Нұрлан Оразалин Жазушылар одағының "Құрметті төрағасы" болған жоқ

Әлеуметтік желі мен кейбір БАҚта әлі күнге дейін дауы басылмай жатқан Жазушылар одағындағы өзгерістер туралы көп жазылуда. Атап айтқанда, кейбір оқырмандар одақтың бұрыңғы төрағасы Нұрлан Оразалиннің Жазушылар одағының құрметті төрағасы болып сайланғаны туралы ақпарат тарап жатыр деп, "Қазақ үні" ұлттық порталының редакциясына хабарласып, мән-жайды сұрап білді.

Жақында ғана сайланған Жазушылар одағының жаңа құрамы әлеуметтік желімен жұмысты әлі бір ретке келтіре қоймаған болу керек, бұл мәселеге қатысты ресми ақпарат таратпады. Біреудің "қорасын" аңдудан аулақпыз, алайда оқырманның сауалдарын ескере отырып осы мәселеге қатысты түсініктеме бере кетуді жөн санадық.

Біріншіден, жазушылардың құрылтайы кезінде Нұрлан Оразалинді Құрметті төраға етіп сайлау туралы ұсыныс жасалғаны белгілі. Алайда, залда отырған 500 адамның тек 10 шақтысы ғана бұл ұсынысты қолдап, қалғаны тегіс қарсы шықты. Онымен қоймай, қазақтың белгілі қаламгерлері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Дулат Исабеков пен көрнекті жазушы Төлен Әбдіктер бұл ұсыныстың ақылға қонымсыз екендігін айтып, Одаққа ешқандай құрметті төрағаның керегі жоғын кесіп айтты. Абыз жазушылардың айтқан сөзін жиналған қауым тұтас қолдап, қол соқты.

Қаламгер қауымның бұл әрекетіне Оразалиннің өзі де үнсіз қарап отырмай, өз сөзімен осы мәселе нүкте қойды. Жиын барысында сөз алған ол "Құрметті төраға болмайтынын" шегелеп тұрып айтқан еді.

Біз алдағы уақытта Жазушылар одағының жұмысы бұдан да жемісті болсын деп тілеп, жаңа құрамның қоғаммен байланысты күшейтетініне сенеміз.