ҒАФУДЫҢ ХАТШЫСЫ
2017 ж. 02 қараша
3841
1
(90-ға толған абыз ана Бәдеш Хамзина туралы эссе)
Ақын Ғафу Қайырбековті 1958-жылы Жангелдин ауданына қарасты Киров колхозына ақын Сырбай Мәуленовпен бірге келгенде алғаш көріп едім. Шешем Майданның әкесі (нағашым)Досжанның Ғафудың әкесі Қайрбекпен немере туыс екенін сонда білгенмін. Нағашым Дощекеңнің «Әлгі Ғафуға Таңқы туысыңның ұрпақтарын тауып ал» деп айтып едім, соны тапты ма екен?» деп менен бір екі рет сұрағаны да бар еді. Дощекең нағашым айтқан ол туысының ұрпақтарын Ғафаң бұрынғы Жамбыл облысынан тауыпты. Таңқының бергі ұрпағы Марат Барманқұловпен талай жүздесіпті Ғафаң.
Ғафаңның үйіндегі Бәдеш жеңгемізді алғаш рет жақынырақ 1972-жылы Торғайда көрген едім. Арқалықта тұрған кезде де Ғафаң мен Бәдеш жеңгемізге үйден талай дәм таттырғанбыз.
Алматыға келген оншақты жылдан бері күнде болмағанмен, жиі араласып, ай аралатпай сәлем беріп, амандасып тұрамыз. Ұзақ көрінбей кетсек, Бәдеш жеңгеміз бізге біраз ұрсып алатыны да бар.
***** ****** *****
Қазақтың дарабоз ақыны Ғафу Қайырбековтің үйіне жиі барамын. Бәдеш жеңшеміз әңгімешіл кісі. Таяуда ғана онбесінші тамыз, Ғафаңның туған күнін еске алу үшін сол үйге бардық. Ғафаң тұрған үй «Самал» шағын ауданында. Ортадағы үйдің бұрышында барельeф стильінде жасалған Ғафаңның портреті ілулі тұр. Онда ақынның туған, өмірден өткен жылдары көрсетілген.
Үйге кірдік, Ғафаңның қызы, ғылым докторы Әлима мен оның күйеуі Алик бізді жылы жүзбен қарсы алды. Бәдеш апамыз әлі тың, «Ғафуды еске алып
келгендеріңе қуанып жатырмын, төрге шығыңдар» деп жатыр. Шамалы отырғаннан кейін, жеңгеміз әңгіме бастады
«Мен құжат бойынша Ғафудан бір жас үлкенмін. 90-ға осы қарашаның 15-де толамын.
1952-жылы Ғафу екеуміз үйленіп, некелесіп жатқанымызда туған куәлігімді көрсетіп, мен туғанда құжатқа бір жасымды үлкейтіп жазып жіберген екен, өзгертіп жаздырайық, әйтпесе, жұрт «әйелі бір жас үлкен» деп сөз қылар» дегем. Сонда Ғафу: «Ешнәрсе етпейді. Өзгертпей ақ қояйық. Крупская да Лениннен бір жас үлкен болған» деп мені күлдіргені бар" дейді Бәдеш жеңгеміз алғаш некелескен күнін еске алып.
1988-жыл. Ақын Ғафу Қайырбековтің мерейлі күні аталатын болып, Жангелдин ауданына Ғафңамен бірге бір топ ақын жазушылар келген. Ішіндегі ең атақтысы жазушы Сәкен Жүнісов болатын. Кеш мезгілі. Ғафаңның туысы, інісі Серікбай деген азаматтың (марқұм)үйі мал cойып, дәм берейін деп жатқан. Шәй үстінде небір әзіл әңгімелер айтылып, тыңдаған жұрт бір марқайып отырды. Сонда Бәдеш жеңгеміз реті келіп, Ғафаңның сөзіне жазылған әйгілі «Ана» әнін шырқап жібергені. О,о, дауыс қандай, сыңғырлап құлақ құрышын қандырғандай болған сәтте, шабыты келді ме екен,оны қоштағандай жазушы Сәкен Жүнісов домбыра құлағын бірер бұрап, Біржан салдың әніне салды ау, дейсің! Алматының операсы Торғайға көшіп келгендей, далада жүрген жұрт есіктен сығалап, үйге сыймай кетті.
Бәдеш жеңгеміз бен Сәкен Жүнісовтің ән салғанын тыңдауым бірінші рет еді. Таңғалдым, Бәдеш жеңгеміз Күләш сияқты, Сәкен Жүнісов Ермек Серкебаев тәрізді ән шалқытқанда, ауыз ашпасқа шамамыз болмай қалды.
