Зылиха апай
2018 ж. 06 сәуір
9389
6
Ғаббас Қабышұлы,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты
1977-жыл. Қаңтар айының бас шені. Жұмыс бөлмеме (Қазақстан Жазушылар одағы Әдеби қорының директоры кезім) бір келіншек қолтығынан демеген бәйбіше келді. Реңді кісі. Жоғары шығарып, диванға жайғастырдым. Жөн сұрастық. Мағжан аға Жұмабаевтың зайыбы Зылиха апай екен. Маған шаршаңқы кейіппен қарап:
– Мені «халық жауының қатыны» деп бұл литфондыға жолатпай қойған, жолаттырмай қойған, Мағжан ағаңның әлгі бір «достары», – деп мырс етті де: – Қалқам, Мағжанды білесің бе? – деді.
– Білем, апай, білмегенде ше?! Менде бес-алты өлеңінің, «Батыр Баян» дастанының көшірмелері бар, – дедім. «Қыз-келіншек кезіңізде тым сұлу болғанға ұқсайсыз, Мағаң «Бәрінен де сен сұлуды» сізге арнаған-ау!» деп ойлап та үлгірдім.
– Мұраттың айтуымен келдім, сені маған сырттай таныстырған – сол Мұрат інің. Мұхтар Әуезовтің баласы. Ал енді сөзді көбейтпейін, уақытыңды алмайын, бұйымтайымды айтайын, – деді де, өз өмірін қысқа ғана әңгімеледі. Жасы сексенге жуықтаған. Зейнетақысы мардымсыз, пәтерақыдан онша артылмайтын көрінеді.
– Апай, қағаз деген пәлесіз ештеңе реттелмейді ғой, өтініш жаза қойыңыз, – деп бір парақ қағаз бен қалам ұсындым. Апай:
– Ә, оны алдын ала жазып қойғанбыз, мына қарындасыңда, – деді де, келіншекке иек қақты.
Қордың «Қайтыс болған жазушылардың отбасы мүшелеріне жәрдем» дейтін бабы бар еді, соның негізінде ақшалай көмек көрсеттім. Апай риза болды. Содан кейін де жыл сайын кейде бір мәрте, кейде екі мәрте жәрдемдесіп жүрдім. Бір күні үйіне қонаққа шақырды. Бара алмадым, бір шаруа бөгет болып қалды. Ертеңінде бір бөтелке шампан, бір қорап торт алып барып, кешірім өтіндім. Тимирязев көшесінде, сонау жылдары Министрлер Кеңесінің төрағасы Жұмабек Тәшенев бергізген біржарым бөлмелі (полуторка) пәтерде тұрады екен.
– Дом творчества деді ме, бір үлкен үй салдырып жүр деп естідім, соның жұмысынан қолың тимей қалған шығар, түсінем, ренжіген жоқпын. Олжас пен Мұрат келді, сен келе алғаныңда тіпті жақсы болатын еді, – деді балаша қалбалақтап.
...Зылиха апаймен шүйіркелесіп жүрген күндердің бірінде ол кісіге:
– Апай, Мағаңның қолыңызда бар шығармаларының бәрін маған беріңіз, неше дана кажет десеңіз, сонша етіп мәшіңкелетейін, кітап етіп түптетейін.
– Қалқам, Мағжан әлі ақталған жоқ қой?! Саған да... – деп мүдірген, сескеніңкіреген апайды:
– Апай, мен саспай, сіз саспаңыз, – деп әзілдеп: – Түптетіп, әзірлеп қояйын, айымыз оңынан туатын күн болар, сонда баспаға тапсыра қоюға дайын тұрсын, жарай ма? – дедім.
Талай тауқымет тартқан, сан алдау-арбау көрген жанның өзіме сенер-сенбесін болжай алмасам да, марқұм ақын ағамыздың әдеби мұрасын қалайда барынша жинақтау, ұқыптап сақтау керектігін ойлағанмын. Апай пәтерінің аула жақтағы терезесіне мойнын бұрып, сыртқа көз тастап, бірер минөттей үнсіз отырды да, ойымды оқып болғандай-ақ:
– Ғаббас қалқам, саған сенемін, – деді. Дауысы дірілдеп шықты. Жүрегім жұлқып қалғандай бір күй кешіп, өнебойым ыси қалды. Сол әредікте маған жайлап бұрылып қараған апайдың көзінен жас төгіліп кетті...
