Оскар Уайльд: Бақытты ханзада

Қаланың үстінен қарап, биік тұғырда Бақытты Ханзаданың мүсіні тұр. Ханзада бастан аяқ таза алтын қабыршақтармен апталған. Көзінің орнында таза сапфир, ал қылышының тұтқасына қып-қызыл рубин орнатылған.

Елдің бәрі Ханзадаға қарап таң қалатын-ды.

- Керемет, флюгер-қораз сияқты! – деп, өнерді бағалаудың білгірі боп көрінуге жанталасқан Қалалық Кеңесші иек қақты - Десек те...әрине...адамдарға флюгердің пайдасы көбірек тиеді,- деп сөзін демде «түзетіп» жіберді, өзін өнер атаулыны терең ұғына білетін білгірлер санатына қосуды көксеп жүрген ол.

- Бақытты Ханзадаға ұқсап бақ, балам!-деп ақылын айтып жатты аспандағы айды әпер деп жер тепкілеген ұлына ақылшы анасы.

- Бақытты ханзада ешқашан тентектік жасамайды!

Тағдырдың тәлкегін көп көрген қаңғыбас мүсікн да керемет мүсінге телміре қарап:

- Өмірде бір бақытты жанның барына шүкір, -деді мұрынының астынан міңгерлеп.

- Иә, ол құтты періште секілді!- деп таңдай қағысты Собордан топталып шыққан бірыңғай ақ шаңқадай алжапқыш пен ашық-күлгін қатырма жаға таққан жетімдер мен қараусыз қалған балалар үйінің тәрбиеленушілері.

- Періштені өмірі көрмеген сіздер оны қайдан білесіздер, - деп таңдана үн қатты есеп пәнінің мұғалімі.

- О, біз періштені түсімізде көреміз! - деп балалар шу ете түсті. Есеп пәнінің мұғалімі барлығын қабағын түйе, түксие шолып өтті, оған балалардың түс көретіні ұнамады.

Күндердің бір күнінде, түн қата, қаланың үстінен Қарлығаш ұшып бара жатты. Оның құрбылары бір апта бұрын Мысырға ұшып кеткен. Бұл қалып қойған-ды. Өйткені шынардай тік өскен Қурайға өлердей ғашық еді. Айналшықтап...қиып кете алмай...аялдай берген-ді. Сонау...ерте көктемнің бір ғажайып күнінде сап-сары жынды көбелекті тырқырата қуып жүріп шынардай тік біткен Қурайдың сымбатын көріп, бір орнында қанатын қағып ұша алмай...ауаға таңылып, таңдана қатып қалды.

- Мен саған ғашық болсам қайтеді?,- деп тіке сауал тастады, не нәрседе турашылдықты сүйетін Қарлығаш. Қурай оған жауап ретінде басын иді.

Қурайдың иілгенін көріп Қарлығаш біресе жоғары көтеріліп, біресе су бетінде күміс жолақ қалдыра қанатымен суды сыза төменге құлдилап, оны айнала ұзақ ұшты. Сезімін сөйтіп жеткізді. Жазы бойы осылайша жалғаса берді.

- Бұл не қылған махаббат! - деді қалған қарлығаштар пыш-пыштай сыбырласып – Қурайдың түгі жоқ, жалаңаш неме ғой...әрі қасында қара ормандай қаптаған туыстары қаншама.

Расында да өзен маңы қаулай, қалың өскен қурай еді.

Сосын күз келді де қарлығаштар жылы жаққа ұшып кетті.

Олар ұшып кеткенде Қарлығаш жетімсіреп, өзінің Қурайға байланып қалған көңілін ауырсына қалды.

- Менің Қурайым, құтты бір мылқау секілді, бір ауыз сөз ала алмайсың, тіпті, өзі қайқаңдай ма...үп еткен желдің бәрімен бірдей «әмпей-жәмпей» секілді ме,-деп Қарлығаш Қурайды кіналәй тіл қатты.

Шынында да, жел үп етсе болды Қурай желге бас ұрып, иіліп әуреге түседі.

- Ол үйден шықпаса шықпасын, ал, мен саяхатты сүйем ғой! Жұбайымның да саяхатты сүйгені жаман болмас еді!

