Біз өзі - бір университет
2018 ж. 13 сәуір
5863
0
немесе Рахманқұл Бердібаев туралы сыр
Әдебиеттанушы ғалым, фольклор зерттеушісі, сыншы, Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының академигі, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның Еңбек сіңірген ғылым қайраткері Рахманқұл Бердібаевтың артында қисапсыз мұра қалды. Елі үшін еңбек етіп, ұлтын ұлықтау үшін онсыз да ұйқыдан қалып жүретін ұлық кісіні орынды-орынсыз мазалай беруге де батылымыз жете бермейтін. О кісімен арадағы сәті түскен сұхбаттар мен алқалы жиындарда айтқан әңгімелерін қанағат тұтуға тура келді. Араға ай салып, жыл салып барып, осынау бір өзі бір университеттей асыл ағаның айтқандарын қайта тыңдаудың өзі бір ғанибет еді.
Үлкен кісінің қолын алсаң, жолың ашылады
Ол айналадағы күйкі тірліктен бейхабар, тіпті бұл өмірдің оған еш қатысы жоқтай, өз әлемімен ғана өмір сүріп жүргендей көрінді. 80-жылдардың басында бұрынғы Қазақ мемлекеттік университетінің ескі ғимаратының залында сыртынан алғаш көргенде-ақ Рахманқұл ағайды жазбай таныдым. «Үлкен кісінің қолын алсаң, жолың ашылады» деп өскен баламыз, ары-бері зулап жатқан студенттердің қайсыбірін танып жатыр дейсің деген оймен, залда қанша рет көріп қалсам, сонша рет амандасып өтетінмін. Жәймен ғана бас изегені болмаса, мұндай амандасуымның бірде-біріне мән бергенін байқамаппын. «Ғалым деген осындай ой құшағында ғана жүретін адамдар екен ғой» деп топшыладым. Филфак пен журфактың ортақ дайындық бөліміне енді ғана оқуға түсіп, үлкен тұлғалардың бет-жүзін енді ғана тірідей көріп жүрген баланың басына басқа қандай ой келуші еді... Курсымыз жоғарылаған сайын Рахманқұл ағайдың дәрістері мен баяндамаларын тыңдаудың мүмкіндіктері молая түсті. Тіпті, М.Әуезовтің музей-үйінде жұма сайын өтетін «Халық университетіндегі» лекцияларды осы кісі ұйымдастыратындықтан, оған жиі баруға талпынатынбыз. Айтқан ұлағатты сөздерін тыңдап, газет-журналдардағы жазған дүниелерін көбірек оқуға күш салып жүрдік. Оны қақ-соқта ісі жоқ, шаруасына тура барып, тіке қайтатын кісі деп түсіндім. Ол маған тек ғылыми зерттеулер жасап, ғылыми дүниелер жазу үшін ғана өмірге келгендей әсер қалдырды. Содан кейін болар, жүйіткіген журналистиканың жалын тартып мінген кездің өзінде мен Рахманқұл Бердібаев ағаммен «абайлап» сөйлесуге дағдыланған едім. Сондағы бар ойым – үлкен тұлғаның алдында пенделігімді көрсетіп алмау, болмашы нәрсеге бола көңіліне қаяу түсірмеу, жастар жайында жағымсыз ой туғызбау. Дәл осы «абайлап» араласу мені көп дүниеден қаққанын да білемін, бірақ сүйекке сіңген әдет сүйекпен кететіні рас екен. Әйтпесе, мұндай ағаларымыздың айтары көп, берері мол еді ғой. Соның ізімен осы күндері бұрқыратып тұрып талай материал жазып тастауға болар ма еді. Негізі, ғылым жолына түскен жастар мұндай ірі тұлғалармен жиі араласып жүрген күннің өзінде, шектеулі бір шеңберден шыға алмай қалатындай көрініп тұрады. Ресмилеу кездесу, ғылыми жұмыс бабындағы әңгіме кейін де сол қалыптан шығара қоймайды-ау деймін де, әйтпесе осы Рахманқұл Бердібаев ағамыздың шашбауын көтеріп, жанынан шықпай жүрген сол кездегі жастарымыз бүгінде ағайлары туралы талай дүние тудырар еді. Жалпы, бұл біздегі тұлғатану жұмыстарының әлі де жан-жақты жүзеге аса алмай отырғанын көрсетсе керек.