Ермек Аманшаев Швецияда өткен әдебиет фестивалінде «Жыл авторы» атанды
2017 ж. 15 желтоқсан
3321
1
Швеция астанасы Стокгольм қаласында өткен VI «OEBF-2017» әдебиет фестивалі мен кітап форумы байқауында жазушы-драматург Ермек Аманшаев «Тәубе» кітабы үшін «Жыл авторы» атағына ие болды, деп хабарлады Elorda Aqparat.
Хабарда айтылғандай, Фестиваль бағдарламасы аясында сан алуан шара өткізу жоспарланған. Атап айтқанда, конкурсқа қатысушылардың кітаптарын оқу, видеофильмдер конкурсына қатысатын жұмыстармен танысу, фестивальдің құрметті қонақтарының кітаптарының тұсаукесері, фильм көрсетілімдері және конкурсқа қатысушылармен кездесулер ұйымдастырылды.
Фестивальде 20 елдің 300 қатысушысы бақтарын сынады. Конкурсқа орыс, ағылшын, қазақ, қырғыз, өзбек, тәжік, түрікмен және әзербайжан сияқты сегіз тілдің бірінде жазылған шығармалар қатысқан. Автордың бұл кітабы қазақ авторларын іздеп оқитын Швецияның Халықаралық кітапханасына және Стокгольм қаласының Орталық кітапханасына тарту етілген екен.
2016 жылы Ермек Аманшаевтың аталмыш еңбегі Лондонда Лаура Хамилтонның өңдеуімен ағылшын тілінде жарық көрген болатын. Кітап бір жылдың ішінде бестселлерге айналып, әлемдегі әдебиет сүйер қауымның ыстық ықыласына ие болды.
АВF мәдени орталығының Улоф Пальме атындағы залында ұсынылған марапаттау рәсімінде Швецияның айтулы сыйлығы мен Ермек Аманшаевтың шығармашылығы туралы әңгіме өрбіді. Патшалық өнер қоғамының мүшесі Дэвид Уильям Парри өзінің жылы лебізін білдірді.
Бүгінде кітап француз тіліне аударылып үлгеріп, 2018 жылы тұсаукесер рәсімі өтпек. Сондай-ақ, Жаңа жыл қарсаңында әңгімелер жинағы e-book форматында ағылшын тілінде жарияланатын болады.