1989-жыл. Ғафаң, Бәдеш жеңгеміз Торғайға барып келе жатып, Арқалыққа соққан. Ағасы полковник Сапабек Саматов ақын інісіне қонақасы бермек болып, үйіне шақырған. Бәйбішеммен менде бірге шақырылып едім. Сәкеңнің туған күні екен, жеңгеміз қайнағасының құрметіне «Жас жұбайлар» атты әнді шырқап, отырғандарды тамаша әсерге бөлегенді. Сонда Бәдеш жеңгемізді домбырамен сүйемелдеп отырған Ғафаң « Кезінде мен де керемет әнші едім» деп жұртты бір күлдірген. Ал, Сапабек «Әншілігіңді білеміз, кәне, «Дариғаны» шырқап жібер!»
Шынында да, Ғафаңның атақты ақын Қасым Аманжоловтың «Дариға» әнін ақын жазушылардың арасында жиі орындап, кезінде «әнші ақын» атағы шыққан.
Содан Ғафаң әйгілі «Дариға» әнін орындап, сол жолы сонау бір сағынышты кезеңд еске түсіргендей тін.
1993-жылы «Жазушы» баспасынан Ғ.Қайырбековтің «Үш қиян» атты кітабы жарық көрді. Бұл «Ақ желкен», «Желқайық», және «Өмір оттары» атты елуінші жылдардан кейінгі қазақ өмірін суреттейтін үш көркем суретті повесть. Кeйіпкерлерінің есімдері өзгертілгені болмаса, өмірбаяндық хикаят деyге де болады.
1994-жылы Ғафаң Бәдеш жеңгемізді алып елді аралады. Ақын, әрі режиссер Бақыт Қайырбеков осы жолы әкесімен бірге жүріп, оның балалық шағына, шығармашылығына арналған деректі фильм түсірген. Бұл жолы атақты ақынды ел ерекше ықыласпен қарсы алған. Амангелді ауданынан басталған керемет қошемет, Жангелді ауданында ат жарысқа жалғасып, мерекелі, қызықты сәттер бірнеше күнге жалғасып еді...
Ғафаң бұл елге соңғы сапары екенін сол тамша күндері де сезген сияқты. Сапар соңында Державин ауданында қызмет істеп жүрген ертедегі досының баласымен көрісуге барды. Содан кейін ақын Алматыға келген бетінде Совминнің ауруханасына түсіп, біраз жатып қалды.
Көп ұзамай, қараша aйының бас кезі ау дейім, Арқалыққа «Ғафу қатты ауырып жатыр» деген хабар келді. Содан мен «жас сорпа ішсе, ем болар» деген оймен Арқалықтың ет комбинатынан бір қой сатып алып, Алматыға ұшып кеттім. Ғафаңның үйінің кіреберісінде ақын Бақыткерейді кездестірдім.
«Ғафаң қалай?» дейім одан.
«Мен де соны білейін, амандасайын деп келе жатырмын» деді. Үйдің есігі ашық екен, кірдік. Ғафаң арғы төр бөлмеде жатыр екен, Бәдеш жеңгеміз «Неше түрлі қымбат майларды әкеп, арқасын ысқылап жатырмын» деді.
«Қалай, жеңілдік бар ма?»
«Қайдам, әйтеуір, бір әсері тисе деген...»
Төсекте жатқан Ғафаңа амандасу үшін қолымды создым, сөйлеуге шамасы жоқ екен, менің қолыма қолының ұшын әрең тигізді. Содан Бақыткерей екеуміз сыртқа шығып кеткенбіз. Ертеңіне Ғафаңның үйінен қаралы хабар жетті. Кешке қарай Ғафаңның үйіне сол кездегі қазақтың небір марқасқалары көңіл айтуға жиналды. Қайсы бірін айта берейін, Жангелді ауданынан самолетпен ұшып, сол кездегі облыс әкімі Ж.Қосабаев та келді.
Үш күннен кейін Ғафаңды Жасөспірімдер театрынан соңғы сапарға шығарып салдық. Кеңсайдағы қоштасуға Үкімет мүшелері ішінен Есімов келді. Ғафаңды қара жер қойнына тапсырғанда ұлы Бақыт әсерлі жүрек сөзін айтқан, сонда біраз жұрт көзіне жас алды.Бұл 1994-жылдың қарашасы еді...
