Батыр Мәлік Ғабдуллин соғыс тәсілдерін қалай жүргізгенін білесіз бе?
2022 ж. 25 шілде
7364
7
Батыр Мәлік Ғабдуллин туралы сыр
Мәлік Ғабдуллин майдан жылдарында жазған хаттарының бірінде: «Мен майданда немістермен қолма-қол соғысқан адаммын. Көптеген немісті атып өлтірдім. Біразын қан төбелесте бауыздап салдым. Жаудың оншақты танкісін гранаталармен қираттым», – деп жазады (1944 жыл, 12-қыркүйек). Иә, ол сұрапыл жылдарда қазақ халқының батырлық-ерлік дәстүрлерін терең ақыл, жоғары саналылықпен дамытып байытқан, неміс жендеттеріне қыранша шүйліккен, асқақ даусымен майдандастарын ерлікке үндеген, жауына қаһар боп түйілген еңіреген ер еді. «Жақсылық – жанып тұрған шырақ», «Жігіт жанған шоқ болсын» дейді халық даналығы. Иә, Ұлы Отан соғысы жылдарында басқыншы жаудан саны көп деп сескенбеген, қаруы көп деп тайсалмаған, арыстанша арпалысқан, айдаһардай айбарлы небір қаһармандар ерен ерліктің, көзсіз батырлықтың үлгісін көрсеткен ғой. Ерлік үшін жаралған, ел мұратын өмірлік мақсатына айналдырған, жарығы мол дархан жүректің, мейірімнен құйылған асқақ кісіліктің сынаптай сырғыған жүйрік жылдармен үзеңгі қағысып отырар мінезі, қалмай ілесер шапшаңдығы, толқын-толқын жаңа буындармен сырласып тілдесер ұзын өмірі бар. Бұған айғақ – Кеңес Одағының Батыры, гвардия майоры Мәлік Ғабдуллинның ересен батырлық, ерлік істері.
1941 жылдың 22-маусымында дүние диірменнің тасындай шыр айналды. Мәлік Ғабдуллин дереу 15-шілдеде майданға аттанды. Ол генерал И.В. Панфилов бастаған даңқты 8-гвардия дивизиясы құрамында Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысты. Соғысқа барысымен 45-батареяның саяси жетекшісі болып бекітіледі, сонан соң 2-атқыштар батальонының комиссары, полк үгітшісі М.Ғабдуллин Мәскеу іргесіндегі шайқаста қаһармандықтың асқан үлгісін көрсетті. Рухы биік ұйымдастырушы, саяси жетекші Мәлік Ғабдуллин соғыс өнерінің қыр-сырын толық меңгергендігімен ерекшеленеді. Бір мысал. Барған бетте-ақ батареяның құрамын және әр майдангердің мінез-құлқын жан-жақты, жеткілікті тексереді. Олармен жекелеп те, ұжымдық та әңгімелер өткізеді. Нәтижесінде Мәліктің батареясы полк бойынша жауынгерлік және саяси әзірлігі жағынан бірінші орын алады. Сондықтан да ең жауапты ұрыстардың алғы шебінде омырауын оққа тосу тапсырылған. Қан кешуде дұшпанды абыржытатын, есебінен жаңылдыратын, үрейін ұшырып, зәресін алып қорқытатын («Қорыққан адам – жартылай жеңілген адам») ұтымды амалдың бірі – шапшаңдық пен тұтқиылдан кездейсоқ соққы беру. Міне, осыларды Мәлік батыр жортуылдарда ұдайы жүзеге асырып отырған. Ол әскери құрал-қарулардың мән-жайын, зеңбіректің тетігін ыждаһатпен үйренді. Сондықтан да Мәлік батыр жауынгерлердің ақылшы, тәрбиешісі болуымен бірге, тікелей қолғабыс беретін жәрдемшісі де. Сонымен бірге түрлі ұлттар мен ұлыстардың ырым-нанымдарын, жөн-жосықтарын, жауынгерлердің