Есенғали РАУШАНОВ. Дегелек (Досымның әңгімесі)
2018 ж. 27 қаңтар
10929
13
Дегелек келді – жаз келді.
Халық өлеңі.
Дегенде Шыназ қала, Шыназ қала, Шыназдың шырындайын суы аз ғана. Барады дегелектей зырлап өмір, Қалайық күліп-ойнап біраз ғана.
Халық өлеңі.
Тамаша күндер еді ол.
Ташкенттің көктемі ақпанның екінші жартысында-ақ аппақ гүлді өрік боп жайнап шыға келеді де, мәжнүн тал боп бір-ақ күнде дүр көтеріледі, бозқараған боп бұрқырап, мырзатерек боп асқақтайды. Көше, орамдар, бау-бақшалар ән-күйге бөленеді. Көктем қараторғай боп ән шырқап, сұр кептер боп шарықтап, сарыбауыр шымшық боп күні бойы тынбайды.
Көктемнің түндері-ай, шіркін.
Есіңізде ме, Федор Достаевскийдің «Белые ночи» деген романының басталар тұсы. Егер жалықтырып алсам, ғафу етерсіз, ал бір сәт жат дауысты тыңдауға құлықты болсаңыз, құдай тілеуіңізді берсін, құлақ салыңызшы: Была чудная ночь, такая ночь, которая разве только и может быть тогда, когда мы молоды, любезный читатель. Небо было такое звездное, такое светлое небо, что, взглянув на него, невольно нужно было спросить себя: неужели же могут жить под таким небом разные сердитые и капризные люди. Это тоже молодой вопрос, любезный читатель, очень молодой, но пошли его Вам господь чаще на душу!». Сондай бір түн еді ол, бауырым.
Бақта бұлбұл сайрайды. Сіз бұлбұлдың сайрағанын естіп пе едіңіз? «Ақ желең» деген күйдің алпыс түрлі қайырымы бар деседі, ә? Ұйғыр бауырлардың «Он екі мұқамы» бір-біріне ұқсамайды. Ал бұлбұлдың күйі бір отырыста қанша құбылып, неше түрленеді екен – білер ме еді шіркінді. Жанға жайлы жылы жел еседі. Шулы көктем, жырлы көктем. Тәңірім-ау, сол күндер шынымен-ақ қайтып оралмай ма? Сенгім келмейді.
…Қайдан екені есімде жоқ, үйге кеш қайттым, жолай бақты кесіп өтіп, бас почтаға соғамын.
Бас почта. Әсем хауыз шүпілдеген, Әріде палаухана түтіндеген. Қағілез қара бала жүрді осында, Газетін Алматының күтуменен.
Әлінше әркімдер де аулап көрген, Қара өлең – топ киік қой заулап келген. Немесе, бауыры бұлақ бір кез мая, Ол соның ботасы еді аулақта өрген…
Ол бір шынары мен қарағашы, ақ терегі мен сәмбі талы аралас өскен әдемі бақ еді. Жастық бағы, махаббат бағы болатын. Кіре берістегі арқалы ұзын орындықта бүрісіп бір қыз отыр екен. Өтіп бара жатып бажайлап қарадым, қасы-көзі қиылған қараторының әдемісі. Тәжік қызы болуға керек – ат жақты бет бітімі, тәкаппар тұлғасы, қара бұйра шашы тау аруы екенін айтып тұр. Өзбек қызы болуы да мүмкін. Әдетте бұл елге жаңа келген адам үшін екі халықты сырт келбетіне қарап ажырату қиын. Айырмашылығын кейін байқайсыз. Дастарқаны, киім киісі, кісіге мәмілесі, әдеп-дәстүрі құда-қонақ шақыруы бір-біріне қатты ұқсайды. Өзбек зиялылары арасында түбі тәжік азаматтар аз емес. Аралас неке тіпті жиі кездеседі. «Алыстағы ағайыннан жақындағы жат артық» демекші, екі елдің бірін-бірі туыс, бауыр сезінуі заңд да. Қаймағы бұзылмаған қазақ ауылынан шыққан мен үшін осының бәрі таңсық. Таңсық болған соң қызық.
Қыз төмен қарап ойланып отыр. Қабағы қату. Екі қасының арасын қоса жаққан сүрмесі тым қалың көрінді. Не әлденеге ренжіп қалған, не науқас. Оның үстіне мұндай беймезгіл уақытта өзбек, тәжік қыздары көшеге шықпайды. Қайта бұрылдым:
– Девушка, вам помощь? – Қыз сөзімді аяқтатпай теріс айналды.
– Ман ба забони руси намефахмам, илтимос ба забони тожики ә узбеки гап занет. (Тәжікше не өзбекше айтпасаңыз, мен орыс тілін білмеймін).
– Қарай гөр бәлесін, – дедім мен. Дедім де қасына отырып, бетіне тіке қарадым:
– Шумо забони қозоқиро мефахмет? (Сіз қазақша түсінесіз бе?) – «Ал, қазақшаға қалай қарайсыз» деген мағына беретін сөз.
Қыз менің қалжыңымды түсінсе керек, сақылдап тұрып күліп алды. Күлкісі тап-таза екен.
– Ей, дариға-ай, қыз ғой ол он жетіде,
Қыз екені көзінен көрініп тұр, –
деймін іштей Өтежан ақын Нұрғалиевті қайталап.
– Бәли, бәли, – деді маған қарап, – бә жони дил мекардам. (Қазақша үйренуді жан-діліммен қалар едім).
– Солай деші, – дедім күліп, – рақмет, әрине.
– Сизге һәм раһмат.
Қыздың аты Махларайым екен. Маһ – парсыша ай деген сөз, айымы, екібастан біздің түркіше де айым ғой. «Әкем – тәжік, шешем – өзбек, мен туғанда екеуі ат таба алмай, көп ойланыпты, ақыры бір-бірінің көңілін қимаса керек, әрі өзбекше, әрі тәжікше болсын деп, Махларайым деген есімге тоқтапты» дейтін. Қыз Шыршық жақтан келіп, ТашГУ-дің тіл-әдебиет факультетінде оқып жүрді. Достасып кеттік. Бірде ауылына қонаққа шақырған. Ұзын пахса дуалды жағалап келіп, Шыршық суының жағасында, жар басына салынған ақ шатырлы үйге келдік. Бірден көзім түскені үй алдындағы қурап қалған тұт ағашының басында дегелектің ұясы бар екен. Алыстан қарағанда арық бозбаланың басына кепештеп кигізе салған мексикандықтардың самбреро қалпағы сияқты көрінеді.
Сұлу қыз еді ол.
Мен де жас едім. Өлең жазатынмын. Махларайым поэзияны сүюші еді. Сол қыз үшін, сол қызға ұнау үшін ғана ақын болғым келетін. «Әлбәттә, – дейтінмін сөйлеткім кеп, – мирзо Алишер Навоий шоири бузург аст». (Әрине, Әлішер Науаи ұлы ақын ғой»). «Сиз бузург ахынсиз», – дейтін қыз жаңа үйреніп жүрген шала қазақшасымен. «Бузург» дегенді алғашқыда «бұзық» деп түсініп, өкпелеп қалғаным бар. Ол кейін қазақша тап-таза сөйлейтін боп алды. Өкінішке қарай, менің парсышам дамымай қалды. Өкініш көп қой, бауырым, қайсыбірін айтасың.
Қыздың ата-анасы заманауи білім алған, көзі ашық, мәдениетті кісілер екен. Бізді қуана қарсы алды. Екі-үш күн қонақ болдық. Ташкенттің ми қайнатар ыстығынан кейін тау бауырындағы мынау үй жәннаттай көрінді. Төменде сылаң қағып Шыршық ағып жатыр.