Мағаңның өлең-дастандары, әдеби аудармалары жарияланған гәзет-журналдарды іздеп табу, көшірме жасатып алу, әрине, апайға қиын болған. Ақы-пұлын төлеу былай тұрыпты, кедергі-кесір жетерлік кездерде ашық іздеудің өзі қандай тәуекелді қажет етті десек ше?!. Күйеуіне жағылған күйені кетіру үшін жан тыныштығын ұмытқан, Мағаң алғаш тұтқындалғанда соңынан «итжеккенге» барып, одан Мағаңның хатын Мәскеуге, Максим Горькийге жеткізген, Мағаңның ол жолы ақталуына бірден-бір себепші бола білген, ал екінші рет тұтқындалған ерінен айрылған соң бүгінгі бізге де, келер ұрпаққа да қажет қыруар іс тындырды. Қолынан келгенінше қорғанбай қимылдап, сырға, жүзік, сақина, алқа атаулысын сатып, гәзет-журнал редакцияларынан Мағжан ағаның әдеби мұрасын жинап, сақтап бақты. Апай қайтыс болғаннан кейінгі (1994-жылы) екі-үш жыл көлемінде кейбіреулер ол кісі туралы «айтқанының бәрі – өтірік» деп ғайбат сөз айтып та, жазып та жүрді, ал Зыхаңа қолбала болып кеткен дерлік жанашыр туысы, журналшы Сүнят Бәкенов Мағаңның да, Зылиха апайдың да өмірін жақсы біледі екен (Алматыда тұрады, зейнеткер), ғайбат сөздердің орынсыз, ұят екенін айтты. Мен оған сендім, себебі: Сүкең – Жазушылар одағымызда көп жыл қызмет істеді, не теріс сөзі, не теріс іс-әрекеті болмаған сыйлы адам. Иә, кім не десе де, мейлі, ал, меніңше, Мағаңның шығармаларын жинап, сақтап, қызғышша қорып, бізге жеткізгені үшін-ақ Зылиха апайдың аруағын құрметтеуге тиіспіз.
– Мен таба алмаған өлеңдері, басқа да дүниелер әлі де бары сөзсіз. Мені «халық жауының қатыны» деп архивтерге маңайлатпайтын, гәзет-журнал редакциядағылармен тіл табысу да оңай бола бермеді. Кеңшілік болар күн туса, Мағжанды іздеушілер шығар, аз болмас та, қалғанын солар тауып алар... – деп ойлана сөйлеп сәл кідіргені, одан соң таңданысты үнмен: – 1923-жылы Тәшкенде араб әрпімен шыққан өлеңдер жинағын Ғабит Мүсірепов ағаларың алып еді, біржарым жыл болды, неге екенін білмеймін, неше рет телефон соқсам да, қайтарып берер емес, – деп, маған сұраулы кескінмен қарағаны әлі көз алдымда.
– Ғабеңмен сөйлесермін, берер, – дегенмін.
Иә, Ғабеңе телефон шалып, ниетімді айттым.
– Солай ма-а? – деді дауысын ақырын соза сөйлейтін дағдысымен.
– Кітап керек болып тұр, бүгін бе, ертең бе, тезірек беріп жіберіңізші! – дедім. Біраз үнсіздіктен кейін:
– Жарайды, – деді.
