Мен көрген моңғолдардың бәрі ақын
2018 ж. 19 қаңтар
5673
6
«Жау айдаса баспассың, дәм айдаса қашпассың» деген бар, дәм тартып биыл сүмбіленің басында Моңғолияны да бір көрдік.
Моңғолдар өздерін Б.з.б. 1-мыңжылдықта қалыптасқан түркі халықтарының арғы тегі, Хань императоры Гаоцзудың өзін тізерлеткен Мөденің, құдіретті мемлекетінің қаһары қытайларға он мыңдаған шақырымдық Қытай қорғанын салдыртқан ұлы Ғұндардың ұрпағымыз деп санайды. Демек, арғы текті қусақ бөтен емеспіз. XIII-ғасырда орталық азиядағы түркілер мен моңғол тайпалары түркілердің байырғы ошақтарының бірі саналатын Моңғолия жерінде Шыңғыс ханның туының астына бірікті. Шыңғыс ханға біздің таласымыз осы кезден басталды, ұлы қағанның өз ордасында аудармашысыз түркі тілінде сөйлегендігі бізге бұлтартпас дәлел болды. Содан ғой біздің қызды-қыздымен Шыңғыс ханды қазаққа айналдырып алғанымыз. Басқасын айтпағанда, Моңғолияның орталығындағы Хангай тауынан Ертіс өзеніне дейінгі ұланғайыр алқапты мекендеген Найман мемлекетінің бітігі (жазуы) моңғолдардың төл жазуына айналғаны тарихтан аян. Моңғолияда найман бітігі сирек қолданылғанымен, қытайдағы алты миллион моңғол бүгінгі таңда осы жазуды жаппай қолданады. Аттың жалында, түйенің қомында, киіз туырлықты ел болып өскендіктен моңғол мен қазақтың тілі мен діні бөлек демесең түр-әлпеті айырғысыз бір халық құсап көрінеді екен...
Ұланбатырда жүрміз. Алдында үлкен алаңы бар үкімет үйі тұр. Үкімет үйі дегенімен президент те, премьер де, минстирлер де, депутаттар да осы шаңырақ астында отырады екен. Сарайдың есігінің алдына Шыңғыс ханның тақта отырған үлкен ескерткішін орнатыпты. Сырттай қарағанда, сарай айбынды көрінеді. Көше таза. Бір кереметі, біздегідей ұрсысып, жаға жыртысып жатқан бір адам көрмейсің. Бір жолақтан бұрылып кеп екінші жолақтағы машинаның артына тұмсығын тыққан жүргіншіге ренжіместен жол беріп жатады, сонда да соқтығысқан бір көлікті көрмедік.
Ұланбатырдың бас көшесі тар, тығыны көп. Біз алты жолаққа сыймай талтүсте соқтығысып жатамыз, бұларда бәрі мамыражай. Адамдары бейқам, қабақтары ашық. Орталығы болмаса, өте биік үйлер тым сирек. Ұланбатырда бір жарым миллион тұрғын бар көрінеді, үш миллион моңғолдың тең жартысы осы қалада тұрады. Не сыры барын қайдам, адамы мол қалада еркін тыныстап, жайбарақат жүреді екенсің.
Ұланбатырдан шыға бере киіз үймен отырған елді көресің. Тұрғылықты халық қысы-жазы киіз үйде отыра береді деседі. Бүгінгі таңдағы технологиямен жылытуға мүмкіндіктері жетеді ғой, мені таңғалдырғаны өзге дүние. Әр шаңырақ гектарға барабар жерлерін үйімен қоса тақтаймен қоршап алады екен, қарасаң аз жер емес. Сөйтсек, дүниеге келген моңғолдың әр баласына қай жерде туса да, сол өңірден заңды түрде бір гектар жер тегін беріледі екен. Ол жерді сатуға болмайды! Жер – мемлекеттің меншігі. Жерді шаруашылыққа пайдаланамын, зауыт-фабрика саламын десе, моңғол азаматтары арзан бағаға жалға алу ақысын төлеп, қалағанынша жер алуына болады. Ал шетел азаматына жер сатылмайды да, жалға да берілмейді.
