Абзал азамат
2018 ж. 20 сәуір
6887
0
Мен осы бір қарапайым да кішіпейіл, жаны жайсаң жігіт ағасын біраздан білемін. Дәл қай кезде, қай жерде кездескеніміз, не танысқанымыз есімде жоқ. Түрлі әдеби жиындарда, ғылыми конференцияларда ұшырасып жүрдік те кейіннен бұрыннан таныстай, жақсы араласып кеттік. Біздің осылайша аралас-құралас болып кетуімізге зерттеп жүрген ғылыми саламыздың бір бағытта болғандығы септігін тигізген болуы керек.
Тоқсаныншы жылдардың басынан бастап ғылыми жұмыстармен айналыса бастаған Нариман Нұрпейісов әдебиеттану ғылымының осы бір күрделі де қиын саласы саналатын әдеби сын мәселелерін зерттеуге қаймықпай барып, кезінде қазақ әдебиеттану ғылымының көшбасшыларының бірі болған Есмағамбет Ысмайыловтың сыншылық тұлғасын зерделеуге бел шешіп кірісіп кетті. Жас ғалымның шығармашылық ізденістері жемісті болып, ол 1998 жылы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін диссертациясын сәтті қорғады.
Н.Жұмашұлының баспасөз беттерінде, ғылыми-көпшілік журналдарда, ғылыми конференция материалдарында 250-ден астам еңбектері жарық көрген. «Е.Ысмайылов – әдебиет тарихын зерттеуші» (монография, 1999), «Дүрбелеңді дәуір зерттеушісі» (ғылыми жинақ, 2002), «Е.Ысмайылов және қазақ әдебиетінің кейбір мәселелері» (оқу құралы, 2004), «Әулиелі Ақсүмбе – періштелі Ақбикеш» (2006), «Мұхтартану» (лекциялар курсы, оқу құралы, 2009), «Әдебиет және сын мәселелері» (оқу құралы, 2009), «Ұлттық руханиятпен – әлемдік өркениетке» (2010), «Қазақ әдеби сынының өзекті мәселелері» (оқу құралы, 2010), «Елбасы – Елтұтқасы» (публицистикалық жинақ, 2011), «Абайтану» (оқу құралы, 2013), «Е.Ысмайылов және әдебиеттану мәселелері» (оқу құралы, 2013), «Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі» (оқу құралы, 2016) атты жарық көрген ғылыми-көпшілік кітаптары бар.
Н.Нұрпейісовтің еңбектерінің ішінде салмақты жағы Е.Ысмайыловтың шығармашылығы жайлы ізденістері десе болады. Ол осы тақырыпта кандидаттық диссертация қорғап, «Е.Ысмайылов-әдебиет тарихын зерттеуші» (1999), «Дүрбелеңді дәуір зерттеушісі» (2002), «Е.Ысмайылов және қазақ әдебиетінің кейбір мәселелері» (2005), «Е.Ысмайылов және әдебиеттану мәселелері» (оқу құралы, 2013) аталатын төрт кітап шығарды. Бұларда қазақ әдебиеттану ғылымының қалыптасу жолында тарихи еңбек сіңірген, ұлттық сарындағы пікірлері үшін кезіндегі биліктен қуғын көрген жан-жақты дарын иесі Е.Ысмайыловтың ғылыми шығармашылығы жан-жақты талданады. Әсіресе «Әуезов және оның шәкірттері», «Е.Ысмайылов – Абайтанушы», «Е.Ысмайылов – әдебиеттану ғылымының білгірі», «Қажырлы да қарымды ғалым», «Өнегелі де өміршең достық», т. б. мәселелері арнайы қарастырылып, Е.Ысмайыловтың сан қырлы дарыны жарқырай түскен.
Н.Нұрпейісовтің ғылыми ізденістері сан тарапты. Оларды тәптіштеп жатпай-ақ кейбір еңбектерінің аттарын атап өтсек, соның өзі де біраз нәрсені аңғарта алады: «Абай және «Дала уалаяты», «Абай және орыс әдебиеті», «Қазақ әдебиетіндегі азаттық идеясы», «Азаттық жырдың алдаспаны», «С.Қожанов – әдебиет жанашыры», «Б.Кенжебаев және тәуелсіздік тақырыбы», «Ғ.Мүсіреповтың қазақ сынына қосқан үлесі», «Т.Әлімқұловтың зерттеушілік қырлары», «М.Мырзахметов – Абайтанушы ғалым» т.б.
