Батыр Бауыржан күнделігінен
2018 ж. 12 мамыр
7561
0
Мамытбек Қалдыбай, жазушы
Заман сыры
– Мен әжем Қызтумастың образын жасаған автормын. Рас па, өтірік пе?
– Рас.
– Классиктеріңнің ішінде өз әжесінің образын жасаған кім бар? Мен әжемді мақтамаймын, данышпан, мінсіз етіп көрсетпеймін. Сенбесең «Ұшқан ұяны, оқып, қарағын. Басқа жазушыларда сондай образ бар ма?
Мен үндемедім.
– Сен неге тіл қатпайсың? Біз талдау жасап отырмыз ғой. Аулымның әжемнен өзге әйелдерінің образы қалай сомдалған? Зейнеп пен Зипа – өр десең өр, ақылды десең ақылды, арлы десең арлы әйелдер. Олардың тағдырлары да қызық. «Ұшқан ұяны» оқысаң, түсінесің. Халық эпосын ал. Біздің халқымыз әйелдерді кеміткен емес. Сенбесең, тексер, бір әйелді кемітіп пе екен? Әрі-беріден кейін қалмақтың қызы Құртқаны біздің батырдан жоғары қояды. Ал Ғабит неге бәрінен төмен қояды? Ал эпостағы кейіпкер – әйелдер өз биігінде лайықты, ерлікпен өлген. Менің жеке ойым, келісесің бе, келіспейсің бе, өз еркің. Ғабит Мүсіреповтің Ұлпан образы жасанды. Ол менің Зейнеп пен Зипаның қасында мүлде қораш. Сен «Ұлпанды» оқып па едің?
– Оқығам.
– Оқу – оңай, тоқу, түсіну қиын. Оқу кез-келген ақымақтың қолынан келеді, ал тоқу, түсіну екінің бірінің қолынан келе бермейді. Менің әжем би болған емес, бірақ ол кісіні жұрттың бәрі тыңдаған. Момынқұлды қуып жіберіп, кейіннен қайтіп қалды деп уайым жейді. «Қара жапырақ» деп әкеме де ұрсады. Жеңіл түсінсең, менің әжем өзімбілермен, өркөкірек. Ол кісінің айқайлап ұрысатынын да жасырмаймын, ал астары қайда жатыр? Түсінсең, мен әжеме аналық дәуірдің билігін беремін. Ол кісі болмаса, мен болмас едім деген ойды астармен жеткіземін. Әжемнің әкеме ұрысқанын, маған айтқан өсиет сөздерін, Момынқұлды үйден қуғанын, інісі Серкебаймен қатты сөзге келгенін мен ойдан шығарған емеспін, болғанды болған күйінде бүгінгі заман биігінен қарап жазғам.
Баукең маған жанарын тік қадап:
– Бүгінгі заман дегенді сен қалай түсінесің? – деді. Мен ойланып, күмілжіп қалдым.
– Тыңда. Сендер «Көрмес, түйені көрмес» дегендей, аяғымыздың астындағыны да көрмейсіңдер, көре білмейсіңдер. Біздің әдебиетіміздің қайғысы нақ осында. Көру аз, көре білу керек. Көзім бар, көрем деу, көзім бар, көре білем, көргенімді түсіне білем деу – екі түрлі мәселе. Екеуінің айырмасы – жер мен көктей.
Баукең маған жақтырмай, тыжырына қарап:
– Бүгінгі заман дегенді сен бәрібір түсінбейсің, – деді қолын сермей. –Бұл аса күрделі, мәңгілік тақырып. Оның түйінін бүкіл адамзат болып күні бүгінге дейін толық шеше алмай келеміз, шешуіміздің өзі неғайбыл. Этой темой многие спекулируют. Мұның мағынасын түсінбесең, сөздіктен қара. Көп жазушыларымыз өтірік жазады. Бұл аса көңіл қаларлық, қайғылы жағдай. Көбіміз бүгінгі заман талап-тілегін шала түсініп, шындықты бұрмалаймыз. Көп жазушыларымыз, журналистеріміз осы жалған бағыттың құрбаны болып жүр. Бүгінгі заманды әртүрлі жағдайда, әртүрлі кезеңде әркім өзінше түсінеді. Бүгінгі заман – жалт етіп өте шығар бос кеңістік емес. Есерсоқтар солай деп ойлайды...