мінез-құлқы ерекшеліктерін жіті бақылайтын, ой-санасын шұғыл билеп алатын, олармен ішіктің ішкі бауындай жақындасып сөйлесетін һәм тіл табысып сырласатын жан серігі де. Мәлік Ғабдуллин 1936 жылдың қыркүйегінен бастап 1937 жылдың қарашасына дейін Ферғана қаласында №82 әскер полкінде Қызыл Армия қатарында болады. Командирі Усков Мәлікті спорт өнеріне мықтап баулыған. Наган, винтовка, пулеметтен атудан, яғни «Атыс» сабағынан үздік бағаға ие болып, өнері асқан, құралайды көзге атқан мерген атанғаны дивизияға мәлім болған. Әрине, Мәліктің осынау керемет өнері балғын, бал дәурен балалық шағында әкесі Ғабдолланың бауыры, әнші-ақын, жауырыны жерге тимеген балуан, қыран құс ұстап баптаған құсбегі, жүгірген аң, ұшқан құсты құтқармаған айтулы мерген Бекеннен үйренген екен. Сондықтан да Ұлы Отан соғысында суырылып озып, жеңіске жетуі, омырауына жұлдыз тағуы – сүйегіндегі, болмысындағы, ататегіндегі рухани қасиеттердің жаңарып, жаңғыруының арқасы. Асылы, «Ер бесіктен, бөрі болар жігіт төркінінен танылар» деп данагөй қазақ дөп айтқан. Қанды қырғындарды, жорықтарды бастан кешірген, нендей дүлей сұмдықтарды, таратып айтсақ, окоптың ішінде қалғанда үстінен от түкіріп, оң қақырған зілмауырдай танк жапырып, қол диірменше зырылдағанын, қарулас жолдасы автоматшы Морозовқа снаряд түсіп тірі кісінің әп-сәтте бір жапырақ қып-қызыл етке айналғанын көзі көрді. 1942 жылдың ақпан айынын, 8-і күні Бородино деревнясын жыландай ысылдаған жаудан тазартады. Мұның тарихы мынадай: Бородино селосының стратегиялық айрықша болғаны аян. Себебі бұдан тарамдалып шығатын жолдар басқыншыларды Старая Руссамен жалғастырған. Жаудың шабуылын ойсыратып әлсірету үшін Мәлік Ғабдуллин бастаған автоматшылар ротасын жаудың оң қанатынан соғуға міндеттеді. Жеті сағатқа созылған алапат ұрыста М.Ғабдуллин жауды талқандауда бес рет ұрымтал сәтті асқан шеберлікпен пайдаланды. Неміс-фашист басқыншыларының төрт дүркін шиыршық атқан шабуылын тойтарып, сәтсіздікке ұшыратты. Мәлік бастаған автоматшылар ротасы алапат апатта тастай түйіліп 200 фашисті жер жастандырады. Мәліктің өзі 2 танкіні жойып жібереді. Оқ борап, жер тітіреп, аспан асты шатырлаған күйге түседі. Ұлтарақтай жер үшін, тостағандай төбе үшін жан аямай шайқасады. Саяси жетекші Мәлік Ғабдуллинның әр қимылы, іс-әрекеті, әдіс-айласы, тағылым-тәрбиесі, мол тапқыр сөздері өршеленген жаудың үнін өшіруге, құмырсқаша қаптаған қанқұйлы жендеттерге шатырлаған жайдай, көлденең қазылған ордай болады. Ширяево, Рыбушка, Ново-Свинухово, Старая Русса жерінде болған кескілескен қиян-кескі шайқастарда, қауіп-қатер, өрт құшағында өжеттіктің арқасында ірі жеңістерге қолы жетті. Әрі олар «ынтымақ – оқ өтпес, найза теспес сауыт» екендігін нақты, шынайы іс-қимылдармен дәлелдеді. Сасқан-пысқан шапқыншылардың 30-дан аса жеңіл жүк машиналарына, 2 азық-түлік қоймаларына ие болды.
