Мұқағали жыры саңқылдаған күн
2018 ж. 09 ақпан
7047
1
Қарасаз, қара шалғын өлеңде өстім,
Жыр жазсам, жұртым оған елеңдестің.
Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев,
Өлтіре алмас алайда өлеңді ешкім! –
деп ақынның өзі жырлағандай, оның өлеңі өмірден өзі кетсе де өшпей, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. 9-ақпан – ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханасы мен «Көмектес» қайырымдылық қоры бірлесе отырып зағип оқырмандар арасында ақын шығармаларын насихаттау мақсатында республикалық «Мұқағали оқулары» фестивалін өткізді.
Фестиваль Мұқағали шығармаларын жатқа айту және ақын сөзіне жазылған әндері бойынша екі номинацияны қамтыды.
Іс-шара мақсаты – Қазақ поэзиясының дүлділі, Хантәңірі мұзбалағы Мұқағали Мақатаев шығармаларын насихаттау арқылы қазақ тілінің мәртебесін арттыру, ақынның шығармашылық мұрасы арқылы жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, отансүйгіштікке тәрбиелеу, мүмкіндігі шектеулі талантты жастарды ынталандырып, әдеби шеберлікке баулу екені түсінікті де.
Фестивальдің іріктеу кезеңіне 23 үміткер қатысып, 15 өнерпаз қорытынды кезеңге жолдама алған еді. «Мұқағали оқулары» байқауына ақын, жазушы, Халықаралық Жамбыл сыйлығының лауреаты Нұрлан Әбдібек, актер, әнші, ҚР Мәдениет қайраткері Ғазизхан Әділханов, «Егемен Қазақстан» газетінің шолушысы Сапарбай Парманқұл, ҚР Мәдениет қайраткері, композитор, кітапханада құрылған «Ардагерлер кеңесінің» төрағасы Мүбәрак Шәкір, «Өнер өрімдері» әдеби-мәдени клубының жетекшісі, ақын Әбетхан Тоқтаған қазылық етті.
Республикалық «Мұқағали оқулары» фестиваліне 11 үміткер бірінші кезең бойынша, 4 үміткер екінші кезең бойынша өнер көрсетті.
Мұқағали шығармаларын жатқа айтудан «Жырлайды жүрек» номинациясының бастапқы кезеңі бойынша үш жүлде тағайындалды. Бірінші жүлделі орынды кітапхана қызметкері Зарина Абдрахманова жеңіп алып, «Мұқағали журналы» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жақыпжан Нұрғожаев дайындаған 30 000 теңге ақшалай сыйлығын иеленді. Екінші жүлделі орынды кітапхана оқырманы Лидия Попова жеңіп алды. 20 000 теңге ақшалай сыйлыққа демеушілік жасаған – Бүкіләлемдік ЮНЕСКО музейлер тізіміне енген «Таңбалы» Мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық мұражайының директоры Абай Сәдуақасұлы.Үшінші жүлделі орынды «Армандастар» вокалды-аспаптар тобының мүшесі Светлана Тоқабаева жеңіп алып, Қазақстанның Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, кино және театр актері, кинорежиссер Досхан Жолжақсыновтың 15 000 теңге ақшалай сыйлығымен және дипломдармен марапатталды.
Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған әндерін орындау кезеңі бойынша бірінші жүлделі орынды Петр Чайковский атындағы музыкалық колледжінің 1 курс студенті Ерхат Тәжібаев Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған, Тұрсынғазы Рахымовтың «Аягөз ару» әнін орындап, Қазақ соқырлар қоғамына қарасты Алматы қаласы Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі эксперименталды кәсіпорынының төрағасы Мирас Мейірбекұлы демеушілік жасаған 30 000 теңге ақшалай сыйлығымен, екінші жүлделі орынды Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы, Қызылқия аудандық мәдениет үйінің әдіскері Рүстем Тайыров Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған, Шынберген Сүлейменовтің «Қайран жеңгем» әнімен жеңіп алды. 20 000 теңге жүлдеге демеушілік жасаған – «Алатау» дәстүрлі өнер театрының директоры, Қазақстанның Еңбек сіңірген артисі, жыршы, термеші Берік Жүсіпов. Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданынан келген, «Қазақ соқырлар қоғамы қоғамдық бірлестігі» Аягөз бастауыш ұйымы төрайымы Құралай Елшібекова Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған, Төлеген Мұхамеджановтың «Мен деп ойла» әнін орындап үшінші жүлделі орынды жеңіп алды. 15 000 теңге ақшалай сыйлықты кітапхана директоры Ерлікбай Әлімқұлов тапсырды. Кітапхана оқырманы, ақын Олег Рябуха Мұқағали Мақатаевқа арнаған өлеңін оқып беріп, «Көрермендер көзайымы» дипломымен марапатталды, сонымен қатар 5000 теңге ақшалай сыйлықты иеленді.
Қалған қатысушылардың да барлығы республикалық «Мұқағали оқулары» атты зағип жандар арасында өткізілген фестивальде өнер көрсеткені үшін дипломдармен марапатталып, 5000 теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Қазақстан Республикасындағы Алматы филиалы төрайымы Кабира Сағидолдақызы бес өнерпазға: (Мейрамгүл Исатова, Ольга, Горбачева Қапиза, Айшуақова Динара Қорғанбаева, Ербек Бакиев) ақшалай сыйлық жасады. Шара соңында республикалық «Мұқағали оқулары» фестиваліне қолдау көрсетіп, демеушілік жасаған: Бақытгүл Қыдырбайқызы, Пархат Азатұлы, Бораш Әлибекұлы тағы да басқа көптеген жанашырларымызға алғыс хаттарды кітапхана директоры Ерлікбай Әлімқұлов табыс етті.
Осы іс-шара аясында «Ғасыр ақыны» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Аталған байқау Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлт жоспары –100 қадам баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» бес институттық реформасын жүзеге асыруға бағытталған 100 нақты қадамның «Біртектілік пен бірлік» атты 4-ші бағытының 87-ші қадамы «Менің елім» кең көлемді жобаларын қамтыды.
Мерекелік іс-шараны Мирас Қожахметов жетекшілік ететін «Атамұра» ұлт-аспаптар ансамблі Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым», Нұрғиса Тілендиевтің «Көш керуен» күйлерімен ашып берді. «Армандастар» вокалды-аспаптар тобы «Есіңе мені алғайсың», «Сағыныш» атты әндерін орындап, оқырмандарға тамаша көңіл-күй сыйлады.
Гүлназ Даржанова, Өнер және спорт әдебиеттері бөлімінің меңгерушісі
Балауса Ақиық ақын Күллі елдің аударатын назарын, Үлгі аламын,өзіңдей жыр жазамын. Тебірентіп,тамсандырған талайды Мұқағали жырын жатта қазағым! Үлгі тұтқан Махамбет, Абайларды Өлеңіне көпшілік қарайлайды. Талай ақын өмірге келуде әлі Бірақ ешкім дәл сіздей бола алмайды. Қуат алған қазақтың тіл-күшінен, Жырлар жазған Абайдың үлгісімен. Қайталанбас нар тұлға өзіңсің ғой Дараланып тұратын мың кісіден. Айтылмаған атамда арман бар ма? Әрбір әні толы ғой армандарға. Шерте білген мұңдарын жас қайыңға Мұқағали атамда арман бар ма?Айжан СӘДУАҚАСОВА Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернатының 10-сынып оқушысы.
qazaquni.kz