Баукең қабағын шыта ойға еніп үнсіз қалды. Осы сәтті пайдаланып:
– Сұрақ қоюға бола ма? – дедім.
– Болады.
– Бүгінгі заманды сіз өзіңіз қалай түсінесіз?
– Ехе-хе, – деп Баукең күлді. – Жарайды, тыңда. Мен бүгінгі заман деп өткен күнгі оқиғаларды ой елегінен өткізе қорытып, бүгінгі күн оқиғаларына байсалды, жан-жақты талдау жасап, ертең не болатынын болжай, көре білуді айтар едім. Өткеннің жақсылықтарын қорытып, игермей, бүгінгінің жетістік-кемшіліктерін талдап, танымай, ертеңге ой жібермей, бүгінгі заман туралы сөз қозғау мүмкін емес деп білем. Шығармамызда осы үш қасиет көрінбесе, ол бүгінгі заман туындысы бола алмайды. Түсіндің бе?
– Түсіндім.
– Өз тәжірибеңе жүгін. Әрине, айту, тыңдау оңай, істеу, орындау қиын. Ойбай, бүгін мына мақаланы, ертең ана мақаланы жарияламасақ құрып кетеміз, ал мынау біздің талабымызға мүлде қайшы екен дейсіңдер. Солай етуге мәжбүрсіңдер, себебі, заман талабына бағынбауға болмайды. Менің заманым, менің жағдайым, менің көрген-білгенім, түсінгенім сенің көрген-білгеніңмен, түсінгеніңмен төрт жерде төрт емес. Бұл турасында бірнеше сағат ой толғауға болады. Тоқетерін айтсам, заман сырын танып, білмей, түсінбей қандай да бір образ жасау қиын...
Геолог өткен жолдан өтуі керек
Баукең мені көңілді қарсы алды. Сәлемдесіп, үйреншікті орныма отырысымен:
– Көз көру үшін берілген десек те, ол ақылдыларға рентген, ақымақтарға – құр жылтыраған шиша, – деп көсіле, еркін сөйлеп кетті. –Құлақ есту, қорғану үшін берілген десек те, ол миға естіген нәрселерінің бәрін емес, іріктеп, сүзгіден өткізіп, тек мағыналысын ғана жеткізу керек. Түсіндің бе?
Мен үндемедім.
– Көз, құлақты – жазушы, ал миды оқырман деп бейнелеп сөйлеп отырмын. Түсіндің бе?
– Түсіндім.
– Кейде көргеніңнің, естігеніңнің бәрі дұрыс бола бермеуі мүмкін. Оның себебі, адамдар үнемі өзгеріп, жаңарып тұрады. Жазушы суреткерлік көркемдік құралдың басты тетігі – тіл байлығын меңгермейінше, оны шебер қолданбайынша келісті жазу, оқырман ойынан шығу мүмкін емес. Қазақ тілін білемін деген бір жазушы жазғанына «Еңіреген ер еді» деп тақырып қойыпты. Дұрысы, «Ел десе еңіреген ер еді» болуы керек қой. Қолына қалам ұстаған әр азамат ана тілін игерумен бірге басқа, әсіресе, көрші ұлт тілдерінің де асыл қазынасынан еркін сусындауы, оны кәдеге асыра білуі абзал. Мен әскери адаммын, әдебиетші емеспін. Бірінші университет – ұшқан ұя, ағайын-туысқан. Ол әркімнің еншісі. Ендеше, менің бірінші университетім қандай болды дегенді тануым, білуім керек қой. Оны
танымай, білмей – даму жолына түсуім мүмкін бе? Саған «Ұшқа ұяны» жазу себебім енді түсінікті ме?
Мен үнсіз бас изедім.
– Образдың қуану, қиналу кездері бар. Сөйлеп отырып кей тұста жаны күйзеледі не сүйсінеді, яғни түрлі жан құбылысын бастан кешіреді. Сен оны көрмей, білмей қалай суреттемексің? Кей сөзді ол жай, кей сөзді айқайлап айтуы мүмкін. Оған не себеп? Соны сезбей, суреттемей қалай образ сырын ашасың?
Аз-кем ойға еніп, қайта сөйледі.