Шыжыған күннен қорынбақ болып, Көлеңке іздеп жан-дене. Шыршықты бетке ап шомылмақ болып, Шыққанда қыздар сәндене
Шыршық ағатын, ыршып ағатын, Жыршы болатын бар ағын. Шыршық ағатын, шымшып ағатын, Ақ қайраң санын жағаның.
Мен кейін әлемнің талай-талай елдерін араладым. Қайсыбірінің аты есімде де қалмапты. Бірақ сол сапардың ләззатын әлі күнге ұмыта алмай келемін. Қыздың әкесімен ә дегеннен әңгімеміз жарасып кетті. Жас кезінде Целиноград жақта шофер бопты. Қазақтарды сүйсіне еске алып отыратын. Екеуіміз есік алдындағы айванда ұйықтаймыз. Күнде қос дегелектің сілкініп қанат қаққанынан оянамын.
Ләйлек келгенде қышлақтың балалары «қарсақ шалып» (қол соғуды өзбектер қарсақ шалу дейді). «Ләйлек келди – яз булди, қонатлори қоғоз булди» деп айқайлап жүгіреді. Бұл бәйітті халық бахшыларынан да естідім. Өзбек өлеңінде біздің қара өлеңдегідей ұйқастың сынадай жымдаса бітуі, сондай-ақ буын санының рет жүйесі сақтала бермейтінін ескерсек, «Ләйлек келді – жаз болды, қанаттары қағаз болды» дейтін екі жол тіпті де нашар бәйіт емес.
Дегелек, шынында, әдемі құс. Өзбектер оны ләйлек дейді екен. Оңтүстік қазақтары болса бірде ләйлек, бірде дегелек дей береді. Әсіресе шығыстан алаулап күн шығып келе жатқанда ұясының үстінде тұрып қос қанатын екі жаққа жайып жіберіп, мойнын арқасына қайырып тұрады-ау бір. Керемет сурет. Алғашқы күндері Махларайым екеуміз, кезек-кезек ұясына жем тасып беріп жүрдік. Шабақ балық, бұзаубас, дәу шегіртке, ет қоңыз, бақа, шаян жейді екен.
– Ман лаклакхаро нағиз мебинам, онхо лаклакхои ман, – дейді қыз еркелеп. («Мен дегелектерді өте қатты жақсы көремін, бұлар – менің дегелектерім»).
– Лаклакхои шумо хушрхй буда анд, – деймін мен күліп, – онхо монанди шумо хушрһй қафтанд. («Дегелектеріңіз расында да әдемі екен, өзіңіз сияқты».)
– Тәшәккүр, хурсанд хафтам, – дейді қыз (Рақмет, ризамын), – білесің бе, мен жігіт дегелекке Тахир, қыз дегелекке Зухра деп ат қойдым. Олар бір-біріне шын берілген, адал, махаббатқа берік құстар. Ерте көктемде туған жерге оларуын көрудің өзі – бір ғанибет. Әуелі тахир келеді. қышлақты айналып ұшып жүреді де, біздің үйді жылдағыдай жазбай танып, былтыр тастап кеткен ұясына кеп қонады. Келе іске кіріседі. «Үйінің» кем-кетігін толтырып, жамап-жасқай бастайды. Қураған бұтақтарды алып тастап, жаңа өскін жас жапырақтарды, мақта, мамық қалдықтарын тасиды. Кешқұрым жан-жағына қарап таранады, таңдайын тақылдатады. Бұл – Зухраны сағынғаны. Ұзамай Зухра келеді. Екеуі бірігіп ұяны қайта тазартады, кеңейтеді, ұлғайтады. Тахир – керемет еңбекқор, бірақ тым қызғаншақ. Алда-жалда осы маңға өзге құстар келе қалса, ол бірден шайқаса кетуге әрқашан да әзір. Қызғаншақты жақсы емес қой, ә? – дейді қыз.