***** ***** *****
Осыдан он бір жыл бұрын Алматыға көшіп келген едік, содан Ғафаңның шаңырағына кемінде ай сайын соғып, жеңгемізге сәлем беріп тұру дағдыға айналған. Айтқан мерзімнен асып кетсек, жеңгеміз келесі бір көріскенде кәдімгідей, «бізді ұмытып кеттіңдер, ең болмаса, келіп, шәй ішіп кетпейсіңдер ме» деп ұрсып алады. Шәй демекші, сәлем беріп, үйге келген сайын, шәй қамын өзі дайындап, өзі жүгіріп жүреді, «келмейміз ау», демейміз ғой, біз соған қысыламыз.
2008-жыл. Жаз айы. «Самалдағы» Ғафаңның үйіне келгенбіз, жеңгеміз ерекше қуанып қарсы алды. Сөйтсек, себебі бар екен. Ғафаңның 80-жылдық мерей тойы
республика бойынша аталып өткелі жатыр екен. Біз жабылып, қуанышқа ортақ болып, «құтты болсын» айтып жатырмыз. Бәдеш жеңгеміз столдың үстіне бір топ кітап әкеп қойды. «Міне, көріңдер! Ағаларыңның он томдық жинағын «Қазығұрт» баспасынан шығарды. Осыдан екі үш жыл бұрын Мұқтар Құлмұхамбет Мәдениет министрі болып тұрғанда Ғафудың сексен жылдығына орай он томдық жинағын шығару қажет екендігін айтып едім, өзінің түсінігі мол жігіт екен, менің ұсынысымды сол сәтте қолдап, баспадан мерей тойға дейін шығаратынын айтқан. Міне, Ғафаңның он томдығы қолыма тиді. Барлық өлең, поэмаларын он томдыққа жинақтап, редакциялап, бастырған өзім. Аз да болса, гонорар берді. Менде бұдан артық қуаныш бола ма!» деген. Содан көп ұзамай Алматыдағы Мемлекеттік Жастар театрында Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, атақты ақын Ғафу Қайырбековттің жылдық мерей тойы салтанатты түрде аталып өтілген. Бір елеулісі, дәл сол күні шыққан «Қазақ әдебиеті» газетінде менің «Ғафудың айтқандары» атты естеліктер жинағым тұтас бір бетке жарияланған еді.
2013-жылы Ғафаңның сексен бес жылдық мерей тойы да өте жoғары деңгейде, бүкіл қазақ зиялылары қатысқан Жазушылар одағындағы жиында аталып өтті. Той асы Алматыдағы ең мәртебелі мейрамханада берілген.
Биыл Ғафаңның туған күнінде жеңгемізге сәлем беріп, құттықтауға бардық қой. Бәдеш жеңгеміз:
«Мен биыл тоқсанға толам, Ғафу тоқсанға ендігі жылы толады» деп күліп отыр.
Бәдеш жеңгеміз әңгіме айтқыш:
«Мен Қостанайдың Затобол деген жерінде туғанмын. Азан шақырып қойған атым Бәдігүл екен.Әкем мен шешем «Бәдеш» деп атап кеткесін, Кейін құжатта «Бәдеш» аталып кеттім. Әкем Хамза қазақша, орысша оқыған,мен ес білгеннен есепші қызметін атқаратын. Шешем Шайзада бай тұқымнан тын, Қарабалықтағы атақты Мұғал бидің туысы еді.
1937-жылы күз таяғанда әкемнің аудан райкомының хатшысы боп қызмет атқаратын, сосын бір мекеменің бастығы болған екі ағасын НКВД тұтқындады. Шешем Шайзада әкеме, «Енді сені жауып қоймаса кетті» деп үрей айтқанда, әкем «мен қарапайым есепшімін, мені қайтеді?» деп елемей жүргенде, бір апта өтпей әкем Хамзаны НКВД тұтқындап, алып кетті. Мен ол кезде сегіз жастамын, Анам Шайзада бар болғаны 27 жаста еді, Әкем сол тұтқындалғаннан хабарсыз кетті. Біз шешемнің ағасы Бердібектің қолында тұрдық. Күнде шешеме сөз салып келушілер көбейді. Анам соның біріне бармады.
Соғыc біткенше мені асырады, оқытты. «Осы баланы күтуден басқаны білмейсің» деп шешемнің ағасы күнде ұрысатын. «Ең болмаса, күйеуге шықпадың» деп ренжігені болар. Соғыс аяқталғасын, 1947-жылы Алматыда тұратын анамның туған сіңілісі Күлзаданы іздеп келіп, соның үйін паналадық. Күлзада сол кездегі белгілі ақын Мәриям Хакімжанованың туған жеңгесі еді. Осы екі үй анам Шайзада екеумізге пана болды. Мен жетінші класты бітіргеннен кейін, Түрген педагогикалық училищесіне түсіп, оны алтын медальмен аяқтаған соң Женпиге қабылдандым.
