдерінен «Бақыт пен мұң» деген лирикалық спектакль қойды. Әр спектакльдің аншлагпен өтіп жатқанын газеттерден оқып, телевизордан көрдік. Бір күні үйге Қарағандыдағы Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ дарама театрының атақты актерлары –достарымыз Рамазан (Баймағанбетов) пен Гүлсара (Рашкалиева) келді. Дастарқан басында Гүлсара екеуміз «ТЮЗ театры Фариза Оңғарсынованың поэзиясынан «Бақыт пен мұң» спектаклін қойыпты... біз қашан көрер екенбіз, Қарағандыға гастрольмен келмейді ғой олар...» деген шын қызығушылығымызды айта салғанбыз. Сөйтсек, ертеңіне Ислам Алматыға хабарласып, екі күннен кейін болатын спектакльге сол күні ұшамыз, мынау ұшақтың билеттері деп келіп тұр. Барарда түстен кейін сағат 3-те ұшып, сол түні 12-де қайтады екенбіз. Содан ешкімге айтпай, төртеуіміз де түстен кейінгі жұмыстан қашып, Алматыға ұштық. Бәріміз де көңілдіміз. Қалжыңқой Рамазан көтеріңкі көңілімізді одан сайын көтеріп, жеткенше күлдірумен болды. Қазіргідей «Бойнг» самолеті болмағанмен, атақты «Ту-154» Алматыға әрі тез, әрі жайлы-ақ алып келді. Алматыға келдік. Фариза апайдың үйіне телефон соғып: «Біз сіздің «Бақыт пен мұң» спектакліңізді көруге ұшақпен төртеуіміз ұшып келдік, көреміз де қайта ұшып кетеміз» дедім. Апай телефонның ар жағынан «А-а!» деп таң қалып қалды. «Әй, не деп тұрсың өзің, келдік дейсің бе... кім-кім... Ой, сендер мықтысыңдар ғой... спектакльге дейін уақыт бар, үйге келіп шәй ішіп кетіңдер...» деді, жадыраңқы үнмен. Шамасы спектакльден кейін біреулерге шәй бергелі жатқан болуы керек, үлкен дастарқан жайылып жатыр екен, соның шетіне төртеуміз отыра қалып дәм-ауыз тидік те театрға кеттік. Спектакльді алдыңғы қатарда Фариза апай, ақындар Темірхан Медетбек, Ханбибі Есенқараевамен бірге отырып көрдік. Соңынан көрермендер сөз сөйледі, ақын Темірхан Медетбек қойылым туралы, сәтті шыққандығын біраз марапаттады. Апай өзі сөз алғанда «менің қарағандылық достарым, рухани сіңлі-інілерім ұшақпен ұшып келіп көріп, қазір қайта қайтқалы отыр. Рахмет сендерге! Бұрын бұлай бір күнде ұшақпен ұшып келіп, жыр кештеріме қатысып, ұшып кеткендер болмап еді, сендер алғашқысыңдар!» деп, өзі де, өзгелерді де күлдірді апай. Көрермендер бұған қол соғып жатыр. Боса-болмаса біз мәзбіз, осындай мүмкіндікті тудырған Исламға рахметімізді үшеуіміз айта-айта, түнделетіп Қарағандымызға қайттық, таңғы тоғызда жұмыста отырдық. Осы сапарымыз туралы апай әр кез есіне алып, мұндай құрметті ешкім әлі маған көрсеткен емес деп, біздің мәртебемізді асырып қоятын... Бір жолы Астанадағы үйге барсам, Әбіш, Қаратай, Оралбай... ағаларды және біраз мұнайшы інілерін қонақ етіп отыр екен, оларға да осы фактіні айтып, тура біз Америкадан ұшып келгендей жеткізгені бар. Шындығында, біз бір апайдың мәртебесін көтеріп тастайықшы деген мақсатпен емес, өзіміздің жан дүниеміздің сұранысын өтеу мен ақын өлеңдеріне деген құштарлығымыздың, «өлеңді қалай спектакльге айналдыруға болады екен?» деген қызығушылығымыз бен жастық сезімнің жетегінде барып жүрміз. Ақын көп. Ал, ақын Фариза Оңғарсынова өлеңдерінің құдіреті жаныңды жылытып, сезіміңді тербейді, мен айтсам-ау деп жүрген жүрек сөзін, жеткізе алмай жүрген жан сырыңды дөп басуында деп білемін. Өзімді осы шындығы шырмайды. 