– Сүйеді ғой, сүймесе қызғанар ма еді? – деймін бейне ғашықтар туралы ертегі тыңдап отырғандай елтіп.
– Зухра – адал. Тахир жоқта ұяға келген басқа дегелекті қанатымен жасқап қуып жібергенін талай көрдім. Тахирдың тағы бір жаман қасиеті – төбелесқұмар. Көрші қышлақтың дегелектерімен шайқасқанын көргенім бар, жараланғанына қарамай төбелеседі, құлап қалса қайта тұрып, ұмтылады. Талай рет әкем ажыратып алды, әйтпесе баяғыда өліп қалар еді.
– Зухра әдемі болған соң қырындайтындар көп шығар, – деймін әзілге бұрып, – әйтпесе Тахир бекерден бекер неге төбелессін?!
– Әдемі боп туғаны үшін Зухра кінәлі емес қой, – дейді қыз мұңайып, – бірақ Тахирдың Зухра дегенге шығарға жаны жоқ, өте мейірімді. Әсіресе, махаббат маусымында көп еркелетеді. Тұмсығын тұмсығына үйкелеп, түу басынан бауырына дейін сылап-сипап шығады. Зухраны көрсеңіз ғой, сол мезет одан өткен бақытты құс жоқ шығар, әсте. Басын Тахирдың бауырына тығып, бұйыға түседі. Көктемнің қызыққа толы әдемі түндері басталады олар үшін. Екеуі ұяның түбіне түсіп кетеді де, біраз уақыт көрінбей қояды. Бір уақ дүр сілкініп Тахир көтеріледі, керіліп Зухра шығады. Екеуі бір-біріне еркелеп, қайтадан тазалана бастайды. Ұяда екі-үш, кейде бес-алты жұмыртқа пайда болатыны кейінірек. Өзің көрдің ғой, жұмыртқалары түйеқұстың жұмыртқалары секілді ірі, салмағы жүз грамдай. Ұя басу – ерлі-зайыпты екеуіне тең міндет. Зухра сияқты Тахир де көп уақытын жұмыртқа шайқап өткізеді. Былтыр жиырма жеті күнде, биыл, міне, отыз төрт күнде балапан шығарып отыр. Балапандарына қарасаң әуесің келеді, жұмыртқадан шыға сап, көзін ашып-жұмып, қызыл-сары аяқтары тырбаңдап, үлпілдек ақ түбітке оранған кішкентай ғана дегелекшелер қап-қара тұмсығымен енесін түрткілей бастайды. Бірақ дегелектердің өзге құстардан айырмашылығы сонда – ә дегенде балапандарына тұмсығымен жем әкеп бермейді, әдепкіде ұяның шетіне мол ғып қоясын ақтарып тастайды. Балапандар болса сол қоямен ауызданады. Дегелектей жүрегі жұқа ата-ананы көрмедім. Күн суыса балапандарын бауырына баса қалады, ыстық күндері болса тұмсығына су толтырып кішкентайларының төбесінен су құйып, салқын «душқа» түсіреді. Зухра «базарға» кеткенде, Тахир үйде қалады, ал Тахир «аңға» шықса, Зухра ұядан бір адым кетпейді.
Тағы бір қызығы – дегелек нағыз үндеместің өзі. Қауіп төнсе де, балапанын ұшырып (балапандары, әдетте бір жарым, екі айдан соң ұша бастайды), қуанса да үндемейді. Тіпті төбелесіп жатқан дегелектердің өзі дауыс шығармайды, үнсіз жұлқысады, дыбыс шығармай өледі. Бар дыбысы – қанатын қаққаны, сосын таңдайын тақылдатады. Болды. Дегелектің әні де, күйі де, күйінгені де, күлгені де сол.