Барсакелместен келген баланың мұғалімі
Бала кезінде Әли көкеміздің көрмегені жоқ. Соғыс басталған жылдары Арыс қаласында тентіреп жүрген, қараусыз қалған жетім балаларды тиеп алып, биологиялық-бактереологиялық қарулар жасаумен айналысатын Арал теңізінің ортасындағы Возрождение аралына (қазақ үшін ол да бір Барсакелмес болып қалған) әкеткенде, солардың ішінде 12 жастағы бұл да бар болатын. Қалған балалардың бәрі сол жерден қайтып оралған емес... Ал мұны әскерилердің малын бағуға бөліп әкетіп, бөлек ұстап аман қалады. Бес жылдай уақыты сол аймақтарда өткен. Өзі қарулы, соқталдай азамат болып қалған кезі. Бұзықтығы бір басына жетіп жатыр. Бірінен біріне өтіп, Тайсойған жақта мал бағып жүрген кезінде, ат үстінде ұйқылы-ояу отырған қарауыл сарбазды ұрып жығып, қашып құтылады. «Барсакелместен» тірі қайтқан өзі ғана екенін жақсы білген Әли бұл жайында ол уақытта ешкімге айтқан емес, өзін-өзі ұстап бермек пе. Тіпті айтқан күннің өзінде оған ешкім сене қоймас та еді. Осы Әли Мырзалиев көкеміз мектептің 4-сыныбына 17 жастан асқан кезде барды десем, сенесіз бе? Сенсеңіз де, сенбесеңіз де осы. Соғыс салған лаң, ауыр тұрмыс жұртқа не істетпеді? Бұзақылау болып өскен Әли бала да осы бұзақылығының арқасында жетімдік қамытын өрге қарай сүйреп үйренген еді. Бірақ алғыр бала ақылды тентек болатын. 4-сыныптан кейін бірден 8-сыныпқа өтуіне тура келді. Аса жақсы да оқыған жоқ, «екілікпен» қоңсы қонып жүрген жәйі бар. Мұғалімдер жасын ескерді ме, әлде мектептің жағдайы солай болды ма, жоғары сыныптарға бірден секіріп кетті.
Сол жылдары Шымкент облысы Иличевка ауданының орталығындағы осы мектеп-интернатқа жоғары оқу орнын тәмамдап, қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беруге жас мұғалім Рахманқұл Бердібаев келген еді. Кейін мектеп директоры болды. Өзі Әлиден бір-ақ жас үлкен екен, бұзықтау бала өзімен қатар мұғалімнің мінез-құлқына қызықты ма, әлде сабақ беру тәсіліне көңілі ауды ма, әйтеуір жас мұғалімнің айтқандарын құлағына құйып алатын. Фирдоуси, Низами, Навои дей ме, Абай дей ме, әйтеуір айтқанының бәрі қызық еді. Алайда, 10 «а» сыныбында оқитын Әли ең нашар оқушылардың қатарында жүрді. Бір күні оқушыларға жаппай шығарма жаздырғаны бар. Төрт түрлі тақырып болды. Әли Мырзалиев Абай тақырыбына ойысқанды жөн санайды. Келесі күні ағай «біссіміллә» деп, алдымен жақсы жазған оқушыларды бағалап, дәптерлерін тарата бастайды. Бірлі-жарым «беске», сосын «төртке» жазғандар, тіпті «екілік» алғандар да