Кітаптағыларын, гәзет қиындысындағыларын, мәшіңкемен, қолмен көшірілгендерін жинақтап, реттеп, апаймен келісім бойынша төрт дана етіп мәшіңкелеттім. Екі томға бөліп түптеттім. Біріншісіне «Батыр Баян», «Қорқыт» дастаңдары мен 221 өлеңін, екіншісіне Максим Горькийдің Ана туралы әңгімелерінің, Мамин-Сибиряктан, т.б. аударғандарын, мақалаларын топтадым. Ол жұмысқа төлер ақы өзіме ауырлау болған тұста сыралғы інім Мұрат Әуезовпен ақылдасып едім, ол сөзге келместен көмектесті. Әдеби қор мүшелеріне Жарғымыз бойынша жылда, не жылара ақшалай көмек беретін ретіміз бар-ды. Мұратқа «Шығармашылық жұмыс кезіндегі материалдық жәрдем жасау» деген бап негізінде өтініш жаздырып, «130 сом берілсін» деп бұрыштама соғып, бухгалтериядан алдырып, баспалармен байланыс жөніндегі қызметкеріміз Тойболдыға Мұраттың көзінше тапсырдым. Бір «қызық» жәйт: кейінде, 2014-жылы болар, Мұраттың бір сұхбатынан: «Олжас бар бәріміз Мағжанның шығармаларын жинап құрастыруға Ғаббас Қабышевқа ақша жинап бердік» депті. «Жасырын кітаптың» жасалатынынан Олжас мүлде хабарсыз болды. Неліктен екенін білмеймін: Мұрат інім Олжасты орынды сыннан қорғаштап, мадақтап жүреді, оны «құдай жаратқан ақын» деп те шашбаулап, сынағандарды маймылға теңегені бар. Мен, әрине, Мұраттың «ақша жинап бердік» деген жалған сөзіне жауап қайтардым...
Фотосуреттерді қарап отырғанымызда он шақты адам топ болып түскен біріне көз тоқтатып:
– Апай, мына фотода кімдер бар, қай жылғы? – дегенмін.
– Бұл, егер ұмытпасам, Мағжан бірінші тұтқыннан босағаннан кейін Мәскеуде тұрғанымызда түскені ғой... Мәскеуде достары, жолдастары болды. Александр Блокпен, тағы басқа ақындармен араласқан. Блокпен бірге театрға екі-үш рет барғанбыз.
– Мына фотода Блок жоқ сияқты, ал Мағаң қайсысы? – дедім. Блоктың фотоларын сан көргендіктен оның мұнда жоқтығына шүбәләнбадым, ал бейнесі көзімізден ерте таса болған Мағаңды тани алмадым.
– Блокпен де фотоға түскеніміз есімде, бірақ, ол фотоны алған-алмағанымды білмеймін, «байтал түтіл бас қайғы» болғанда неміздің, қайда қалғанын білер ес болды ма бізде?!. Иә, аңдағыда Блок жоқ, ал Мағжан бар... – деп апай аса ажарлы жігіт бейнесін сұқ саусағымен нұсқаңқырады да, сонсоң басындағы сары шағи орамалының бір ұшымен әуелі Мағаңның бейнесін, одан кейін басқаларын ақырын ғана сипай сүртіп, бір күрсініп қойды...
– Апай, бұл фотоны да алайын, үлкейттірейін, – дедім.
– Ала ғой, – деді.
Мағаңның фотобейнесін қолжазба-кітап көлеміне сай 17x22 см. еттіріп төрт дана жасаттым да, бірінші томдарының беташарына желімдедім. Гәзет-журналдарда Мағаңның шаршаңқыраған кейіптегі фотосы шығып жүрген. Бұйрасындау шашы маңдайын жабыңқыраған, өзі бұйығыңқыраған күйдегісі. Ал мына фотосында Мағаң – жігіттің сұлтаны! Бір көргенде-ақ талай көзді суырып ала жаздаған шығар дерлік сұлу бейне! Оның бір данасын 2002-жылы «Қазақ әдебиеті» гәзетінің редакциясына алып барып, жауапты хатшы Еркін Жаппасовқа тапсырдым. «Мағжан ағамыз ғажап көркем болған екен ғой!» деп таңқалды. Ол суретті басқа да гәзет-журналға тараттым.
...Жасырын жасалған (самоиздат) сегіз кітапты Зылиха апайға алып бардым.
– Апай, міне, дайын болды! – дедім, қуанышымды жасырмай.
– Рахмет, қалқам!.. Рахмет!.. Көп... жүз жаса! – деп қалбалақтаған апай көз жасына ие бола алмай, кітаптарды кезек-кезек сипалай берді...
