Бапсыз жүйрік

0
1047

Өмір құбылысын әркім өз түсінігімен қабылдайды. Ал жазушының өмірді қабылдауы ешкімге ұқсамайды. Олар өмірді қарапайым адамдардан басқаша қабылдайтындықтан да өзгеше өмір сүреді. Олар қарапайым өмірді күрделендіре ме, әлде күрделі өмірді тым-тым қарапайым түсінікпен қабылдай ма?… (Олар басқалар шыр-пыры шығып жатқан оқиғаларға бейқам қарап отырады ғой. Пенделер тіршілік ететін әлемнің қиялымен биікке көтеріліп кететін, кейде өзінің нағыз пенде екенін көрсететін жазушылардың болмысын біз түгілі өздері де түсінбесе керек). Меніңше, қандайда жазушының болмысын түсіну үшін алдымен осы сауалға жауап табу керек секілді. Әдебиеттен әдебиетшілер ғана емес, оқырманда көркем шындықты іздейді. Бірақ шығарма шындығы өмір шындығынан тым алшақ жатса, оны көптеген оқырмандар қабылдай алмайды. Бәлкім, сіз оқырманды әдеби талғамы төмен деп кінәларсыз? Бірақ сауатты оқырманның шығарманы қабылдау, қабылдамауы ең бірінші әдеби талғамының төмендігіне емес, оның да (оқырманның да) өмір шындығын әр кез іздеп жүретініне байланысты.