таусылды. Ең соңында Әлидің дәптері ғана қалды. Балалардың бәрі ағайларына байқатпай күліп, ыржалақтап, мұны мазақ қыла бастаған еді бұл кезде. – Әли Мырзалиев қайсың? Тұр! – деді Рахманқұл ағай ойланып отырып. Әлидің жаны мұрнының ұшына келгендей болды. – Мынаған қараңдар, мынаны білесіңдер ме? – деді ағай. – Білеміз, білгенде қандай! – деп, балалар шулап жатыр. Әбден «үш» пен «екіге» үйір боп алған мұның да басы салбырап, оқушылардың мазағына шыдамай бара жатыр еді. Рахманқұл ағай: – Жазғасын осылай жазу керек, балалар! – дегенде, мазақ етіп шуылдай бастаған оқушылар жым болды. Содан ал келіп мақтасын. Шығармасынан үзінділер оқып берді. Әлидің өзі таң қалды. Ол небәрі ағайдың сабақ барысында айтқандарын есінде сақтап қалып, айна-қатесіз етіп қайта жазып берген еді, бары сол... – Менімен курстас, бірге оқыған балалар бүйтіп жазбайтын еді. Ертеңгі күні оқуға баратын болса, осы бала бірінші болып түседі! – деді Рахманқұл ағайы. Ең қызығы, Алматыдағы Ауыл шаруашылығы институтына құжат тапсырып, шынында да, оқуға түсіп кеткені болды. Бұған Әлидің өзінің де сенгісі келмеді. Бірақ қатты қиналғаны рас. Сабақтың бәрі орыс тілінде еді, әрең үлгеріп жүрді. Еті ширақ, пысық бала қайсарлығының арқасында басқалардан оза шапты. Институтты бітіріп, тіпті ғылыми-зерттеу институтында жұмысқа қалды. Ол жылдары жергілікті кадр әзірлеуге мемлекет тарапынан көңіл бөлініп жатқан кез болатын, бәрі соның ықпалы болу керек. Намыстан өліп кете жаздайтын мінезі Әлиді жақсы маман етіп шығарды, көп ұзамай «Социалистік жарыстың үздігі» төсбелгісін кеудесіне қадағанда, қазақтардан түк шықпайды деп үйренген, солай етуге талпынатын өзге ұлт өкілдері тіпті соңына түсе бастайды. Тоқсанға келіп қалған Әли ақсақал Рахманқұл Бердібаев ағайының бір ауыз сөзі жолын ашып бергенін осы күнге дейін мақтанышпен айтып жүр. «Айтқаны періштенің құлағына шалынды ма екен, тұп-тура келгені әлі қайран қалдырады» дейді күліп. Ол Рахманқұл Бердібаевтың ең алғашқы шәкірті болатын.
Дуалы ауыздан шыққан сөз
1988 жылдың наурыз айында қазақ халқының әбден езiлiп-жаншылған ой-санасы мен iшкi жан-дүниесiнде сөзбен айтып жеткiзiп болмас үлкен төңкерiс болды. Алматыдағы Максим Горький атындағы Орталық мәдениет және демалыс саябағында 100 мыңнан астам адам жиналып, Кеңес Одағы кезiнде қасақана тиылып тасталған Наурыз мейрамын атап өттi. 1986 жылғы Желтоқсан ереуiлiнен кейiн, негiзiнен, бiрыңғай қазақтардың мұншалықты деңгейде өткен үлкен басқосуы болған емес едi. Күн нұры төгiлген көгiлдiр көктемдегi барша жұртты таң-тамаша қалдырған той елдiң рухын зеңгiр көкке бiр көтерiп тастады. Себебi, басқа мейрамдармен салыстыруға болмайтын Наурыз тойының тойланбай қалғанына 60 жылдан асқан еді. Бұл 1988 жылғы Наурыз мерекесі туралы кезінде бірнеше рет жазған да болатынбыз, десек те, осы жолы мұны тағы бір рет қайталап кетуге тура келіп отыр.
