Қалқаман САРИН: "Жүрегімнің лүпілінде қаласың..."
2018 ж. 27 қаңтар
10837
2
Ақын Қалқаман Сарин ұлынан айырылған журналист Сәуле Әбединованың баласына жоқтау өлең арнады.
Алты алашқа аты мәлім Сәуле едім,
Қансырадым, қалмағандай сау жерім.
Қалды-ау, қалды-ау жетпей дауа-дәрменім,
Солды-ау, солды-ау көктей дәуір-дәуренім.
Уа, Тәңірім,
Берен қылып бердің ұл,
Қайтып алдың. Шемен қылып шер-ғұмыр…
Жатырымды жарып шыққан жалғызды,
Құшағына алып кетті жер жұмыр.
Алып кетті жігіт болған кезінде,
Арман болған, үміт болған кезінде,
Ұлтын сүйіп ұлық болған кезінде,
Кемеліне күліп толған кезінде.
Көңіл бөліп көркем етіп кешімді,
Келін келіп жалғайды деп көшімді
Жүргенімде, алып ақыл-есімді,
Өлім келіп үмітімді өшірді!..
Алты алашқа аты мәлім Сәуле едім,
Байтақ едім,
Бақшалы едім, баулы едім,
Асқақ едім,
Асқар едім,
Таулы едім!
Аласұрдым аласарып зәу көгім.
** ** **
Өмірдегі жеңілісім, жеңісім,
Бәрі, бәрі, бәрі, бәрі сен үшін.
Бәрін жасап жақсылықтың сен үшін,
Керек десе, досты ұмыттым сен үшін,
Ұлым, ешкім баспасын деп еңсеңді,
Тау қопарып, тасты үгіттім сен үшін.
Кешір, ұлым,
Кешір, мені,
Кеш, ҰЛЫМ,
Тәңір,
Тағдыр екі етпейді шешімін.
Мерекемнің шырқын бұзып кетті ажал,
Берекемнің бұзып кіріп есігін.
Тірі болып жүргеніммен… жансызбын,
Өтіп жатыр мағынасыз, мәнсіз күн.
Сен Анаңның айыптама көз жасын,
Мен ажалдың алдында, ұлым, әлсізбін…
** ** **
Жалғыз өзің мысын басып мың ездің
Жүруші едің, менің көркем мінездім.
Ана! – десең жан-жүректі тербейтін,
Сенің үнің,
Сенің үнің — шын өзге үн!
Анаң болдым, ақ сүтіме разымын,
Жіберейін, бойыңды енді жаз, ұлым.
Жазымышты алдым ба екен, жазғырып,
Кешір, Алла, болса тілден жазығым?!
Енді сенің күлгенің де құр елес,
Күлім қағып жүргенің де құр елес.
Дәл осындай қасіретті, қайғыны,
Ешбір Ана ешбір жанға тілемес.
Жүрегімнің лүпілінде қаласың,
Болмысымда, бітімімде қаласың.
“…Жібер” дейді, жіберейін бара ғой,
Қалады артта аза тұтып Анашың.
Ақыл-ойың, парасатың әдемі,
Бәрі өзіңе жарасатын әдемі.
Тамсандырған таңғажайып әлемің,
Қарсы алдыңнан жол ашатын әдемі.
Куә болдым самғауыңа, мың шүкір!
Куә болдым арманыңа, мың шүкір!
Сені күткен асыл, асқақ сезіммен,
Түндеріме, таңдарыма, мың шүкір!
Аз да болса ол да — мұра, мың шүкір!
Айналдың сен қорғаныма, мың шүкір!
Менің ғана ғұмырыма бұйырып,
Менің ұлым болғаныңа, мың шүкір!
“Ақын Қалқаман Сарин менің қайғы-қасіретімді осылай жоқтау өлең жолдарымен өрнектеді…. Қосып-аларым жоқ”, – деп жазды Сәуле Әбединова.
4 қаңтар күні Сәуле Әбединованың ұлынан айырылғаны туралы қайғылы хабарды дос-жарандары хабарлаған болатын.