Жанқиярлықпен соғысқан Мәлік Ғабдуллин өз сарбаздарымен бірге 12 фашисті (біреуі офицер) тұтқындады. Шындығында, «Қолбасы білікті болса, сарбаз тозбайды », «Ер жігіт бір күнде мың кісілік» деген қазақтың нұрлы, мағыналы, даналық тұжырымдары тәжірибеден туғаны рас-ау! Мәлік Ғабдуллин бастаған автоматшылар ротасы бытырай қашқан жаудың ізіне түседі. Деревняның солтүстік-шығыс жағында терең сайдың жағасындағы үйдің қасында еңгезердей неміс офицері оқыста барысша атылып, өршелене жұлқысады. Мәлік батыр жамбасқа алып ұрамын дегенде алпауыттың астына түсіп қалады. Аяқ-қолын матап, буындыра түседі. Сөйткен кезде буырқанған қуатпен бұлқынып оң қолын босатып алады. Жанталасып жүріп, сайдан төмен сырғиды. Ақырында, жекпе-жек айқаста қонышынан сапысын суырып алып, қарсыласын құлақтың түбінен соғады. Ол есеңгіреп етпетінен түседі. Содан соң: «Қанға боялған сапыммен екінші рет оның кеңірдегінен орып-орып жібердім, немістің қырылдауға да шамасы келмей сеспей қатты. Ол маған өлмеген секілді болып көрінді. Кеудесіне аттай мініп алып, сапының сабымен немістің басын мылжалап жібердім», – деп жазады жігіттің нары Мәлік Ғабдуллин «Майданда мен не көрдім?» дейтін дауылды күндерге арналған күнделік дәптерінде. Иә, «Тайынбаған тауды жығады, тайсалмаған жауды жығады» деген осы. Сөйтіп, қарсыластарын зор шығынға ұшыратып, ойсыратып жеңеді. Қантөгіс қырғында, ұлы егесте «Тапжылма, табанды бол! Жауды жапырақтай отап, жайпап таста! Бір адым да шегінбе!» деген тас-түйін ұран әр майдангердің көңілін, санасын, тұла бойын мықтап билеген шақ еді. 1941 жылдың қазан айының 16-ы күні. Мәскеудің күнбатысында жүз елу шақырымдай жерде орналасқан Осташево қаласы. Руза өзенінің жағасы. Мәлік бастаған автоматшылар ротасының айрықша міндеті – көпірді қорғау, бұған дұшпандарды қия бастырмау. Жауынгерлер атыс ұяларын тұрғызып, бекіністерін жасап, окоп қазып, қорғаныс шебін жасауда. Ротаның ұрыс жоспары, взводтардың бір-бірімен байланыс жасау жүйесі, көмек беру мәселелері алдын-ала ойластырылып, тиісті шаралар белгіленген. Мақсат айқын. Әрбір жауынгерден тәртіптілік пен ұйымшылдық, сергектік пен қажырлылық талап етілген. ...Күн ұясынан шыққан бетте-ақ Осташево қаласын жау зеңбірекпен атқылады, өртегіш шөлмектер үздіксіз жарыла бастады. Аспан тітіреп, жер солқылдап күңіреніп барады... Неміс-фашист басқыншылары екі күн қатарынан шабуыл жасаған қанды ұрыстарынан кейін Осташево қаласына келіп кірді. Жантүршігерлік хайуандықтар жасады. Қып-қызыл өрттің ішіне кемпір-шалдардың аяқ-қолын байлап лақтырды, жас сәбиді айырға түйреп аспанға көтерді, әйелдерді іштен тепкілеп, винтовканық дүмімен соққылады... Осындай адам айтқысыз озбырлыңты, зұлымдықты, сұрапыл сұмдықтарды көрген Мәлік батыр одан сайын жігерлене шайқасты, бурадай буырқанды. Ашу-ыза, намыс кеудесін кернеген Мәлік ұлы шайқаста даусы саңқылдап: – Отқа жанған отандастар үшін, мерт болған жас нәресте үшін, сүйген жар, туған жер үшін аянбайық, жолдастар! – деп, ұран салып, қасқия шауып алға аршындады. Екпіні күшті жас жайнақтарға арқа сүйеген ол Осташевоға лап қойды. Қасым ақын айтқандай, оң бораны ұйытқып соғып, көктің миын түсіргендей... Мәлік