Екі томдықтың бір данасын апайдың өзінде қалдырып, өзгелерін: мемлекеттік архивке, орталық кітапханаға, Әнуар Әлімжановқа бермек болғанбыз. Соны ескеріп:
– Мен үшеуін апарып тапсырайын, сіз әуре болмаңыз, жарай ма? – деп едім, апай басын шайқап, білезікті оң қолын сілтеп:
– Қалқам, мен басқаша ойлап отырмын. Архивке, кітапханаға тапсырмайық, оларды Әбділда Тәжібаев алып, құртып жібереді, ол Мағжанға тірісінде жау болып еді, өлісінде де әлі жау... Жоқ, кітапты оның қолына түсірмейік! Біреуін Әнуар Әлімжановқа бер, біреуін өзің ал, біреуін... Олжас Сүлейменовке бер, – деді, әншейіндегі қоңыр үні шыңылдаңқырап шығып.
Тілегін орындадым. Томдардың алғы бетін өзгерткен жоқпын, онда «архивке тапсырылды» деп қазақ, орыс тілдерінде қысқаша сілтеме-түсінік жазғанмын-ды.
Әнуар өзіне тапсырылғанды: «Сен архивші-тарихшысың ғой, менен гөрі сенде болғаны дұрыс шығар», деп жазушы Амантай Сатаевқа сыйлапты. Жақсы жолдасым, сырласым Амантайдың маған ойында жоқ олжаға кенелгенін айтып, «ұпай теңестіргені» бар. Ал екітомдықтың басқа данасын бір күні Жазушылар одағы кеңсесінің подвалынан тауып алдым. Сол жылы, кеңсені күрделі жөндеуден өткізу басталып, иелері босатқан кабинеттерде «керексіз» болып қала берген кітаптар подвалға түсірілген екен.Әлдебір мерейтой алдында бір кітаптар керек болды да, ақын жолдасым Сабырхан Асанов екеуіміз подвалдың кілтін алып түскенбіз. Кітаптар ортаға үйіп қойылыпты. Сабырхан аңырып тұрып қалып: «Астапыралла!» – деді.
Шынында, көз ұялар, көңіл қажалар көрініс болғанмен, не істерсің, керегімізді іздеуге кірістік. Бір тұстан өзіме таныс қос қоңыр томды көріп қалдым да, дереу ұмтылып барып алдым. «О не? Не кітап?» деді Сабырхан. Мен көрсеттім, айттым. (Жазушылар одағындағы төртінші хатшылық қызметінен Кинематография комитетінің төрағалығына ауысып кеткен Олжас Сүлейменовтің кабинетінде қалған кітаптармен бірге шығарып тасталғанын түсіндім). Сабырхан: «Маған берші!» деді, құмарта қалып. Көңілін жықпадым, бірінші томын бердім. Ал екінші томын «құпия қостомдық» шығарғанымнан хабардар сырлас ағам – жазушы-сыншы профессор Тұрсынбек Кәкішев: «Мағжан Жұмабаевтың аудармалары туралы зерттеу еңбек жазуыма керек еді» деп алды.
Мағаң толық ақталды. Қуанышымызда шек болған жоқ. Баспадан алғашқы жинағы шықты. Зыхаңа барып, құттықтап:
– Апай, көңіліңіздегі пәлен батпан зілден арылдыңыз ғой, сүйінішіңіз ұзағынан болсын! – дедім. Апай құшақтап, бетімнен сүйді де:
– Отыршы, саған бір нәрсе айтайын. Мағжанның ақталғаны, кітабы шыққаны – халқына қуаныш, маған кеш болса да, аздап болса да бақыт. Біраз жасарып та қалдым, – деп жымиды. – Бірақ... – Апай қабақ шытты. Дөңгелек көзі кіреукеленді. – Орыстар: «Сила есть, ума не надо» дейді ғой, солай болды. Анау цекадағылар күш көрсетуден әлі де танар емес, кітаптың алғысөзін әлгі Әбділда Тәжібаевқа жаздырды, менің қарсылығыма қарамады, ұятсыздар!..
