Исраил Сапарбай: "Әйел - біздің тағдырымыз"
2018 ж. 06 сәуір
8495
1

АЛАТАУ МҰҚАҒАЛИҒА АЙНАЛЫП КЕТТІ
– Исраил аға, әңгімемізді білім жайлы айтып бастап едік. Мен сіздің сыртқа шығармағанмен, (Абай атамыз айтқандай, «өзіңде бармен көзге ұруға» тырыспайтындығыңыз да тамаша), көп оқитыныңызды айтып едім. Санның ертелі-кеш сапаға айналмай тұрмайтыны секілді, меніңше, білім де кейін кеудеден өлең болып құйылуға алып келеді-ау деп ойлаймын. Және жай ғана құйылуға емес, тұтас, әбден жетілген күйінде, ешқандай өңдеу-оңдауды керек етпейтін болып құйма алтын секілді құйыла салады-ау. Және сол құйылып түсе қалған өлеңдер әдетте қарапайым болып келеді. Сіз «махаббат – мәңгі ертегі» дейсіз. Оп-оңай жол. «Көңілдің күйін шертеді» дейсіз. Оп-оңай ғой, Құдай-ау! Дәл осылай мен де жаза аламын ғой! Деп ойлаймыз көбіміз. Бірақ... Жаза алмаймыз. Ешкім жаза алмайды. Осындай қарапайым тіркестер Мұқағалида да көп. «Батырлар дүрілдеп өткен жер. Тұлпарлар дүбірлеп төккен тер». «Ұлылық – қарапайымдылықта деген осы болар, сірә. – Мен Мұқағали жайлы түс көргенмін. Ол түсті «Тәңіртау» деген атпен поэма етіп жаздым. Бұл өзі бір бөлек, мөлтек әңгіме... Бір күні түсіме Алатау кірді. Таудың басында – бұлт, аспан – ашық, ауа – мөп-мөлдір, тап-таза бір керемет көрініс. Сол көрініске қызыға қарап тұр едім, тауға жан бітіп, қалаға қарай жылжи бастады. Тау қалаға төніп келе жатыр!.. Жұрт тым-тырақай қаша бастады. Біреу жаяу жүгіріп барады, біреу машинамен. Біреу аузы ашылып не істерін білмей, өз көзіне өзі сене алмай, тауға қарап аңқиып тұр. Нағыз хаос басталды. Жаны жоқ тауға жан бітіп, үстіңе төніп келе жатқан ғаламатты кім көрді дейсің... – Сіз қайдасыз? – Мен соның бәрін сырттан, бер жақтағы басқа бір биіктен қарап, көріп тұрмын. Сол кезде тау мұнарланғандай болды-дағы, оның орнына Мұқағали пайда болды. Тау Мұқағалиға айналды! Ол болса төмендегі құмырсқадай бытырып жан-жаққа қашып бара жатқан халыққа қарап тұрып сөйлей бастады: «Ой, қызталақтар-ай, сендерге не болған? Мен өз қаламды, өз Алматымды шынымен басып, таптап кетеді деп ойладыңдар ма? Қызталақтар-ай, ұсақталып кетіпсіңдер ғой, майдаланып кетіпсіңдер ғой! Бұл болмайды! Бұл болмайды, қызталақтар!» Мұқағали-Алатау осылай басын шайқап, «болмайды, болмайды!» деп біраз тұрды-дағы, кейін қарай шегінді. Шегініп барып адам қайтадан тауға айналды, тауды тағы да мұнар басты... Мен ояндым. Бірақ, «осы мен не көрдім өзі? Бұл не, түс пе, басқа ма?» деп, есеңгіреп қалдым. Дәл сол кезде жаңылыспасам Мұқағалидың 80-жылдығы тойланайын деп жатқан болатын. Бірақ, мен ол тойға қатыса алмадым, Қарасазға бара алмадым. Себебі, анау түстен кейін ауырып қалдым. Жанарбек Әшімжан бастаған ақындардың бәрі кетті, ал, менің оларға «маған Мұқағалидың тойынан ұмытпай сарқыт ала келіңдерші» деп өтініш жасауға ғана шамам келді. Бірақ, сарқыт әкелуді құнттаған ешкім болған жоқ... Сарқытты айтасыз, тойда өткен мүшайраға мен өзім бара алмасам да жаңа ғана жазылған «Тәңіртауымды» қосып едім, ол ешнәрсеге ілікпеді. Тіпті, менің назарланғаным, аты да аталмады... Сол жатқанннан бес жарым ай ауырдым. Тәнім емес, жаным ауырды... Бұл да бөлек әңгіме, кейін арнайы айтармын. – Мен білім жайына қайта-қайта оралудан жалықпаймын. Себебі, менің өзім шығарған «ақыл – Алладан, білім – өзіңнен» деген мақалым бар. Оған «білім ақымақты ақылды етеді, ақылдыны данышпан етеді» деген қосымша мақалым тағы бар. Өйткені, адам баласы мың-миллион жерден тырысқанымен мыйының құрылымын, оның қыртыстарының санын көбейте алмайды, ол тек Құдайдың құзырындағы нәрсе. Ал, білім сол ақылдың орнын толтырады, білімді болсаңыз ел сізді ақылды адам екен деп ойлайды. Сіз осы жерде өзіңіздің шығыс шайырларын зерттегеніңіз жайлы азырақ айта кетіңізші. – Шығыстың шайырларын оқыған сайын оқи бергім келеді, өйткені мен сол арқылы байимын. Менің байлығым – менің өлеңдерім. Менің әндерім. Мен – ақынмын. Ән жазатын сазгерлігім тағы бар. Драматургияға саналы түрде бардым. Жазғым келеді. Жазу үшін өзің айтқан ақыл мен талант-дарыннан бөлек білім керек. Сол үшін мен көп оқимын, оқығанымды қорыта беремін, мыйыма тоқи беремін, ішіме жия беремін. Ол байлық – рухани байлық. Ол неғұрлым көбірек жиналған сайын сенің кеудең нұр сәулеге тола түседі. Сонда сен Абай айтқандай боқ көтерген боқтың қабы болмайсың... Мен Әмір-Темірді зерттедім, кәзір Шыңғыс-ханды зерттеп жүрмін. Менде тыным жоқ. Осының бәрі өзің айтып отырған ақылдық кемелдікке алып келеді, ақындыққа алып келеді. Төрт-бес кітап шығара салып «керемет ақын екенмін мен» демеймін, өзіме әрқашан сын көзбен қараймын. Биік талғаммен қараймын. Шығыстың жеті шайырының, Гетенің талғамының тұрғысынан қараймын. Сол себепті менің білімім, ішкі байлығым өскен сайын өлеңімнің көркемдігі де өсіп келе жатыр. Лирикалық стилім де айшықтала түсуде. Кейде өзімді өзгелермен салыстырамын. «Барлық нәрсе салыстырған кезде байқалады» деген сөз бар, мен де салыстырмасам болмайды ғой, кімнен төмен, кімнен жоғары екенімді білмесем, енді қай өреге қол жеткізуім керектігін анықтап алмасам қалай өсемін мен? Өзімді Қадыр ағаммен салыстырамын, Тұмағаңмен салыстырамын, Мұқағалимен салыстырамын. Бір жеріме қарамай... Кейде «мына жағынан оздым-ау» деген ой да келеді. Негізі, адам абайламаса, «оздым-ау» деген тоқмейілдік қауіпті нәрсе. Осыдан үш жыл бұрын сол «оздым-ау» деймін деп, мені Құдай ұрып қала жаздаған... – Міне, міне, соны айтыңызшы! Адам баласы, оның ішінде ақындар үшін осы мәселе аса маңызды болса керек. Көкейге күпірлік кірген деген жаман ғой... – Бір күні өзімше ойланып, өзгелермен салыстырып отырғанмын. Ана кітабым шығып жатыр, мына кітабым шығып жатыр. Мендегі тіл – таза поэзиялық тіл. Менде көркемдік басым. «Деп», «боп» деген сөздер жоқ менің тілімде. Шығыстың шайырларынан үйренгенім көп. Жиырма шақты шығыстық сөзді өлеңдеріме қосу арқылы поэзиямызды толықтырдым. Айтайын деп отырғаным, шығыстық сөз, шығыстық саз шайырлардың сөзіне ерекше әр береді, байытады. Лирика деген өте нәзік, өте жұмсақ, өте кірпияз дүние. Сыныққа жамау жасауың оған жүрмейді... Содан бір күні маған ой келді. Жұмекен – басқа, мен – басқа. Тұмағаңды жұмыртқаның қабығын аршығанда жарқырап шығатын ақ уызы десек, Сағиды, Сағи Жиенбаевты мен жұмыртқаның ортасындағы сары мәйегіне теңейтінмін. «Осы жасымда сол екеуінен де асып түстім-ау» деп ойладым. Бірақ, оны ешкімге айтпаймын, не де болса өз пікірім өзімнің ішімде. Аяңдап Мұқағалиға ауыстым. Елдің бәрінің аузында – Мұқағали. Ана өлеңіне де ән жазылып жатыр, мына өлеңіне де ән жазылып жатыр... «Кеңдік жағынан қайдам, ал, көркемдік жағынан сол кісіге жеттім-ау. Жетіп қана қойған жоқпын, сірә, оздым да-ау» деген пендешілік ой келді. Сөйтіп, көңілім марқайып жүрген кезімде бір апта өтер-өтпесте «Түркістан» газетінде марқұм жазушы Жәлел Кеттебек ағамыздың «Мұқағали Мақатаевтың бұлтты аспаны» деген тұтас бір бетті алып тұрған