бастаған жауынгерлердің қолынан бір танк, екі бронемашина өртенді, жаудың 270-і жер жастанды. Көптеген шабуылдарға қатты тойтарыс берілді. Взвод командирі Евстратов оққа ұшқандықтан командирлік міндетін Мәліктің өзі атқарды. Ол әрқашанда алғы шепте, қаһарман жігіттердің алдында жүрді. Зеңбіректің зіркілі, снарядтар мен миналардың қарша борағаны, пулеметтен ұшқан қорғасындардың дүрсілі де Мәліктің тобына сес көрсетіп шошыта алмады... Гвардия аға лейтенанты Б.Меңдіғазинның күнделік дәптерінде Мәлік батырдың алғашқы айқастарын қаз-қалпында былай моншақтай мөлдіретіп, сипаттап сөйлетеді: «1941 жылдың 16-октябрі күні аудан орталығы Осташево селосында болған үлкен ұрыста Мәлік Ғабдуллин мынадай бір айуаншылықты өз көзімен көрді. Екі күн ұдайымен болған адам айтқысыз қантөгіс ұрыстардан кейін немістер селоға кірді. Немістердің селоға кіруі адам жанын түршіктірерліктей айуандықтан басталды. Немістің бір офицері мен бес мың солдаты жын соққандай құйындата келіп, селоның Мәліктер жағындағы бір ағаш үйіне кірді. Көзді ашып-жұмғанша болмады, әлгі айуандар киім-кешек, көрпе-төсек, азық-түліктерді құшақтай, арқалай далаға жүгірісе шықты. Олардың соңынан 55-60 жастар шамасындағы кемпір мен шал қолында көтерген жас сәбиі бар, 19-20-лар шамасындағы бір әйел – үшеуі арпалыса ере шықты. Олар жылап-еңіреп немістерге жармасумен болды; немістер оларды итеріп тастап құлатып, не жығып салып тепкілеумен, винтовканың дүмбісімен ұрумен болды. Әйтсе де үй иелері айуандарға жармасып, болмады. Жылау-сықтаулар, адамның сай сүйегін сырқыратарлықтай дауыстар тоқтамады; үй есігінің алдында, көшеде қарулы айуандар мен бейбіт жандардың күресі күшейе түсті. Тіпті жағаласып болмағасын, немістер үйге өрт қойып жіберді, қу ағаш демде шатырлап жанып, өрт лапылдай бастады; өрт қызған кезде немістер кемпір мен шалдың аяқ-қолдарын матастырып байлап, өрттің өтіне қарай лақтырды. Жас сәби мен жас әйелдің шырылдап жылаған дауыстары, төккен көз жастары, немістерге жармасып, арпалысуы – кемпір мен шалды аман алып қала алмады. Жалыны аспанға атылып, қызыл тілін жалаңдатқан өрттің ортасынан ышқына шыққан кемпір мен шалдың жан шошырлық дауыстары анық естіліп жатты... Іс мұнымен біте қоймады. Қолында шырылдап жылап жүрген баласын отырғыза салып, жерде жатқан темір айырды ала сала еңгезердей неміс офицеріне тура ұмтылған жас әйелді бір неміс солдаты автоматтан тартып-тартып жіберді; әйел қызыл қанға боялып сылқ ете түсті. Екінші бір солдат айырды ала салып, жерде шырылдап, зәресі ұша қорыққан жас сәбиді түйреп алып аспанға көтерді; тағы бір айуан неміс қарқылдап күліп, аспанда әуелеп темір айырдың үшында түрған жас сәбидің көкірегіне қанжар тәрізді екі қырлы – екі жүзді штыкты қадалта сұғып келіп жіберді... Нақ осы кезде жаудың екі сағатқа созылған ең соңғы қатты шабуылын Мәлік жаңа ғана тойтарып тынған еді. Мына оқиғаны – озбырлық пен зұлымдықты көрген Мәлікті ашу, ыза кернеп, ашындырып жіберді. – Күйген ата-ана үшін, сүйген жар, өлген бала үшін алға, жолдастар! – деп ұран салып Мәлік тұра ұмтылды. Мәлік артына қараған жоқ. Оның жауынгерлері, командирлері артынан ере ме, жоқ па – онда жұмысы