– Апай, оған қамықпаңыз, Тәжібаев та, цекадағылар да жұмырбасты пенделер емес пе, – деп жұбатқан болдым. Ал апайдың наразылығы орынды еді.
– «Жұмырбасты» дейсің, шақшабастыларда да өздеріне жетерлік ақыл, ұят болуы керек қой?! Өмір бойы Мағжанды жамандап келген Әбділда Тәжібаев аяқастынан мағжаншыл бола қалыпты! Одан басқа жаза алатындар жоқ болғаны ма? Тым болмаса мына тірі отырған менің қарсылығыма құлақ қойса еді? «Е, ол кемпірдің бары не, жоғы не» дегендері ме?!. «Партияның орталық комитетіненмін» деп нығызданып бір жігіт келді, бетінің бәрі түк пе, біртүрлі, қиқоңыз сияқты сүйкімсіз. «Сіз келіспесеңіз де, алғысөзді Әбділда Тәжібаевқа жаздырамыз!» деп күш көрсетіп кетті. Сөйлесейін, хал-жағдайын білейін, пікірін естиін деп келмепті, сіресіп кіріп, сіресіп шықты. Бірдеңетай Бірдеңебеков деді ме... аты-жөні... Мен ғұмырымды Мағжанды жоқтаумен өткіздім, бірінші тұтқындалғанда соңынан Сібірге барып сенделдім, ал айырылып аңырап қалғаннан кейін оның жазғандарын жинауға кірістім, редакциялардан, КазГУ-дің архивінен іздеп, көрінгенге жалынып, жаутаңкөз болып, аш-жалаңаш жүріп жинадым, – дегенінде апайдың көзінен жас домалап-домалап кетті. Мен жұбатьш бақтым. – Цекасы бар, баспасы бар бәрінде... жап-жас жігіттер... жүректері қандай қатты... аппақ басыммен жалынсам да, ешбірі жібімеді... бәрі күшті екен баяғыдай... Ғаббас қалқам, анау-мынау бос сөзді айтып, сені шаршатып жібердім бе, кешір!
– Шаршатқан жоқсыз, апай, олай демеңіз, ал бізге керегі – сіздің енді қажымауыңыз, қайраттана түсуіңіз. Мағаңның ұлы тойы басталып кетті, топ ортамызда өзіңіз болып, талай салтанатты көресіз, яғни, өткеннің керегі жоқтарын есіңізге ала бермеңіз, күшіңізді сақтаңыз, апай!
– Қалқам, Мағжанның қуғын көретіндей, «халық жауы» деп құртып жіберетіндей жазығы болған жоқ. Ленинді, революцияны ұнатпай бір-екі өлең жазған, айыбы сол шығар. Онысын да анау баққүндестері өршіте айтып, асқындырып жіберді... Жарықтық білімді адам еді және айтқанынан қайтпайтын, ешкімнен именбейтін еді. Бірінші рет қамалып, шығып келген соң осы Алматыда оған жұмыс бермеді, гәзит-журналға жолатпай қойды. Бірде түн ортасында өңі қап-қара болып келді, миына қан құйылып кететін шығар деп қорықтым, құдай сақтады. «Анау төрешіктер мені жындандыратын шығар. «Сталин жолдастан, партиядан, халықтан кешірім сұрап хат жаз!» деп қинап бітірді. Мен шаршадым, қажыдым. «Нендей айып тақсаңдар да, не деп жазсаңдар да мейілдерің, әкеліңдер, бәріне қол қойып беремін дедім де, қол қойып беріп құтылдым, жинала бер, ертең елге кетемін, бұларға қарамды көрсетпеймін, енді өлігімді ғана көрер!» деді... Сөйтіп, Қызылжарға кеттік. Бірақ онда да тыныштық болмады, қызметке алмады. Амал не, ақырында зоотехник болды, бір жамиғатының жәрдемімен. Қарап отырып аштан өлсін бе енді... Бір айдан кейін ол жұмыстан да босатты, Алматыда қалған «достары» айқай салыпты: «халық жауына қамқорлық жасаушылар табылды!» деп... Көп сөйлеп кеттім-ау, қояйын осымен. Қайсыбірін айтарсың... – Апай орамалының ұшымен көзін тағы сүртті. Содан кейін: «Жазушы» деп аталатын баспадан бір жігіт келіп, менен Мағжанның кітаптарын сұрады. Мен өзің жасап қойған екі томды бердім. «Мағжан ағаның ақталғанына бәріміз қуанып, кітабын тез шығармақпыз» деді. Мен екі томды ұсынып отырып: «Бұларды Ғаббас Қабышев дайындаған, бірінші томының алғашқы бетінде жазулы, соны атап жазыңдар» деп едім, шіркіндер жазбапты», – деді налысты үнмен.