Жер көлемі жағынан дүниеде тоғызыншы орынды иеленіп отырған Қазақстанда иен жатқан бір шаршы метр жер жоқ десек, моңғолдар артын ашып күлмей ме! Өз азаматтарымызды жарылқамай-ақ қояйық, тым құрығанда тағдырдың тауқыметімен атамекенінен көз жазып қалып, зарығып елге келген қаракөз қандастарымызға бастарына баспана тұрғызып алатын тоқымдай жер бере алмайтынымыз сүйекке таңба, қызыл қандарын төгіп, ақ найзаның ұшымен, ақ белектің күшімен ұлы даласын аманаттаған батыр бабаларымыздың әруағынан ұят емес пе!
Бұл елде туризм керемет дамыған. Елдің ұлттық табысының бір бөлігі осы туризмнен келеді. Ұланбатыр қаласының төңірегінде салынып жатқан туристік базалардың, төрт тұрманы сай кешендердің санында қисап жоқ. Дүниенің түкпір-түкпірінен ағылып келіп жатқан әртүрлі нәсілдегі саяхатшылар жыртылып-айырылады. Алдын ала тапсырыс бермесеңіз, қаладағы қонақүйлерде жататын орын қалмай, далада түнеуіңіз бек мүмкін.
Ұланбатырдан елу-алпыс шақырым жерде Шыңғыс ханның ат үстінде қамшысын таянып, қылышын асынып, жорықта қол бастап жүрген парасатты бейнесін сомдаған әлемдегі ең алып ескерткіш бар. Биік төбеге салынған ескерткіштің астында үш қабатты үйдің төбесіне жеделсатымен жетіп, одан ары баспалдақпен бір-екі қабат көтерілгенде барып ұлы қағанның иегінің тұсына бір-ақ жетесіз. Төңіректегі ұлан-байтақ дала табаныңның астында қусырылып жатады. Осы ескерткішті бір көру үшін жұмыр жердің әр шалғайынан сан мыңдаған жиһангез ат арытып келеді екен. Осынау теңдессіз алып ескерткішті Моңғолияның бүгінгі президенті, адал еңбегімен Моңғолияның ең бай азаматтарының бірі болған Халтмагийн Баттулга өз қаржысына тұрғызыпты.
Енді бір қызығы етекте, бұдан екі-үш шақырым жерде Шыңғыс ханның анасы Өелуннің ескерткіші тұр. Жорыққа кеткен ұлдың жолын күзетіп зарығып тұрған ұлы ананың мұңлы бейнесі. Бұл да жәй ескерткіш емес, алыстан дәрпі бар еңселі мүсін. Естуге қарағанда, оны бір кәсіпкер әйел тұрғызған көрінеді. Міне, ханын ұлықтаған ердің, ананы ұлықтаған қыздың ерлігі! Осындайда ойлайсың: Бурабайдағы Оқжетпестің төбесіне не мынау Алматының іргесіндегі Көктөбеге Абылай ханға арнап дәл осындай ескерткіш орнатсақ қой, шіркін! Хайуанаттар бағына жүз мыңдап евро шашып жүрген көзсіз кәсіпкерлеріміз, форбестің тізіміне енген әлемдегі ең байлардың қатарындағылар Құдайға шүкір біздің елде де аз емес қой...
Моңғолдар салт-дәстүрді берік ұстанады. Танысқан адамыңызға қандай да бір сыйлық жасасаңыз қос қолдап алып, маңдайына тигізеді. Көп болып ас ішерде дастарқан ортасында тұрған ыдысқа саусағын тигізіп, сонан кейін дәм алатыны бар. Шарап ішкенде шарап құйылған ыдысқа сұқ саусағын матырып көкке, жерге, төңірегіне шертіп шашыратып, көктәңірге мінәжәт етеді. Дәмханаларға кірсең үстел үстінде қойдың бір уыс қу асығы тұрады, тамақтанушылар үстелге жайғасқан бетте әр қайсысы кезек-кезек асықты иіріп, оңқы түсе ме, тәйкі түсе ме, жолдары оң, істері сәтті бола ма, соны болжайды. Ұлттық киімдерін де өте қадірлеп киеді. Денеге жайлы матадан зерлеп-әшекейлеп, түр-түсін лайықтап киген қарттарды, жастарды көргенде еріксіз сүйсінесің. Елдің беделді адамдары шаршы топта ұлттық киімдерімен ел алдына шығады, қыздары ұлттық киімдерін кигенде тотыдай түрленіп, айырықша сұлуланып кетеді.