1989 жылдың 25-желтоқсанында Фариза апай 50 жылдығын тойлап, оған Қарағандыдан: Ислам, Оңайгүл, мен, үшеуіміз келдік. Арнайы шақырғанына қуанып, «бізді Оңғарсынова 50 жылдығына шақырып жатыр» деп, жаһаннамға жар салдық. Ол кезде облыстық партия комитетінің үшінші хатшысы Қуаныш Сұлтанов ағамыз болатын. Ол кісі өзінің де шақырылғанын айтып, бізден Фариза апайға дүғай-дұғай сәлемін жолдады. Алматының ондай дүбірлі тойының қызықты болатынын білетін Қуаныш ағамыздың қалып бара жатқанына өкінішінің барын да сезгендей болдық. Журналистердің ішінен қызыққаны да, қызғанып қалғандары да болды. Айтты-айтпады, той айтулы-ақ болды. Ақын Хамит Ерғалиев: «Айналайын Фариза, мына залда тек қана министрлер ғана тамақтанушы еді, сен бізді соның төріне шығардың, ризамыз, өзімді министрдей сезініп тұрмын...» деп, дүйім елді бір күлдіріп алды. Сөз сөйлеушілердің бәрі шешен, бірінен бірі асып сөз оздырады. Ғажап! Тойдан алған әсерімізді сөзбен жеткізу қиын. Иін тірескен орысы көп Қарағандыдан келген біздер үшін, шөлейттің ортасындағы оазиске тап келгендей халдеміз. Қай жағыңа қарасаң да атақтары алты алашқа белгілі: жаңағы айтқан Хамит Ерғалиев, Сырбай Мәуленов, Әбдіжәміл Нұрпейсов, Зейнолла Қабдолов, Шерхан Мұртазаев, Әбіш Кекілбаев... осылай жалғаса береді. Міне, біз Фариза апайдың арқасында бұдан кейін де талай-талай осындай үлкен ортаға түстік, тәрбие алдық, ғибрат тұттық. Көп кешікпей Исламды республиканың Бас Прокуратурасына қызметке шақырды. Алайда жас кезінде театр студиясын бітіргені «кінә» болып тағылып, ондай адам бұл қызметте істеуге болмайды деп Бас прокурордың дүмбілез бір орынбасары шақырту қағазына қол қоймай қояды. Не істеу керек? Бар жағдайды Фариза апайға айтып едік, «А, сендер Алматыға келесіңдер ме?.. Ертең Бас Прокурорға барамын...» деді. Фариза апайдың: «актер» деп өткізбей жатқан көрінеді дегеніне, Бас прокурор Ғалым Елемесов: «Фәке-ау, өнерден хабары бар адамның бізде қызмет істегені дұрыс емес пе, ол адамның жан-дүниесін жақсы түсінбей ме қайта» деп, бірден «қабылдансын» деп қол қойған ғой. Бұл – Фариза апайдың абырой-беделінің арқасы. Республикаға белгілі, беделді «Жалын» журналына орналасуыма да сабепкер болған апай болды. Табан астынан ауырып, «жедел жәрдеммен» емханаға түсіп, он адам жатқан бөлмеден бір-ақ шықтым. Ертеңіне қасында сол емхананың Бас дәрігері бар палатама Фариза апай келіп тұр. Әкем мен анам келгендей жылап жібердім. Содан кейін мені екі кісілік палатаға шығарып, табылмай жатқан дәрі-дәрмектің бәрі табан астынан табылып, он күнде сауығып шыққаным бар. Тағы бір жолы Астанада «Әй, осы сенің түрің ұнамайды... ауырасың-ау деймін...» деді де, министрге телефон соғып бір күнде жаңадан ашылған республикалық ауруханаға жатқызды. Басымызға іс түскенде де «араша» сұрап талай биліктінің алдына барып, үлкен басын иген де осы Адам! Ата-анамыздан кейін бар жақсылықты Фариза апамнан көрдік дегенді бүгін айтпасақ Алланың алдында күпір болармыз. Жан апам-ау, жақсылығыңның қайсыбірін айта берейін... Жиі араластық, қыздары Алмагүл, Гүлнар тұрмысқа шықты, Алмас, Айбек шаңырак көтерді, бәрінде де шама-шарқымыз келгенше апайдың қасында болып, қолғабысымызды тигізуге ұмтылдық. Алмас үйленгенде Ғайникен апай бастаған құдалыктың көшіне Ислам мен мен де ілестік. Бұл біз үшін мақтаныш, мәртебе болды. Сондықтан да Алмас пен келін Аиданы еншілес баламыздай көреміз, ынтымақты отбасы, тәртіпті ұл-қыз өсіріп отырғандарына мақтанамыз. Алмагүлдің құдалығының үстінде бізді Шерхан, Әбіш, Кәрібай ағаларымызға таныстырып тұрып: «бұлар – Ислам мен Гүлсім менің мына балаларымның біріндей болып кетті...» деп таныстырғанын, жатсынбай бауырына басқанын біз ешқашан ұмытпаймыз. Әрине, бұл жақсылығы үшін апайды алтынмен аптап, күміспен күптей алмасақ та көңілімізді, құрметімізді азайтқан емеспіз. Науқастанып жүрген кезінде үнемі жағдайын біліп тұрдық, шет елде емделіп жатқан кезінде «мен де барып қасыңызда болайын» дегеніме, «қой, қыздар келіп қарап жатыр ғой... жұмысыңнан қалма» деді. Соңғы рет қаңтардың екісі күні Ислам екеуіміз арнайы Астанаға барып көңілін сұрадық, бізбен бірге отырғысы келіп, орнынан тұрып ас үйге бармақ болып еді, әл-дәрмені болмай есік қасында тұрған орындыққа отыра қалды. Жүрегім жамандықты сезгендей, жүдеген түрінен секем алған мен апамды құшақтап өксіп-өксіп жылап қалдым. «Қой, жылама, Алланың дегені болады. Бар тамақ іш! Қазір мен де барамын» деп, қатқыл сөйлеп, мені ас үйге жіберді. Көпке дейін келмеген соң бөлмесіне келсем төсегінде теріс қарап жатып қалыпты. Басындағы кішкентай радионы барынша қатты қойған, әнші Бибігүл Төлегенова тамылжытып «Бұлбүл» әнін шырқап тұр. Қайран жалт-жұлт еткен жарық дүние-ай! Өтеріңді де, кетеріңді де білсек те білмеген боламыз, өйткені шарасызбыз... Апаймен талай сапарлас болдым: Қарағанды, Шымкент, Түркістан, Жаркентте... Фариза ақынмен болған кездесуге қатыстым, елдің зор ықыласын көрдім. Өзімнің туған жерім Түркістан ауданындағы Нұртас ауылында екі рет болды, анамның қолынан дәм татты. Ал анам апайдың шаңырағында талай болып, зерленген қымбат шапанын киді. Аға, жеңгем, бауырларымның атын атап, түсін түстеп сұрайтынын кайтерсіз. Өз өмірімде мұндай зердесі мықты адамды көрмедім. Таң қаламын. Бұл да жаратушының сүйген құлы – Фариза апама берген артықшылығы ғой. Рас, Фариза апай бәрімізден басқаша, бәрімізден өзгеше болды. Оның Қазақстанның түкпір-түкпірінде таныстары, достары, жолдастары, оқырмандары көп еді. Олардың бәрімен хабарласып, хал сұрасып тұрды, оған уақыт табатын. Оның өлеңдерін оқығаны бар, тіптен оқымағандар да барған жерде қоғадай жапырылып алдынан шығады. Неге? Қалай? Бұл сұрақтың жауабын табу бізге қиын. Табу үшін аз да болса Фаризаға жақындау керек. Қайда ол бізге... Фариза – математикадағы шешілмеген, шешілмейтін де есеп, қосындылары анықталмаған химиялық элемент, әлемі әлемге құпия сонау-сонау кеңістік... оған бір сөзбен ол мынадай адам еді деп анықтама беру қиын. Өйткені, ол дөп болмайды, Фаризаның болмысын нақ ашпайды. Ақындығына талдау жасай аласың, жасағандар, әлі жасайтындар бар, көп. Ал оның тұлға ретінде қандай болмысты екенін анықтап, қанықтап айту, ашу мүмкін емес. Өйткені, ол сан қырлы бриллиант секілді, біресе бұл жағынан, біресе ол жағынан жалт-жұлт етіп тұрады. Тіптен кейде мың құбылып кетеді, оның ар жағында не жатқанын түсініп білу мүмкін болмай қалады, анықтауға өрең жетпейді. Оның бізден өзгешелігі де осында. Фариза ақынды мен ешкімге, тіптен ақындық дарынын да Анна Ахматоваға да, Белла Ахмадулинаға да теңемеймін, ұқсатпаймын. Осылай теңегенді жек көремін. Фариза – ол ешкімге ұқсамайды, ол өзіне-өзі ұқсайды. Ол дара, ешкімді қайталамайды, ол өзін-өзі қайталайды. Мағираға қосыламын: «алды-артындағы қаламгер қыздардың бір де бірінің жасай алмағанын жалғыз өзі тындырды». Рас қой, рас! Дара, жалғыз демегенде не дейсің. Қисыны келіп тұрғанды тілдің ұшынан қалай қиып тастарсың. Көп адам оны «құбылыс» деп есептейді. Біздің де осыған қол қойғымыз келеді. Шынында да, ол – дара құбылыс! Болашақта Фаризаның ақындығы жайында, адамдығы хақында талай-талай кітаптар жазылады. Ол сөзсіз! Ал, бүгінгі естеліктер соған қосымша құрал болуға татиды деп есептейміз.Гүлсім Оразалиева, журналист
qazaquni.kz