Махларайым дегелек туралы таңды таңға ұрып әңгіме айтуға бар. Мен тыңдаудан, сірә, жалықпаймын.
– Енді сіздер қайтыңыздар, – деді әкесі алғашқы балапан шыққан күні. Өңінде бір абыржу бар еді. Қыздың шешесі әрі айналып, ас үйге кіріп кетті. Тәжік-өзбекте әйел кісі еркегімен жарыса сөйлемейді, тіпті қыз бала әкесімен ашық әңгімелеспейді, не айтқысы келсе де шешесі арқылы айтады:
– Жылда осылай, ләйлек балапан шығара бастаса болды, мені қалаға қайтарып жібересіздер, ойыжан, – деді қыз шешесіне мұңын шағып, – ал мен ләйлектерімнің кішкентай балапандарын еркелеткім келеді. Қайта айналып келгенімше олар қанаты қатайып, үлкен құс боп кетеді – біртүрлі қызық емес. Ал кейбіреулері мүлде басқа ұяға кетіп қалады.
– Ләйлектің балапандары бірден қанаттанып кете қоймайды. Бір жарым, екі ай уақыт керегін білесіз. Олар ұша бастағанда сізді өзім барып алып келемін, қызым, – деді әкесі жұбатып.
– Хоп, әдә.
Автостанцияға төртеуміз бірге бардық. Қыз шешесімен билет алуға кетті де, әкесі екеуміз шайханаға беттедік.
– Сіз қапа болмаңыз, үкам, – деді әкесі шайдан ұрттап тұрып, – қызымыздың туғаннан жүрегі ауырады. Көрер таңды көзімен атыратын кездері болады.
Мен Махларайымды алғаш кезедстірген түнді есіме алдым.
– Ондайда біз қайдан ұйықтайық, түнімен қасында отырамыз. Сіз ренжітпеңіз оны, құдай тілеуіңізді берсін…
Мен асып-сасып әлдене айтпақшы боп оқталғаным сол еді, ағамыз қолын көтерді, «керек емес» дегені.
– Үйге келген қонаққа «тез қайтыңдар» дейтін бұл нағылған мұсылман деп тұрған шығарсыз, – деді әңгімесін жалғап, – қапа болмаңыз, гәп басқада. Ләйлегіміздің балапан шығарғанын көрдіңіз. Махларайым оны жүдә жақсы көреді, чунки бала кезінен бауыр басып қалған жайы бар. Лекин, сіз білмейсіз, үкәм…
Ол үндемей қалды.
– Нені айтасыз?
– Е, үкә, үкә, – деп терезеге қарады. – Бұл бір ауыр жайт. Ләйлегіміз біраздан соң балапандарын бір-бірлеп жерге лақтырып өлтіре бастайды, тірі қалғанын ұясына қайта салсаңыз, белінен бір-ақ тістеп бөліп тастайды. Шундай кәпір құс та падарына лаһнат… Махларайым оны білмейді. Бу дуниядағы ең гөзал, ең мехрибан құс ләйлек деп ойлайды. Өз балапандарын өзі өлтіргенін көрсе жүрек талмасы ұстап, құлап қала ма деп қорқамын, үкам. Кім біледі, тұрмыс құрса жүрек ауруы қалып кетеді дейді.
Кейін…
Кейін менің басымнан не өтпеді?
Мұнар жапты сары белді, Мұңды күзім тағы келді, Кемді күн сырлас болдық дәм-тұз жазып. Мәжнүн тал, қоштасалық, жаным, енді.
Мен деген сондай жанмын, өкпелеме, Шақырма, өтінемін, кет деме де. Әзизім, жолға қарап сарғайсаң да, Бір құсың оралмайды көктемеде.