Біздің барған сапарымыз – Әлем ақындарының 37-ші құрылтайына қатынасу. Бұл құрылтайды Әлемдік Мәдениет және өнер академиясы мен Моңғолия Жазушылар одағы бірлесіп өткізді. Құрылтайдың Ұланбатырдағы ашылу-жабылу салтанатында зәредей мін болған жоқ. Қала ішіндегі саяхаттауды есептемегенде, естен кетпес күндеріміз Азиядағы ең үлкен шөл саналатын Гоби шөлінде өтті. Қаз-қатар тізілген киіз үйде төрт-бестен топтасып жаттық. Әлемнің әр елінен келген ақындар түнде өлең оқыдық. Далада алау жағып, қол ұстасып биледік, ән салдық, сол түнді ұйқысыз өткіздік...
Моңғолдардың топтанып отырып әнге қосып айтатын бір ұзақ жырлары болады екен, соны ер-әйел әуелетіп айтқанда ғажап әсерге бөлейді екен. Мұңлы, зарлы әуен құйқылжығанда зарзаманның «Елім-ай», «Ағажай, Алтай...» әндері еске түсіп, жүрегіңді шымырлатады. Иә, бұл халық та заман заман болғалы не көрмеді дейсің?! Жарты әлемді жаулаған Шыңғыс қағанның ұрпақтары анық ел болып, бостандық алғанына да көп бола қойған жоқ. «Жақсы әкенің әруағы жаман ұлды қырық жыл сүйрейді» дегендей, ұлы хандарының әруағы моңғол дейтін ұлысты күллі дүниеге танытты. Жер жүзінен Моңғолияға ағылып барып жатқандардың дені Шыңғысханның рухына тәу ету үшін барады. Біздің де Шыңғысханға өкпеміз жоқ, түркілердің басын біріктіріп, тұтастығын кемінде үш ғасырға кепілдендірген ұлы қағанға біз де басымызды иеміз.
Айтпақшы, құрылтайдың тақырыбы «Табиғаттың ақыл-ойы және адамдардың жан-табиғаты» болатын. Біздің пайымымызда, бұл жолы моңғолдың ұлы ақындарының рухына тәу ету алдыңғы орынға шыққан секілді. Мәселен, Дорноговь аймағында өмір сүрген Дулдуйтын Данзанравжааның (1803 - 1856) рухын ұлықтау үшін сонау күншілік жерден отарбамен Гобиге келдік. Елімен, ол дәурендеген жерімен таныстық. Аты аңызға айналған әулие ақынның өмір кешкен үңгірі бар десті, айлап-жылдап, тіпті біраз жыл үйінен, бала-шағасынан безіп келіп сол үңгірде тұрып, рухын тазартатын ақындар болған екен. Соның бірі әлгінде айтқан Әлемдік Мәдениет және өнер академиясының Моңғолиядағы бөлімшесінің президенті, белгілі ақын, доктор Гомбожавын Мэнд-ооёо. Ол жастау кезінде әулие ақынның үңгірінде үш жыл жатып тазарып қайтқан көрінеді.
Ақын Жүкел Хамай екеуімізді Моңғолия Жазушылар одағының басқарма төрағасы Ценд-Аюшийн Буянзаямырза қабылдап, ұзақ әңгімелестік. Жазушылар одағының мыңнан астам мүшесі бар екен. «Баяғыда Шыңғыс ханның тарихын зерттеп жүрмін, Шыңғыс ханның туған, жүрген жерін, табан ізін көрейін деп келдім деп Қазақстан жазушысы Мұхтар Мағауин осы одақтың есігінен аттап, қадірлі қонағымыз болып еді. Енді, міне, Қазақстан қаламгерлерінен екінші кісі болып сіз келдіңіз» деп жылы жымиды.