- Сонымен, менімен бірге ұшасың ба, жоқ па?,- деп сұрады. Қурай тек басын шайқады: оның кіндігі топыраққа мәңгілік байланған болатын-ды!

- Ах, сен менің сезіміммен ойнап жүр екенсің ғой! – деп Қарлығаш айқай салды – Қош бол онда, мен пирамидалар еліне ұштым!

Сөйтті де қанатын сермеп-сермеп жіберді де...ұша жөнелді.

Күні бойы ұшқан ол тек түн қата қалаға жетті.

"Қай жерге барып қонақтасам екен? – деді Қарлығаш ойлана. – Қала мені бар салтанатымен қарсы алуға дайын болар!?"

Кенет, оның көзі биік колонна үстіндегі мүсінге түсті.

- Міне, тамаша! Осы керемет жерге орналасайын, таза ауасы да молынан.

Қарлығаш Бақытты ханзаданың аяғының астына қонақтады.

- Менің түнгі жәйім алтыннан соғылған! – деді паңдана жан-жағына көз салған ол.

Басын қанатының астына тығыңқырап ұйықтайын деп жатыр еді, кенет ауыр тамшы «тырс» етіп үстіне тамып түсті.

- Қызық!, - деді Қарлығаш таңырқап - Аспанда шөкімдей де бұлт жоқ, жұлдыздар жап-жарық, тап-таза, ал жаңбыр қайдан жауып тұр? Европаның солтүстігінде климат өте жаман. Менің Қурайым жаңбырды жақсы көруші еді, алайда ол соншалықты өзімшіл.

Тағы бір тамшы тамып түсті.

- Мына мүсіннен пайда жоқ екен, жаңбырдан да жасыры алмайтын болды. Есім барда шатырдағы құбырлардының бірінен орын табайын, -деп Қарлығаш ұшуға жинала бастады.

Қанатын жайғанша болмай тағы бір тамшы «тырс» ете түсті.

Жоғарыға көз жіберген Қарлығаштың не көргенін білсеңіз ғой!

Бақытты Ханзаданың көздері жасқа лық толып тұр еді. Көзінен аққан домалақ-домалақ тамшылар алтын жалатқан жүзінен төмен қарай лықсып ағып жатты.

. Ай жарығымен нұрланған жүзі соншалықты әдемі. Қарлығаштың жаны ашып кетті.

- Сен кімсің? – деп сұрады.

- Бақытты Ханзадамын.

- Неге жылайсың? Сенің көз жасыңнан малмандай су болдым ғой.

- Мен тірі кезімде, жүрегім соғып тұрғанда көз жасының не екенін білмедім,- деп жауап қатты мүсін - Мен Sans Souci (француз тілінен аударғанда «уайымсыздықты» білдіреді) сарайында ешқандай уайымсыз, мұқтаждық көрмей өмір сүрдім. Ол сарайға қайғы-қасіреттің бас сұғуына болмайтын. Күндіз мен бақта серуендедім, ал кеш болса Үлкен залда билейтінмін. Бақ биік қоршаулармен қоршалғандықтан оның ар жағында не боп жатқанынан мүлде бейхабар едім. Өйткені өзімнің айналам ғажайыптарға толы, не ішем...не кием демедім! Егер бақыт деген тек рахаттанудан тұратын болса...мен шынымен бақытты едім! Маңайымдағылар маған «Бақытты Ханзада» деп мадақ айтатын! Бақытты өмір

сүріп...өмірден өттім. Жаным ұшып, тәнім суығаннан кейін мені осында, биік тұғырға қондырды. Тұғырдың биіктігі сондай бұл биіктен қаладағы халқымның бар қайғы-қасіреті мен қайыршылық өмірі алақандағыдай көрінеді. Олардың бейшара өмірін көріп, жүрегім құрыштан құйылса да...көз жасымды тыя алар емеспін.

"Ә, сенің тұрған бойың алтын екен ғой!" - деді Қарлығаш іштей, бұл ойын дауыстап айта алмағанды, өйткені ол соншалық сыпайы болатын.

