АЛПЫСТЫҢ АСУЫНДАҒЫ АҚЫН

Қазақ - ырымшыл халық қой. Жарық дүниеге келген сәбіне сан түрлі есім қоя береді. Мәселен, жаңбыр жауып тұрса Жаңбырбай, қар жауып тұрса Қаржаубай, аспаннан нұр жауып тұр деп Нұрлыбай дегендей. Ай туғанда дүние есігін ашқан сәбиіне Айтуар деп ат қойғанда оның ата-анасы да балаларының айы оңынан тусын деп ниеттенген болар. Айтса айтқандай, уақыт өте келе сол перзенттерінің бойына ақындық қасиет қонады. Жыр дүлділі атанған Балқы Базардың ұрпағы болып келетін сол айтулы ақын Айтуар Өмірзақұлы Сабыров биыл асқаралы алпыс жасқа толып отыр. Ол Өзбекстан Журналистер және Жазушылар одақтарының мүшесі. «Сағыныш», «Дүние жалған», «Сен менің елімді көр», «Менің де титтей мұңым бар», «Сергелдең еткен сезімдер», «Толғағы жеткен тоқсан сөз» деп аталатын жыр жинақтарының авторы. 2010 жылы Астанада өткен «Туған тілім - тұғырым» атты Халықаралық жыр мүшәйрасының жүлдегері атанған. Поэзиялық туындылары Қазақстан баспасөзінде жиі жарияланатын ақынның «Кешігіп келген жоқпын ба?», «Шындық», «Ақсақ шулан», «Элегия», «Өсекшіме», «Экологиялық жыр», «Қайдасың?», «Ертелеу кеткен Серігім» (Сатирик ақын Серік Шұқынды еске алу) секілді өлең-жырларын тебіренбей оқу әсте мүмкін емес. Бүгінде Ташкентте қазақ тілінде жарық көретін республикалық «Нұрлы жол» газетінің Науаи облысындағы меншікті тілшісі болып істейтін оның үнемі ізденіс, талпыныс үстінде жүретінің аңғару оншалықты қиын емес.

Ақынның тойы - халқының тойы екені бесенеден белгілі. Сол себепті де болса керек, оның «Халқым - қазынам» атты мерейтойлық шығармашылық кеші алдымен туған жерінде өткізілді. Тойға келген қадірменді қонақтар Нұрата ауданындағы әйгілі Әйтеке бидің кесенесіне барып, тәу етті. Салтанат Науаи қаласындағы «Шырын» мәдениет сарайында жалғасын тапты. Науаи облысы әкімінің бірінші орынбасры Фахриддин Салиев, қазақстандық қаламгерлер - Шарафутдин Әміров, Кенжебек Жаңабаев, өзбекстандық ақын жазушылар - Мехмонқул Исламқулов, Ақшагүл Төлегенова, Қарақалпақстанның халық ақындары - Музаффар Ахмад, Минайым Жуманазарова, журналист, аудармашы Ақан Тәшметов, Өзбекстан телевидениесінің қазақ тіліндегі «Дидар» бағдарламасының аға редакторы Анар Нәлібаева, Қарақалпақстандағы Қазақ Ұлттық мәдени орталығының төрағасы Жанайхан Дәрменов, Өзбекстан Жазушылар одағы Науаи облыстық филиалының төрағасы Бахриддин Садриддинов, Кенимех ауданының әкімі Муратхан Эгамқулов, сол ауданның Жаңақазған ауылындағы мерейтой иесі тәлім-тәрбие алған № 5 жалпы орта білім беретін мектебінің диреторы Иба Наризов өздерінің жүректен шыққан шынайы құттықтау тілектерін жеткізді.

Гәнжәуи Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық университеті, Науаи атындағы мемлекеттік педагогикалық институты, Бердақ

атындағы Нөкіс мемлекеттік институты, бірқатар колледж студенттері мен мектеп оқушылары «Айтуар Сабыров жырының саңлақтары» атты жыр мүшәйрасына қатысып, өздерінің бағын сынап көрді. Нәтижесінде, Кенимех ауданындағы № 32 жалпы орта білім беретін мектебінің оныншы сынып оқушысы Сымбат Мергенова бірінші орынды; сол аудандағы № 27 жалпы орта білім беретін мектебінің тоғызыншы сынып оқушысы Нұрсұлтан Жақсылықов пен Нұрата ауданындағы № 23 жалпы орта білім беретін мектебінің жетінші сынып оқушысы Жансила Тоқтамысова екінші орынды; Науаи атындағы мемлекеттік педагогикалық институттың ІІІ курс студенті Кеулімшат Әбдірова, Зерафшан қаласындағы № 9 жалпы орта білім беретін мектебінің оныншы сынып оқушысы Лаура Көшербаева, Кенимех ауданындағы № 5 жалпы орта білім беретін мектебінің жетінші сынып оқушысы Әзиза Ергешбаева үшінші орынды иеленді. Жыр мүшәйрасының жеңімпаздары мен жүлдегерлері Алғыс хатпен марапатталып, олардың бәріне арнайы төсбелгі тапсырылды.

Қарақалпақстанның Бесқала ауылынан келген жыршы-термеші, «Алматы - Тәуелсіздіктің алтын бесігі» атты Халықаралық термешілер байқауының жеңімпазы Бауыржан Ермекбаев, Марат Ыстыбаев, Сайын Базаров ән-күйден шашу шашты. Өзбекстан, Қарақалпақстан, Қазақстанның суырып салма айтыскер ақындары - Құлмахан Дүйсенов, Еркебұлан Қолқанат, Жарқынбек Наушабеков, Жасұзақ Тұрғынов өзара сөз сайысына түсіп, той көрігін қыздырды. Соңында өнер саңлақтарына сый-құрмет көрсетілді.

Осылайша облыстық деңгейде бастау алған мерейтой республикалық деңгейге ұласты. Ташкенттегі таяуда ғана ашылған Қаламгерлер саябағына орналасқан Өзбекстан Жазушылар одағының су жаңа ғимаратында ақын Айтуар Сабыровтың «Халқым - қазынам» атты мерейтойлық шығармашылық кеші өткізілді. Сөз орайы келгенде бұл ізгілікті де игілікті іс-шараны Өзбекстан Жазушылар одағы, республикалық Қазақ Ұлттық мәдени орталығы мен «Нұрлы жол» газетінің редакциясы ұйымдастырғанын ерекше ілтипатпен айтқанымыз жөн. Салтанат барысында Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігінің кеңесшісі Мұрсал-Наби Тұяқбаев екі бауырлас ел арасындағы достық қарым-қатынастың, әсіресе әдеби, мәдени байланыстардың жандана түскенін тебірене тілге тиек етті. Өзбекстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Минхожиддин Мирзо республикада әдебиетке ерекше көңіл бөлініп, қаламгер қауымға қамқорлық жасалып отырғанын мақтаныш сезімімен атап өтті. Ақын, аталмыш шығармиашылық одақ жанындағы Қазақ әдеби кеңесінің төрағасы Мекембай Омарұлы мен республикалық Қазақ Ұлттық мәдени орталығының төрағасы Серікбай Үсенов құттықтау сөз сөйлеп, мерейтой иесінің иығына шапан жабумен қоса-қабат оған Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының атынан алтын қалам тарту етті. Ташкент қалалық Қазақ Ұлттық мәдени орталығының төрағасы Тұрсымат Қалбаев, ғалым, профессор Қалдыбек Сейданов, журналист, аудармашы Ақан Тәшметов, республикалық «Нұрлы жол» газетінің жауапты хатшысы

Жұмагүл Әлімбекова, Гәнжәуи Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық университетінің профессорлары - Ергеш Абдувалитова, Анар Қалдыбекова, жазушы Боран Қыдыров ақын Айтуар Сабыровтың өмірі мен шығармашылық жолы жайлы сөз өрбітіп, арнау өлеңдерін оқыды.

Науаи облысынан ат терлетіп келген студент Кеулімшат Әбдірова, мектеп оқушылары - Жансая Нұрмаханова, Жанат Сабырова, Шалқар Жақсылықов, Ташкент қаласының Бектемір ауданындағы № 290 жалпы орта білім беретін мектебінің оқушылары, астаналық облыстың Қыбырай ауданындағы № 9 жалпы орта білім беретін мектебінің екінші сынып оқушысы Гаухар Ташбалтаева мерейтой иесінің өлеңдерін жарыса оқыды. Олардың бәріне Алғыс хат пен Құрмет грамотасы табыс етілді.

Алматыда өткен халық аспаптар ансамбльдері Халықаралық байқауының жеңімпазы Арыслан Батыров, Айжан және Тәжібаевалар, Сахибек Құттыбаев, Айдос Қалдыбаев ән шырқап, күй тартып, көрермендердің көңілін көтерді.

Біз де алпыстың асуына шыққан ақынға мол шығармашылық табыс тілейміз. Оған шынайы тілекпен жазар көбейсін дегіміз келеді.

Райхан БАБАТАЕВА,

Әбдісаттар ӘЛІП

Ташкент қаласы