Мен өз кезегінде әр жазушы кез-келген елдің Жазушылар одағында ғана өз шаңырағында жүргендей еркін жүре алатынын айттым. Қазақстан Жазушылар одағы, қазақ жазушылары туралы әңгімелеп бердім. Өзі моңғол тарихын жүйелі зерттеп жүрген тарихшы азамат екен. Моңғол тарихынан бұрын-соңды кездеспеген тың деректер тауып, төрт томдық еңбек жазғанын айтып қуанышын бізбен бөлісті. «Төрт томым баспадан шыға сала сіздерге сыйлауға уәде беремін» деп ағынан жарылды. Соңынан Жүкел Хамай Қазақстанға көшіп кеткендіктен, Моңғолия Жазушылар одағының мүшелігінен шығып қалғанын, моңғол әдебиетіне сіңірген еңбегін бағалай отырып қайтадан мүшелікке қабылдайтындығын ескертіп, су жаңа мүшелік билетін табыстады. Ал маған Моңғолия жазушыларына берілетін «Алтын қалам» сыйлығын тапсырды. Өздерінің салты бойынша одақтан «жуып» бір-ақ аттандық.
38- ші құрылтай Қытайда өтетін болып келісілді. Алғаш рет қатыссақ та, Ұлықбек Есдәулет ағамыз бастаған Қазақстан делагациясы «келесі құрылтайды өз елімізде өткіземіз» деп өре тұрғанбыз. Бақсақ, бұл біз ойлағаннан әлдеқайда қиын шару екен. Әлемнің әр елі таласқа түсіп, көпшілік дауыс алғандары ғана өз елдерінде өткізу мүмкіндігіне ие болады екен. Қытайдың өзі төрт рет ала алмай, осы рет жолы болғанын естігенде таңырқастық та қойдық. Дегенімен, одан арғы жылы кезек тиіп қалатын секілді. Не болса да елді, ұлтты, қазақ әдебиетін әлемге насихаттайтын келелі шара болатынына көз жетті. Бірінші рет қатысып отырсақ та олжалы қайттық: Ұлықбек Есдәулет, Қазыбек Иса және мен Әлемдік Мәдениет және өнер академиясының мәңгілік мүшесі (академигі) атандық. Мұнан тыс Ұлықбек Есдәулет «Әлемнің үздік ақыны» сыйлығын алды. Қасымхан Бегманов Әлемдік Мәдениет және өнер академиясының докторы атанды, Жүкел Хамай академияның «Алтын пегас» және Тайван елінің «Алтын тырна» жүлдесін иеленді. Ақын Қазыбек Иса екеуміз Әлемдік ақындар конресінің Ұлықтау Құрмет грамаотасымен марапатталдық. Қазақ ақындары Қасымхан Бегманов, Қазыбек Иса, Жұкел Хамайдың "Әлем ақындары -2017" дүниежізі ақындарының антологиялық кітабында ағылшын тілінде өлеңдері жарияланды.
Бала күнімнен Мысырдағы пирамиданы бір көрсем деп армандайтынмын. Сәтін салса, оны да көрерміз, дүниенің төрт төңірегі қусырылып келеді ғой. Екінші арманым – Моңғолияны бір көру болатын. Тарихи кітаптан моңғолдардың мәстек аттарымен дүниені жаулағанын оқығанда сол мәстектері қалай болады екен деп ойлайтынмын. Енді бүгін бәріне көз жетті, біз ойлаған моңғол мәстек мінген жабайы моңғол емес, оқыған-тоқыған зиялы, ақын, әнші, мінезге бай моңғол екен.
Әңгімемді өлеңмен түйіндейін:
Хангайға еркін жайып қанатымды,
Жаныма серік еттім қара түнді.