– Апай, оны еске алмай-ақ қойыңыз, маған Мағаңның жинағы шыққаны ғана керек еді ғой, – дедім.
...Кейінде қайсыбір гәзеттерде шаң беріп қалып жүрген «Мағжан Жұмабаевтың хаты» Мағаңның «қол қойып беріп құтылдым» хаты болды.
Қолдарына түссе, адам тұрғай, Құдайды ұрып өлтіруге дайын қарапиғылдыларға қор болдың-ау, қайран Маға!..
Жасы тоқсанға тақалған Зылиха апай: «Мағжанның сүйегі қайда қалғанын кім білсін, туған жердің топырағы ең болмаса маған бұйырсын» деп Солтүстік Қазақстанға, Қызылжарға қоныс аударып, сонда бақиға аттанды.
***
Қосымша: Қазекем алыпқашты сөзге бай ғой. Сол «байлығымен» барды жоқ етіп, жоқты бар ете береді. Оған Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар» гәзетінің 2015 жылғы маусым айының 18-і күнгі санында жарияланған «Абдолла Әбдірахманов: Суреттегі адамның өңі Мағжанға ұқсайды» деген шағын мақаланы оқып, суретке көз салғанда тағы да куә болдым. Әңгіме марқұм ақынымыз Мағжан Жұмабаев хақында екен. Гәзетке дереу мақала жазып жібердім. Жарияланды. Қысқаша мазмұны былайша:
«...Мағаң жайындағы бос сөзді тізер болсам, мысалы: Абдолла ақсақал Магадан түрмесінде бірге отырыпты; Бауыржан Момышұлы Красноярск қаласында жүздесіпті; жерлесі Хамза Абдуллин «1956 жылы Новая Земля деген жерде айдауда қайтыс болғанын» біліпті... Солардан алдымен Бауыржан Момышұлының «кездескеніне» тоқталсам, мен Баукеңмен үш мәрте әңгімелескенімде – сонау аштық, «халық жауы» науқаны, соңғы соғыс, әдебиет және заман туралы пікірлерін барлағанымда көп жәйтті дағдысынша қадап-қадап айтты. «Қазақ тілінің ертеңі мені қатты алаңдатады» деп бір түйсе, «Сәкен Сейфуллин қуатты, сымбатты ақын болды» деп екі түйсе, «Ілияс Жансүгіровтің «Дала», «Құлагер» дастандары ғажап! Дұрыс па?!» деді, маған жорта ежірейіңкіреп. Басқа ақын-жазушыларға қатысты ештеңе демеді. Баукең егер Мағжан Жұмабаевты тауқыметті күндерінде бір рет қана көрсе де, күйіне айтары сөзсіз еді. Ешбір жазбасында «кездескені» туралы бір ауыз сөз және жоқ. Ал «Бауыржан Момышұлы Мағжан Жұмабаевты көріпті, сөйлесіпті, «кешікпей алып қайтамын» депті» сияқты бөстекі сөз бертінде, соңғы он шақты жылда, пайда болды. Баукеңнің аруағын саудалаған ол «білгіштердің» кім екені беймәлім. Өкінішке қарай, біраз жұрт соларға қалайда сенді... «Халық жауы. Атылсын!» деген үкімге іліккендерден «Пәленбаевтың тірі қалғанын» қайсысымыз естідік? Магадан дозағындағы Мағжанды босатып алып қайтарлық құдірет Баукеңде болып па екен?