- Әне...анау алыста...жіңішке көшенің бойында қараша үй тұр, - деп Мүсін өзінің ұяң да әуезді дауысымен сөзін жалғап – бір терезесі ашық, стол басында отырған әйелді көріп тұрмын. Жүзі шаршаңқы, әжім басқан қолдары инемен жиі пісіп алатындықтан қып-қызыл, өйткені ол тігінші. Ханшайымның құрбыларының біріне жақында өтетін би кешінде киетін жібек көйлегіне кестелеп жылтыргүл тігуде. Бұрыштағы кереуетте оның ауру баласы жатыр. Ыстығы көтеріліп жатқан балапаны апельсин сұрайды. Бірақ, анасының қолында ештеңе жоқ...тек кешеден қалған қара су ғана бар. Кішкентай сәби жылап жатыр. Қарлығашым, кішкентай ғана құсым менің, қылышымның тұтқасындағы рубинді шоқып алып, апарып берші! Менің аяқтарым тас тұғырға мәңгілік байланған, орнымнан қозғала алар емеспін.

- Білесің бе, мені Мысырда достарым тосып отыр, - деді Қарлығаш. - Құрбыларым Ніл өзенінің үстінен айнала ұшып, әдемі лалагүлдерімен әңгіме-дүкен құрып жүрген болар. Жақында олар Ұлы патшаның мазарына түнеуге барады. Ғажайып қабірдің ішінде Ұлы патшаның өзі де мәңгілік дамылдап жатыр.Білесің бе, ол сап-сары матамен қапталып хош иісті шөптермен сыланған. Мойны күлгін-жасыл түсті нефриттен өрілген шынжырмен оралған, ал қолдары күзгі жапырақ сияқты сарғайып кеткен.

- Қарлығашым! Қарлығашым, кіп-кішкентай құсым менің. Осында бір түнге қалшы, менің елшім болшы бір түнге! Кішкентай сәбидің су ішкісі келеді, ал анасы соншалық мұңды.

- Балаларды онша жақсы көрмеймін. Өткен жазда, мен өзен жағасында тұрғанда, диірменшінің мейірімсіз балалары мені үнемі таспен ататын. Әрине, маған жету қайда...біз қарлығаштар, сондай қағілезбіз! Оның үстіне менің ата-бабамның ептіліктерімен аты шыққан. Десе де, олардың қылығы әдептілікке жатпайды.

Бақытты Ханзаданың соншалықты қатты күйзелісіне шыдамаған Қарлығаштың жаны ашып кетті.

- Мұнда өте суық екен! Десе де... сенің жаныңда қалайын, тілегіңді орындайын, - деді.

- Рахмет, менің кішкентай Қарлығашым,- деп қуана тіл қатты Бақытты Ханзада.

Қарлығаш оның қылышының тұтқасындағы рубинді шоқып алып шатырлардың үстімен ұша жөнелді. Әппақ мәрмәрдан ойылған періште бейнелі шіркеу қоңырауларының үстінен ұшып өтті. Король сарайының үстінен ұшып бара жатып музыка үнін естіді. Балконға сұлу бикеш пен оның ғашығы шықты.

- Жұлдыздар қандай ғажайып, ал махаббат сезімі одан да ғажап! – деді ғашығы

- Менің көйлегім сарайдың би кеші басталғанша тігіліп бітетін шығар, мен оны асыл тастармен кестелеуге бұйырғам. Бірақ, тігіншілер сондай жалқау!–деп жауап қатты бикеш.

Өзен үстімен ұшып келе жатқан Қарлығаш кеме діңгектерінен жарқыраған оттарды көрді. Гетто үстінен ұшқан ол өзара мәміле жасап, монеталарын мыс безбенмен өлшеп жатқан еврейлерді байқады. Міне, қараша үйге де жетті-ау, әйтеуір. Жете сала сығалап еді, қатты шаршаған анасы терең ұйқыға кетіпті, балақай болса дене қызуынан оттай жанып, аласұрып жатыр екен. Қарлығаш ауыз үйге еніп,

рубинді стол үстінде жатқан тігіншінің оймағының жанына қойды. Сосын балақайдың үстінен үнсіз ғана қалықтай ұшып, қанатымен желпіп, салқын самал естірді.