– Еліктеу деген сөз жақсы мағынада айтылатын сөз. Соны көп қаламгерлеріміз түсінбейді. Мысалы, Маркс пен Энгельс: «Біздің ғылымымыз аспаннан түсті, біз Америка аштық» – демейді. Қайта өздерінен бұрынғы ой салғандарды құрметпен атайды.
Ал біздің шолақ белсенділеріміз тарихтың тамырын білместен Абайды жамандауға дейін барды. Олардың тарих, өнер, әдебиет, этика, эстетика, психология, философия дегеннен хабары жоқ. Сөйте тұра Абайды жамандайды. Бұл – масқара ғой. Мысалы, әскери этиканы алайық. Мен профессионал әскери адаммын, жай қатардағы емес, әскери профессормын. Мені мақтау үшін де, даттау үшін де әжептеуір білім керек.
Әскери этика – өз алдына ғылым. Әр қоғамның, әр мамандықтың өзіне жарастықты этикасы бар. Әскери адам:
– Әй, шырағым, мына шұңқырды қаза салшы? – демейді. Ол: «Қаз!» деп бұйырады. Менің ерекшелігім осы. Мұны түсіне білген жөн. Меніңше, еліктеу – ойыңа ой қосу деген сөз.
Баукең көпке дейін үнсіз қалып:
– Мына мылжың шалмен пәлен жылдан бері сөйлесіп жүрмін. Бәрін біледі, бәрімізге сын тағады, өзі қайдан түсті екен дерсің?! – деді даусын қатайтып. – Мен аспаннан түскем жоқ! Ұстаздарым болмаса, түк білмес едім. «Мына бәлеге не үйреттіңдер?!» деп сотқа берсең, алдымен ұстаздарымды бер.
Мен еріксіз езу тарттым. Осы кез үстімізге Күләнда әпке енді. (Бұ кісі Баукеңнің енесі. Ред.)
– Әпке, менің тоқалым үйде ме?
– Жоқ, жұмыста ғой. Қарағым Бауыржан, оны тоқалым демей Кенжетайым десеңші.
– Кенжетайым деп кішкентай балаларға айтпай ма, әпке-ау?
Күләнда әпке жауап қатпастан, іздеген затын таппаған күйі жан-жағына алақтай қарап, бөлмеден шықты.
– Сұрағың бар ма?
– Жақсы көретін мақалдарыңызды білсем деп едім.
– Менің ең жақсы көретін мақалдарым: «Тіземнен сүріндірсең де, тілімнен сүріндірме», «Малға жарлы қылсаң да, тілге жарлы қылма», «Ер жігіт елі үшін өледі», «Елін сүйген ер болар», «Малым – жанымның, жаным –арымның садағасы».
– Суреткер творчествосындағы көркемдік құралдардың рөлі туралы айтып берсеңіз?
– Есіме дұрыс салдың. Суреткер тілден өзге де көркемдік тетіктерді ескеріп меңгеруі тиіс. Өмір оқиғаларын детальдық талдаусыз, детальдық суреттеусіз характер сырын ашу, образдың қалыптасу кезеңдерін көрсету мүмкін емес. Бұл қаһарманның туғанынан бүгінге дейінгі аралықтағы өмірін қамтитын күрделі процесс. Кейбіреуіміз соны елеместен, аспаннан түскен қаһарман жасамақ боламыз. Бұл мүлде қате. Аспаннан түскен тіпті кішігірім кейіпкер де болмайды. Тамырын біліп, түсініп жазсаң, кішкентай әңгіме, повестен-ақ образ жасай аласың. Бұл, әрине, өте азапты жұмыс. Мысалы, мен Николай Рединнің Термездегі оқиғасын алып тастап, майдандағы өлген сәтін көрсетейінші, образ шықпайды. Әңгіменің аяғында, «ол менің бірінші әскери ұстазым еді» десем, оқырман түсінбей, «қалайша?» дейді ғой. Осы сияқты нәрселерді ескермейміз. Біздің жазушыларымыздың көбінің «Менің университеттері» жоқ. Жазушы халық арасында өмір сүруі керек! Бес-алты, оншақты күн іссапарға шығып, ет жеу – қарым-қатынас емес. Біздің жазушыларымыздың тағы бір кемістігі – өзімшіл. Кейбір оқиғаны өңдеп, өзгертуге хақылы, ал құжатты өзгертуге болмайды. Мұны түсінбеген кейбір қаламгерлеріміз өңдеп, реңдеп, оның сөзін өзімдікі істеймін деп оңбай ақсап жүр. Бармақтай металл тапса, геолог қуанады. Жазушы да, оқырман да сол геолог өткен жолдан өтуі керек...