Бүгінде 96 жастағы Абдолла Әбдірахманов түрмеде Мағаңмен 1948-жылдан 1951-жылға дейін бірге болғанын, жаза мерзімі 1948-жылы бітетін ақын лагерьдегі екі содырдың кеселінен тағы сотталғанын, онымен бірнеше рет сөйлескенін, мәйітін көзімен ұзата іштей қоштасқанын айтыпты, ал аманат еткен өлең блокнотын ұрлатып алғанына, «Жас алаш» гәзетінің қолқалауымен Магаданға барғандарында Мағаңның қабірін таба алмағанына әліге дейін өкінеді екен. Қолдан салынған суретті көргенінде: «Ұқсайды» депті.
Осындай «ғажайып оқиғаларды» естігенімде, оқығанымда соларды таратушыларға, оларға сенушілерге қайран қаламын. Шіркін-ау, сәл-пәл ойлану керек қой! Мысалы, Абдолла ақсақал: «...солай да солай болды» дегенде жанында тұрып: «Иә, Абекең дұрыс айтады, мен куәмін» деген кім болды? Немесе қандай да бір деректің шындығы, жалғандығы құр сөзбен де беки бере ме, оны дәлелдейтін құжат қажет емес пе? «Мағжанның суретін» салған кісі оны Мағаңның жүзіне қашан, қай жерде қарап отырып салған? Әлде әбден таныс болғандықтан сырттай салып па? Дерек көзі қайда? Ал бұл нашар суретті Мағаңның өңі тұрғай сырт пішінін де көрмеген Абдолла ақсақал қалайша құптады?
Бұл сұрақтарға жауап қысқа да нұсқа. Алаштың арыстары туралы деректі фильм жасаумен көптен бері шұғылданып, бірнеше фильмі ақиқаттығымен көпшілікті риза етіп жүрген белгілі кинорежиссер Еркін Рақышев мырза өзіміздің, Ресейдің мұрағаттарында, оның ішінде Мемлекеттік қауіпсіздік комитеттері құзырындағы мұрағаттарда болып, аяулы арыстарымыздың қайсысы қашан, қайда сотталғаны, атылғаны жайындағы құжаттардан рұқсат етілгеніне қарай көшірме алған. Ол ізденістері туралы мақалалары, сұхбаттары республикалық бұқаралық ақпараттарда жарияланды. Көшірме алған құжаттардың бірі – Алматыда атылғандар тізімі. Онда: «Магжан Жумабаев. Расстрелян 19 марта 1938 г.» деп тұр. Демек, Мағжанның Магаданда, Красноярскіде, Новая Земля, т.б. жерлерде «айдауда болғаны, түрмеде отырғаны» – кәдімгі алыпқашты сөз, «Ұлы ақын Мағжан Жұмабаевты көрдім, сөйлестім» деу – арзан атақты малданушылық! 1938-жылы атылған адамды он жылдан кейін, 1948-жылы, тірі күйінде көре алатындай ол қай сиқыр, кімнің сиқыры?
Гәзеттегі «Мағжанның суреті» Мағаңның ақталғаннан беріде гәзет-журналдарда, кітаптарында шыққан суреттерінің бірде-бірін маңайламайды. Ойжотамен салынған.
Иә, «сиқыршылар» Сәкен Сейфуллиннің аруағын да мазалады. «Мен Сәкенді Магаданда көрдім, сөйлестім», «Мен Сәкенді Сібірге пойызбен әкетіліп бара жатқанында вагонда көріп, тілдесіп үлгірдім», дегендей жалған сөз ауызша да, жазбаша да желпіндірілді. Сөйтіп, ол ағамыздың да сүйегін іздегіштер табылды. Баяғы – өзінің атын шығару, аз да болса атақ-даңқтан үлес алып қалу. Ал Е.Рақышев көшірмесін алған тізімде: «Сакен Сейфуллин. Расстрелян 25 февраля 1938 г.» делінген.
Сонымен, үлкен-кіші ағайындар, Мағжан ағамыздың аруағын да, Сәкен ағамыздың аруағын да мазалауды тоқтатуымыз керек».
2015 ж.
qazaquni.kz