Ташкенке араға он жыл салып оралдым. Ертеңіне-ақ Махларайымды іздегенмін – таба алмадым. Шыршыққа да бардым – әкесінің үйі көшіп кетіпті. Баяғы дегелек ұя салған тұт ағашы жоқ, орынында бір дөңгелегі жоқ есек арба тұр. Орақ мұрын нән өзбек дарбазадан мойнын созып «Хасам урсун, ака, ман бехобарман» деді де, айналып жөніне кетті. («Ант атсын, аға, қайда екендерін білмеймін»).
Мен сөйтіп Махларайымды жоғалттым.
Одан бері де талай су ақты. Қайда жүрсем де дегелекті іздеп жүремін. Жазатайым ұясын көре қалсам, тоқтап ұзақ қараймын. Ойыма қай-қайдағы түседі. Біздің қазақ жерінің Шымкент, Жамбыл, Алматы аймақтарында болмаса, өзге жерлерден дегелек көргем жоқ. Ол өзі сирек ұшырасатын құс.
Осыдан он-он бес жыл бұрын Түркістан қаласының маңына топтасқан Қарнақ, Сауран, Шорнақ, Ұранқай, Сатымсай ауылдарында, Сайрам, Келес аудандарында, Бөген, Мақтарал, Жетісай жақта бірді-екілі ұяларын көретінбіз. Оңтүстіктегі «Жуантөбе» деген ауыл Созақ ауданының дарбазасы секілді. Өкінішке қарай, соңғы дегелек бұл ауылдан 1978 жылы ұшып кеткен. Тәкен Әлімқұлов ағамыз жыр ғып айтатын, «ақ ләйлек, қара ләйлек, көрмедің бе, жеріңе уағда айтқан келмедің бе?» деп басталатын өлең де ұмыт болғалы қашан.
Санаңның алыс түкпірінде жататын бір сағыныштар болады екен, күнделікті өмірде күйкі тірлікпен жүріп оған мән бере бермейміз. Иен далада, тау ішінде қаңсып жататын ескі арналарды көргеніңіз бар ма, жыл он екі ай елеусіз, сұрқай, сұрғылт күйі көзге де, көңілге де еленбей, сол жатқан күйі жата береді емес пе? Бір күні алай-дүлей арқырап қарғын жүріп өтеді. Тасқыннан соң ақық тастар жалтырап, жердің бетіне шыға келеді емес пе? Дегелек – менің көп шайлыққан көңілімнің қарғыны іспетті. Өзін өте сирек көремін, бірақ көрсем болды, алыста, түу алыста, қиял жетпес қашықта қалып қойған, әлдеқашан ұмыт болған қайдағы бір ескі мұңымды, өзге түгіл өзіме айтуға қимайтын тәтті мұңымды қозғап, бұйығы көңілдің ұйпа-тұйпасын шығарады. Несін жасырайын:
Бір ән бар, тыңдауға оны қорқамын мен,
Кетер деп тоған бұзып толық қайғы, –
деп бір өлеңде айтылғандай, дегелекті көрмеуге, ол туралы ойламауға тырысқан кездерім де болды. Адам өзінен өзі қашып құтыла алмайды екен.
Ана жылы туристік сапармен Бұхараға бардым. Жергілікті тарихшы жігіт мұндағы Калян мұнарасының биіктігі 46,5 метр деді. Бұл он екі қабат үймен бірдей деген сөз. Бірақ, мені таңғалдырған ол емес. Мені таңғалдырған – сол мұнараның төбесіне дегелек ұя салыпты. Жүрегім шаншып кетті. Себебі жол бойы Махларайымды ойлап келе жатқам.