Байқау
– Бүгінгі атқамінерлер туралы не айтар едіңіз?
– Оларды сен менен жақсы білесің. Қазір қолдау деген сөз шықты. Қолдаусыз жағдай жылдан-жылға қиындап барады. Біздің бүгінгі атқамінерлеріміз партиялық позицияны резеңкідей пайдаланады.
Атқамінерлік – қолжаулық. Соны жас кезімнен көрген, түсіне білген кісімін. Жасым жетпістен сексенге кетіп бара жатыр. Атқамінерлік ырың- жырыңға өмірімде араласпаған адаммын. Енді қартайғанда оған араласып ырылдасып, пырылдасып жүрер жайым жоқ. Орыстың «Раз не с нами, значит ты против нас» деген мәтелін біле тұрсам да, ырың- жырыңға араласпаймын.
Менің азаматтық арым таза. Атағым да, шатағым да бар кісімін ғой. Мақтанды десең дей бер, мен – ақпын. Атағыма қарағанда шатағым он проценттен аспайды. Бірақ оны атағымнан асырып жіберетіндер де бар. Оған мен кінәлі емеспін...
Баукең әңгімесін қанша уақыт болса да жалықпай тыңдай берер-ақ едім, жеңгей келіп дастарқанға шақырып кетті.
– Қой, енді бармасақ болмас. Ерегісіп, шөміштен қағып жүрсе, аш қалармыз. «Баз-базында қатынның тілін алған да жақсы» депті ғой бір қандасымыз.
Сәл өтпей дастарқан төңірегіне жиналдық.
– Кеше біреу телефон соғады, Шымкенттен келдім, Туғанбаев деген едім, – дейді.
Шымкентте Туғанбаев деген тамаша педагог бар еді, соның баласы болса керек. «Туысқаныңызбын» деген сөзді созып, салмақ сала, аса әспеттеп айтты. Шамамда, ішіп алған-ау. Ішіп алғанда әлгіндей сөз квадрат, куб болып кететіні бар ғой.
Біз күлдік.
– Әнеугүні де біреу телефон соқты. Сөзінен байқағаным, нағыз арамның сөзі.
– Сіздің байқампаздығыңызға таңғалам, – деп жеңгей сықылықтай күлді.
– Кейде менің не ойлап отырғанымды біліп қоясыз.
– Ойымды бөлме деп саған қанша рет айтамын?! – деп Баукең қабақ шытты. – Адалдық, арамдық дейтін нәрсе әр адамның сөйлеген сөзінен ғана емес, әр басқан қадамынан да сезіледі. Біреулердің адал, арам екенін кетіп бара жатқанда жонарқасынан оқисың. Әрине, оның кім екені жонарқасында жазылмаған. Бірақ, байқай білсең, оқи білсең, анық, айқын жайларға кезігесің... Байқау жағынан менің үлкен мектебім бар. Мен екі жүзден астам ұрысқа қатысқанмын. Сол ұрыстарда көпті көрген, көп жайларды байқаған жанмын. Жауға қарай кім қалай бара жатыр, мынаған сенуге, не сенбеуге бола ма дегенді мен соғыстан үйренгенмін. Өкініштісі, сол үйренгендерімнің бәрін жазып үлгере алғаным жоқ. Сен, қарағым, менің «Жонарқа» деген әңгімемді оқымасаң, оқып шық, оқысаң, қайталап оқы. Көркемдігі жағынан мен таласа алмаймын, ал соғыс психологиясын бейнелеу жағынан кез-келген психологтардың, атақты жазушылардың шығармасынан кем түспейді. Бұл тағы да деректі әңгіме.
– Капитан, кері қайт! – деймін ғой оның жонарқасынан қорқып бара жатқанын байқап қап. Сол кезде жап-жаспын, отыздан жаңа асқанмын.
Жазған әңгімелерімнің ішінде өте бағалайтын екі-ақ әңгімем бар. Бірі –«Помкомвзвода Редин», екіншісі – «Жонарқа». Бұл екеуін мен автор ретінде емес, жазушы ретінде жақсы көремін. Кейде төсегімде ойланып жатып, сол екеуін мен жаздым ба, мен жазбадым ба деп өзіме өзім сенбеймін.