да болған жоқ. Ол өзіне, қаһарман ерлеріне қатты сенетін еді. Олар да сенімді ақтады. Мәліктің соңынан ере, селоға лап қойды. Мәлік полк командованиесінің бұйрығын алған кезде, ол жаудың толық қоршауында қалған еді. Немістердің селода жасаған мына айуандығы, озбырлығы оған тура жол тауып берді. Мәліктің ойынша, мәселе енді шегінуде емес, «ата-ана, сүйген жар, жас бала үшін кек алуда» ғана болып қалды. Мәліктің ой-санасын өшпенділік билеп, кеудесін ыза кернеп қаһармандарын жауға қарсы шабуылға көтергенде, немістер селоны тегіс алып, халықты талау-тонау жұмыстарын да қыздырған еді; оның алдыңғы отрядтары ілгері қарай ұзап та кеткен еді. Село өрт құшағында қалған. У-шу, азан-қазан. Жылаған-сықтаған кемпір-шал, бала-шаға, қатын-қалаш. Немістің қаптап тұрған танк-машиналары; аш бөрідей жалаңдап сенделіп жүрген солдат-офицерлері. Мәлік өз ротасының бір взводымен осы селоның оңтүстік бетінде болып, екі күн қатарынан немістердің көптеген шабуылдарына тойтарыс беріп отырған болатын; командир оққа ұшқандықтан, Мәлік взводтың командалық жұмысын өз қолына алды; жау қаншама күш салғанмен Мәлікті орнынан мызғыта алмаған еді. Осы екі күндік қызыл қырғында Мәлік жауынгерлерінің қолынан 270-тен аса жау қырылып, бір танк, екі бронемашина жойылған болатын. Әуелде Мәліктің қаһармандары небәрі 41 адам еді. Қазір азайған: бірнеше жауынгер досы қадірлі халқы үшін, ардақты анасы – Отан үшін құрбан болды, қаза тапты, бірнешеуі жарақаттанды. Қалған жауынгерлермен Мәлік бір бүйірден селоға ңойып кетті. 4 қол пулеметі – «Максимнен», автомат пен винтовкадан атылған оқ қарша борады. Ойламаған жерден салынған ойран немістердің үрейін ұшырып, астан-кестеңін шығарды. Кек алу жаңағы айуандардан басталды. Мәліктің автоматтан шығарған алғашқы оқтары-ақ оларды көрге енгізді. Бірақ офицер оқ жаудырып, қарсылық жасап болмады; сытылып қаша жөнелді. Мәлік қуып жетіп, желкеден ала, шықшыттан қойып-қойып жіберді де, оның желкесіне міне түсті... Көшедегі соғыс бір сағатқа созылды. Мәлік өз қаһармандарының ең алдында болды. Зуылдаған оқ, жарылған снаряд пен мина оған, оның ерлеріне ешбір тосқауыл бола алмады. Сержант Коваленко Мәліктің оң жақ қанатын ала жүрді. Мәлік қатты қызып кеткен еді. Бір көшенің айнала берісінде өзіне тура келіп қалған немістің танкін де байқамай қалды. Танкіге қарсы қолданатын гранатаны алды да, оны неміс танкі гусеницасының астына тастап жіберді. Танк итініп барып, тоқтап қалды. Одан кейін бір бутылка қоспаны лақтырып, өртеп жіберді. Мұны көре салып, екінші бір топтағы жауынгерлер де бір танкті өртеді. Совет қаһармандарының қорғасыны қардай борап, немістерді қынадай қыра бастады, есінен танған жау, біраздан кейін тағы да есірейін деді; қарсылық көрсетуге кірісті. Бірақ бұл кезде Мәлік селоны, жаудың күшін қақ бөліп тастаған еді. Мәліктің ендігі үміті – жаудың қамалын бұза, құрсауын жаза отырып, селоның оңтүстік жағындағы өз ротасының командалық пунктына шығу еді. Мұндай тілек атакаға аттанарда оның ойында болмағанымен де, ұрыс үстінде өзінен-өзі келіп туды. Қанша қиын, қанша ауыр болғанымен, Мәлік жаудың тізбегін бұза-жара, баса-көктей отырып, өзінің командалық