Осы Женпиде оқып жүргенімде, Мәриям апамыздың үйінде Ғафумен танысқанмын. Ғафу содан бері менің соңымнан қалған жоқ. Ғашық боп қалғанын айтып, маған талай өлең шығарған. Содан жүрек шіркін шыдамады, келістім. 1952-жылы мен Жен Пиді, ол Каз.Пиді бітіріп, дипломды қолға алғаннан кейін, үйлендік, некелестік. Ғафудың торғайлық құрдастары мен біздің үйдің адамдары қатысқан шағын той болды. Күлзада апамыздың үйінде көп тұра алмадық.
Ғафудың ақын атанып, көпке танылып қалған кезі, қызмет істеп жүрген. Мен инстутты аяқтағаннан кейін Жен Пиде қазмет істедім, одан соң Ғылым академиясында қызмет атқарып жүргенде, Бақытқа босанатын боп, Ғафу «Болды. Енді менің жазғандарымды мәшенкеге басатын хатшым боласың» деп, мені біржола үйге шығарып алды. «Атақты ақын Қасым ағасының пәтерді әрең алғанын білетін Ғафу, үкімет беретін пәтерден дәмеленбей, Тастақтан жер алып, соған үй салуға кірісті. Ағайын туыстарды көмегімен Ғафаң төрт бөлмелі үйді төрт айда салып бітірді. Іші ақталмай жатып, бір бөлмесіне кіріп алдық. Содан бұл үй құтты болды. Жазушылар одағындағы белгілі ақын жазyшылар біздің үйден шықпайтын болды. Менің шешем Шайзада өңін бермеген сұлу, әрі әңгімешіл адам еді. Маған қонақтың бәрі менің анамды көріп, әңгімесін тыңдауға келетін сияқты көрінетін. Анамның шәйі қою, иісі бұрқыраған тәтті болатын. Әсіресе, біздің үйге Ғабит Мүсірепов көп келетін. Төрт бес жазушы қосылып алып, преферанс ойнайтын. Кейде мен де қосылып кететінмін, кеш көңілді болсын деп, Ғафу домбырамен ән айтады. Мен де өзімше ән айтам. Ғабит ағамыз «Осы үйдің Күләші ғой» дейді, мен соған мәз болып қаламын.Үйге қонақ келмей қалған күн сирек, болмаса оларды Ғафу өзі ертіп әкеледі. Ғафу анамды өз шешесіндей құрметтейтін, сыйлайтын. Анамда Ғафуды дүниеден өткенше сыйлады. Мен Ғафуға күйеуге шыққанда тамақ әзірлеуді білмейтінмін. Апам таңертең ерте тұрып, қызметке баратын Ғафудың шәйін әзірлеп қояды. Кешке дәмі дайын тұратын. Сөйтіп жүріп, көптеген бақытты күндеріміз осы Тастақтағы үйде өтті. Осы үйде Бақыт, Әлима, Ғафура туды.
***** ****** *****
Реті келген соң, Ғафаң мен Бәдеш жеңгеміздің балалары туралы бірер сөз айта кетейік, Бақыт Қайырбеков белгілі ақын, режиссер. Өлеңдері мен режиссерлік еңбектері елге белгілі. Әлима Ғафуқызы философия ғылымының докторы, Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясының профессоры, Ғафура Ғафуқызы әкімшілікте, мемлекеттік қызметте.
Тәрбие көрген балалары әлі күнге дейін тоқсанға келген анасының аузына «не айтады» деп қарап отырады. Бәдеш жеңгеміздің кез келген айтқаны олар үшін заң.
Әлі күнге дейін, « барам» деген жеріне барады, ағайын туыстың арасында қыдырып жүреді.
«Жеңеше, арманыңыз бар ма» дейім ғой, кейде әзілдеп
«Ойбай, тірі адамда арман болмаушы ма еді. Аллаға тәуба, 1978-ші, 1988- жылы Ғафудың 50, 60-жылдық мерей тойларын ойдағыдай атап өтілді. Ол тойларды Ғафу өзі көрді. Алла тағалам Ғафуды алпыс алты жасында алды. Содан бері
Ғафудың кітаптарын баспаға әзірлеп, шығару менің мойнымда болды. Сексен жылдығына орай Ғафамның он томдық жинағы баспадан шықты. Сол 2008-жылы 80 жылдық мерей тойды, 2013-жылы 85-жылдық мерей тойды өткізудің басы қасында өзім жүрдім. Осы күнге дейін, он томдықтан соң, төрт кітабы баспадан шықты. Енді Ғафудың прозалық шығармаларын бір кітап, ол туралы естеліктерді бір кітап етіп баспадан шығаруға әзірлеп қойдым.