М.О.Әуезов музей-үйінде өткен Р.Бердібаевтің мерейтойы. Солдан оңға қарай: Ісмет Кеңесбаев, Рахманқұл Бердібаев, Зәки Ахметов, Әди Шәріпов, Мырзабек Дүйсенов. Мінберде – Сапабек Әсіпов.1988 жылдың наурызында, содан ба, сағына қауышқан көктем мерекесiн ел-жұрт шын ықыласпен тойлады. Ақ сандықтай ақтарылған ақ тiлектер мен құттықтауларда шек болған жоқ. Ертеден кешке дейiн асқар шыңдарымен айбарланған Алатаулы астанамыз Алматының аспанын ән-жыр кернеп, жүректердi ерекше сезiм билеген. Ай мен күннiң аманында адасқандай күй кешкен ағайын өзiнiң дағдылы даңғылына қайта аяқ артқандай болды. Досты да, дұшпанды да тамсандырып, таңғалдырған тойға құлақтанған ел топ-тобымен шақырусыз-ақ келiп жатты. Алайда, Желтоқсан көтерiлiсiнен кейiн жағымсыз кейiпте қалған Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң бiрiншi хатшысы Геннадий Васильевич Колбиннiң де Наурыз тойына ұрланып келгенiн той тамашасына елiккен елдiң ешқайсысы бiле қоймады... Жалпы, 60 жылдан кейін ұлттық мерекеміздің қайта оралуына не түрткі болды дейтін сауалдың тумай қалуы мүмкін де емес. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан соң, қоғамдық сана дүр сiлкiнiп, аракiдiк болса да, қазақ зиялылары ұлт туралы жан-жақты батыл ой-пiкiр бiлдiрiп жатты. 1988 жылғы наурыз айының басында Қазақстан Жазушылар одағында өткен әдеби жыл қорытындысына арналған үлкен жиында белгiлi зерттеушi-ғалым Рахманқұл Бердiбай да сол уақыттағы тосындау бiр өзектi мәселені көтерген едi. «Хабар» телеарнасында жүрген кезімде осы қайта оралған Наурыз мейрамы туралы материал әзірлеу барысында Рахманқұл ағамызға әдейі іздеп барып жолыққан болатынмын. – Дәстүрлi әдеби жыл қорытындысы едi, мен сөзiмнiң аяғында үлкен ұсыныс айттым. Басқа елдерде Наурыз мейрамы жыл сайын тойланып жатады, бiзге бұл жақсы дәстүрiмiз қашан келедi деп сұрақ қойдым. Бұл жиынға Өзбекәлi Жәнiбеков пен Алматы облыстық партия комитетiнiң хатшысы Зәуре Қадырова қатысып отырған болатын. Өзбекәлi Жәнiбеков ұсынысты қолдайтынын айтып, Қадыроваға қарап: «Биыл қолға алайық, Алматы облысынан бастасақ қайтедi?» дедi. Ол кезде партия комитетi айтқан нәрсе жерде қалмайтын, мен бiрақ сол жылы үлгере ме, үлгермей ме деп ойлағанмын. Бiрақ, қызу дайындықтың арқасында сол жылы Алматы облысының 4 ауданында Наурыз аталып өттi. Бәрiнен Алматыдағы, Медеу ауданындағы Наурыздың орны ерекше болды. Бүкiлхалықтық мереке деген осы ғой, бiр Құдайдың берген, қайта оралған олжасы болды, – дедi сонда академик Рахманқұл Бердiбай сабырлы қалпынан танбай. Өзге біреу болса, мұндай әңгімені алаулатып-жалаулатып талай жерге жеткізіп тастар еді. Ондайды көргенбіз де. Ал тумысынан қарапайым, сабырлы, өзіме емес, өзгеге болсын дейтін қасиетінен танбай өткен Рахманқұл Бердібаевтың жөні басқа. Қалай десек те, аузы дуалы екен, сол жылдан бастап Наурыз мейрамы мемлекеттік тұрғыда қайта тойлана бастады. – 1925 жылдан кейiн Наурыз мейрамы тойланбай қалған едi. Қарап отырсаңыз, сол