пунктына келіп жетті. Мәлік өзінің ең қадірлі жауынгер достарының бірі, рота командирі – кіші лейтенант Шутьтің және бірнеше ержүрек жауынгерлерінің өлі денелерінің үстінен келіп шықты. Олардың қастарында 30-40-тай неміс солдаты мен офицерінің өліктері, өртеніп кеткен екі танктың қалдығы жатты. Бұдан, Шутьтің, ротаның басқару ячейкасындағы жауынгерлердің бір адым да кейін шегінбегендігін, немістің айуандарына және танктеріне қарсы қасық қаны қалғанша ұрысқандықтарын байқады; Отанына қасық қаны қалғанша, тынысының ең соңғы минуттеріне дейін адал қызмет етіп, қаза тапқандарын білді. Мәлік бұған қатты риза болды. Ұрыс жүріп жатты, бұрынғыдан да гөрі қыза түсті. Мәліктің үркердей ғана ержүрек қаһармандарына қарсы неміс бүкіл гарнизонын, артта қалған, алға кеткен солдаттарын, бүкіл техникасын әкеліп салды, қысым күшейді. Мәлік қатты ұрыс жүргізе отырып, немістердің шабуылын тойтарып тастап, өзінің барлық өлген, жарақаттанған адамдарын қалдырмастан алып, қалың ағаштың ішіне кіріп кетті. Немістер айырға шаншып, штыкке түйреген жасқа толмаған сәби азаматын, тар кезеңде өзінің ұранына айналған бөбектің қызыл қанға боялған балбыраған, уылжыған жас денесін Мәлік ез шекпенінің етегіне орап алып шықты. Ұзын бойлы нәзіктеу келген, нұрлы жүзді, өткір көзді, қыз мінезді, аққұбаша жас жігіт өз өмірінің ішінде бірнеше рет көрген, өзі басқарып жүргізген осы қантөгіс қырғында өзгеріп шыға келді. Оның ерлігіне, ақылдылығына, сабырлы ұстамдылығына жауынгерлері риза болды. Оған деген сүйіспеншіліктері арта түсті». («Алға жауға қарсы». 1943 жыл, 16-апрель. №27 (91). От жүректі оғылан Ер Мәліктің батырлық болмысы, адамшылық тұлғасы, әскери өнердегі тапқырлыққа толы әдіс-тәсілдері жайында жарқын да толық баяндама болғандықтан, тұтас келтіріп отырмын. Асылы, рух – жеңудің кілті, жеңіске жетіп жеңімпаз атанудың алғышарты. Ол шымырлың, жинақылық, жан мен тәнге сергектік дарытады. Қапастан құтқарып, мақсатқа жеткізері хақ. *** Бұл тұста орыс жазушысы Борис Полевойдың «Правда» газетінің 1943 жылғы 25-сәуірдегі санында жарияланған «Елдің ері» атты очеркіндегі: «Мәлік батыр, әрі күшті, әрі ержүрек. Қыр түлкісіндей айлакер, ақбөкендей саққұлақ, жау дүрсілін қырымнан біледі. Ақ тұйғындай қырағы, бұққан жауды қиядан көреді. Темірдей қатты білектері неміс төбеттерін қырудан талған емес: қанша қырса, сонша күшейе береді, үрейі ұшқан немістер Мәлікті көрген жерде-ақ зыта бастайды», – деген шыншыл жолдары Отан қорғау жолында, ер жігітті ерлікке тәрбиелеу ісінде, «ар-намыстың найзасын еменнің иір бұтағына саптаған», оң пен оттың өтінде, дүлей ажалдың аузында, ұрыс даласында атой салып жүрген еңіреген ердің айбынды кейпін көз алдыңа әкеледі. Жас арыстан Мәліктің батырлық өнегесі жаңа эпостың кейіпкеріне айналады. Мәліктің азаматтың келбеті, өнерпаздық қабілеті, зерттемпаздық таланты, қайраткерлік болмысы келісті баяндалады. Ән сөзінде «Мәлікті қазақ даласының қалай жақсы көретінін жырлады. Әке біткен Мәліктің әкесіндей болғысы келеді дейді. Қыз біткен Мәлікті түстерінде көріп, өлеңдеріне қосып, әндерін арнайды дейді» деген сүйкімді сарын ақиқат шындық пен өршіл қиялдан өрілгендей.
