Қазақстанда тұңғыш рет жас ақын-жазушылар кеңесі құрылды

Ұлттық әдебиетімізді және ақындық өнерді қолдау мен насихаттау мақсатында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі жанынан Жастар кеңесі құрылды.

Жастар кеңесі – өнер және әдебиет саласында әдістемелік-сараптамалық жұмысты жүзеге асыру үшін құрылған консультативтік-кеңестік орган болып табылады.

Кеңестің негізгі міндеттері: жастарға қатысты кешенді әдебиет және өнер салаларының басым бағыттарын анықтау, оны қалыптастыру және іске асыру; жеке және заңды тұлғалармен, шығармашылық одақтар, ассоциациалар және тағы басқа қоғамдық маңызы ұйымдармен бірлесе отырып жұмыс жүргізу; жастардың түрлі заманауи форумдарға, конференцияларға, жиындарға қатысу және Министрліктің шешімдерін талқылау мен қабылдау кезінде жұртшылықтың пікірін ескере отырып жұмыс жасау, мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалардың жобаларын және тағы басқада жастарға қатысты өзге де маңызды сұрақтарын талқылау; шығармашылық қайраткерлермен жұмыс барысында туындаған мәселелерді шешуде орталық және жергілікті атқарушы органдарға консультативтік көмек көрсетеді.

Ұлықбек Есдәулет, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының иегері:

«Мәдениет пен өнердің жанашыры, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының мұрындық болуымен жұмысын бастағалы отырған Жастар кеңесінің басты мақсаты – қаламгерлер мен оқырмандар арасында алтын көпір болу, жас қаламгерлердің шығармашылығын насихаттау, әдеби-мәдени интеллигенцияның бас қосар орталығына айналу. Сиясы кеппеген жаңа кітаптарды талқылау, өзге де аймақтармен байланыс жасау мақсатында әдеби бейне-көпірлер, өзге де аймақ қаламгерлерімен кездесу кештерін өткізуді жоспарлаған орта болып отыр».

Мақсат Мәліков, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің гран-при иегері:

«Мәдениет және спорт министрлігінің жанынан құрылған Жастар кеңесі – қоғамдағы жастар саясатының тамырына қан жүгіртетін игі бастама деп қабылдаймын. Әсіресе, өнер және әдебиет саласында талантымен көзге түскен жас буын өкілдеріне мемлекет және қоғамдық ұйым тарапынан көңіл бөліп, олардың қалыптасу жолында қолтығынан демесе, талай күрмеуі қиын мәселе шешімін табатыны ақиқат. Себебі, алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы «балам дейтін жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан болсын» деп айтып кеткеніндей, жастарға дер кезінде көрсетілген қамқорлық – елдің болашағына қосылған қомақты үлес. Мінекей, осындай мақсат-мүддені ту еткен Жастар кеңесі өнері өрге жүзген сандаған дарынның тынысын кеңейтіп, күні ертең келелі істің керемет баламасына айналатыны сөзсіз».

Жас ақын-жазушылар кеңесінің құрамы:

Мәлік Мақсат - Халықаралық «Шабыт» фестивалінің гран-при иегері

Мұқаш Мирас - Қ.Сәтбаев атындағы арнаулы сыйлықтың иегері, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің диплом иегері

Асан Мирас - Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты

Ануар Омар - Халықаралық «Шабыт» фестивалінің екі мәрте лауреаты

Айбол Исламғали - Республикалық мүшәйралардың жүлдегері

Әбілқайыр Қанат - Халықаралық «Дарабоз» сыйлығының екі мәрте бірінші орын иегері

Бабаш Бақыткүл - Халықаралық «Шабыт» фестивалінің бас жүлдегері

Бейсенбек Дархан - Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты. «Серпер» жастар сыйлығының иегері

Бердалы Назира - Халықаралық, республикалық мүшәйралардың бас жүлдегері

Есаманов Хамит - Республикалық мүшәйралардың жүлдегері

Жүніс Ерлан - «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының иегері

Қабдай Нұрлан - «Хабар» агенттігінің үздік журналисті

Қарағызұлы Бауыржан - «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының иегері

Қартов Мерей - «Алтын тобылғы» конкурсының бас жүлдегері

Нүсіп Алмас - «Алтын тобылғы» конкурсының бас жүлдегері

Ожай Ықылас - «Рух» конкурсының жүлдегері

Банников Павел - Халықаралық конкурстардың жүлдегері

Абдулжан Азынабакиев - «Түркі дүниесі» фестивалінің лауреаты

Омар Құралай - «Шабыт» фестивалінің бас жүлдегері. Т.Айбергенов атындағы сыйлықтың иегері

Сарин Қалқаман - «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының иегері

Смадияр Бегзат - «Шабыт» фестивалінің лауреаты. «Рух» конкурсының бірінші орын иегері

Тұрсынбайұлы

Бағашар - «Шабыт» фестивалінің диплом иегері

Сарыбай Бейбіт - Халықаралық «Дарабоз» сыйлығының екі мәрте бірінші орын иегері, «Алтын тобылғы» конкурсының бас жүлдегері

Шерхан Талап - «Шабыт» фестивалінің лауреаты

Сара Тоқтамысова айтыскер ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты

Мұхтар Ниязов айтыскер ақын, «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысында бас жүлде иегері

ҚР МСМ Баспасөз қызметі