естелігін оқыдым. Сен ол кісіні танитын ба едің? – Танығанда қандай! Керемет жазушы еді ғой! Бірақ, әлі өзінің нақты, шынайы бағасын оқырмандардан да, сыншылардан да ала алмай келе жатқан жазушы. Мен 2004 жылы «Жалын» журналының жауапты хатшысы едім, ағайдың «О дүниеден оралған адам» деген повесін жариялап, бұл тамаша дүниесінің баспасөзде тұңғыш рет жарық көруіне жәрдемдескенімді осы күні мақтан тұтамын. – Жәкең Николай Гоголь секілді қолжазбаларын өртеп жіберген адам ғой... Сонымен, ағайдың әңгімесін отыра қалып оқып шықтым. Оқыдым-дағы тәубеме келдім. «Жаздым, жаңылдым, Алла-Тағала, күпірлігімді кешіре көр!» дедім. Өзімше Мұқағалидан аспақшы болып жүрген жан едім ғой... Мен Мұқағалиды мүлдем басқа жағынан таныдым. – Ол әңгімені мен де оқығанмын. Оны оқығаннан кейін Мұқағалиды мүлдем басқа жағынан таныған жалғыз сіз болмассыз деп ойлаймын. – Солай да шығар... Жәкең Мәскеуге екі жылдық Әдебиет курсына оқуға барған кезінде сол жерде өзінен бұрын Мұқағалидың да келіп оқып жатқанын естиді. Бір жатақханада тұрады. Кірейін десе бата алмайды. Содан бір күні бар «күш-қайратын бойына жиып» алып, қолына ішетіні мен тіске басатынын ұстап Мұқаңның бөлмесіне кіреді ғой. Кірсе Мұқаң: «Ей, Жәлел, сен бе? Кір, кір! Мені танымайсың ба, неге баяғыдан бері келмей жүрсің? Немене, менен қорқасың ба?» – деп жарқылдап қарсы алады. Сөйтсе, Жәлелді сыртынан көрген екен, қашан келер екен деп күтіп жүріпті. Содан екеуі арасынан қыл өтпес дос болып кетеді. Бір күні Мұқағали таңғы бесте келіп Жәлелді оятады. «Тұр. Жәлел, кеттік! Екеуміз Мәскеудің батыс шетіне шығып қайтайық!» дейді. «Таксимен бе?» «Е, жоға, жаяу барамыз!» «Жаяу-у?» (Мәскеудің диаметрі шамамен алпыс шақырым, есептей бер, шетіне дейін қанша жер екен...). «Е, несі бар? Жүр, ер маған!» Мұқағали алып денелі адам, ол бір аттаса Жәкең екі аттайды. Томпаңдап ереді де отырады. Мұқаң шашын сілкіп қойып, маңдай терін сүртіп қойып сол аршындаған қалпынан таймайды. Кемі 4-5 сағат жүрсе керек, әйтеуір бір уақытта қаланың шетіне шығады ғой екеуі. «Сол кезде екі жақтан екі қап-қара қою бұлт келіп, біздің төбемізде түйісті, аспан жарылып кетердей шатырлап күн күркіреп, нажағай ойнап, жаңбыр селдетіп құйды» деп жазады Кеттебек. «Мұқаң жаңбырға көкірегін ашып, екі қолын көкке қарай көтеріп: «О, Құдырет, осы еді ғой менің күткенім! Далам-ау, мен сені сағындым ғой!» деп өзімен-өзі сөйлесіп кетті. Ол тіпті менің бар-жоғымды да ұмытып кетті. Жаңбыр құйып жатыр, құйып жатыр. Әйтпесе, мұншама жауын жауатындай ауа-райы емес еді, мына қап-қара бұлттар түйіліп қайдан шыға келді? Адам ба мынау менің қасымдағы, жоқ, әлде жын ба, пері ме, кім бұл? Мен кімнің қасында жүрмін? Мен есімнен танып қалдым. Жаңбыр жауатынын қайдан білді? Неге осынша жер жаяу келдік? Мен аң-таңмын. Жарты сағаттай өтті. Мұқаң селдеткен жаңбырдың астында тұрып сағынышын басты, сосын екеуміз сол келген жолымызбен артқа қайттық...» Жәкеңнің жазбасын оқыған мен «райымнан» қайттым. Сұмдық әсер етті маған. «Кіммен өзімді салыстырып жүрмін? Феномен ғой бұл Мұқағали! Мен кіммін Мұқағалидың қасында? Құдайдың өзімен сөйлесіп тұр ғой ол! Ал, менің қолымнан не келеді, құдай-ау?» Астамшылық деген жаман ғой. Өзімнен өзім тәубеге келдім. Сол әңгімені оқымағанда мен де мақтаншақтың біреуі болып кетер ме едім... Өзім тектестерге ішімнен күліп қарайтын болдым. Жазғандарына мақтанады... ((Жалғасы бар)Сұхбаттасқан Өмірзақ Ақжігіт
qazaquni.kz