…Ол да өмір бойы бір шындықты іздеп өтті. Сол «шындықты» табу үшін аласұрды, шарқ ұрды, ол «шындықты» табу оңай емес екенін білді, сонда да іздей берді. Бір данышпанның: «Өмір – ақиқат өмірде болып өткен роман» деген тәмсілі бар. Сол «Ақиқат өмірде болып өткен романды» қағазға әркім өз көзқарасы тұрғысынан көшіреді. Ол өмір шындығын боямасыз жазды. Ол елу төрт жыл ғұмыр кешті. Аз ба, көп пе? Біздіңше, шығармашылық адамының жасы шығармашылық ғұмырымен бағаланса керек-ті. Әр қаламгердің өз оқырманы бар. Белгілі жазушы-публицист Сейітқазы Досымовты оқырмандары іздейді, іздей береді.
«Адам ерте ме, кеш пе – дүниеден өтеді. Сол қылөткел межеге кім несімен келеді деген тақырыпқа қаншама ғұлама ғалым, жазушылар том-том кітап арнаған… Біздің айтарымыз: жазушы, журналист Сейітқазы Досымов осынау кісіні қарадай делқұлы қылар, қарадай жанталастырып қояр фәни жалғанның емен есігін ақырындап жауып, енді қайтып келмейтін… енді қайтып үн қатпайтын… белгісіздік әлемі – бақи жалғанға жөнелген мезгілде соңына нендей із қалдырды дегенге жауап беру ғана. Осынау біртомдық бетіндегі қыруар оқырманның ризашылық пейілін, ыстық ықыласын былай қойғанда, алтын асықтай Айқын, Әділ атты ұлдарынан, Дана есімді қызын, Ләйлә есімді ақкөңіл адал жарын былай қойғанда:
Сөзінің суреті көрінген, кісінің жанды жерін тап басып таныған, әрдайым мұңайып, шерленіп жүретін, өз ісіне, өз жүрісіне ешқашан көңілі толмайтын кеңқолтық қарапайым кейіпкерлермен қайта шүйіркелесіп… мінекей, сол өзі … Сейітқазы Досымов жүріп өткен сүрлеу осы! Жазып қалдырған сөз осы! – деп кәміл шындыққа қол қоятынымыз белгілі». Бұл – белгілі жазушы Дүкенбай Досжанның пікірі. Сейітқазы Досымовтың жуырда жарық көрген «Күз демі» кітабына жазған алғысөзінде осылай ой тұжырымдайды.
…«Сейітқазының мінезі жұмсақ болатын. Ешкімге дауыс көтеріп сөйлемейтін. Еркіндікті сүйетін. Жазу жазғанда күй таңдамайтын. Қасында балалары шулап отырса да, жымиып қойып, жазуын жаза беретін. Көршіміздің кішкентай балаларыменде тең дәрежеде, ересек адамдармен сөйлескендей әңгімелесетін. Ол өтірік айтқанды, жағымпазданғанды жаратпайтын. Мансап, дүние қуған жоқ. Бар байлығы: балаларымен, кітаптары еді. Оның өмірлік мақсаты: бәріне адал жолмен жету болатын. Және балаларынан да адал болуды талап ететін» – дейді жары Ләйлә апай.
Жазушының үлкен ұлы Айқын Досымов әкесі туралы былайша ой өрбітеді: «Әкеміздің жүрегіне қайта құру кезеңіндегі қоғамдағы дағдарыс, оқырманның кітап оқудан алыстап кетуі, оқырманның жазушыларды баяғыдай іздемеуі қатты салмақ салды. Сол кезде әкем өзімен өзі болып, қатты тұйықталып кетті. Әкем мені бала кезінде туған жерінде өтетін оқырмандарымен кездесулеріне ертіп баратын. Сонда оқырмандар жапа-тармағай әкемнен қолтаңба алатын. Сол кезде әкем оқырмандарына риясыз күліп қарайтын. Қайта құру кезеңінде әкем ғана емес, жазушылардың көпшілігі нарықтық қоғамға бейімделе алмай қатты қиналды. Жазушы үшін оқырманнан алыстаудан асқан қиын нәрсе жоқ екен… Біз қандайда мәселені әкемізбен ақылдасып, шешетінбіз. Менің жарым Ақтолқынды өзінің қызындай жақсы көретін. «Менің келінім білімді, Ленинград университетінде оқыған» деп ғылым жолында жүрген жарымның әрбір жетістігіне балаша қуанатын. Әкем барлық адамға тұлға деп қарайтын».
Белгілі мәдениеттанушы ғалым Ақтолқын Құлсариева: «Жолдасым Айқын Досымов екеуміз бір сыныпта оқыдық. Біздің сыныпта қаланың балалары Айқын мен Дәурен (сыншы Сағат Әшімбаевтың ұлы) білім деңгейлері жағынан болсын, ортада өздерін ұстау тұрғысынан болсын оқшауланып тұратын. Интернатта жатып оқитын ауылдың балалары оларға қызығып қарайтынбыз. Біз мектеп кітапханасының кітаптарын оқумен шектелгенде, олар әдебиетпен әкелерінің кітапханалары арқылы танысып, өз беттерінше ізденетін. Айқынның жазушы Сейітқазы Досымовтың ұлы екенін білгеніммен, қаламгер шығармасымен таныс емес едім. Келін болып түскеннен кейін, әрине, ол кісінің кітаптарын оқып, оқырманына айналдым. Айналасына шуақ шашып жүретін, өте мейірімді жан еді. Өмірде қандай сабырлы адам болса, отбасылық мәселелерге де байсалдылықпен қарап, байыппен шешетін. Жаны жайсаң, материалдық құндылыққа жетуді көздемейтін, өте қанағатшыл адам болатын. Адамдарды атағы мен қызметімен емес, адамгершілік қасиетіне қарап бағалайтын. Әділетсіздіктерге жаны ауыратын. Ешнәрсеге немқұрайлы қарай алмайтын. Қоғамда рухани құндылықтың бағаланбауы ол кісіні қатты торықтырып, күйзелтті. Қолынан жазу ғана келетін жазушы қалай тірлік етуді білмей, қиналды. Ол бір халықтың күнкөрісі қиындап кеткен уақыт еді ғой. Оқырмандарымен рухани байланыстары да үзіліп қалды. Ол кісінің: «Жазушыны жақыннан танымау керек, оның шығармасын ғана оқу керек» деген сөзді жиі айтатыны жадымда қалыпты» дейді.
Кім біледі, жазушының кейбір әріптестерінен көңілі қалған шығар. Әлде, жазушыларға деген оқырман құрметі әрқашан сақталуы үшінде жақын қарым-қатынас орнатпаған жөн бе екен. Өйткені, адам деген пенде ғой, өз кемшілігі шаш-етектен бола тұра өзгенің пендешілігін қабылдай алмайды, әсіресе жазушының. Жазушыда ет пен сүйектен жаратылған өзі секілді пенде екенін ұмытады.
Біздіңше, жазушы Сейітқазы Досымовтың адами болмысын шығармасын оқи отырып, тануға болады. Әрбір қаламгердің кейіпкерінен автордың адами болмысы байқалады. Жазушының «Көңіл айнасындағы» Адамбек, «Өткіншідегі» Шәді, «Сырғалы жеңгейдегі» Сейіл Көпбаев, «Тісқаққан абитуренттегі» Сәлкен, «Журналистегі» журналист, қандай қиын уақытта да адамдық қасиетін жоғалтпаған жандар. Әріптестері Сейітқазы Досымов туралы әңгіме бола қалса, « Ол бәрінен адами құндылықты жоғары қоятын» дейді. Демек, шығарма кейіпкерлері: Адамбек, Шәді, Сейіл Көпбаев, Сәлкендердің болмысынан Сейітқазы Досымовтың болмысын тануға болады.
«Жай, жадағай, көңілсіз тіршілікті әрі сұлу, әрі көркем етіп жіберетін, кісіні таң атып келе жатқандай жадыратар қасиет иесі» (Д.Досжан) жазушы Сейітқазы Досымовтың әдеби мұрасын балалары жинақтап, биыл «Күз демі» атты кітап шығарды. Жинаққа жазушының жиырма әңгімесімен қоса, «Ұшқан ұя», «Өз дәніңді өсір», «Қырдағы», «Қызыл пресня», «Жалғыз бала» хикаяттары топтастырылған. Бұл шығармалардан жазушы түйсінген шындықты ғана емес, өмір шындығын тануға болады.

Тоты СЕРІКБАЙҚЫЗЫ

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз