АЛАШТЫҢ АҚСЕЛЕУІ
2018 ж. 29 маусым
7388
0
Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ, ақын
Жетпісінші жылдардың ортасында Ақселеу аға Сейдімбеков Қарағандыдан Алматыға көшіп барғанда астанада белгілі бір ғұлама айтты деген қауесет тарап еді:
– Жазушы екен десем, мынауың оқымысты ғой, – депті әлгі кісі. Сол адамның ауызы дуалы екен, кейін Ақаң ғылым кандидаты атанды.
Алаштың бүгінгі арқалы ақындарының бірі маған:
– Жазушы ғана екен десем, Ақаң дегенің – ақын ғой! – деп еді аң-таң болып. – Асан Қайғы, Ақтамбердіңнен бастап, Андрей Вознесенскийлеріңе дейін сарнатып отыр...
Мен оған таңғалғаным жоқ. Алғаш рет Асан Қайғы, Ақтамберділерді мен осы адамның аузынан естігем-ді. Ести салысымен басыма жастанып оқып, бір сөзін түсіне алмай дал болғанымды да несіне жасырайын. Евтушенкоға есі кеткен бала жігіт мына дүниеде одан басқа ешкім жоқ деп ойлап жүр ғой баяғы...
Ақаң – алдымен жазушы.
Иісі қазақта Қазан төңкерісі жасалып, гомо сапиенстің кері кеңес са-пиенс дүниеге келгенге дейін «жазушы» деген дәл бүгінгідей ұғым-түсінік бізде болған емес. Осынау жан-жағымыздан қоршаған тілсіз дүние мен тіршілік атаулының сан қилы болмыс-бітімін, жүрек лүпілін айна қатесіз бейнелеп, адами рухымызға асқақ қуат, санамызға саңылау түсіретін Алаштың «жазушысының» аты-жөні – Ақын болатын-ды.
Асан Қайғы, Қазтуған, Шалкиіз, Ақтамберді, Үмбетей, Бұқарларыңнан бастап, Алаштың ақылманы Абайға дейін күллісі ақын еді ғой. Сөз өнері дегенде алдына жан салмаған адамзаттың алғыры ата қазақ орыстың «писатель» деген сөзін естіген бетте-ақ, терең мән-мазмұнын парықсызданбай-ақ пайымдап, өзіне ғана тән хас шеберлікпен «жазушы» деп тәржімелеп ала қойыпты. Бірақ, «Қарғайын десем – жалғызым, қарғамайын десем – жалмауызым» деп сол қайран қазекеңнің өзі айтпақшы, мынау жарық дүниеде Құдайдың құлқымен анасынан ақын болып туатын аузы дуалы айтқышпен қоса, «жазушы» дейтін тағы бір «кәсіптің» бар екенін біліп алған саңылаусыз топ саңырауқұлақтай қаптап, бір апта жазса – хикая, екі апта жазса – роман болып жатыр ғой қазір...
Ақаңның жазушы атанғанына талай жылдың жүзі болса да, әлі күнге дейін қарны қампиған бір роман жаза қоймаған екен. Кім біледі, мына жүрісіне қарағанда, соныңды мүлде жазбай кетуі де мүмкін. Дүкенде шаң басып өтпей тұрған, жазғанын тірі пенде оқымайтын дәлдүріш «романшылардың» біреуі осы кісіге мұрын шүйіре қараса, бұған басқа біреулердің аузын ашып қалуы ғажап емес, бірақ мен оған таң-тамаша қала алмаймын. «Күзеуде», «Қыз ұзатқан», «Аққыз», «Бір атым насыбай», «Ақиық», «Атамекен» атты алты повесімен-ақ Ақаң өзінің Суреткер Жа-зушы екенін әлдеқашан дәлелдеп қойған-ды.
Тәңірім аздаған ақындығын ғана қиып, тар маңдайыма сыншылығын жазбаған соң осы бір көркем дүниелерді тамам жұрттың көзін бақырайтып қойып, тапа-тал түсте талдап беру мына менің қолымнан келе қоятын шаруа емес, әрине. Бірін-бірі толықтырып, біріне-бірі жетіп жығылып, бірінен-бірі асып-төгіліп жататын қазақ ойының көңілашарындай осы дүниелердің ішінен «Күзеуде» атты повесть жөніндегі өз ой-пікірімді дәл осы сәтте іркіп қалғым келмей отыр.