Осылардың ішінде алғашқы екеуі қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевқа арналса, кейін осы саладағы ғылыми ізденістер, ұзақ жылдарғы ұстаздық тәжірибе «Абайтану» (2013) оқу құралының өмірге келуіне алғышарттар жасады. Бүкіл саналы ғұмыры жоғары оқу орнында қазақ әдебиетінен дәріс оқумен келе жатқан ұстаз ғалымның қаламынан басқа да «Мұхтартану» (лекциялар курсы, 2009), «Әдебиет және сын мәселелері» (оқу құралы, 2009), «Қазақ әдеби сынының өзекті мәселелері» (оқу құралы, 2010), «Е.Ысмайылов және әдебиеттану мәселелері» (оқу құралы, 2013), «Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі» (оқу құралы, 2016) секілді әдістемелік оқу құралдары өмірге келді.
Нариманның туып-өскен жері – қарт Қаратаудың теріскейіндегі тарихи жер – Ақсүмбе ауылы. Қаратаудың батысқа қарай созылып барып, бітер жерінде орналасқан Ақсүмбе шағын ауыл болғанымен де, тарихы – терең. Осы жердегі тау басындағы Ақбикештің алыстан көз тартатын ескерткіші жайлы аңыздың мән-мағынасы тереңде жатыр. Жастайынан туған жердің аңызына суғарылып өскен Н.Нұрпейісовтің қаламынан «Әулиелі Ақсүмбе – періштелі Ақбикеш» (2006) атты кітап жазылды. Кітапты оқып отырғанда, Нариманның жүрекжарды толғаныстары еріксіз өзіне тартып кетеді:
«Әркімнің өзіне ыстық ауылы бар, ал менің ауылым-Ақсүмбе . Қарт Қаратаудың соңғы сілемдерінің бірі Сарытаудың бойында, арынды Ақсүмбе өзенінің бойында, сәукелелі Ақбикеш сән беріп тұрған біздің кішкене ауылдың сыр-сымбаты ерекше. Тасын түртсең, тарих сөйлейтін, аттап бассаң, қасиетті әулиелерге кездесетін жерді іздеп табу қиын. Шымқала Шымкенттен тым шалғай, қасиетті Түркістаннан теріскей, сырлы да, шежірелі Созақтан да алыста жатқан ауылымды бала кезден сүйіп, қастерлеп өстік».
Нариманның көзімен қарағандағы Ақсүмбенің көркем келбеті осылайша көз тартады. Әркімнің туған жері өзіне қымбат десек те өзі жаралған топырақтың қасиетін қастерлеген адам ғана оның құдіретін осылайша сезіне алады. Осы жерде мынадай бір ой келеді: қолына қалам ұстаған әрбір азамат өз аулының тарихы жайлы осы сияқты бір-бір кітаптан жазса, туған жерге тағзымның, отаншылдық тәрбиенің нағыз қайнар көзі, бастауы болар еді.
Қазақтың қай жері болса да – қасиетті. Қасиетті топырақтан қасиетті ұлдар туады. Сол сияқты алыстағы Ақсүмбеде де ғасырларда біртуар қазақтың асыл текті азаматы Сұлтанбек Қожанов өмірге келіпті. Кезінде Түркістан өлкесінің рухани басшыларының бірі болған, елім, жерім, ұлтым деген ұлтшылдығы үшін қуғын көріп, жазықсыз жазаланған С.Қожановтың азаматтық ерлікке толы өмірі – кейінгі жастарға үлгі. Өкінішке орай, күні кешеге дейін отаршылдықтың бұғауында болып келген біз ұлтының болашағы үшін күрескен ұлт-азаттық күрестің қайраткерлерін онша біле бермейміз. Міне, осы сияқты олқылықтың орнын толтыру мақсатымен Нариман ауылда, елде көнекөз қариялардан естігендерін жиып-теріп, түрлі тарихи құжаттарды пайдалана отырып, С.Қожанов туралы жеке кітап жазып бітірді.