Германияның Наббург деген қаласы 1644 жылдан бері қарай жылда ақ дегелектер келіп ұя салатын шаһар ретінде әлемге әйгілі… мен ол қалада да болдым. Жол бастаушы боп жүрген Мехмед есімді түрік жігіті: «Біздің тілімізде бұл құсты «лейлек» дейді, кейде «хаджы баба» деп те атайды», – дегенде менің есіме оны украиндықтардың «лелек, лелека» дейтіні түсті. Татарлар болса «лэклэк» дейді. Біздің жас кезімізде «Белый аист летит, над белесым Полесьем летит…» деп басталатын ән болушы еді ғой, бірде сол әнді тыңдап отырғанда маңғыстаулық Владимир Шитов деген журналист Шетпе, Оғланды деген жерлерде қара ләйлек кездесетінін, оны жергілікті қазақтар «қарабай» дейтінін айтты. Мені баяғы «Батырлар жырындағы», «Көкқұтан мен қарабай көтеріліп ұшқанша белінен бір-ақ басады» дейтін Тайбурылдың шабысын ойладым. Сөйтсем, қарабайы қара дегелек емес, кәдімгі қарабай боп шықты.
Қара дегелек (черный аист) Шығыс Қазақстан облысының Марқакөл, Күршім, Зайсан аудандарында бар екені туралы оқығаным бар. Қазақстанның өзге аймақтарынан қара ләйлек кездестірдім деген адамды өз басым көргенім жоқ. Айтушыларға сенсек, ол өзі бір жалғыздықты ұнататын «кісікиік» құс болса керек, мен сияқты… Сондықтан болар, іздемедім, ол менің жаныма болмыс-тіршілігімен, саяқ жүрісімен жүрегімді ауыртқаннан өзге не береді? Жалғыздың өз басымда да жеткілікті.
Кейде өзіме таң қаламын. Махларайымның әкесі айтқандай, дегелек өз балапанын, неге екені белгісіз, ұядан лақтырып өлтіретін жауыз құс… Ал мендегі ессіз сезім өмір бойы Махларайым өлердей сүйген нәзік құсты іздеп келеді.
Әдетте, ақындар сүйген жарға өлең арнаса, «қайда, қашан, қай жерлерде жүрсем де сені ойлаймын», – деп жазады ғой. Рас шығар. Мен ақын емеспін. Жасырақ кезімде өлең жазғанымды айттым ғой. Кейін ойласам, жасың отыздан асқан соң өлең жазу қызық та қиын да емес екен. Бүгінде жастар жазған, әсіресе қыз ақындар қаламынан туған жырларды миықтан күліп отырып оқитын жасқа жеттік. Ештеңеге сенбеймін. Сенгім де келмейді. Бір адам адал болса мен адал емес пе едім, бір бала аңқау болса мен аңқау емес пе едім? Жоқ нәрсені бар деп ұғатын, өтірікке имандай сенетін сол бір кездерді еске алсам, көзіме жас үйіріледі. Мен, жалпы, жиі жылайтын адаммын. Бірақ көзімнің жасын ешкімге көрсетпеймін және өзімнің жастық шағым туралы ешкімге ешқашан ағымнан жарылып әңгіме айтқан емеспі, ендігі қалған ғұмырда айтпайтын да шығармын. Артық сөздің керегі не? Әсте, бұрынғы заманда тусам, мен жапан түзде жалғыз жортқан қарақшы болар ма едім? Неге десеңіз, жалғыздықты ұнатамын. Жалғыздық пен үнсіздік. Қайда, қашан, қай жерлерде жүрсем де жадымда Махларайым жүреді. Қандай сапарға шықсам да, өзіммен бірге қиялымда Махларайымды ала кетемін, үйде отыруды ұнатпайтыным содан ба екен?
Сен қайдасың, Махларайым?
Мен қатты қартайып кеттім. Бүгінде мені көрсең танымай қалуың да мүмкін. Ал мен сені қырық қыздың ішінен қырық жылдан соң да жазбай таныр едім.
«Ләйлек» атты дастан жазшы», – дейтінсің.
Жаза алмадым, айнам.
Жазып, жария етіп керегі не? Сен менің жүрегімдесің, ақ ләйлек.
Сағындым сені. Кешір…
Есенғали Раушанов, Дереккөз: zhasorken.kz