кездегi Голощекиннiң келуiмен сәйкес келедi екен. 1925-1933 жылдар арасында жүргiзiлген саясат бiздiң ұлттық негiзiмiздi жойып үлгердi. Әсiресе, елдiң байлығына айналып отырған малды тәркiлеу, соның кесiрiнен болған ашаршылық халқымыз үшiн, тiптi, қиынға түстi. Өзiнiң салт-дәстүрiнен айырылып қалған жұрт халықтық негiзiн жойып, жай ғана тобырға айналып қалғандай болды. Салт-дәстүрдi бұзудың үлкен қасiрет екенiн осыдан-ақ байқауға болады. Қоғамда болып жатқан түрлi жағдайларға байланысты заңдар өзгеруi мүмкiн, ал дәстүрдiң өзгеруi өте қиынға түседi. Өйткенi, ол миллиондаған жылдардан берi қарай келе жатқан, дәуiрлердi жалғастырып келе жатқан нәрсе. Бер жағын айтқанның өзiнде, наурыз туралы Омар Хаямның, Берунидiң еңбектерiнде бар. Оның ислам, христиан дiндерiне ешқандай байланысы жоқ. Кезiнде осындай шалағай ұғымның кесiрiнен одан айырылып қалғанбыз ғой, – дедi әңгіме арасында жәймен ғана ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигi. Р.Бердібай елі үшін еңбек етіп, ұлтын ұлықтау үшін бар ғұмырын сарп еткен тұлға дегенді тағы бір айта кеткім келіп отыр. Бұл шын мәнінде солай еді. Басқа біреулер сияқты аталастарының ғана басын «қарайтып», аядай аумақта ат шалдырып қалған жоқ. Жалпы қазаққа ортақ жұмыстар мен тұлғаларды зерттеу өз алдына, тіпті Балқаштан Балқанға дейінгі түркілерді түгендеуге ат сабылтты.
Иманжүсіп туралы көп әңгіме айтып еді
«Ол қазақтың маңдайына біткен бір жарық жұлдызы болғанмен, дүниеге ғайыптан келе қалған жоқ еді», – деп бастады әңгімесін. Сұхбат алуға барған бір сәтімізде Рахманқұл ағамыз Иманжүсіп Құтпанұлы туралы керемет әңгіме айтып берген еді. – Ол өзі өте бір ғажайып тұлға және оның өзі ғана емес, шыққан тегінде ата-бабасынан келе жатқан күрескерлік дәстүр бар. Иманжүсіп тақырыбын айтқанда, қазақ халқының үш кезеңдегі азаттық күресі елестейді. Үш кезеңдегі үш түрлі жауға деген қарсылық. Алғашқы кезеңі – Қоқан әкімшілігінің озбырлығына қарсы күрес. Иманжүсіптің атасы – Тұрғанбай датқа қазақ намысы үшін кеудесін бастырмаймын деп, адамдық атын жоғары көтеріп жүремін деп, Қоқан ханының қырына алынып, ақыры, қорлықпен дүние салған. Кенеттен келген Қоқан әскерлері аяусыз жауыздықпен ауылындағы бүкіл адамның бәрін қырып жіберген. Жалпы, қоғам билеушілерінің дәуірі деген тақырып әлі де жазылған жоқ, кеңестік кезде ұлттар достығына шіркеу түспесін деген жалған бір теория болды. Егер жақсылығын да, кемшілігін де көрсетіп расын жазса, шіркеу келмейді. Ал, енді Қоқан хандығының Сыр бойының орта ағысы мен жоғары ағысындағы ел үшін жасаған естен кетпейтін зәбір-жапасы деген өте қайғылы айғақтарға толы болды, – деп, сөзін бір қайырды. Шынында, ел аузында Иманжүсіп Құтпанұлы туралы аңыз көп болатын. Бір ғажабы – оның арғы жағында шыңғырған шындықтың табы жатыр еді. Қоқан билеушілері көрсеткен сый-құрметтің ешбіріне қарамай, Түркістанды Қоқан езгісінен босату мақсатында бітіспес күрес жүргізген атасы Тұрғанбай датқа