Күлкілі жағдай
– Бір туысқаным телефон соқты, – деп бастады сөзін Баукең. –«Жамбылдың соты әділетсіздік жасап, баламды үш жылға кесті. Көмектес».
– Мен мұндай іске араласпаймын.
– Алып баратын қоржынымыз тоқ, қалтамыз мол. Сөйлесетін адамдармен сөйлесіңіз, ұялмайсыз.
Қатты ашуым келді. Телефон тұтқасын ұясына қондыра салдым.
Баукең маған ренжи, қинала қарап:
– Әй, шырағым, мақтанды деп ойламағын, көңіліңе келсін, келмесін, жаманды-жақсылы мен халқымның Бауыржан Момышұлымын, – деді салмақты үн қатып. – Өтірік пе, рас па?
– Рас.
– Мен ешкімге қолжаулық бола алмаймын. Әлде болуым керек пе?
– Жоқ.
– Түсінгеніңе рақмет, айналайын. Жақында тағы бір жекжатым үйіме келді. Оған да жоғарыдағы сөзімді айттым. Ауылға барамыз ғой. Біреуі үйленеді, біреуі келін түсіреді, біреудің жаназасы бар. Қолымызға ілінгенін алып барамыз.
– Осы-ақ па? – деп апарғанымызға қып-қызыл наразы. Бізді миллионер дей ме? Олардың ойынша, мен мың сом емес, миллион сом апаруым керек екен.
Нағашымның баласы үйленді. Табыла бермейтін екі жүз сомдық шетелдік темір құмыраға екі жастың атын жаздырдық. Үстіне бір кілем, екі жүз теңге қостық.
– Бауыржан не алып келді? – дегендерге нағашымның әйелі:
– О, Құдай-ау, Бауыржан не алып келуші еді? Мына жаман қаңылтырды әкелді, – деп жарқыраған темір құмыраны көрсетіпті.
Баукең селкілдей күлді. Мен мырс ете қалдым.
– Енді, қандай жағдай екенін білмеймін, нағашым мені мерекемен құттықтап жетінші қарашаға үйіме келмек екен. Шамамда, қызын маған оқуға түсір демек болу керек. Былтыр Алматының медициналық институтына түсе алмапты. Бағасы өңкей үш. Оның өзін әупіріммен алған көрінеді. Тапқан «таныстары» емтиханнан өткізе алмапты. Әкесі Жамбылдан телефон соқты:
– Бауке, ассалаумағалейкүм! Қызымыз өтпей қалыпты. Әділеттік болмапты. «Танысымыз» алдап кетті. Сол қызға жәрдемдесеңізші?
– Қалай жәрдемдесем? Сенің қызың үшін мединститутқа барып емтихан тапсыруым керек пе? Ол менің қолымнан келмейді, – дедім.
Ертесіне үйге қызы келіп жылады. «Қой жылама, келесі жылға дайындал», – деп жұбаттық. Басқа не дейміз, Құдай-ау.
Шамамда, жетінші қарашаға келгенде нағашым сол қызын оқуға түсір деп айтпақ. Но я на такую подлость не пойду, конечно. Байқадың ба, мереке мен үшін «мереке» болайын деп тұр. Түсінесің бе?
Мен үндемедім.
– Түсінсең түсін, түсінбесең қой, менің жағдайым күлкілі жағдай...
Алты бос шөлмек
1977 жылдың 28 сәуірі. Түстен кейін дәл сағат төртте редакторымның машинасын сұрап алып, Жазушылар одағына бардым. Тұтқабайдың кабинетіне енсем, ол үш-төрт әріптесіне анекдот па, әлде соған ұқсас күлдіргі әңгіме ме, айтып отыр екен. Бауыржан ағаны шипажайдан алып келу ойында жоқ. Ішімнен: «Бұл кісіге сенбей өзімнің әрекет жасағаным қандай жақсы болған», – деп ойлап қойдым.
– Бауыржан аға Әнуар Әлімжановқа жолығып, шипажайда қалу, қалмауымды білсін, егер мерзімімді ұзартпаса, келіп, үйге алып қайтасыңдар деген еді, – деп едім, орнынан тұрып, екінші қабаттағы Әнуардың кабинетіне ертіп барды. Секретариат мәжілісі өтіп жатыр екен.
