Алма Қыраубаева әдеби зерттеулерінің ұлт руханиятындағы маңызы талқыланды
2018 ж. 19 сәуір
6745
0
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Студенттер сарайында өткен «Алма Қыраубаева әдеби зерттеулерінің ұлт руханиятындағы маңызы» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияға ғалымның Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қызметтес болған әріптестері, шәкірттері, Шиелі ауданындағы орта мектепте оқыған сыныптастары, ұстаздар мен студенттер қатысты.
Ғылыми конференцияны Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Р.Р.Рүстемов жүргізіп отырды. Ғалым, ұстаз Алма Қыраубаеваның өмір жолы жайында дайындалған деректі фильм көрсетілді.
1947 жылы Қызылорда облысы Сырдария ауданы Бірқазан бекетінде дүниеге келген ғалым, орта мектепті алтын медальмен тамамдап, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін де үздік бітіргеннен кейін, 30 жылдан астам уақыт өзі оқыған университетте ұстаздық қызмет атқарды. Ғалым Бейсембай Кенжебаевтың жетекшілігімен 1974 жылы − «Қиссас Рабғұзи» мен «Мұхаббатнаманың» идеялық-көркемдік ерекшеліктері» деген тақырыпта кандидаттық, 1997 жылы «Қазақ әдебиетіндегі шығыстық қисса-дастандардың түп төркіні мен қалыптасуы» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. 100-ден астам ғылыми-педагогикалық, публицистикалық мақалалары, көркем әңгімелері мен 30-ға жуық кітаптары жарық көрді.
Конференцияда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті түркология кафедрасының профессоры Шәкір Ибраев, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының профессоры Жұмат Тілепов, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жалпы тіл білімі кафедрасының профессоры Анар Салқынбай Алма Қыраубаеваның әдебиет тарихын зерттеу еңбектері, әдіскер-педагогтік өмір жолы, адамгершілік келбеті жөнінде ой толғады.
Ғалым-ұстаз А.Қыраубаеваның шәкірттері: Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры Болат Қорғанбеков, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының доценті Айман Айтбаева, «Шығармашылық шеберлікке баулу» орталығының тренері, А. Қыраубаева мектебінің тәжірибесі негізіндегі оқу-әдістемелік кешендер авторы Айсұлу Қасымбек, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің доценті Жанымгүл Камалқызы А.Қыраубаева зерттеулеріндегі эпос және эпикалық дәстүр, ғалым зерттеулерінің рухани даму бастаулары, Алма Қыраубаеваның авторлық мектеп тәжірибесі мен жаңартылған білім мазмұнының үндестігі жайлы, Сыр сүлейлерінің жырларына сусындаған өресі биік ғалым туралы баяндамаларын ортаға салды.
Жиынға қатысушылар бар ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге, әдебиет тарихының тереңіне түрен салып, зерттеулер жүргізуге арнаған ғалымның өміршең еңбектерінің халық игілігі үшін қызмет ететініне, тәуелсіз елдің ұланын тәрбиелеу ісінде темірқазық бола беретініне сенім білдіріп, конференция жұмысын қорытындылады.
Басқосу соңында «Меруерт» мейрамханасында ұлағатты ұстаз рухына құран бағышталып, ас берілді.
Нұрсұлу Мәтбек, Фейсбук парақшасынан