Ғафудың атында Астанада, Қостанайда мектеп бар. Екі мектептеде Ғафуға арналған шағын мұражай бар. Оларға Ғафудың кітаптарын, заттарын апарып бергенмін. «Арманың бар ма» дейсің», бір арманым Қостанай қаласында Ғафудың жеке мұражайын ашқым келеді. Ғафу «Қостанайдың құрметті азаматы» Соған орай әкім бізге қаладан екі бөлме пәтер берсе, Ғафудың жеке мұражайын ашар едім» дейді тоқсанға толған абыз ана.
Тоқсанға толған Бәдеш жеңгеміз Ғафаң сөзін жазған «Ана жырын» әлі күнге нәшіне келтіріп шырқайды. Қолында Ғафаңның алғаш баспадан шыққан атты кітабы...Атақты ақын Ғафу Қайырбековтің барлық шығармалары осы Бәдеш жеңгеміздің қолымен мәшенкеге басылып шыққан.
МӘҢГІЛІК ҒАШЫҚ БОЛҒАН АҚЫН
(СОҢҒЫ СӨЗ ОРНЫНА)
Ғафу Қайырбеков өзінің сүйікті жары Бәдеш Хамзақызына мәңгілік ғашық болып өмірден өткен ақын. Соданда екеуі бақытты, баянды ғұмыр кешті.
Ғафаң болашақ жары Бәдешке студент кезінен талай жырлар арнап, фотоальбомына, күнделіктеріне жазып жүріпті. Солардың біразын Бәдеш жеңгеміз жинақтап жүріп, 2008-жылы баспадан шыққан Ғафаңның он томдық жинағына қосыпты.
Осы жинақтың 1- ші томының 70- ші бетінде Ғафаңның мынадай сөзі бар:
«Осы жуырда мен ескі қағаздарымды ақтарып отырып,әлдеқашан» жоғалдыға» жорыған, отыз жылдан астам уақыт көзіме шалынбай жүрген екі бірдей дәптерді тауып алдым. Өмірлік жарым Бәдешпен екеуміз осынау аяулы жастық шақтың көзіндей болған дәптерлерді көріп, көңіл босап, көзге жас алып отырып ,сағына, тебірене оқып шықтық....» деген. Сол кезде Ғафаңның Бәдешке аранаған «Тағы да саған» атты өлеңі былай басталады:
«Саған біткен бидай өңде бар бір сыр,
Бет ұшында дірілдейді жұқа нұр.
Ол бір сенің айғағындай арыңның,
Білген жанға көзге ту қып ұстап тұр,
Ойнақы, еркін,жайдары, ашық мінезің,
Сүйсе қандай, сүйер сені кім өзін.
Көзге жиі шалынатын жігер бар,
Қуанамын, көріп сені кіл өзім....»
Бәдешпен танысқалы Ғафаң оған көптеген жырларын арнағанын жоғарыда айттым, «Жен Пидегі кеш», «Есімде, Гоголь көшесі» атты өлеңдері, кейін елге аңыз боп, кең тарап кеткен жырлары.
Ғафаңның алпыстың асқар белінен асқанда да, Бәдеш жеңгемізге «Тағы да саған» атты өлеңді шабыты кеп отырғанда жазып, Бәдешке өлеңнің сиясы кеппей жатып, оқып бергені бар:
«Жан Бәдешім,
Халық берген сыйдан ас,
Сен өйтпесең, ол да сені сыйламас.
Бір Ғафуды екі беріп жалғанда,
Тағдырыңда енді қайтіп қинамас.
Қиын болдым, қайтаруға көнбедім,
Сен білесің, қисық па едім, жөн бе едім.
Тарих өзі бағалар да, түсінер,
Текке кетпес тентек баққан еңбегің.
Сен айтқанда ақын неге «ә» десін,
Тәңіріге беріп қойған уәдесін,
Сен Ғафудың әйелі ғана емессің,
Сен Ғафудың тағдырысың, Бәдешім!...» дейді Ақын.
ҒАФУ ҚАЙЫРБЕКОВ аяулы жары Бәдеш Хамзақызын көзі жұмылғанша қадірлеп, қастерлеп өткен ақын.
Жұмат ӘНЕСҰЛЫ, журналист, жазушы.
Қазақ үні