сол басқыншылар қолынан қаза тапқан. Тұрғанбай датқаның баласы Құтпан сәби кезінде керуеншілер қолына тап болып, Ертіс жағалауына қарай кетеді. Ол сонда жүріп ер жетіп, екінші бір тарихи кезеңді бастан өткереді. Ол Кене ханның қолында жүріп, орыс отаршыларына қарсы күрескен адамдардың бірі болды. Өзінің зор тұлғасы сияқты биік рухтағы, кең тынысты композитор Иманжүсіп әндерінің біразы қазақтың мың әнін жинаған Александр Викторович Затаевичтің жинағына енді. Ал, Иманжүсіптің «Сармойын», «Сарыарқа», «Ерейментау» деген әндері көпшілік елге онсыз да жақсы мәлім еді. Алайда, кеңестік саясаттың кесірі тиіп, 1931 жылы «халық жауы» болып атылып кеткен соң, Иманжүсіптің есімін атауға болмайтын. – Иманжүсіптің өзі өмір бойы патшаға қарсы күресіп өткен. Өскеменге де, Жетісуға да, басқа жерлерге де талай рет жер аударылған. Сондағы жалғыз жазығы кеудесін ешкімге бастырмаймын деген намыстылығы, әйтпесе ешкімге қорлық көрсеткен емес. Қай заманда болса да, өзінің пікірін айта алатын, халықтың қамын ойлап, сөзін сөйлейтін адамды үкімет жақсы көрмейді. Кейін кеңес өкіметі орнап, жақсылыққа қол жете ме деп жүргенде, оның саясатының да сұрқы жаман екенін ойы зерек, сұңғыла адам жақсы біледі. Елді жайлаған азамат соғысын, ашаршылықты, басқа да бассыздықтарды көріп, одан да күдер үзген. Кезінде Сәкен Сейфуллиннің шақыртуымен Қызылордаға да барды. Бірақ, соның бәрінде халықтың басына түсіп отырған күйзелісті көріп, көңілі суыйды. Бұл қоғамнан да жақсылық көруге болмайтынын біліп, түңілген. Сөйтіп, ол кеңес өкіметіне іштей қарсы да болған, оны да жасыруға болмайды. Ақыр аяғында, Мойынқұмда жүргенінде әртүрлі желеулер тауып, басқа күрескерлермен бірге ұстап, 1931 жылы «үштіктің» шешімімен ату жазасына кескен. Байқап қарасаңыз, Иманжүсіптің өмірінен бір әулеттің үш буынының тағдыры көрінеді. Бұл үш буынды жалпы қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы күресінің символы деуге болады. Иманжүсіп – заман тудырған тұлға, – деді ол ойлана отырып. Қолда нақты деректер болмаған соң, кесіп айту да қиын. Сонда да болса, Иманжүсіпті отаршылдыққа қарсы күреспеді дей алмайсыз. Оның әндерінде кездесетін өлең жолдары «Әкем Құтпан болғанда, ағам – Шоңай, Адамзаттан жан тумас мендей құмай. Төрт стражник, переуәтшік және ауылнай, Бәрін сойдым бақыртып қойдан оңай» дейді. Немесе, «Мен қалайша жалғанда тұрақтайын, Өрт тиіп лаулап жанған құрақтайын? Аузы түкті кәпірдің талайларын, Бақыртып бауыздаушы ем лақтайын» деген шумақтардың өзі талай сырды ақтарып тұрған жоқ па. «Е, небір ерлер өткен ғой!» деп Рахманқұл ағамыздың терең күрсінгені әлі есімде. Таным-түсінігі терең, пайымы бөлек, әр сөзінің астарында ауқымды мәселелер жататын Рахманқұл ағамыз маған мезгілдің барометріндей көрінетін. Тірі болғанда бүгінде Р.Бердібаевтың 90 жылдық мерейтойы өзінің болмысы сияқты қарапайым түрде ғана аталып өткен болар еді деп ойлап қоямын...
Әнуарбек ӘУЕЛБЕК, ҚР Мәдениет қайраткері
qazaquni.kz