- Қандай тамаша салқын ауа! Мен енді жазыламын! – деді де балақай тәтті ұйқыға кетті.

Бақытты Ханзадаға қайта ұшып жеткен Қарлығаш көрген-білгенін бәрін баян етті.

- Ең қызығы, дала суық, салқын болса да мен тіпті де тоңған жоқпын, - деп таңдана аяқтады әңгімесін.

- Өйткені, сен жақсы іс тындырдың! – деп түсіндірді Бақытты Ханзада.

Санасы он сан оймен шырмалып жатып Қарлығаш бір сәтке мызғып кетті. Өйткені ойлана бастаса болды Қарлығашты ұйқы басатын.

Таң ата ол суға шомылу үшін өзенге ұшып келді.

- Қызық! Қыстың ортасында қарлығаштың ұшып жүргені ақылға симайтын, түсініксіз құбылыс, - деп басын шайқады дәл сол мезетте көпірден өтіп бара жатқан Орнитология профессоры.

Бұл туралы ол жергілікті газетке мақала да жазды. Мақала адам түсініп болмайтын сөздерге толы болғандықтан оны ешкім жөнді түсіне де бермеді.

"Бүгін түнде ештеңеге де қарамай Мысырға ұшам! Осылай деп ойлаған Қарлығаш өз ойынан өзі қуанып кетті.

Ол барлық ескерткіштерді аралап шықты, соңында шіркеу қоңырауының үстіне қонақтап ұзақ отырды.

Қайда барса да суық торғайлар «Неғылған бөтен құс!», «Қайдан жүрген бөтен» деп шырылдап мазасын алды. Бір жағынан олардың бұны «шетелдік ақсүйек» деп атап жатқаны жанына жағып-ақ жүр.

Сүттей жарық ай туғанда Қарлығаш Бақытты Ханзадаға қайта оралды.

- Мысырға ұшам, ол жаққа тапсыратын шаруаң жоқ па еді? Дәп қазір ұшқалы тұрмын,-деді дауыстай тіл қатып.

- Қарлығашым! Кіп-кішкентай достым менің! Енді бір түнге қалсаңшы, өтінемін,-деп жалына үн қатты Бақытты Ханзада.

- Мысырда мені құрбыларым күтіп қалды. Ертең олар Нілдің екінші табанына сапар шегеді. Ол жақта судыраған қамыстардың арасында сусиырлар жатады, ұлы мәрмәр тұғырда Мемнон құдай отырады. Ол түні бойы жұлдыздарға қарап, таң шапағын көре сала, қуана дауыстап, қарсы алады. Тал түсте жолбарыстар өзенге суатқа бас қояды. Олардың көздері жап-жасыл, ал ырылдаған дауыстары сарқыраманың гүрілін басып кетеді-ау, шіркін!

- Қарлығашым! Қарлығашым! Кіп-кішкентай достым менің! Анау, алыста, қаланың шетіндегі мансардтан бозбаланы көріп тұрмын. Столға еңкейіп алып, қағаздарға үңіліп отыр. Алдында стақандағы фиалка гүлдері солып қалған. Еріндері алшадай, қып-қызыл. Қошқыл қызыл шаштары бұйра-бұйра, ал баданадай көздері тым арманшыл! Өзінің театр директорына арнап жазып жатқан пьесасын аяқтауға асығып отыр, бірақ қатты жаураған, әрі нәр татпағандықтан әлсіреп қалды. Ошақтағы оты да сөнуге айналды, аштықтан өзегі талып міне...міне...құлап түсетіндей...,- деп үн қатты Бақытты Ханзада.

Жүрегі мейірімге толы Қарлығаш:

- Жақсы, таңға дейін қалайын! Екінші рубинің қайда еді? -, деп сұрады ол Бақытты Ханзададан.

- Өкінішке қарай менде басқа рубин жоқ,- деп мұңая тіл қатты, - қалғаны - менің көздерім ғана. Олар мыңдаған жылдар бұрын Үнді елінен әкелінген өте сирек кездесетін сапфирдан. Біреуін шоқып ал да, апарып берші. Зергерге сатып азық пен отын алсын. Сөйтіп, өзінің пьесасын аяқтасын.