Н.Нұрпейісов қоғамдық өміріміздің шешімін күтіп тұрған түрлі зәру мәселелері жайлы баспасөз бетінде жиі көрініп, өзінің пікірлерін білдіріп отырады. Оны қазіргі қазақ қоғамының рухани өміріндегі әдебиеттің, қазақ тілінің, ұлттық тәрбиенің мәселелері көбірек ойлантады. «Адамның баласы бауырың», «Алтау ала болса», «Мәртебелі тілдің мерейін өсірейік», «Не қымбат: тоқшылық, әлде бостандық», «Он бір жыл оқығанда, қалайша қазақ тілінен сабақ береді?» секілді публицистикалық мақалаларында бүгінгі күннің зәру мәселелерін қозғайды.
«Мәртебелі тілдің мерейін өсірейік» атты мақаласында қазақ тілінің өрісін қайтсек кеңейтеміз деген мәселеге азамат ұстаз ретінде ұсыныстар айтады: «Ендігі бір мәселе қазақ тілін үйретуді бесіктен бастап, жоғары оқу орнымен аяқтау керек, яғни үйренгенше оқытып, жиренгенше дейтін деңгейге жеткізбеу керек. Бұлай деп жатқанымыз әбден буыны қатып, кешегі кеңестік дәуірдің астам психологиясымен өскен 50-60 жастағы кісілерді енді қазақша сөйлетіп жіберу оңай емес, «жиренгенше» оқытып, оның жүйкесін жұқартамыз, кейбір түсінбеушіліктен ұлт араздығы тұтануы мүмкін, кейбір бауырларымыз, әсіресе жақсы мамандар көше бастаса, тағы да жақсы болмайды. Ал енді бесігінен, бала күнінен тәрбиеленген бала ондай бас асаулыққа бармайды, әрине бұған уақыт керек, оған шыдамдылық көрсетуіміз қажет. Ол үшін мектеп, жоғарғы оқу орындары қазақ тілінен мемлекеттік емтихан тапсыру керек, бұл емтихандарда шәкірт ауызша, жазбаша сыннан өтсін, онан кейін тіл білген балаға даңғыл жол ашылсын, мемлекетіміздің гүлденуіне үлес қоссын, өз тілін де, қазақ тілін де қатар алып жүретін жақсы азамат болсын. Жоғары оқу орнын бітірген шәкірттің дипломында қазақ тілінен үш деген баға тұрғанда, жұмыс беруші ойланатын болсын, қаншалықты тіл білетіні есепке алынсын. Бұл арада 11-12 жыл мектепте, 4-5 жыл университетте оқығанда үйренбесе, өз обалы өзіне. Одан әрі тағы да шығын шығарып оқыту, қосымша төлемақы жасаудың қажеті жоқ».
Филология ғылымдарының кандидаты, доцент Н.Нұрпейісовтің саналы ғұмыры жоғары оқу орындарында ұстаздық етумен келеді. 1985 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген ол алдымен Абай атындағы Саран педагогикалық училищесінде (1985-1995), 1995 жылдан бастап Шымкент қаласындағы жоғары оқу орындарына қызмет ауыстырған Нариман Жұмашұлы 1996 жылдан М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің қазақ әдебиеті кафедрасында аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі (1995-2012), Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтында қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының меңгерушісі (2012-2014), филология факультетінің (2014-2016), жылдан филология және тарих факультетінің (2016-2017) деканы қызметтерін атқарды. Қазір Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтында кешкі оқыту және дайындық факультетінің деканы (2017 жылдан) болып еңбек етеді. Білім беру саласында жеткен жетістіктері үшін ол «Қазақстан Республикасы оқу ісінің үздігі» (1995) атанды.
Мәңгілік ел болу мақсатында рухани жаңғырып жатқан еліне бергенінен әлі берері көп филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Қазақстан Республикасы оқу ісінің үздігі, Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі Нариман Жұмашұлы қазір нағыз шығармашылық кемел шағында. Абзал азаматқа толағай табыстар тілейміз.
Дандай ЫСҚАҚҰЛЫ, филология ғылымдарының докторы, профессор
qazaquni.kz