Бір хаттың тарихы
Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллинның ата-анасына майданнан жолданған хатта былай делінген: Құрбымыз Жанбөпе! Ардақты ата-ана! Сіздерге қысқа хатпен қуанышымызды білдіргелі отырмыз. Өздеріңізге мәлім, ел басына ауыр күн туғанда ата-анадан бата алып, ана сүтін ақтауға, жексұрын жауға қарсы аттанған ерлердің ішінде Сіздің Мәлік те бар еді. Ата-бабамыздың «Жігіттің ұялғаны – өлгені!» деген мақалы тегін айтылмаған ғой. Ел шетіне жау тигенде ер жігіттеріміздің бойын ар мен намыс, кек пен ыза кернеді. Олар: «Адамдық ар-ұятын жойған неміс айуандарының тепкісіне түскеннен өлген артық!» – деп қолдарына қару алып майданға аттанды. Отаны үшін қасық қанды қиюға серт берді. Сол сертіне берік ерлерді сөз еткенде біздің аузымызға ең алдымен Мәлік түседі. Ол антқа берік, намысты ер жігіт екенін Отан соғысының ұрысында көрсетті. Талай сынды жорықтарда жау тобын жарып өтіп, зор жеңістерге жетті, табандылыңтың, тапқырлықтың, өз халқын сүюшіліктін, үлгісін көрсетті. Бұрынғы өткен батыр бабалары жауымен қалай шайқасса, ол да солай шайқасты. Бұрынғы өткен бабалары халқы үшін қалай қам жесе, ол да солай қам жеп отырды. Ата дәстүрін жаңа заманның жаңа соғысында жаңа тәсілмен пайдалана білді. Мәлік әрі батыр, әрі жалынды сөз иесі, ұйымдастырушы, тәрбиеші. Ол жаудан беті қайтпаған, жанып тұрған от, Алтайдың ақиығы Төлеген Тоқтаров сияқты халық батырын тәрбиеледі. Ел сенімін ақтау деген осы да! Ер еңбегі еш кетпейді, ел ерін бағалады. Мәлікке «Советтер Сою-зының Геройы» деген ардақты атақ беріліп отыр. Бұған Сіздермен бірге біз де қуанамыз, шын жүректен құтты болсын айтамыз. Мәлік сынды халық батырын тәрбиелеп өсірген ата-анаға мың рахмет! Қуанышты сәлеммен қолдарыңызды қысамыз. Мәліктің жауынгер жолдастары: гвардия подполковнигі Ахметжан МҮХАМЕДИЯРОВ, гвардия подполковнигі Бауыржан МОМЫШҰЛЫ, гвардия майоры Балтабек ЖЕТПІСБАЕВ, гвардия капитаны Міраңас БАЙСАРОВ, гвардия үлкен лейтенанты Құрманбек САҒЫНДЫҚОВ, Майдандағы Армия. «Социалистік Қазақстан» газеті, 1943, 28-наурыз, №69.
qazaquni.kz
Серік Негимов, филология ғылымының докторы, профессор