- Сүйкімді Ханзада, мен бұлай істей алмаймын!, - деп Қарлығаш жылап жіберді.

- Қарлығашым! Қарлығашым! Кіп-кішкентай достым менің! Менің соңғы тілегімді орындашы!

Лажы қалмаған Қарлығаш Бақытты Ханзаданың көзіндегі сапфирді шоқып алды да ақынның үйіне қарай ұша жөнелді. Ақынның үйіне ұшып кіру оған еш қиынға соққан жоқ, өйткені үйдің шатыры тесік болатын. Шатырдан еркін енген ол бөлмеге қонып дамылдады. Бозбала қолымен бетін басып отырған, қағылған қанаттың сусылын естіген де, елеген де жоқ. Тек басын көтергенде солып қалған фиалканың түбінде жатқан сапфирді көзі шалды. Қуанып кеткен ол:

- Десе де, мені бағалайтындар бар екен! Бұл менің беймәлім табынушыларымның бірінен болар! Енді пьесамды аяқтайтын болдым!

Оның жүзі бақыттан бал-бұл жанып шыға келді.

Ал, таңертең ерте Қарлығаш кемежайға тартты. Үлкен кеменің діңгегіне қонып, төменде теңізшілердің кеме тұмсығынан арқанмен тартып әлдебір жәшіктерді шығарып жатқанын байқады. Жәшік жоғары көтеріле бастағанда олар, жарыса:

- Белсендірек! Белсенді қимылдаймыз! – деп бірауыздан айқайлап жатты.

- Мен Мысырға ұшып барам!. Қарлығаштың қуана жеткізген хабарына ешкім назар аударған да жоқ.

Тек кеш батып, ай туғанда ғана Қарлығаш Ханзадаға қайтып оралды. Алыстан орағыта ұшып:

- Мен сенімен қоштасуға келдім! – деп айқайлады.

- Қарлығашым! Қарлығашым! Кіп-кішкентай достым менің! Таңңға дейін аялдасаң қайтеді, - деп жалына үн қатты Бақытты Ханзада.

- Қыс келді ғой. Суық қар жауады. Ал Мысырда пальманың жасыл желегін күн сәулесі қыздырып, көлеңкесін қолтырауындар паналап, еріне, жан-жақтарына қарап жатқан шығар-ау... Менің құрбыларын Баальбек шіркеуіне ұя салып, көгілдір көгершіндер олардың жанында, тамақтары бүлкілдеп бір-біріне еміреніп отырған болар...Сүйкімді Ханзада, мен қала алмаймын! Бірақ, сені ешқашан ұмытпаймын! Көктем туғанда мен саған Мысырдан өзіңде болған рубиннен де қып-қызыл, көзіңде болған сапфирден де көгілдір тас әкеліп беремін!- деді Қарлығаш.

- Төменде, алаңда сіріңке сатып кішкентай қыз бала тұр. Сіріңкелерін кәріз тесігіне түсіріп алды, олар енді пайдалануға да жарамайды. Ақшасыз оралса әкесі оның жанын шығарады. Өзі жылап тұр, қарашы! Қолында қолғабы, аяғында нәскиі де жоқ, жалаңбас...Менің екінші көзімді шұқып алып, кішкентай қызға берші. Әкесі сонда оны сабамайды.-деп тағы да жалбарына тіл қатты Ханзада.

- Енді бір түнге қала алмаймын, - деп үн қатты Қарлығаш, - Сенің көзіңді де шоқымаймын! Мүлде көрсоқыр болып қаласың ғой!

- Қарлығашым! Қарлығашым! Кіп-кішкентай достым менің! Менің соңғы тілегімді орындашы, - деп жалынды Бақытты Ханзада.

Амалы қалмаған Қарлығаш Ханзаданың көзінен тасты шоқып алды да кішкентай қыздың қолына апарып тастап жіберді.

- Қандай әдемі әйнек! –деп таңқала дауыстап жіберген қыз мәз болып үйіне қарай жүгіре жөнелді. Қарлығаш Ханзаданың қасына қайта оралды.