Бұл өзі – Арқаның Атасу өзенін мекендеген қойшылар жайлы хикая. Көкейдегісін қабағынан танитын қыздай алған Уәкиладай бәйбішесі, өлгенде көрген Құдаймендедей ұлы бар, пайғамбар жасынан асқан Ршыман деген қария орманшының жесірі Торғынға ғашық болады. Ғашық болады да, бәйбішесі мен ұлын қыстауға көшіріп жіберіп, өзі күзеуде қалған соң, қасына Торғынды көшіріп алып тынады. Мұның бәрі екінің бірі, егіздің сыңары осынау күйкі тіршіліктен күнде көріп жүрген дөрекі, доңайбат, ұрыс-керіс, төбелеспен емес, дала қариясына ғана тән пайым-парасатпен жасалатынын айтсаңшы. Енді осының бәрін ежіктей бермей, шалдың бәйбішесі мен тоқалының жүздескен сәтіне көз жүгіртейік:
«Бұл кезде не істеп, не қоярын білмей абдырап тұрған Торғын өзінің еркінен тыс күштің ырқына бағынып, келіп қалған Уәкилаға қарсы жүрді. Сонсоң жанаса берген аттың шылауына оралып, Уәкиланы қолтығынан демеп, түсіріп алды да:
– Иә, дені-қарныңыз сау ма, бәйбіше? – деді. «Бәйбіше» деген сөзді де айтайын деп айтқан жоқ еді, қазіргі Уәкиладан қысылып, өзін кішік санап, бар болмысымен ың-шыңсыз ұғысуды қалап тұрған халінде аузынан абайсыз шығып кетті.
Уәкила бұл сөзді естісе де «ләм» деп тіл қатқан жоқ. Терісіне сыймай, ашудан шатынаған қалпы атты тастай беріп, үйге енді. Сонсоң үй ішінің толыққан жаңа мүліктеріне, тап-тұйнақтай жинақылығына тосаңсып аз-кем тұрды да, қамшысын бүктей ұстаған қалпы төрге шығып отырды. Бұл екі арада атты байлай салып ішке кірген Торғын да жалп етіп отыра кетудің ретін таппай, босаға жақта селтиіп тұрған. Осы кезде түйіліп отырған Уәкила мойын бұрып Торғынға көз тастап еді, оның білініп қалған ішін көрді. Іле өз көзіне өзі сенбей, таңырқай қадалып аз-кем отырды да, салқын жанарын тайдырып әкетті.
Сол сәтте Уәкила булыққан үстіне булыға түсіп, әбден шарасы таусылғандай, титықтап, басқа дәрмені қалмағандай, өзін шын мәнінде жаңа ғана керексіз сезінгендей құлазып, зеңіп бірауық отырды да, дауыс салып, жылап қоя берді. Қамшысымен жер тіреген қалпы теңселе отырып, ашық зарлы даусын көтере жылады.
– Бе-еу!.. Өз үйіме өзімді қонақ қып қойған Тәңірім-ау!.. Онша да мұнша жүргенде көремін дегенім осы ма еді-ай?! – дей келіп, Уәкила жүрегін кернеген мұң-шерін жылау сөзімен ұзақ айтты. Өмір бойы көргенінің қиындық екенін, он бір құрсақ көтеріп,онын қара жерге тапсырғанын, әсіресе арыстай-арыстай үш ұлын қураған қу соғыстың жалмағанын айта келіп:
«Тар құрсағымды кеңіткен, тас емшегімді жібіткен сол құлыншақтарым аман болса, осы халге түсер ме едім-ай?!» – дегенде, Торғынның да сай-сүйегі сырқырап, ықылық ата көзіне жас алды.
Уәкила мұнан әрі көкірегі қарс айырыла аһ ұрып отырып: «Досқа күлкі, дұшпанға таба қылғанша, шұнақ Құдай, неге алмайсың?!» – деп зарлады. Сонсоң өзінің тағдырына лағынет айтып, өз сорының қалыңдығын мойындағандай жасып, таусыла егілді.
Торғын бір-екі рет басу айтып, тоқтатпақ болып еді, батылы жетпей, қоса жылаумен болды. Қысылып-қымтырылмастан барлық шерін ақтара ұзақ жылаған Уәкила қалжырап, ішегін тартып, тұла-бойы дел-сал болып, басы ауырғанда барып әзер тоқтаған еді. Осы кезде Торғын да көзін сүртіп, тегене мен шейнек алып келді де, қолға су құйды. Қолын шайып, бетін жуып, үнсіз сүртінген Уәкила уһілей отырып Торғынға тағы да көз тастады. Сонсоң тамағын кенеп алды да:
– Өздерің ертеден-ақ ашына-жай боп, істің бәрін тындырып қойған екенсіңдер ғой, – деп Торғынның аяғының ауырлығын мегзей сөйледі. Бұл жолы ашумен емес, таңырқап, әйел жанын түсіне мүсіркеген пейілмен келеңсіз айтты.
– Е-е, осындай болып қалдық... Тағдырдың неге бастап тұрғанын... – деп Торғын қысыла жауап берді».
Ақаң «Күзеудені» жазған кезде адамзатпен салыстырғанда ап-азғантай-ақ көрінетін Алашқа ғана емес, жер шарының жартысын алып жатқан Кеңес Одағы дейтін кең-байтақ ГУЛАГ-қа тоталитарлық жүйенің социалистік реализм дейтін қарақұс құзғыны кірпік қақпай қарап тұрған-ды. Бұл кезде тоқал алуды аңсау түгілі, тірі жанның күмәнмен қарауға хақысы жоқ адам баласының шынайы Махаббат сезімі хақында да емен-жарқын шешіліп, керегінше көсіліп сөйлеуге хақың жоқ-ты.
Сейдімбеков – Суреткер!
Хас суреткер қандай қоғамдық система, нендей жалмауыз цензор қасқая қарап тұрса да өзегін өртеген Шындықты көркем ойға бөлеп, көз алдыңа тарта алады. Күшеншек жалған «жазушы» қолындағы қаламын қанша жерден сүйреңдеткенімен, Суреткер көтерілген биікке көтеріле алмай өмірден өтіп жатыр, өмірге келіп жатыр ғой. Неге десеңіз, халтура – күшіктейді, суреткер – туады.
«Күзеуде» – Ақселеудің перзенті. Мұнда оның иісі қазаққа деген риясыз көңіл күйі, Алаш атаулыға дейтін асқақ махаббаты көзге ұрып тұр. Мұндай хикаяны Ақаңнан басқа адам баласы жаза алмайды, себебі оның қаны да, жаны да қазақ, мұндағы оқиға тек қазақ жұртында, соның болмысынан ғана туындамақ.
Енді оқиғаның шырқау шегіне көз салыңыз:
«Астындағы атын қос өкпеге тепкілеп, қамшы үстіне қамшы салған Ршыман қыстауға екпіндетіп, тасырлата шауып келді. Не боп қалды дегендей, үрейлене көз тігіп, есік алдында Уәкила тұр екен. Ршыман аттан жұлқына түскен бетінде:
– Ай, Торғын қайда?! – деп ақыра ұмтылды. Іле жақындай бере қолындағы қамшыны құлаштай сермеп, Уәкиланың жонын қуалата аяусыз осып-осып жіберді.
– Ойбай-ай! Ойбай-ай, мен қайдан білейін, өлдім-ау! – деп шыр ете қалған Уәкила бүрісе жасқанып, басын қорғалай, еңкейе берді.
– Торғын қайда деймін, ей?! – деген Ршыман тағы да қаһарлана ұмтылып еді. Осы кезде үйден жүгіре шыққан Құдайменде әкесінің көтере берген қамшысына жармаса кетті.
– Апамның жазығы не, әке-ау, іздегеніңіз Торғын болса, бағана ағасымын деп бір милиция машинасымен келіп алып кеткен. Апам қайдан білсін айдаладағы біреуді, – деді Құдайменде шын әділдік тілегендей.
Сол-ақ екен, Ршыман сығымдай ұстаған қамшыны босата беріп:
– Һа-а-а! Не дейсің?.. – деді қалтыраған үнмен.
Енді бір кішкенеде Ршыманның қапсағай денесі бүгіліп, жалпақ жауырындары селкілдеп, орасан ұзын сирақтары дірілдеп барып, тізесі бүгіле сылқ ете түсті. Сонсоң күректей-күректей қос алақанымен бетін баса:
– О-а-аһ! – деп өкіріп қоя берді».
Мынау жалған дүниеге шыр етіп келіп, Махаббат деп аталатын адам баласына ғана тән асқақ, ұлы сезімнің не екенін сезінбей, түсінбей дүниеден қайтатын қасіретті қоғамдық жануардан өткен қасиетсіз бар ма екен бұл жарық дүниеде?! Ақаңның Ршыманы соның бәрінен де асқақ тұр! Ол бәз біреулердей байлықты көздеп, мансапты қуып, «нан жеу үшін өмір сүрмейді, өмір сүру үшін нан жейді» (Сенека) ғой.
Дүниежүзілік әдебиетте махаббаттың машақатын кемеліне келтіре суреттеген шедевр дүние аз емес, әрине. Дегенмен, пайғамбар жасынан асқан қазақтың ғажайып іңкәр сезімі хақындағы осы бір әрі қысқа, әрі нұсқа дүниені біздің өз ана тілімізде қазақша оқитынымыз қандай ғажап, шіркін?! Ршыманы бар қазақтың ырысы да басқадан кем бола қоймас, елдің бәрі жаппай еліріп, ішіп-жемін ғана күйттеп, халықтан тобырға айналып бара жатқанда біздің ақ сақалды атамыздың өзі қасиетті Махаббат құсымен бірге аспанға қалықтап бара жатыр ғой... Мұндай елдің үрім-бұтағының қайдағы бір құрт-құмырсқалармен қоса қара жерде қалып қоюы мүмкін емес деп ойлайсың. Иншалла, түбі солай болсын! Әттең, қазақшасы менен өткен Ақаңның «Күзеудені» орысшалап «повесть» деп жібергені қалай екен осы? «Дастан» демесе де, «хикая» дей салмай ма екен дейсің...
Ақселеу – Ақын!
Иісі қазақтың да, ғаламның да түсінігінде жазушы дегеніміздің өзі алдымен – ақын! Ақаңның түнде түсінен, күндіз ойынан шықпайтын қазақ фольклорынан бастап, жер-жаһанның ауыз әдебиетінің небір жауһар дүниелері ақындық шабыттың туындылары емес пе еді?! XX ғасыр оқыр-мандарының көзін арбап, көңілін дауалаған Габриель Гарсия Маркестің «Жүз жылғы жалғыздық» романы да қара сөзбен жазылған дастан-ды.
Біреу өлеңді өлеңмен жазады. Бірақ оның көбісі – тақпақ!
Біреу өлеңді қара сөзбен жазады. Нағыз поэзия сол болуы мүмкін... Ақын болып тумаған прозашылардың құлағына алтын сырға, олардың жазғандарының мүлдем оқылмайтындығы, повестерінің – у, романдарының –су татитыны, міне, содан! Ақаңның алпысыншы-жетпісінші жылдары «Лениншіл жастың» бетінен түспеген Алаша хан, Жошы мазарлары, Домбауыл кешені, көшпелілер мәдениеті, үңгіртаным, күй-шежіре, халықнама хақындағы ой-толғамдарының өзі поэтикалық туындылар болатын-ды. Күні бүгінге дейін көркем шығарманы газет тілімен жазатын жазушылар мен көзінің алдынан басқаны көруден қалған, ой-пікірі қатып-семген журналист ағайындар сол газеттің алпысыншы-жетпісінші жылдардағы тігіндісіне көз сүзсе, елге қарау өз алдына, жерге қарауға шама-шарқы келер ме екен? Сол жазғыштарды, шіркін, Алланың алдына апара алмасақ та, алқымынан ұстап, Ақаңның алдына алып барар ма еді?!
Ақаңды мен алпысыншы жылдардыц аяғы, жетпісінші жылдардың басында алғаш осы Қарағандыда көрдім. Ақаңды көргенде, өзім қазақ бола тұрып, ғұмырымда тұңғыш рет нағыз қазақты көргендей күй кешкендей едім. Үйіндегі төселген сырмағынан бастап, ілулі қасқыр ішігі, жинаған ер-тоқым, жүгені, тіпті атқан насыбайына дейін – қазақша. Ақаңмен кездескен сайын өзімнің шала қазақ екенімді іштей сезініп тұрам...
– Орысшалау ойлайды екенсің, бала, – деді ол.
Сонда өз осалдығымды өзіммен бірге аңғарған мынау Исаға ұқсас сары кісі пайғамбар шығар деп ойлағам.
Иә, 70 жыл бойы желкемізден түспеген қызыл империя орысшаға шорқақ елдің өзін орысша ойландырып, орысша жаздырып, орысша сөйлетіп жіберіпті. Қазақ әдебиетіндегі қаламдастарымыздың көпшілігі әлі сол рухани отаршылдықтың қамытын киіп, арбасын сүйреп жүр! Олардың жазғандарының егіздің сыңарындай бір-біріне өте ұқсастығы осы ұлттық ойлау жүйесінің жоқтығынан. «Қазаққа он жазушы көп емес, жүз жазушы аз емес», – деп ұлы Ғабең айтқандай, бір-бірінен инкубатордың балапанындай аумай қалған сол жазғыштар қаншама көп болса да, Алашта Ақселеу – біреу-ақ.
«XX ғасырдың жиырма сәтінің» қолжазбасын алдына алып барғанымда оның қалай қуанғаны әлі көз алдымда. Егер Ақаң болмаса, бұл дүниенің кітап болып шығуы, менің ақын болып қалуым неғайбыл еді!
Менің Ақаңа арнап жазған өлеңдерім көп. Бірақ бүгін соның біреуін тілге тиек етіп, аяулы ағаға жырдан шашу шашайын.
Шашу
Ит көрген ешкі көзденіп
Жүргенде іште іріңді.
Ғаламат заман кез келіп,
Қазағың өліп-тірілді!
Үш ғасыр болып кісенде,
Сан кешіп бастан мазақты,
Қырық тоғыз деген мүшелде
Көрдіңіз осы Ғажапты!
Алашың – азат, не керек,
Алаң ой болса да басыңда.
Жердің Жеті кереметі дейтін керемет –
Түк емес мұның қасында!
Алдыңнан сан жұрт бал ашты,
Бұзылмасын оған түс-өңің.
Көрсе екен алып Алашты
Алпыс бір дейтін мүшелің!
Жетпіс үш дейтін мүшелің
Жер-көктің қосып арасын,
Жер-жаһан білмей түс-өңін
Алашқа аң-таң қарасын!
Лүпілдеп жүрегің шерменде,
Қырандай тұғырыңа қонарсың.
Сексен бес мүшел келгенде
Он сегізге келгендей боларсың.
Сөнген де ұмытылып, солған да,
Осы бір бекзат дер шағың.
Тоқсан жеті мүшеліне толғанда
Қонаққа шақыр Жер шарын!
Ауырлап сәл-пәл аяғың,
Көзін арбап хас сан ханымның,
Сәкеннің ұстап таяғын,
Төріне шық дастарханының!
Алаштың мөлдіреп аспаны,
Арнаңнан, Аға, тасып-тол!
Жамбылдың жасынан ас-тағы
Жап-жас аруға ғашық бол!
Қуанып, нұрың мол кезде,
Еркеңе қара есінеп...
Жеңгеміз түгіл, сол кезде
Жер-жаһан Сізді кешіред!
Менің Ақселеуім
Өлеңнің отымен лапылдап, өртеніп кеткелі жүрген кезіміз. «ХХ ғасырдың жиырма сәті» қағазға түскенде ет қызуымен алғаш рет Ахаңа (ол кезде республикалық басты газет «Социалистік Қазақстанның» Әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі) көрсетіп едім: «Серік-ау, біз поэма түгілі, өлеңнің өзін қатал тезден өткізіп, әрең жариялаймыз ғой... Тастап кет» деген. Бұл – 1977 жыл. Бұл поэманы мен Қарқаралының Жиренсақал тауының етегінде жатып жазып едім. Ақаң: «Біз поэма баса алмаймыз ғой? Бізде «бес өлең» деген рубрика бар, соған ыңғайлап көрейін» деді. Тастап кеттім. Бір аптадан кейін қайта айналып келсем, Ақаң мені бас салып құшақтай алды. Ол кезде қызара бөртіп жүретін кезім.
– Айналайын, Серік, – деді Ақаң, – Мен сенен бірдеңе сұрасам, соны маған қиясың ба?
– Ол не? – деппін сасқанымнан.
– Арағыңды берші маған?!.
Мені бір «алқаш» деп естіген ғой! Біреулер оңдырмай сыртымнан жамандап қойған...
– Өзімде бары осы ғана? Оны сізге берсем, маған не қалады?! – дедім.
Ақаң сол жолы тебірене сөйлеп, жырдың көңілінен шыққанын айтты. Поэма сол жатқаннан «Социалистік Қазақстанның» қоржынында бақандай бес жылдай жатты. Күдерімді үзе бастағам. Совет Одағының кезінде Қарқаралыға «Правда» мен «Социалистік Қазақстан» шыққан күні келуші еді. Әлі есімде, күн сенбі болатын. «Социалистік Қазақстанның» төртінші бетін ашып қалсам, «Құрлықтар» деген атпен бір бетті алып менің поэмам тұр!
Сол поэма советтік цензура мен редактордың сүзгісінен әзер өтіп, 1984 жылы «Жалын» баспасынан жұлым-жұлым боп жарық көрді... Содан бұл туынды 1983-ші жылы «СҚ»-ның төртінші бетін түгел алып, «Құрлықтар» деген тақырыппен жалғанның жарығына шықты. Аталмыш қолжазба сол бес жылдың ішінде қандай өткелектен өтті, оған аузы дуалы қай көкеміз қандай лебіз айтты немесе нендей қатал үкім шығарды – мұны бір Ахаң білмесе, басқа ешкім білмейді...
Оның жарыққа шығуының өзі бір жыр; одан біреулер антисоветтік сарын іздеген-ді...
– Мұны жарыққа шығаруға болмайды! – деген сол кездегі көзі тірі классигіміздің жазбасын да өз көзіммен көргем; Ахаң оны «сен жоғалтып аласың» деп, маған бермеді! Ол хат Ахаңның архивінде жатуы да мүмкін.
Басы дауда қалған қолжазба Қазақстан Жазушылар одағының поэзия секциясында қызу пікір туғызып, сол кездегі цензура мен редакторлардың сүзгісінен әрең өтіп, 1984-ші жылы «Жалын» баспасынан әзер дегенде жарық көріп еді. Әдеби орта, жыр сүйер қауым қуана қабылдап, Ғафу Қайырбеков бастаған, Кеңшілік Мырзабеков, Жұматай Жақыпбаев, Ұлықбек Есдәулет қоштаған жылы лебіздер айтылды.
Содан бері аттай 35 жыл өтіпті. Қоғамдық-экономикалық-саяси формациялар ауысты. Бодан жұрт азат елге айналды. Алланың қалап, әруақтың жебеуімен менің маңдайыма ХХ-шы ғасырға ХХІ-ші ғасырдың көзімен қараудың қаракеті жазылған екен. Тәңіріге тәуба деп жүрмін. Ахаң көзі тірісінде поэмаң қиын кезеңге тап келді ғой. Қайта жаз! Елің – азат. Цензура жоқ деп еді. Сол жырдың өзімше кемеліне келді-ау деген соны Һәм соңғы нұсқасын «Жұлдыз» журналына жариялап едім. Сол Ахаңның көзіне түспеді. Отыз жыл бойы осы жырдың азабын мен қалай тартсам, Ақселеу ағам да менен кем тартқан жоқ-ау деп ойлаймын.
Ахаң – Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсын, Әлімхан Ермековтердің бізге қалған сарқытындай бір тұлға еді. Жендет Алаштың сорпа бетіне шығарын қолымен қалқып алғанда, Алла солардың көзіндей ғып Ахаңдарды қалдырып еді. Орынында бардың оңалып жатқаны-содан.
Соңында көшпелілер цивилизациясының үш тағанындай «Қазақ әлемі», «Қазақтың күй өнері», «Қазақтың ауызша тарихы» сынды үш сом дүниесі қалды. Ахаңдары бар Алаш өткен-кеткенін жадынан шығара алмайды. Өткенін ұмытпаған ұлттың келешегі де кемел болады.
Ахаң кетті...
Ахаң кетті-ау, көрсетпей қарасын да,
Қалған қара қазақтың бәрі – осында.
Алла ғана тұр қазір, біздер жоқпыз –
Ақселеу мен Алаштың арасында.
Көзге Алаштан басқаны қара көрмей,
Қаракөгім – қайтсе де қалар өлмей;
Құлағына ғаламның бір жетерсің,
Қазақтағы ғажайып қара өлеңдей!
Қайран, Ахаң,
Хош, арда Алашұлы,
Әлиханның ақтық бір жан ашуы!
Жидебай мен Қараойдың
шырақшысы ең,
Алла менен Абайдың жарасымы!
Қазақ болу қашан да ғажап қой деп,
Ауа жұту Алашсыз азаптай боп, –
Паң кейіпте жүруші ең,
Дүниеде
Пайда болған Алғашқы Қазақтай боп!
Сарыарқаға аспаннан дүбір еніп,
Саф алтындай орның үңірейіп, –
Енді, міне, Ең Соңғы Қазақтайын,
Қайда көшіп барасың күңіреніп?!
Кімдер сенің төбеңнен өкім етті,
Кімдер сенің сыртыңнан көкіп өтті?
Адамзатқа жіберген Алашымның,
Елшісі боп Сен қалдың –
Өкілетті!
Қазағыңның тартып бар күйігін де,
Көңіліңнің болмады-ау, күйі, мүлде.
Фәниде де биікте жүріп едің,
Бақида да қалдың сол биігіңде!
qazaquni.kz