– Кіруге рұқсат жоқ, – деп қабылдау бөлмесіндегі әйел бізді тоқтатты. Жағдайымызды айтып едік, өзі кіріп, Әнуар Әлімжановпен тілдесіп шықты.
Мерзім ұзартылмапты. Енді Баукеңді алып қайтқалы «Алматы» шипажайына қарай тарттық.
Есік қағылысымен Баукең шықты. Сірә, босаға жанында заттарын реттеп жүрсе керек.
– А-а, сендер ме едіңдер? Келіп қалдыңдар ма? Заттарымды жинастырып жүр едім.
– Асықпаңыз, машина қанша болса да күтеді, – дедім мен.
Тұтқабай екеуміз ағаның қол орамалын, көйлек-көншегін шамаданға рет-ретімен сала бастадық. Бес минөт өтпей-ақ дайын болдық. Енді заттарды машинаға апаруымыз керек.
Дәлізге шыққанымызда Баукең:
– Ой, ұмытыппын, – деді кілт тоқтап, маған қарап. – Балам, шифоньердің қалқасында дәкемен ораулы алты бос шөлмек жатыр, барып әкел.
Мен тез қимылдап, ішке еніп, ұқыптап оралған алты шөлмекті алып шықтым. Ішімнен: «Бұларды аға қайтпек екен?» – деп көңілсіз ойға берілдім. Біз мінген машина орнынан қозғала бастады. Ақ халат киген екі мейірбике Баукеңмен қол бұлғап, күліп қоштасты. Орта бойлы, басына қызыл тақия киген кісіге Баукең қолын маңдайына апарып, честь берді. Тақиялы кісі екі қолын ербеңдете бұлғап, «қош-қош» дегендей сыңай танытты.
– Академик Машанов, – деді Баукең. – Зор білімді, терең ғалым.
Машина шипажай қақпасынан шыққан соң бауырын жазып, жүйткіген жүйріктей зырлай түсті. Артқы орындыққа жайғасқан Тұтқабай екеуміз сыбырласа бастадық.
– Баукең бос шөлмектерді қайтпек? Дүкенге өткізбек пе?
– Білмеймін.
– «Бүркіт қартайса, тышқан аулайдының» кері ғой бұл...
– Осында бір кемпір маған қырындап, есімді шығарды, – деп Баукең кенет дауыстай күлді.
Мен мырс ете қалдым.
– Қосыла салмадыңыз ба? – деп Тұтқабай отқа май құя түсті.
– О, құрып кетсін.
Бәріміз мәз бола күлдік. Шофер татар жігіті екен.
Ол да күлді.
– Ана екі мейірбикенің біреуі әдемі екен, – деп Тұтқабай арандату әрекетіне көшті.
– Е, олардың бәрі әдемі.
Тұтқабайдың ойын Баукең түсініп, қиялай тартып кетті.
Кішілеу қырлы-жотаға жақындағанда аға шоферға: «Машинаны тоқтат», – деді. Ол жол жиегіне шығыңқырай барып, тоқтады.
– Балам, ана ораулы затты сайға апарып таста, – деп Баукең маған бұрыла қарады. Мен алғаш түсінбей, шамаданды ашып, бір бума дәкені алмақшы едім:
– Әй, оны емес, анау ораулы шөлмектерді, – деді Баукең шамданыңқырап.
Мен машинадан сыртқа шығып, артқы қуысты ашып, бір-біріне байланыстырыла оралған шөлмектерді сай жиегіне апарып, ойпаңдау жерге қоя салып едім:
– Әрі, сайға домалатып жібер! – деді аға әмір етіп.
Айтқанын орындап, машинаға кеп отырдым.
– Енді оны тауып алған біреу қуанатын болды. Дүкенге өткізіп бір шөлмек шарап алады, – деді Тұтқабай. Байқаймын, ол Баукеңнің алдында өзін еркін ұстайтын тәрізді.
– Өзі алты шөлмек екен. Екеуін арғы күні мына Мамытбек әкелді. Палатама қалдырып кетуге болмайды ғой. Қалдырып кетсем, менен кейін келгендер: «Ой, Бауыржан Момышұлы маскүнем екен демей ме?» – деп Баукең күлді.