- Енді мүлде соқыр боп қалдың, мен сенің жаныңда мәңгілікке қаламын.

- Жоқ, сүйкімді Қарлығашым, - деді бақытсыз Ханзада, - Сен Мысырға ұшуға тиіссің!

- Мен сенің жаныңда мәңгілікке қаламын, - деді де Қарлығаш оның аяғының астында отырып, қалғып кетті.

Ертесінде ол күні бойы Ханзаданың иығында отырып, өзінің алыс елдерден көрген-білгенін: Нілдің таяз жерінде қаз-қатар тұрып алып, тұмсықтарымен алтын балық аулап жейтін қызғылт фломингалар туралы, шөл даланы жайлаған көне Сфинкс туралы, түйенің қомында, лағыл таспиығын асықпай тартып, жәйләп жүрсе де әлемдегі болып жатқан жаңалықтың бәрін білетін көпес туралы, Ай тауының қап-қара көмірдей, бірақ тек хрустальға ғана табынатын патша туралы, жиырма діндар тәтті пірәндіктермен ғана тамақтандыратын, пальма ағашының түбінде ұйықтайтын үлкен жасыл жылан туралы, өзенде үлкен жасыл жапыраққа мініп алып жүзе жүріп үнемі көбелектермен шайқатын пигмейлер туралы әңгімелеумен болды.

- Мейірімді Қарлығашым, сенің әңгімең таңғажайып, алайда, ғаламдағы ең таңдантыратын дүние ол адамдардың қасіреті. Қасіреттің шешімін қайдан табарсың? Менің қаламды бір айналып ұшып өтіп, не көріп, не білгеніңді маған айтып берсең қайтеді, - деп сұрады Бақытты Ханзада.

Үлкен қаланың үстінен қалықтай ұшып өткен Қарлығаш кең шатырларда шайқалақтаған байларды, олардың табалдырығында отырған кедейлерді көрді. Қараңғы лашықтарда аштықтан әбден жүдеген балалардың қараңғы көшеге телмірген мұңды жүздерін көрді. Суық көпірдің астында жылына алмай бір-бірін қаусыра құшақтаған екі кішкене баланы байқады.

- Тамақ ішкіміз келеді! – деп, селкілдеп қайта-қайта қайталайды бүріскен қос мұңлық.

- Мына жерге жатуға болмайды! – деп оларға Полиция айқайлап көпір астынан қуып жатты.

Қос мұңлық еріксіз сіркіреген жаңбырдың астына қайта шықты.

Ханзадаға қайта оралып келген Қарлығаш көрген-білгенінің бәрін қалдырмай баяндап берді.

- Адамдар, бақыт деген тек алтында деп ойлайды. Мен алтынмен апталғанмын, үстімдегі жапсырылған бар алтынды үзіп алып кедей-кепшіктерге таратып берші, - деді Бақытты Ханзада.

Қарлығаш Бақытты Ханзада қап-қара балшығы мен қалайы қаңқасы шықанша үстіне жапсырылған барлық алтын қабыршақты сыдырып алды. Таза алтыннан құйылған алтын қабыршақтарын кедейлерге жүздері жылынып, балалардың беттерінде күлкі ойнағанша тарата берді...тарата берді.

- Бізде жейтін нанымыз бар!, - деп олар қуана алақайлады.

Сосын қапалақтап қар жауды, қар соңынан шыңылтыр аяз келді. Көше күмістей жылтырап, шатырлардан төменге қарап салбыраған ұзынды-қысқалы мұздар әйнек қанжарға ұқсап күн көзімен жалт-жұлт етеді; Жылы тондарына оранып, қызыл шәпкілерін баса киген балалар мұз айдынында коньки теуіп мәз.

Қарлығаш байқұс, әбден жаурап тоңсада Ханзаданы тастап кете алмады. Өйткені оны өте жақсы көріп қалған еді. Ол бүрсеңдей шоқалақтап тоқаш дүкені маңынан нан қалдықтарын теріп жеп, қанаттарын анда-санда әрең қағып, тым құрыса осылай жылынуға тырысады. Ақыры ол өзінің жан тәсілім ететін уақытының да келіп жеткенін ұқты.