Мен көрген моңғолдардың бәрі ақын,
Мен көрген моңғолдардың бәрі ақылды.
Сүйіндім ерлігіңе, елдігіңе,
Ордаңның ат байладым белдігіне.
Ұрпағын Темужіннің көру үшін,
Тұқымы Таян ханның келді, міне.
Менің де далам аңыз, анам аңыз –
Көк бөрі бауырынан жараламыз.
«Тегіміз – Ғұннан» дейсің, Ғұннан болса,
Түбі бір – Түркілерден тараламыз.
Бабамның қаны ойнайды тамырымда,
Ес білдім сәйгүліктің сауырында.
Менің де тауға тартқан мінезім бар,
Туған соң Өр Алтайдың бауырында.
Көз көріп қауым барын, ауыл барын...
Бұлтындай Алатаудың сауырладым.
Тегіңді қалай ғана ұмытайын,
Түрі бір, тілі бөлек, бауырларым!
Ғалым ҚАЛИБЕКҰЛЫ,
ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты
Ұланбатыр – Алматы
«Галсансүх қалай да ғасыр тоғысындағы Моңғолдың
бас ақыны..»
Ч.Билигсайхан,доктор, профессор
Б. ГАЛСАНСҮХ
Соқыр махаббатың жалыққан тұста еске түседі
МЕН...
Мен... бұрат, ұл, әке, аға, қу бас...
Һәм ақын, темекіші, тілші-журналист
Арманшыл, бақытсыз ашна, анархист
Ақшақұмар, оқырман, қаңғыбас
Ыстықты жек көргіш, тоңғақ, кір жуғыш
Уайымшыл, алдамшы, момақан, серуенші
Мысық мінез, жайсаң кеп, шорт сынғыш
Есік қаққыш, ақша шашқыш, таң ұйықтағыш
Еш құлықсыз, шалбар алғыш, күй тыңдағыш,
өтірік айтқыш, тұмау тигіш
Борышқа қалғыш, қарындаш ұштағыш,
үй жалдағыш
Жаяу жүргіш, сөзге шорқақ, әңгіме айтқыш
Ұшқалақ, сауықшыл және тез тіл алғыш
Діннен аулақ, ғалым емес, бірақ та панк
Айға табынғыш, шу көтергіш, тек жүргіш,.
Жаңаны қолдаушы, дәстүрді зерттеуші
және идеалист
Түс көргіш, тәтті жегіш, сақал қырғыш...
«ТАТУИРОВКАЛЫ ҚЫЗДЫҢ ЕСІГІ»
Әлем қақпасынан беріде ғажайып күндер жалғасып
Қарапайым тірлігімді сәндеген татуировкалы қыз сен
Сірә маған да есік ашқанды қойдың. Кірер есік
Әлемде көп десек те, ерекше тұғын сенің
Татуировкалы есігің. Жас иісті тұмса дененің дәміне
Шіркейдей құмартып әуестенген ек. Өтіпті. Ол
Қайта ашылмастай жабылыпты. Оу. Әйтсе де
Көк шытыралының жеңіс есігін мен суыған
Көңіліңдей тез ұмыта алам. Құмарлық
Түйсік пен жасырын білімді жауқазындай жас қызға
Дәл саған үйреткенімдей үйрете алам.
Ғашықтық есігі туралы тәтті өлең сыбырлайтын болам. Оған
Сол сәтте таутировкалы қыз не істеп жатыр екен?
Аспанға қарап, жұлдыз санап, бұлт қызықтап
Күнделік дәптеріне әлде нені жазып, темекісін тартып
Сонан ол шешесін ойлап, әкесін қарғап, кітап оқып
Әлемнің қақпасынан арыдағы ғажайып
Әлем туралы қарапайым бір жанға айтып отырар.
Татуировкалы қызға таныссам дедің бе? Керек жоқ, керек жоқ
Сайтан екен ол, қансорғыш екен ол, көзіңді ойып тастайды
Сөйтеді ол, Маған осылай ойлау рахат сезілген...