Ішімнен: «Қартайса да өзін қалай ұстайды? Баукең әр адымын андып басатын, әр сөзін ойланып айтатын, қиядағыны тез аңғарып, тез сезіп, кімнің кім екенін тани қоятын, ар-намысына кір жұқтырмайтын кісі-ау» – деп түйдім. Үйіне енген соң:
– Мамытбек, мә, мына ақшаны ал да, дүкенге барып кел. Тойлаймыз, –деді.
– Аға, асығыс едім, мені редакторым күтіп отыр, – дедім жалтарып.
Тұтқабай да желеу тапты. Екеуміз қоштасып тысқа шықтық.
– По дальше от греха, – деді Тұтқабай оңашалана бере.
Оның да Баукеңнен қысылып, қымтырылатынын сезіп, жымия езу тарттым. Алты бос шөлмек көпке дейін ойымнан кетпей қойды...
Ұғысу
– Жолда Таразға тоқтадық. Менің ойым тіке аулыма тартып кету еді, –деді Баукең саусақтарымен шашын тарай түсіп. – Мына жеңгең Тараздағы туысымызға телефон соғып, хабарлап қойыпты. Сол машинасымен қарсы алды. «Баукелеп» жүгіріп жүр. Өзі бір мекеменің бастығы. Ойы – тағы жоғарылау екен.
Баукең мысқылдай күлді.
– Өскенбай, – дедім оны кекетіп.
– Облыстық партия комитетінің хатшысына хат жазып берсеңіз?
Жыламсырап отыр. Қоймаған соң: «Мынау менің туысым еді, сіздің кадрыңыз. Қабылдап, сөйлесерсіз. Нендей шешімге келеріңізді өзіңіз біліңіз. Б.Момышұлы» деп қол қойдым. Хатшы Б.Момышұлы деген жазуды көрген соң, кірсін деп қабылдап, «көрерміз» деп шығарып салыпты. Менің жазғанымның астарына түсінген ғой.
Өткен жолы барғанымызда да әлгі туысым өсем-пөсем деп бәле салды. Ойпырмай, өзі өсем деген аурумен қатты ауырса керек. Ертеңіне аулыма аттанайық десек, жібермей, хатшыға жүзбе-жүз жолығып, мені тапсырыңыз деп болмайды. Мені желкемнен ұстап, желкелеп алып бармақ. Астапыралла-а! – Қайтарда жолығармын, – деп құтылдым. – «Бара салсаң нең кетеді?» –дейді жеңгең. Мәссаған керек болса! Ой, Өскенбайдан қатты шаршадым.
Орыстар «Насильно мил не будешь» дейді. Мұның астары терең. Мұны көп адам жыныс жағына ғана байланысты айтылған дейді. Ол қате.
Ұғыспасаң дос та, қас та бола алмайсың. Ұғыспасаң бір-біріңді жақсы көрмейсің, бір-біріңмен тату тұрмайсың. Бұл – қоғамдық, саяси құбылыс. Ұғысу оңай емес. (Баукең басын шайқады). Ұғысудың күре тамыры әркімнің табиғатына байланысты. Ол – ұлы әлем. Мысалы, табиғатың қалыптаспаса, басқа қалыптасудың барлығы тамырсыз болады. Ал тамыры жоқ нәрсе өспейді ғой, қарағым. Оған түсінесің ғой, ә?
Енді психология, физиология мәселесіне ой бөлейік. Ұғысу болмаса, бір-біріңе сене алмайсың, сенбеген соң ойыңды ашық айта алмайсың. Бір- біріңді өтірік түсініп, бір-біріңді алдағың келеді. Бірақ ертеңіне сырың ашылады. Неге десең, тамырларың бөлек.
Адам – айуан. Бұл менің сөзім емес, Энгельстің сөзі. Ол кісі соны дәлелдеп жазады. Сенбесең, «Отбасы, жекеменшіктің және мемлекеттің шығуы» деген кітабын оқып шық.
Рас, жоғарыдағы анықтама дөрекі, тіпті намысқа тиерліктей, бірақ ол кісі сондай теңеуге барды, барғанда саналы түрде барды. Солай деуге мәжбүр болды. Ол оңайға түскен жоқ.
qazaquni.kz