Оның шамасы соңғы рет Ханзаданың иығына келіп қонуға ғана жеткендей...

- Қош бол, мейірімді Ханзадам! Қолыңнан соңғы рет бір рет сүйуіме рұқсат бересің бе?,- деді әрең сыбырлап.

- Мен сенің Мысырға ұшатыныңа өте қуаныштымын! Расында, сен мұнда тым ұзағырақ жүріп қалдың. Алайда, менің қолымнан емес, ерінімнен сүюге тиіссің. Өйткені мен сені сүйемін,- деп қуана жауап қатты Бақытты Ханзада.

- Мен Мысырға емес, Өлілер мекеніне кетемін. Өлім мен ұйқы екеуі ағайынды емес пе ,-деп қинала үн қатты Қарлығаш.

Бақытты Ханзаданы құшырлана сүйген Қарлығаштың өлі денесі оның аяғының астына құлап түсті.

Дәл сол сәтте мүсіннің ішінен тарс етіп әлдене үзілгендей дыбыс естілді. Оның қыштан соғылған жүрегі жарылып кеткен еді. Қыстың сарышұнақ аязы шынымен қатегез-ді.

Таңертең, төменде бульварды аралап қаланың Мэрі мен оның Кеңесшілері серуендеп жүрді. Ханзада тұрған тұғырдың жанына өтіп бара жатып, басын көтеріп:

* Құдай-ау, мына Бақытты Ханзада неғып ұсқынсыз боп кеткен, - деп

таңдана тіл қатты.

- Дұрыс айтасыз, нағыз ұсқынсыздың өзі!, -деп қала Мэрінің сөзін үнемі мақұлдап үйреніп кеткен Кеңесшілері жамырай жөнелді. Жақынырақ қызықтамақ болып барлығы мүсінге жақындады.

- Қылышындағы рубин жоқ, көздері түсіп қалыпты, алтынның бәрі ағып кетіпті! Қарапайым кедейден әрмен!- деп сөзін жалғастырды қала Мэрі.

- Дәл солай, кедейден де кедей!, -деп Кеңесшілері оның сөзін бір ауыздан мақұлдап жатты.

- Аяғының астында өлі құс жатқаны қалай? Бұл жерге құстарға өлуге болмайды деп қаулы шығару керек екен.

Қалалық Кеңестің Хатшысы сол жерде ұсынысты кітапқа енгізіп те үлгерді.

Сөйтіп, Бақытты Ханзаданың мүсінін мүлде алып тастады.

- Бұрынғы жарқылдаған әдемілігі жоқ, яғни оның пайдасы да шамалы, - деп баға берді Эстетика Профессоры.

Осылайша мүсінді балқытып, еріген қалайыдан не соғамыз деген сауалмен Мэр қалалық Кеңесті шақырды.

- Жаңа мүсін соғамыз! Ол менің мүсінім болсын!,-деп қала Мэрі ұсыныс тастады.

- Жоқ, менің мүсінім болсын! –деп әрбір Кеңесші өз мүсінін соғуды ұсынып, жақ-жақ болған керіс басталып кетті.

- Ғажапты қараңыздар! Ортасынан қақ бөлінген мына қалайыдан соғылған жүрек балқымайды. Оны лақтырып тастағанымыз жөн, - деді Бас Балқытушы.

Сөйтті де өлі Қарлығаш жатқан қоқыстың арасына лақтырып жіберді.

Осы кезде Құдіреті күшті Құдай өзінің Періштесіне:

- Қаладан ең бағалы затты тапсаң маған алып кел!, -деп тапсырма берді. Періште оған қоқыстан тапқан қалайы жүрек мен өлі құсты жеткізді.

- Дұрыс таңдау жасадың, Періштем! Бұдан бұлай бұл мейірімді кішкентай құс менің жәннәт бағымда мәңгілік әнін салса, Бақытты Ханзада маған мадақ айтып менің шұғылалы сарайымда мәңгілік мекендейтін болады,- деді Жаратушы Құдай.

Қазақ тіліне аударған: Гүлжан Қазымова, Қазақ үні