Сайтан, қансорғыш, соқыр ететіндермен достасуды
... Мен қойғам...
ЖАЛҒЫЗСЫРАУ
Жалғызсырап қамығам бөлмем – Сыңар көзді
Сол сыңар көзбен – Сыртқа мені
Қарағанда аурухананың қабырғасындай қар
Қарашығымды талдырады. Қаламай тұрғанда
Тарту еткен махаббатың сонша бір ауыр екен
Тарту еткен махаббатыңды мен көтере алмай тұрмын
Ұйқының дәрісіндей қар менен басқасын
Ұйықтатқанда дүниенің жиегіне жеткізер
Қос күміс қанатты сыңар көзді бөлмеме
Қараңғы түнде барымды салып бейнелегенде
Келе ғой деген махаббатың
Жеңіл екен. Жеңіл махаббаттыңды мен қаламай
Тұрмын. Көп сериялы жалғасқан түс сияқты
Таусылып бермейтін тұманды таңдарды
Жұмаштап алып қоқыс шелегіне тастап
(Барлығын) сіреңке шағып өртеп жіберердей
Ойлағанда Ақыл-ойлы махаббатың
Соқыр екен. Соқыр махаббатың маған
Қызықсыз боп тұр. Қызықсыз (кешір)
Соқыр махаббатың жалыққан тұста еске түседі
«Он лучший поэт своего
поколения...»
Иностранная литература, 2004 (Л.Г. Скородумова),
Г. Аюурзананың шығармашылығы туралы мақаласынан.
Гунаажавын АЮУРЗАНА,
ақын, жазушы
Бақыт дегеніміз осындай-ақ, әпсәттік...
МИССИСИПИ
Уильям Волкнерге
Түсімде ағатын,
Аққанда теңіздей /жайылып/ жататын,
Ағып жатыр деместей толғанатын,
Шексіздіктен әріге бойлайтын.
Қашан да тасымайтын шығар дейтіндей,
Қайысқан көпіріне аяқ салбыратып отырардай.
Селк етердей, секіріп кетердей Миссисипи.
Сүлдеңді тапсырардай.
2007.3.27.
2007.10.2.
***
Бұрхан уақыт қоңырауын күн сөнетін сағатқа тарылтып
Қасиетті алақанын айна етіп жайып, бізге түсіргенде,
Су қараңғы болардай сәуле шашып тұрғандай
Адам өмірін салғастыруға болады.
Миллион жылдың алдында демі үзілген,
Ғарыштың желіне ұшып жоғалған жұлдыздың сәулесіне
Бейтаныс, сұлу жүзді көргендей
Махаббатты салыстыруға болады.
Өмір, махаббаттың қуатымен жолықтырар
Бақыт дегеніміз осындай-ақ, әпсәттік...
2008.11.17.
Л. ӨЛЗИЙТӨГС
Тағы бір ара туады жүрегімді сөгілтіп..
АРА
Ерте таңнан бір ара менен ұшып
Есігіңе барып қонады.
Күні бойы сені құшып
Қанаты әбден талады.
Аяқ, қолымды алып жүрген
Аяусыз жанды өлтіріп
Сен келесің айналып.
Жеңіл тарту, тәтті кәмпит...
Көңілденіп күлгенімде мен
Тілерсегім үзіліп өлгенімді ұмытам
Ертесінде тағы бір ара таңмен...
Жүрегімді алып ұшады
Жаңбыр тимегей қара
Қалқалап жүр, байқа
Баз біреулер өкпелетсе
Қандауырыңды қада...
Тілегімді алып ұшқан оны
Мойынтағыңмен ұрып тастайсың
Денем жарылып кеткендей
Ауырсынып күнімен
көздің жасын бұлаймын
(жатқан орнымнан тұрмаймын.)
Көкірегіме бітеу жара салып
Кештеу сен келесің үйге қайта гүл алып
Кеудеңді иіскеп, күлгенімде төгілтіп
Тағы бір ара туады жүрегімді сөгілтіп...
qazaquni.kz